Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мерекелер мәні

2172
Мерекелер мәні  - e-history.kz
Кеңес үкіметі тұсынан қанымызға сіңген мерекелер мен оны атап өту ерекшеліктері. Одан біздің алғанымыз бен аларымыз қандай?

Мереке – адамдарды бір-бірімен жақындастыратын жарқын сәт, жақсы себеп. 15 мемлекеттің басын біріктірген Кеңес заманында барлық ұлтты ынтымақтастырған да жалпыхалықтық мерекелер. Кеңес үкіметінің арнайы мерекелерді атап өту жөніндегі жарғысынан кейін қоғамның барлық саласында үлкен өзгерістер пайда болды. Аталған өзгерістер жаңа кеңестік мәдениеттің қалыптасуына алып келді. Мәдени төңкеріс мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде Кеңестік, оның ішінде Қазақстандағы сауатсыздықты жоюға, кеңес зиялы қауымын құруға, жаңа мәдениет, өнер, әдебиетті қалыптастыруға ықпалы зор болды. Әсіресе Қазақстанда рухани өмір жанданды. Біртіндеп революциялық мерекелер пайда бола бастады, одан өзге әскери-патриоттық және еңбек мерекелерін атап өту дәстүрге айналды. Мысалыға, ХХ ғасырдың 30-жылдары КСРО Әуе флоты күні, бүкілодақтық теміржолшылар күні (тамыз айының алғашқы сенбісі, 1936 жылдан бастап), дене шынықтырушылар күні (тамыздың екінші сенбісі 1980 жылдан бастап), КСРО әскери-теңіз флоты күні (шілденің соңғы жексенбісі), бүкілодақтық авиация күні (1933 жыл, 18 тамыздан бастап), баспа күні (5 мамыр), жұмысшы-шаруа милиция күні (1917 жыл,12 қарашадан бастап).

Кеңестік мерекелер мен дәстүрлер коммунистік тәрбиенің негізі болды деуге болады, сол арқылы адами құндылықтар дамыды, мәдениетке деген жаңа көзқарас қалыптасты. Сонымен қатар халықтар достығы мен Кеңестік жоғары патриотизм қалыптасты.

Кеңес кезіндегі Қазақстандағы мерекелердің тарихына үңіле отырып оларды бірнеше жікке бөліп қарастыруға болады, атап айтсақ Кеңес үкіметінің орнауынан Ұлы Отан соғысына дейінгі уақытта пайда болған немесе атап өтілген мерекелер, ҰОС-нан кейінгі мерекелер, одан бөлек қоғамдық-саяси, еңбек, салауатты өмір салтын дәріптейтін спорттық іс-шаралар, жастар, халықтық, отбасылық мерекелер. Бұдан түйетін ой әр мерекенің өзіндік ерекшелігі мен орны маңызы бар. Енді сол мерекелерге жеке-жеке тоқталсақ.

Большевиктер билікке келгеннен бастап саяси-қоғамдық өмірмен қатар мәдени өмірде де өзіндік өзгерістер енгізді. Партия күнтізбеге қызылмен белгіленген жаңа атаулы мерекелік күндерді енгізе бастады. Дегенмен империя кезінен келе жатырған мерекелерде өзіндік мәнін жойған жоқ, бұны тарих көрсетіп отыр. 1920-1930 жылдардағы мәдени практика көрсетіп отырғандай кеңестік мерекелер мен қатар империя тұсынан келе жатырған діни мерекелерде халық арасында өз маңызын жоғалтпаған. Бұған дәлел Қарағанды мемлекеттік мұрағатының құжаты. Ол бойынша 1946 жылдың аяғында халық арасында сауалнама жүргізілген, «Сіз отбасында қандай мерекелерді атап өтесіз?» деген сұраққа қатысушылар кеңестік мерекелермен қатар діни мерекелерді де көрсеткен. Бұдан бөлек тағы бір дәлел шаруа Игнат Фролов өз күнделігінде мен үшін діни мерекелер маңызды дегенмен кеңестік жалпыхалықтық мерекелергеде қатысып, атап өтемін деген. Аталған кезеңде діни діни мерекелер қатарына: Пасха, Құрбан-Айт, Ғибадат ету (Вознесение), Троица және т.б. жатты.

Ұлы Отан соғысы жылдары мерекелер мен дәстүрлер Кеңес халқын ынтымақ пен бірлікке шақыру құралы мен немістік фашизмге қарсы күресуге жұмылдыру күші болды. Соның бір жарқын дәлелі 1941 жылы 7 қарашадағы Ұлы Октябрь Социалистік төңкерісінің 24 жылдығына арналған әскери шеру кеңес халқының мәңгі жадында қалды, себебі соғыс оты өршіп тұрған қиын шақта халық бойына патриоттық сезім ұялатып, отан қорғаушыларға ерік-жігер беріп, отанды қорғау жолында қашанда дайын тұру қажеттігін көрсетті. Соғыстың ауыртпалығына қарамастан халық мерекелерді шамалары келгенше атап өтті.

Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейін әскери-патриоттық мерекелердің саны артты, 9 мамыр Жеңіс күні салтанатты шеруінен басталып, белгісіз солдаттың басына гүл шоғын қою, Отан үшін құрбан болған күзетшілерге (караул) құрмет, гитлерлік фашизмнің жойылуы тағы басқа. Бұдан бөлек кәсіби мерекелерде болды атап айтсақ: кеншілер, құрылысшылар, металлургтер күні (шілденің 2-ші демалысы). Кеңестік мерекелердің сәнін келтірген тағы бір ерекшелік атаулы мереке күндері КСРО туының көтерілуі (1955 жылғы КСРО-ның туы туралы жаңа ережеге сәйкес) бұл өз кезегінде халық бойына патриоттық сезім мен мақтаныш ұялатты.

Сол сияқты ғылым, мәдениет, өнер, спорт саласында жаңалықтар мен ашылулар бойынша тың мерекелер пайда болды, мысалыға 1961 жылы 12 сәуірге Ю.А.Гагариннің тұңғыш ғарышқа ұшуына байланысты 1968 жылдан бастап Халықаралық авациялық федерация шешіміне сәйкес 12 сәуір халықаралық ғарыш күні ретінде атап өту бекітілді.

Кәсіби мерекелердің қатары өнеркәсіп саласы бойынша толықты, ҰОС кезінде тұрақтап қалған өнеркәсіп саласы қайта қолға алынып, жандана бастады, әрине алдымен экономикалық маңызы зор болды, дегенмен осы салада еңбек еткен кәсіби мамандардың қажырлы еңбектері атап өтуге тұрарлық еді, соған сәйкес 1965-1966 жылдары жаңа 13 кәсіби мамандар мерекесі өмірге келді, олар: дүниежүзілік мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлері күні (қыркүйектің алғашқы жексенбісі), геологтар күні (сәуірдің алғашқы жексенбісі), машинақұрылыс (қыркүйектің соңғы жексенбісі), энергетика (желтоқсанның үшінші жексенбісі), жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні (маусымның 2-ші жексенбісі), балық аулаушылар күні (шілденің 2-ші жексенбісі), ауылшаруашылық қызметкерлері күні (қарашаның 3-ші жексенбісі), одан бөлек мұғалімдер күні (қазанның алғашқы жексенбісі), медицина қызметкерлері күні (маусымның 3-ші жексенбісі) т.с.с. Бұл мерекелер аталып қана өтілмей сол сала мамандары мен олардың еңбектеріне құрмет көрсетіліп даңқын арттырды, бұл өз кезегінде әр кәсіби маман өз мамандығын мақтаныш тұтуына себеп болды. Бұдан бөлек адамзат өмірінен маңызды орын алатын рухани мерекелер болды, оған әндер мерекесі, поэзия күні т.б. жатты.

Қоғамдық-саяси мерекелер мен дәстүрлер. Бұл мерекелік топқа жалпымемлекеттік, революциялық, тарихи маңызы бар оқиғалардың мерейтойлары, коммунизмнің негізін қалаған қоғам қайраткерлері (К. Маркс, Ф. Энгельс, В.И. Ленин) күні жатты. Аталған мекерекелер – демонстрация, шеру, салтанатты жиын түрінде аталып өтілді және ол жылдан жылға атап өту аясы артып ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырды. Және тағы бір маңызы билікпен халықтың арасын жалғастырып, бітістіруші рөлін атқарып, халықтың мемлекет саясаты мен билік өкілдеріне деген сенімін арттырды.

Еңбек дәстүрлері. Еңбек ету қашанда маңызды және ол бағалануы тиіс осы орайда Кеңес заманында кәсіподақ ұйымдары еңбекшілердің құқығын қорғаумен қатар олардың еңбегін ерекше атап өтуді дәстүрге айналдырды, олардың қатарында алғаш жұмысқа қабылданған күнді атап өту, алғашқы жалақы алу, ерен еңбегі арнайы сыйақы мен марапаттар, еңбек жолындағы кәсіби мерейтойлар, құрметті демалысқа шығарып салу сол секілді. Сол арқылы жалпы еңбектің маңызы мен адамзат өмірінде алатын орнын көрсетті.

Балалар, жасөспірімдер және жастарға арналған мерекелер мен дәстүрлер. Бұл санатқа алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау, пионерге қабылдау күні, балалар мен жасөспірімдерге арналған мәдени іс-шаралар енді. Бұл дәстүрлі іс-шаралар мен мерекелер балалардың өмірінде бірінші кезекте тәрбие мен тәртіптік рөл атқарды.

Дәстүрлі халықтық және отбасылық мерекелер. Бұл аталған санатқа мысалыға бүкіл халық болып тойлайтын жаңа жыл, 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі тағысын тағылар. Одан өзге отбасылық мерекеге шаңырақ көтеруден бастап, құрметті демалысқа шығарып салуға дейін, мерейтойлар жатты. Бұл мерекелер өз кезегінде халықтың ауызбіршілігін арттырып, отбасылық құндылықтарды сақтау жолында өз жемісін берді.

Кеңес үкіметі тұсындағы мерекені атап өту мәдениеті Қазақстан қоғамында, халық өмірінде маңызды рөл атқарды, оның атымен көп нәрсе байланысты. Мерекелер мен халық тұрмысынан орын алған дәстүрлер саясаттан бастап, демократия, халық бірлігі мен достығы, еңбек ету, рухани құндылықтар тұрғысында айқындық танытты. Оның көрінісі мен дәлелі ретінде күн бүгінгі дейін сақталған тәуелсіз Қазақстандағы мерекелерді атап өту дәстүрі куә болып отыр.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?