Ұлттық архивке – 20 жыл

Автор:
54
Материалға сурет: Ұлттық архивке – 20 жыл

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мерейтойлық басқосуға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, архив саласының ардагерлері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Сонымен қатар Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы Корольдігі және Тәжікстанның архив мекемелерінен келген делегациялар бас қосты.

Конференция архив саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, құжаттық мұраны сақтау мен ғылыми айналымға енгізудің өзекті мәселелерін талқылауға арналды. Жиында архивтерді цифрландыру, жаңа ақпараттық жүйелерді дамыту және жасанды интеллект технологияларын архив ісіне енгізу тәжірибесі де сөз болды.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық архивтің 20 жылдығына арналған құттықтауын Аида Балаева оқып берді. Мемлекет басшысы архивтің ұлт тарихын сақтаудағы және оны болашақ ұрпаққа жеткізудегі айрықша рөлін атап өтті.

«Тарихымыз бен рухани болмысымызға қатысты құндылықтар, ең алдымен, құжаттарда сақталады. Ал архив – ұлттың тарихи зердесін болашақ ұрпаққа жеткізетін қасиетті мекен. Архив қорында қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму кезеңдерін айшықтайтын құнды мұралар бар. Мекеме мамандары шетел архивтерінен табылған тарихи деректердің көшірмелерін елге жеткізіп, оларды ғылыми айналымға енгізу бағытында маңызды жұмыс атқарып келеді», – делінген Президент құттықтауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев озық технологияларды пайдалану арқылы баға жетпес тарихи мұраны сақтау мен оны жас ұрпаққа қолжетімді етудің маңызын да атап өткен. Мемлекет басшысы архив саласының заман талабына сай дамуына, құжаттардың цифрландырылуына және тарихи деректердің зерттеушілерге қолжетімді болуына архив мамандарының кәсіби еңбегі тікелей ықпал ететінін жеткізді. Сондай-ақ Ұлттық архив ұжымына табыс тілеп, мекеменің алдағы уақытта да ұлттық тарихи сананы нығайтуға және мемлекет тарихын түгендеуге қызмет ете беретініне сенім білдірді.

Ұлттық архив 20 жыл ішінде Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қатысты құжаттарды жинақтайтын маңызды мемлекеттік мекемеге айналды. Оның қорында қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңдерін, елдің тәуелсіздік жылдарындағы дамуын, мемлекеттік институттардың жұмысын және тарихи тұлғалардың қызметін айғақтайтын құнды материалдар сақталған. Архив мамандары құжаттарды қабылдау, есепке алу және сақтаумен қатар, Қазақстан тарихына қатысты деректерді шетелдік архивтерден іздестіру жұмыстарын да жүргізіп келеді. Табылған тарихи құжаттардың көшірмелері елге жеткізіліп, зерттеліп, ғылыми айналымға енгізіледі. Осы арқылы бұрын белгісіз болған немесе толық зерттелмеген тарихи оқиғаларға қатысты жаңа мәліметтер анықталып, ұлттық тарихтың дереккөздік базасы толығып келеді.

Аида Балаева өз сөзінде Ұлттық архивтің жиырма жыл ішінде Тәуелсіз Қазақстанның маңызды құжаттарын сақтайтын іргелі орталыққа айналғанын айтты.

«Архивте сақталған әрбір құжат – ел тарихының нақты дерегі. Ол мемлекетіміздің қалыптасу жолын ұғынуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді. Архив – тек құжат сақтайтын орын емес. Ол – заманауи білім мен зерттеудің орталығы, ұлттық сананы қалыптастыратын маңызды институт», – деді Аида Балаева.

Министр архив саласының қалыптасуына үлес қосқан ардагерлер мен мамандардың еңбегіне тоқталып, Ұлттық архивтің алғашқы директоры, қоғам қайраткері Рысты Халесқызы Сариеваның мекеменің іргетасын қалаудағы қызметін ерекше атап өтті. Оның бастамалары мен ұйымдастырушылық еңбегі Ұлттық архивтің кейінгі дамуына негіз болғаны айтылды.

Ұлттық архивтің 20 жылдық мерейтойына орай архив саласының дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

«Құрмет» орденімен:

– Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві директорының орынбасары Сәуле Ыстықбайқызы Мұшкенова;

– архив саласының ардагері Майра Тайырбайқызы Есімханова марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен:

– Ұлттық архив қорын толықтыру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Жанермекқызы Нұртай;

– Мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығының басшысы Асия Заманбекқызы Кенбаева марапатталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен:

– Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві директорының орынбасары Ғазизгүл Жақпарқызы Құсайын;

– ұйымдастыру-әдістемелік және құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Гауһар Әлімқызы Қайруллина марапатталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен және төсбелгісімен:

– Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Есімсейітқызы Нұрланова марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Алғысымен:

– мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшесінің басшысы Шолпан Әсімқызы Жанатаева;

– архивтік есеп жүргізу және ғылыми-анықтамалық аппарат жасау бөлімінің басшысы Айгүл Құныққызы Жақиева марапатталды.

«Еңбек ардагері» медалімен:

– Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ардагері Көшет Бекбайұлы Бекбаев;

– Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ардагері Жәлел Асқарұлы Болташев марапатталды.

Мерейтой аясында «Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл» атты құжаттық көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Ұлттық архивтің құрылуы мен қалыптасуын, қорлардың толықтырылуын және мекеменің жиырма жыл ішіндегі жұмысын көрсететін құжаттар мен фотоматериалдар қойылды. Сондай-ақ «Құндылықтар қоймасы – Ұлттық архивке 20 жыл» фотоальбомының таныстырылымы өтті. Басылымда Ұлттық архивтің тарихы, атқарған жұмыстары және негізгі жетістіктері қамтылған. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің алғашқы директоры Рысты Халесқызы Сариеваға арналған естелік бұрышы ашылды.