Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Алаш100. Сары дәптердің сыры

2083
#Алаш100. Сары дәптердің сыры - e-history.kz
Бұл күнделік – осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған және ғылыми айналымға түскен емес. Күнделік осы тұрғыдан алғанда маңызды һәм салмақты болып отыр

Барлыбектануға қалай келдім?

Мен, Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Арасан деген елдімекенде дүниеге келіппін. Бұл өңір – республика жұртшылығына, алыс-жақын шет елдерге өзінің шипалы да емдік қасиеті зор суымен танымал еді. «Қапал-Арасан» деп аталатын шипажайы бар. Сол өңірдегі Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектепті тәмамдап, «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп, мамандану үшін республикалық грант жолдамасы арқылы Торғай өңіріндегі Ыбырай Алтынсариннің есімін иеленген Арқалық мемлекеттік пединститутында оқыдым. Студенттік жылдары ұстазым әрі ғылыми жетекшім Айбек Қалиевтің тікелей тапсырмасымен Алаш әдебиетін диплом жұмысына тақырып ретінде бекітіп, осы саладағы кейбір мәселелерді зерттей бастадым. Міне, содан бері осы – алаштану саласына маманданып келеміз.

6 сыныпта оқып жүргенімде, яғни, 2006 жылы біздің мектепте Барлыбек Сырттанұлының  140 жылдық мерейтойы қарсаңында  ғылыми конференция өткен-ді. Сынып жетекшім, ғылым саласына баулыған алғашқы ұстазым – Қарлығаш Нұрмұханқызы оқушы тіліне лайықтап,  «Барлыбек Сырттанов және оның үзеңгілес достары» деп аталатын баяндама жазып берді. Мен осы баяндаманы оқушылар конференциясында оқып, қайраткер Барлыбек туралы алғаш рет көлемді мәлімет алып ем... Кейін студенттік жылдары «Қазақстан тарихы» пәнінен Б. Сырттанұлының қоғамдық-саяси қызметіне байланысты реферат жазғаным және бар. Задында Барлыбек туралы жазылған зерттеу еңбектері мен естеліктер саны – өте аз. Осы күні жұрттың бәрі бұл тұлға туралы мәліметті профессор, заңгер-ғалым марқұм Сәкен Өзбекұлының еңбектерінен біліп жүр. аЛ Сәкен Өзбекұлы – Барлыбектей тұлғаның бағын ашып, халқымен қайта қауыштырған ғалым.

2016 жылы – Барлыбек Сырттанұлының туғанына 150 жыл толған-ды. Алайда, оның тойы еленбей, тасада қалды. Тек туған өлкесі Ақсу ауданында жергілікті халықтың ұйымдастыруымен шағын той ұйымдастырылғаны болмаса, басқа ештеңе жүзеге асырылмады. Ал, биыл – «Алаш!» ұранды халықтың атой салып, ұран тастап, сауын айтатын жылы. Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына тұп-тура жүз жыл уақыт өтіпті. Біздің Барлыбек – алғашқы қазақ оқығандарының бірі. Санкт-Петербордағы Императорлық университеттің шығыстану факультетін күміс медальмен тәмамдаған некен-саяқ қазақтың бірегейі. Алаштың үлкен оқымыстысы 1911 жылы үзеңгілесі әрі төл құрдасы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен «Қазақ елінің уставы» деп аталатын қазақтың алғашқы конституциялық еңбегін жазып шықты. Әлихан, Ахмет, Міржақыптармен қатарласа жүріп, Алаш қозғалысының теориялық негізін салды. Қатарластарына қосылып, «Жасасын, Алаш, жасасын!» дейтін заманға бар ынта-жігерімен нық қадам басып еді, амал нешік, кеудеге түскен құрт ауруы дендеп, алқымнан алып, қан түкіріп, ақыры 1914 жылдың 26 қарашасында ғұмыр-жапырағы үзілді. 48 жастағы Барлыбек фәни ғұмырдан бақиға аттанғанда, «Қош, қарағым, Бәке!» деп жүрегі қарс айрылып Әлихан қалды аңырап, «Қайран, Бәке!» деп шәкірті Мұхамеджан Тынышбайұлы қалып еді  боздап (Ә. Бөкейхан, «Барлыбекті ұмытпасқа», «Қазақ» газеті, 1914, № 90. 16 декабрь; М.Тынышбайұлы, «Барлыбек Сыртанов», «Қазақ» газеті, «Қазақ»,1915, №95,96).

Ұлты үшін «жүрек майын шам қылған» Алаш қайраткері барлық қазақтың жиылып, «Алаш туы астында...» болған заманына жетпеді. Егер ол тірі болғанында, замандасы Әлиханмен қатар жүріп, «Алаш Орда» ұлттық-территориялық мемлекетін құрысар еді. Егер ол тірі болғанында, қазақтың конституциялық құқығын қорғайтын тағы да басқа заң жобаларын жазар еді. Егер ол тірі болғанында, қазақтың келешек жастары үшін оқу құралын даярлап, өзінің жолдастарымен бірге қазақ ғылымының іргетасын қалар еді. Иә, осылай істейтін еді. Егер ол тірі болғанында, ол да Алаш зиялылары қатарлы сталиндік репрессияға ұшырап, түрмелі қуғын, сіргелі сүргінді көріп, ату жазасына кесілетін еді...

Сонымен, не керек, Алаштың 100 жылдығы аясында Барлыбек Сырттанұлының ғылыми-шығармашылық ғұмырнамасына шолу жасап, тұлғаның өнегелі істерін ұрпаққа насихаттауды қолға алдық. Күннен-күнге әр жерден тірнектеп іздеген рухани қазынаны жүрек түбінен жалғанның жарығына шығаруға мүмкіндігіміз артты. Мүмкіндік артқаннан кейін, қолымызды шідерлемедік...  Осы жылдың 23 қаңтарында белгілі қоғам қайраткері, ғалым, қазақтың қайраткер қызы Гүлша Тәңірбергенқызымен кездесіп, мән-жайды баяндап, ол кісіден бірқатар тарихи құжаттарды алған едік. Қолға түскен тарихи құжаттар – Гүлша апайдың әкесі, белгілі қаламгер, өлкетанушы Тәңірберген Қалилаханов есімді ақсақалға тиесілі. 

Кезінде бұ ақсақал Алаш қайраткерінің ұрпақтарымен жақын араласып, Бәкең жайлы ғылыми-ізденіс жұмысын жүргізіпті. 

Бұны – біздің қолымызға түскен құжаттар айғақтайды. Тәңірберген атамыздың жеке мұрағатындағы құжаттың бірі – Кәке (Абдулқадыр) Барлыбекұлының өмірбаян үлгісінде жазылған күнделік-дәптері. 

Бұл күнделік – осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған және ғылыми айналымға түскен емес. Күнделік осы тұрғыдан алғанда маңызды һәм салмақты болып отыр.  Бұл күнделіктің тарихи маңызы – Барлыбектей арыстың туған жері, өскен ортасы, ата-анасы, жан-жары және ұрпақтары туралы жазылған деректердің шынайылығында. Және бір ескерер жайт: бұл тарихи құжат – барлыбектану саласының Алаштану ғылымының бөлінбес бөлшегіне айналдыруы һәм жаңа деректермен толықтырып, дүниетанымымызды кеңейтуі.

«Ақиқат» журналы оқырмандарының назарына осыдан 50 жыл бұрын жазылған күнделікті сол қалпында, еш өзгеріссіз ұсынып отырмын. Қабыл алыңыздар!

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиеттанушы

***

Өмірбаян

Мен, Абділ-Қадір (Кәке) Барлыбекұлы Сыртанов 1898 жылы 21 июньде Алматы қаласы Барибаев көшесі №5 (оңтүстік жағы) Юнных-Комунар көшесі №11 үйде, орташа ауқатты семьяда тудым.

Шешеміз сауатсыз – Еркежан Аталыққызы. Төркіні – Қапал-Арасан маңындағы тұрғыннан, Төре-Төлеңгіт елі. Шешеміздің әкесі Аталық еңбекші кедей адам болған. Арасандағы қазақ-орыстардың сиырын бағатын. Шешесі Қырмызы шебер, он саусығынан бал тамаған. Шешеміз 1942 жылы март айында қаза тапты. (Сол Жансүгіров поселкасында тұратын Рахима кісі Жұмабаева немере сіңлісі, Қасымов Байғали біледі).

Әкем Барлыбек Сыртанұлы Сыртанов Ақсу ауданы қазіргі Шоқан Уәлиханов атындағы совхоздың №2 Сүттіген фермасы орналасқан жерде 1866 жылы туған. 1914 жылы 1 / XI де Сүттіген-Бөлек, Бұрған деген жерде 48 жасында қаза болды.

Барлыбек, Тұрлыбектердің әкесі Сыртан оқуға Алматыға аттандырады. Екеуі гимназияда оқиды. Гимназияға түсуіне, оқуына Қапал уезінің начальнигінің тілмашы Жанғазы деген адам себеп болады. (Жанғазы – Арасанның Суықсайын мекендеген кедей шаруа семьясынан училище бітірген адам екен. Руы – Бақы).

Барлыбек Сыртанов Алматы (ол кезде Верный гимназиясын алтын медальмен бітіріп, Ленинград (Санкт-Петербург) қаласындағы университеттің арап тілі факультетіне емтихансыз түсіп, оны күміс медальмен бітіреді. Содан Ташкенттегі Средне-Азятский управлениада қызметте болып, 1894-1895 ж. Алматыда- Верныйде облостной управлениада чиновник-переводчик қызметінде болып, 1908-1909 жылдар қызметінен босанып, 42-43 жасында Сүттіген-Бұрған бойына көшіп барады. Қызметінен босау себебі 1-ші ол кезде ауыру болады, 2-ші саяси көзқарасы сенімсіз деп табады. Үйткені 1905-1906 жылдарда Пакатилов деген жандарал алдында (Верныйда) тілмаш бола жүріп, қоғамдық жұмыстармен шұғылданады:

1) 1905-6 жж. Панфилов пен Юнных-Комунаров көшесінің түйіскен жеріндегі үйде (Қазірде детбольница) бірінші мұсылмандар кітапханасының ашылуына көмек береді;

2) Жетісу губерниясына қарасты Қазақ, Қырғыздарға қыстақ салыңдар, жерді мекендеп, тұрғын ел болыңдар, мектеп ашыңдар, мектеп салыңдар деген іске кіріседі. (Бұл туралы қолда деректер, дәлелдер бар).

3) Патша үкіметінің саясатын сын көзбен қараған қазақ, татар оқығандарымен сыбайлас болады;

Қазақтың атақты оқымыстысы Қаратаев Бақытжан сияқты адамдармен бірге оқып, бірге болған.

Мысалы, Балықты тауының үстіндегі Ақтасты Қоңырский деген екі қыстақты салдыруда зор қатынасы бар. Жане Қарағаштағы Маман-Тұрыспек мектебтың салынуынада көмегі болған.

4) Сол кездегі Тасбегет-Абакум казак орыстары Ақсудың суын қарапайым қазақтарға уағында бермей зорлық жасаған уақиғаларына Барлыбек араласады. Айта берсе, Барлыбектің әділдік-момындық туралы көп еңбегі бар екен.

Барлыбекте 2000 мыңдай саяси және басқа түрлі кітаптар да болған (Мен де списогі бар). Ол кітаптарды Ілияс Жансүгіров мұғалім болып жүргенде пайдаланып, керектісін алып-сақтапты беріп жүрген.

Барлыбек Сыртанов сол замандағы политсаның бақылауында болу керек. Мысалы, 1912-1913 жылдар Қапал уездный нач-ктың помощнигі, сол кездегі Арасан елінің волостной управителімен 4 рет келіп үйді тінтіп кітаптарды ойыстырған, сонда мен ауылдамын.

5) Қазақ, қырғыз балаларының талаптыларын оқуға түсіруге көмек береді. Мысалы Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бөрібаев, т.б. Бұдан басқада көптеген көп әлеуметтік жұмыстары толып жатыр. Оның бәрін айтып жеткізуге негізгі деректерді уақыт көп керек.

Мен, Сыртанов (Кәке) Абділ-Қадыр (Қадыр) Барлыбекұлы алты жарым жасымнан оқып, хат тани бастадым. Алматыда мұсылманша Илхам бай мектебінде екі жыл, озат гимназияда алты жыл оқып, 1912 жылы түрлі себептерден гимназиа бітіре алмадым. 1918 жылы июнь, июль айларында Ақсу ауданына совет үкіметі уақытша орнады. Ол кезде мен ауылда мал бағатынмын. Мен, 1920 жылдан бастап 1958 жылға дейін қызмет атқарып, қазір пенсионермін. 1920 жылы Ақсу болысына Бейсембаев Есмұрат болыс ревком бастығы болып келгенде, мен үшінші ауылда ауылревкомының мүшесі және қатшысы болып қызмет атқардым. 1921 жылы февраль айында мені Ақсудағы волревком қарамағына алды. Онда жоғарыдан келген қағаздарды көшіріп, ауыл-ауылдарға таратып, үгіт-насиғатшы таратушы болдым.

Сол жылдары обкомнан келген ... Оразалин жолдастың ұсынысымен Ақсуда қазақ-татар көркем өнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, оның репертуарын жетілдіріп және спектакілді қоюды ұйымдастырдым.  Сол жылы яғни 1921 ж. апрель айында мені армиаға алды. Лепсі жақтағы көтерілген ақтардың бандыларымен күресу жұмысына Ақсу ревком ВКП (б) партиясымен вопревком жіберді. Лепсі уезі, Үш-Арал, Алакөл аудандарында екі ай жүріп, тапсырылған қызметті атқарып қайта оралдым. 1922 ж. январь айынан 1922 ж. декабіріне дейін Қапалда волисполком председателі қызметін атқардым.

1923 жылы январь айынан июль айына дейін Ақсудағы волисполком председателі болып қызмет істедім.1923 жылы сентябрь айына дейін Ақсу волком партиясы мен волисполкомның тапсыруымен 3-ші ауыл Сүттігенде төрт кластық мектеп салу жұмысымен шұғылдандым. Аул активтерінің көмегімен мектеп салынып, балалар оқи бастады. Ж. Жетекбаев Қасымбай сол мектепте мұғалім болды.

1923 жылы сентябрь айынан бастап Қапалда халық сот қызметін атқардым. 1924 жылы Талды-Қорғанда уполноченный губернского суда болып істедім. 1925 жылы Алматыдағы губерналық соттың алқа мүшесі қызметінде болдым. 1926 жыл – 1928 жыл апрель айына дейін Жаркент, қазіргі Панфилов қаласында губерналық соттың уполномоченный болып және Жаркент уезінде судья қызметін атқардым.

1928 ж. апрель айынан декабрь айына дейін Алматыда губерналық соттың зампреді қызметінде болдым. (Пред губерда Сыргабеков Нығмет болып еді). Алты жыл сот жұмысындағы документтер менде қызметті жақсы атқарғаным үшін құрметті қағаздар менде. 1928 жылы декабрьде сот жұмысынан босап, Іле өзені стансисы начальнигінің 2-ші орынбасары болып істеп, 1930 ж. август айында ол қызметтен босадым.

Осы уақыттан бастап Ақсудың 3-ші ауылы «Сүттіген» тағы басқа 3-ші ауыл қарамағындағы елді аралап, колхоз ұйымдастыруда белсене жұмыс атқардым. 1930 ж. октябрь айына дейін (справка бар). 1930 ж октябрь айында Алматы келіп, қалалық автотранспорт ұйымының қызметіне кіріп, Қазақстанда бірінші ашылған 6 айлық курсіні бітіріп, сол автотранспорт басқармасында шофер-вулканизатор болып сол жылы автотехникумда оқыдым.

1933 жылы июль айынан автошколда автомобилден және қаладағы көше қозғалысынан сабақ үздіксіз қызмет атқарып, 1958 жылы 10 июльден пенсионермін.

Бірнеше ондаған жылдар бойы үздіксіз жұмыс істегенімді құрметтеп, автошкола коллективі демалысқа шығарып салды. Қазір автоколлектив берген үйде тұрамын. Алматы қаласы Шевченко көшесі №174 Д, кв 3, теефон 4-42-37.

1920 жылдары партиялық қызметке кіріп, 1924 жылы партия мүшесіне кірдім. 1930 жылы түрлі себептерден партия қатарынан шығып қалдым. Әрине, өткен уақыт пен қазіргі уақыт бірдей емес қой. Мен ұзақ уақыт тергеуде және бақылауда жүріппін. Бақылау 1956 жылы сіз бақылаудан боссыз дегенде ғана бірақ білдім. Міне, осындай ақты қара деп, шаш ал десе баса алған заман еді ғой ол уақыт. Орта дережелі білім болды.

Өмірлік жолдасым – Оразбекқызы Сыртанова Гүліш қазір 66 жаста. Қазір үш ұл, үш қызымыз бар. Бір ұлымыз Баян Сыртанов 1941 жылғы Отан соғысының, көп .... ішінде кетті.

Үлкен қызым Қарағандыдағы глазной институт врач және мединститутта мұғалім, партия мүшесі;

Ортаншы қызым Кеген ауданында врач-ВЛКСМ;

Кіші қызым – ВЛКСМ, Алматы мединститутының соңғы курсында оқып жүр.

Үлкен ұлым Совет минстірде;

Ортаншым автошколда – мұғалым-инструктор;

Кіші ұлым, зам.минстерства автотранс ... Соңғы қызымнан басқалардың бәрі де семья құрған. Немерелерім өсіп жатыр. Алды институттың 5 курсінде. Кішілері детсад, бесікте.

Істеген қызыметтеріме байланысты алған сыйлықтарым төмендегіше:

  1. Бірінші бес жылдықтың орындалуына байланысты «1932 года завершающего пятилетку орден-знак 1917 СССР. 1932.
  2. Медаль за доблестный труд Великой отечесть.войне 1941-1945 г.г.
  3. Знак отличник Социалистического соревнования министертво автотранспорта КазССР.
  4. Радиоприемник «Актава» за хорошую и  безупречнюю работу.
  5. Телевизор «Старт 2» с уходом на пенсию.
  6. Деловой отзыв и блогадарность от призидиума Джаргентского уезного исполнительного комитета ныне Панфиловский  р-н, Джетысуйской обл. От 11 – го марта 1928 г за №38/0/10.
  7. Жеті дана грамоталар, оның бесеуі құрметті – наградталдым. Оны автотранспорт коллективы және профсоюздық республикалық комитететі наградтаған болатын.
  8. Көптеген алғыстар мен заттай сыйлықтар алдым. Міне менің тіршілігімдегі қысқаша өмір тарихым мен істеген жұмыстарым.

19  IV 1967 жыл, Кәке СЫРТАНОВ.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?