Үстірт жазығы мен жерасты мешіттері бүкіләлемдік мұраға жол тартты

25.09.2025
5407
Үстірт жазығы мен жерасты мешіттері бүкіләлемдік мұраға жол тартты - e-history.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау жерасты мешіттерін және Үстірт жазығын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үдерісі кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр, – деп хабарлаы Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Facebook парақшасында жариялаған жазбасында.

Қарин өз жазбасында: «Осыған байланысты 17-24 қыркүйек күндері Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің (ИКОМОС) сараптамалық миссиясы аталған тарихи-мәдени мұра нысанын сараптамадан өткізді. Бұл жұмысқа орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, археология және реставрация саласындағы қазақстандық сарапшылар қатысты», – деді.

Оның айтуынша, сараптама барысында жерасты мешіттерінің буферлік аймағы мен шекарасын айқындау, консервациялау және қорғау, туристік инфрақұрылымды дамыту және тұрақты басқару мәселелері қаралды. «ИКОМОС миссиясының қорытындысы бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін «Маңғыстау түбегіндегі жерасты мешіттері» номинациясының техникалық бағалауы бар сараптамалық қорытындысы дайындалатын болды. Аталған нысанға қатысты түпкілікті шешім ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 2026 жылғы шілдеде өтетін отырысында қабылданады», – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығында ТМД аумағындағы алғашқы «Үстірт жазығы» бірлескен номинация жобасын қарастыру процесі басталғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл бастама Ұлттық құрылтайда жарияланған президенттік тапсырмалардың нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Айта кету керек, өткен аптаның соңында Қазақстанға ИКОМОС-тың техникалық сарапшысы, профессор Фиген Кывылджым Чоракбаш арнайы келген болатын. Ол Маңғыстау жерасты мешіттерін жан-жақты зерттеу үшін шақыртылды. Сарапшыны ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қабылдады.

Кездесуде тараптар ЮНЕСКО-ға ұсынылған «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» номинациясын талқылады. Министр Балаева бұл мәселенің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында екенін атап өтті. Ол профессор Чоракбаштың қорытындысы Қазақстанның бірегей мәдени мұрасын Адамзаттың Бүкіләлемдік мұрасының бір бөлігі ретінде мойындатуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Маңғыстау жерасты мешіттері – монолитті жартастардан қашалып, жер астына ойылып салынған ерекше сәулет туындылары. Олар ислам өркениетінің ізі мен ежелгі тарихты айғақтайды. Ең танымалдарының бірі – Шопан-ата мешіті, ол бір-біріне жалғасқан 12 шағын бөлмеден тұрады. Бұдан бөлек, Қараман-ата мен Шақпақ-ата мешіттері де аймақтың мәдени-рухани мұрасына жатады.

Бұл Маңғыстау жерасты мешіттері мен Үстірт жазығын  Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жолындағы кешенді іс-шаралардың қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Ал түпкілікті шешім 2026 жылы ЮНЕСКО комитетінде қабылданатын болады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз