Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күлпаш Ілиясова: Алаш қайраткерлері – саяси террор құрбандары

2180
Күлпаш Ілиясова: Алаш қайраткерлері – саяси террор құрбандары - e-history.kz
31 мамырда Қазақстан аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. 20 жыл бұрын, ҚР Президентінің Жарлығымен 1997 жыл Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды

Еске алу күні қарсаңында біз, ғылыми қоғамдастыққа аты алаштану саласындағы зерттеулерімен таныс Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы, тарих ғылымдарының кандидаты Күлпаш Мырзамұратқызы Ілиясовамен кездесіп қайттық. Алаш зиялыларының демократиялық дәстүрін сақтаушы К.М. Ілиясова 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тарихы бойынша өз ойымен бөлісті.  Саяси қуғын-сүргін мәселелеріне қатысты Алаш қайраткерлері бойынша тергеу хаттамалары, айыптаулар, шешімдер бар ҚР ҰҚК мұрағатының құжаттары жарияланғанын атап өткен жөн. Бұл материалдарды біз, тарихшылар зерделеуіміз керек. Осы құжаттарға талдау жүргізу, тиісті қорытындылар шығару қажет, осы қорытындыларды жария етіп, қалың көпшілікке жеткізуіміз керек.

Әлімхан Ермеков

Саяси қуғын-сүргінді оның кезеңдерінен бастаған жөн. Советтік дәуірде оның 5 кезеңін бөліп көрсететін. Бұл туралы тарихшы профессор М.Қойгелдиев жазды. Ғалымдар әрқашан кез-келген үрдісті зерделеуді кезеңге бөлуден, тарихнамалық базадан бастауы қажет. Бірінші кезең  - 1918-1920 жылдар – Азамат соғысы жылдары. Осы жылдары бірінші қуғын-сүргіндер басталды.  Екінші кезең – 1923-1932 жылдар. Бұл билікке Сталиннің келуімен байланысты. Үшінші кезең – 1932-1938 жылдар. Ол 30-шы жылдардағы аштықты және әлемдік тарих ғылымына әйгілі Үлкен террор жылдарын қамтиды. Төртінші кезең – ХХ ғасырдың 40-шы жылдарының аяғы – 50-ші жылдардың басы. Бесінші кезең – 1985-1991 жылдар. Бұл кезеңде Қонаевтың атымен байланысты «қазақ ісі» және 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға қатысты қуғын-сүргіндер. Айта кететін тағы бір сәт, қуғын-сүргін үздіксіз сипатта болды.

Алаш қайраткерлеріне қатысты қуғын-сүргін 1926 жылы басталды. Бұл – «Торғай ісі». Алаш Орданың Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Мұхтар Әуезов сияқты басшылары мен қайраткерлері 1921-1922 жылдардағы аштықпен күреске белсене қатысты. Ақын әрі жазушы Міржақып Дулатұлы басшы әрі үгітшілердің бірі ретінде жазда бірнеше уезді аралап шығады, сол кезде 15 мың бас ірі қара мал жиналады. Зиялылар Торғай өңірінің аштыққа ұшыраған халқы үшін мал жинауды, оларды жеткізу мен үлестіріп беруді ұйымдастырады. Төрт жыл өткен соң, осы қайырымдылық науқанын «Торғай ісі» деп көпіртіп, сол бойынша «Семей губерниясының халқының қайырымдылыққа берген малын талан-таражға салғаны және өздеріне иемденгені үшін» Алаш Орданың бірқатар көрнекті қайраткерлері жауапқа тартылған болатын. Осылай, 1926 жылы Ж. Аймауытов бірінші рет сот қарауына тартылады. 

Жүсіпбек Аймауытов

Егер тәуелсіздік жылдары жарияланған құжаттарға көз жүгіртсек, алғаш рет 44 адамның жауапқа тартылғанын көреміз. Оның ішінде 3 адам 1930 жылдың 4 сәуірінде атылып кетті: Дінмұхаммед Әділев, Әбдірахман Байділдин, Жүсіпбек Аймауытов. 1927 жылы Елдес Омаров 2 рет тұтқындалады. Ол кезде ол Қостанай уездінің комиссары болатын. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовпен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Тұтқындалуының себебі не? 1927 жылы Ә. Бөкейхан тұтқындалып, ешкіммен кездесуге мүмкіндігі болмайды. Бірақ Елдес Омаров Ә. Бөкейханды өзіне, Челябинск жағына қарай орналасқан Бузанов хуторына шақырады. Сол жерде олар кездеседі. Осы кездесуден соң Е. Омаров та тұтқындалады. «Торғай ісін» «Алаш ісі» деп атын өзгертеді де, сот процесі басталады, соның нәтижесінде Тілеулин және Тұйғынбеков деген 2 қазақ жігіті атылады. Бұл туралы М. Қойгелдиевтің кітабында егжей-тегжейлі жазылған. Алаш қайраткерлерінің ішінде ең соңғы тірі қалғандар: Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермеков. Оларды «соңғы алашордалықтар» деп атады.

Совет уақытында Алаш қайраткерлерінде «халық жауы» таңбасы тұрды. Тек 80-ші жылдардың соңында ғана олардың адал аттарын қайтару бойынша үдеріс басталды. Алашорданың көшбасшылары туралы алғаш рет 1991 жылы белгілі тарихшы, профессор Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» деген кітап жазып шығарды. Ол кітабында алфавит бойынша Алаш қайраткерлерінің тізімін ұсынды. Ол «Қазақстан коммунисі» журналында жарық көрген «Алаш қайраткерлері: олар кімдер?» атты мақаласында 189 адамды келтіреді. Төрт жылдан кейін ол жаңа есімдер қосады, 1995 жылы бұл жаңартылған тізім 271 адамның аты-жөнін құрады. 2011 жылы «Алашорда» фотоальбомы шығады, бұл фотоальбомда 350 адамның аты-жөні келтірілген. ҚР ҰҚК мұрағатының материалдары мен ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының деректері бойынша Алаш Орда қайраткері ретінде 520 адам анықталған.

2014 жылы «Алаш Орда» энциклопедиясы жарық көрді, авторлары: Дихан Қамзабекұлы мен Ербол Тілешев. Авторлардың пікірі бойынша, Алаш партиясының қатарында 940 қайраткер болған.

Соғыс кезінде ұлттық зиялылардың кейбіреулері майданға барып, сол жерде тұтқынға түскен. Әлім Алмат сияқты белгілі қазақ скрипкашысы Ғалымжан Әбсәләмовтың да тағдыры қайғылы еді. Ол неге Отанына қайтып оралмады? 1941 жылы Сталиннің №270 бұйрығы шығады, ол бойынша, тұтқынға түскендердің бәрі жаудың көмекшісі болып саналды, оларды отанында қабылдауға болмайтын еді. Көптеген мұрағаттық істерге біздің қолымыз жетпейді және оларда құпия таңбасы тұр.

Е. Омаров туралы да материал өте аз, бірақ, оның ұрпағы, техника ғылымдарының докторы, профессор, қазір Алматыда тұратын Марат Шуақаевта сақталған құжаттар бар екен.  Ол туралы және де Ақылбек Шаяхметов жазды, ол А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде жұмыс істейді. Бірақ олардың материалдары тарихи емес, ол туралы әңгімелер. Сондықтан мен, қазіргі уақытта, тарихи құжаттарды іздестірумен айналысып жүрмін. Алаш бойынша біздің қолымыздағы ақпарат, осы қайраткерлердің жұбайларының арқасында сақталып, бізге дейін жетті. Олар кітаптарын, жазбаларын сақтап, оларды басып шығарған. Негізінен мемлекеттік қайраткерлердің әйелдері орыс болды. Орыс әйелдері білімді болатын. Жар таңдаған кезде интеллигенция көшбасшылары олардың ұлтына емес, біліміне қарайтын. Көптеген ерлі-зайыптылардың Ташкентте танысқанын айта кеткен жөн.

Әлім Алмат музыка мектебінде. Ташкент, Өзбекстан

Е. Омаровты тұтқындаған кезде одан 72 кітапты тәркілеген. Сол кітаптар қайда? Олар не жайлы? Онда не жазылған? Біз білмейміз, оларды іздеу керек, зерделеу керек.

Қызыл террор жылдарында 1 млн 710 мың адам тұтқындалған. Олардың 725 мыңы атылған. Соның ішінде 25 мыңы Қазақстаннан болатын. Алаш қайраткерлерінің ішінде барлығы 44 адам. С. Сейфуллин 1925 жылы И. Сталинге «Сталинге коммунистік сәлем» деген хатында Қазақстанның жаңа астанасын Қызыл-Орда деп атауды сұраған. Оның мәні, Алаш Орда жойылғанымен, астана атындағы «орда» сөзін көрсете отырып, олар оның идеяларының сабақтастығын сақтап қалды. Бұл ұлт көсемдері мақсатының сабақтастығын тағы да дәлелдей түседі.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?