Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Отарлау реформасының тарихы

3905
Отарлау реформасының тарихы - e-history.kz
Осыдан 150 жыл бұрын, 1867 жылғы 11 шілдеде, Александр II «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша Ережеге» қол қойды. 23 шілдеде ресми түрде 150 жыл толады

Ескіше жыл санау бойынша 1867 жылғы 11 шілдеде Ресей империясының құрамындағы Жетісу мен Сырдария облыстарының құрамында Түркістан жеке генерал-губернаторлығы құрылып, орталығы Ташкент болып белгіленді.

Осы реформаға әртүрлі көзқарастар қалыптасып, «бұл «бәле» болды ма, әлде «игілікті іс» болды ма?» деген төңіректегі талас-тартыстар жуық арада тоқтамайды. Бірақ шындықтың аты – шындық: генерал-губернаторлықтың құрылуы өңірдің қалыптасқан тіршілігіндегі терең төңкерістердің бастамасы болды, Қазақстан мен Орта Азияны Ресеймен біржолата байланыстырып, сол арқылы «батыс әлеміне» жол ашты. Бұл тек Орта Азия тарихындағы ғана емес, сонымен қоса Ресей тарихындағы айтулы күн.

 Ресей империясының құрамында Қазақстанды басқару жүйесінің даму мәселелері тарих ғылымында өзектілігін жоғалтқан емес. XIX ғасырдың екінші жартысындағы реформалар көшпелі қауымды басқару механизмдерін өзгеріске ұшыратты.  Ресейлік әкімшілік реформалардың әсеріне тарихи баға беру мәселесі де бірмәнді емес. Бір жағынан, кеңестік тарихнамада барлық реформалар алдыңғы қатарлы ретінде сипатталды. Екінші жағынан, тәуелсіздік алғаннан кейін қазақстандық тарихшылардың тарихи жарияланымдарындағы бағалау диаметралды қарама-қарсы өзгерді: шет аймақтарға қатысты Ресей империясының барлық отаршылдық реформалары метрополияның билігін нығайтуға бағытталды, ал ру ақсүйектерінің өкілдерін тарту арқылы ресейлік әкімшілік қазақ руларының жерлеріне бақылауды күшейтуге ұмтылды, реформаларға қарсы кез-келген бас көтерулер казак әскерлерімен аяусыз басылып отырды.

Аймақтық басқару жүйесін ұйымдастыруға қатысты Ресей мемлекетінің империялық сипаты көбіне-көп жаңадан қосылған жерлерде басқару құрылымдарын құру және Ресей империясының жалпы басқару құрылымында олардың орнын айқындауға деген ерекше көзқарасынан байқалатын.  Ресей империясының құрамына өзге тілді халықтардың аумақтарын қосу, биліктің алдына әркез оны жалпы құқықтық және әкімшілік жүйеге қосу проблемаларын туындатып отырды. Қосылған аумақтардың этностық, конфессиялық құрамы, тарихи даму деңгейі, мемлекеттілік элементтерінің бар-жоғы, қосылу сипаты мен жергілікті тұрғындардың қатысы бойынша әртүрлілігін есепке ала отырып, олар үшін Ресей империясына тәуелділіктің мүлдем басқа ұйымдастыру-құқықтық формалары белгіленді.  

Қазақ даласының әкімшілік жүйесіне институционалдық араласудың алғашқы әрекеттері Орта жүз бен Кіші жүздің жеріндегі хандық биліктің жойылуына әкеп соққан 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғы» мен 1824 жылғы «Орынбор қырғыздары туралы жарғының» қолданысқа енуімен байланысты болды.

1865 жылы Орынбор мен Батыс Сібір ведомстволарындағы басқару жүйесінің тиімділігін зерделеу және оларды қайта құру үшін мүмкін болатын нұсқаларды қарастыру мақсатында үкіметтік комиссия құрылды, оның құрамына толық құпия кеңесші  Ф. Гирс, полковник Г.Ф. Генс, айрықша тапсырмалар бойынша Орынбор өлкесінен депутат полковник К.К. Гутковский, Батыс Сібірден депутат капитан А. Проценко кірді.

1867-1868 жылдардағы реформалар Қазақстанның басқару қағидаларын және аумақтық-әкімшілік бөлінісін өзгертіп, оларды империялық басқару үлгілеріне мейлінше жақындатты. 

1867 жылғы 11 шілдедегі Жарлықпен Ресей империясына жаңадан енген аумақта Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды, оның құрамына Сырдария мен Жетісу облыстары енді.

14 шілдеде Константин Петрович фон Кауфман генерал-губернатор болып тағайындалды. Облысты басқару әскери губернаторларға жүктелді, ал генерал-губернаторлық пен Түркістан әскери округінің басшысы өңірдегі әскерлер қолбасшысы шені бар генерал-губернатор болды.   Жетісу облысының құрамына – 5, ал Сырдария облысының құрамына 8 уезд кірді. Уезді басқару билігі уезд бастығының қолында болды, ол әкімшілік және полициялық билікке ие еді. Уезд бастықтарын генерал-губернатордың ұсынысы бойынша император тағайындады. Көшпелі халық арасындағы жергілікті басқару отырықшылықтан ерекшеленетін. Көшпенділерде әр уезд болыстарға бөлінді, оларды болыстық билеушілер басқарды, болыстар ауылдарға бөлінді, оларды ауыл старшиналары (ауылнай) басқарды. Жергілікті басқарудағы ерекшелік – бұл лауазымдарға тағайындалу екі кезеңнен тұратын сайлау арқылы жүргізілетіндігі. Ауыл старшиналарын сайлау үшін 10 киіз үйден тұратын әр ауылдан бір сайланушыны немесе «десятникты» («онбасы») ұсынды.  Болыс билеушісін сайлау үшін 50 киіз үйден бір сайланушыны немесе  «пятидесятникты» («елубасы») сайлады. Ауыл старшиналары – ауылдық жиындарда, болыс билеушілері – болыс съездерінде шарларды дауысқа салу арқылы сайланды.   Ең көп дауыс  алған адам үш жылға сайланатын, ал одан кейін дауыс алғандар осы қызметтерден үміткерлер болып белгіленді. Жергілікті халық арасынан сайланатын болыс басшылары полицияның және өкімгерлік билікке ие болды да, болыстардағы тыныштық пен тәртіпке жауап берді. Осылайша, Түркістан генерал-губернаторлығының әкімшілік басқаруының жоғарғы сатысына орыс шенеуніктері тағайындалды, ал жергілікті халық өкілдері төменгі сатыларға сайланды.

1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Сібір ведомстволарының қазақтарын басқаруды қайта құру туралы Жарлық» шығып, осы жарлықпен қоса «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ереже» қабылданды, оған сәйкес Орынбор генерал-губернаторының басқармасына Орал мен Торғай облыстары, ал, Ақмола мен Семей облыстары - Батыс Сібір генерал-губернаторлығына біріктірілді. Облыстық басқару әскери губернатордан және облыстық басқармадан тұрды. «Уақытша ержелер» жаңа әкімшілік-саяси кодекс қабылданғанға дейін енгізілді. Осылайша,  XIX ғасырдың екінші жартысындағы әкімшілік-аумақтық реформалар нәтижесінде Қазақстанда басқарудың жаңа жүйесі пайда болды. Қазақтың дәстүрлі билік институттары (хан, сұлтан) бұрынғы мәртебесінен айырылды, бірақ Ресей мемлекеттерінің шенеуніктері ретінде әрі қарайғы даму мүмкіндігін сақтап қалды. Билікті нығайту қажеттілігіне байланысты негізгі басқарушы лауазымдарға ресейлік шенеуніктер тағайындалды. Жергілікті халық арасынан қызметке тек ресейлік білім алған сұлтан-ақсүйектер ғана емес, сонымен қатар ел ішінде беделге ие, ықпалы зор «қара сүйектен» шыққандар, билер де қабылданды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?