Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

КҮДІКТІ

2190
КҮДІКТІ - e-history.kz
Ашаршылық жылдары талай тағдыр талан-таражға түсті. Кейбір тағдырлардың кешкен күйі елге таралып, аңыз әңгімеге айналды. Соның бірі Бармақ – шал. Азап жылдары шал атынан ел үркетін, себебі...

Бір мезгіл көлеңкеде таяғымен жер шұқылап отыратын шал үйінен ұзап шықпайды, шақырған жерге, құдайы асқа да көп бара бермейді. Көзі сығырайған, сақал-мұрты селдіреген сары шалдың бір кезде еңгезердей жігіт болғаны аяқ-қолдарының шодырайған сүйектерінен көрініп тұр. Сырттан көшіп келген қарияның бұрынғы әйелінен қалған соқталдай азамат баласы және немерелері ме деп жүрсек, кейінгі татар қатынынан туған мектеп жасындағы екі-үш қызы бар екен. Соған қарағанда да шалдың сүйегі асыл. Білетіндер бұл кісінің әкелері осы өңірде мал баққан, ал өзі бір атақты байдың барымташы жігіті болған деген әңгіме қоздырады. Шал мен кемпірі ешқайда шықпағанымен, ауылдың шетіндегі ескі үйге солар көшіп келгелі елдің тыныштығы бұзылды.

Айтпақшы шалдың аты – Бармақ. Ұзынқұлақ хабарына қарағанда, ашаршылық жылдары жұрт ауа көшіп жүргенде жоқ болып кеткен, содан қайда болғаны беймәлім, осы өңірде кеңшар ашылған 1960 жылы жасы 90-ға қараған шағында көшіп келген. Өзі де түрінен адам түгілі, мал үркіп тұратын сұсты адам екен, таяғына сүйеніп, аңда-саңда ескі қорымға барып, дұға оқығанын көргендер бар.

Бармақ шалдың баласы Бөлтірік тракторшы екен, малды ауылдың күйбең тіршілігіне білек сыбана араласып кетті. Әкесіндей емес, адамдармен де тез тіл табысты. Орысшаға судай екен, жастар жағы үйреніп алып, Бөлтіріктен естіген сөздерін қыстыра-қыстыра сөйлейтін болды, сөйтсе солардың бәрі орыстың бейәдеп сөздері болып шықты. Күз болғанда Бөлтіріктің балалары да бізбен бірге мектепке барып еді, олардың да тілі орысша шыққан немелер екен, таза қазақша оқуға үлгере алмай 12 шақырым жердегі шаруашылық орталығындағы мектеп-интернатта жалғастырды оқуларын. Сонымен, бұл отбасы ауыл өмірі үшін үлкен жаңалық, олардың жүріс-тұрыстары туралы әңгіме ауыл-үйді күніне бірнеше рет аралап шығатын еді.

Күзгі жиын-терім аяқталғаннан кейін шалғайдағы ауылды дүр сілкіндірген тағы бір жаңалық болды. Соғыстан кейін ауылдық кеңестің кеңсесін өртеп жіберді деген айыппен сотталып кеткен Жақан елге оралды. Шынында да, кеңседе спирт ішіп отырып ұйықтап қалған, ұйықтап жатып та немістермен соғысып жүретін Жакең бұрышта қисайып тұрған шкафты неміс танкісі деп ойлап, керосин шамын граната қылып лақтырып жібергенде өрт шығып, соның кінәсінен бүкіл ауылдың деректері тіркелген бас кітап отқа жанып кеткені рас екен. Соғыс ардагері, коммунист Жақан тағылған кінәсін бұлтармай мойындапты. Содан кесілген жазасын өтеп, туған ауылына оралған Жәкеңді ағайын-туыстары Меккеден келгендей қарсы алып, үлкен той жасады. Бірлі-жарым күннен кейін, масайраған масаң күйінен айыққан Жәкең ауылдағы өзгерістерді сұрастырады ғой. Жуырда Бармақ шалдың көшіп келгенін естиді. Естиді де түрі бұзылып, бір беймаза күйге түседі. Қатынына сандықтың артында тығылып жатқан қосауыз мылтығын таптыртады. Баласына жайылымда жүрген атын алдырып, ерттетеді. Содан біраз өзінен-өзі күбірлеп жүреді де, ерттеулі атқа қарғып мініп, ауылдың шетіне қарай шаба жөнеледі.

Бір мезгілде Жақан аттың құйрығына қос қолы арқанмен байланған Бармақ шалды сүйреп оралады. Шағын ауылда жамандық хабар жатқан ба, бүкіл ел жиналып, Жақанды зорға тоқтатады. Ашуы басына шапқан Жақан жерге қарғып түсіп, ыңырсып жатқан шалдың кеудесіне мылтығын тіреп: – Мойындайсың ба күнәңді, хайуан? – деп айқайлайды екі көзі қанталап. Сол сәтте әкесін арашалауға Бөлтірік те жеткен еді, тракторын тепеңдетіп, Жақан мылтықтағы екі оқты да тракторға қарай атты. У-шу. Қатындар шыңғырып, балалар жылап, иттер қыңсылап, ауылға жау тигендей болады. Не істеу керек?

Абырой болғанда бөлімше басқараушысы келе қалып, не айтқаны белгісіз, қалшылдап-дірілдеп тұрған Жақанды тыныштандырады. Жұрттың дереу тарап кетуін талап етеді де, Бармақ шалды тұрғызып, Жақанмен бірге тек қана ауыл үлкендерін өз үйіне оңаша кеңеске шақырады.

Сол күні түнде Бармақ шал балаларымен бірге ауылдан көшіп кетті. Бірақ, күбір-күңкіл, сыбыр-сыбыс әңгіме көпке дейін басылмады. Қатынөсекке қарағанда, сонау ашаршылық жылдары Жақанның әкесі мен Бармақ шал қырға бір аптаға тышқан аулауға кетеді ғой. Содан Бармақ жалғыз оралған. Жақанның әкесі әлжуаздау адам екен, қалжырадым, далада түней саламын деп Бармаққа ермей қалған. Содан ұшты-күйді жоқ болған. Ауыл адамдары неше мәрте із кесіп, ақыры құр сүйегін құлаған құдықтың түбінен табады. Етін құс шоқыды ма, аң мүжіді ме, адам жеді ме – беймәлім. Әрине, күдік Бармаққа түседі. Ауыл ағайындарының өңменінен өткен көзқарастарына шыдамаған ол елден безіп, Қостанай арқылы Татарстанға өтіп кетеді. Сол жақта ағаш дайындау артелінде жүргенде әйелі қайтып, татар қатынға үйленеді. Түрменің де дәмін татыпты.

Бір қызығы, ауыл ақсақалдары кеңесінде Бармақ кісі өмірін мойнына алмапты да, ақталмапты да... Аштықтан өзегіміз талып, есалаң болып кеткен жоқпыз ба? Жол бойында өлген талай адам теңкиіп жататын... Қырға келесі жолы барғанымда түрін адам танымастай өлі адамның мүрдесінің үстінен түстім, үстіндегі киімімен жобалап, ауылдасымды нобайладым, соны сүйрелеп апарып, құдыққа тастағаным рас. "Қолымнан басқа не келуші еді!" деп еңіреген көрінеді.

Бұл қасіреттің шындығын кім білген?

Жомартбек Нұрманов әңгімесінің желісінде әзірленді

Әзірлеген: Дәулет Ізтілеу

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?