Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

2016 жылғы «Қазақстан барысы» турнирі аяқталды

2967
2016 жылғы «Қазақстан барысы» турнирі аяқталды  - e-history.kz
Ақтық сайыста төрт балуан өзара сайысып, ақырында 2016 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды

2011 жылы алғаш рет жалауын көтерген қазақ күресінен «Қазақ барысы» республикалық турнирі осымен 5 мәрте өткізілді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның бас демеушілігімен ұйымдастырылатын бұл спорт тойы жылдағы дәстүрге айналып келеді. Турнирде Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі сарапқа салынады.

Жобаның авторы Арман Шораев қазақ күресінің додасын өткізу идеясы Моңғолияға барған сапарынан кейін туғанын айтады. Моңғол халқының ұлттық спорт тойына айналған «Бөх» күресі ұлттық деңгейде әлем назарын аударып келеді. Бұл күрес түрі басталар кезде жан-жақтан туристер ағылып жетеді, елдің шекарасы толық жабылып, Наадам тойын тамашалап, «Бөхтің» финалына қатысуға мүмкіндігі туады. Міне, осы салтанат, осы жоба «Қазақстан барысы» жарысының пайда болуына түрткі болған еді. 

aab944e965e4fdbf9e0fb1076273004d.jpg

«Қазақстан барысының» финалына дейін іріктеу сайыстары өтеді: ең алдымен ауылдық, аудандық межені бағындырғандар облыстық жарысқа жолдама алады. Осылайша әр облыстан алғашқы екі жүлдені ұтқандар ақырғы айқас «Қазақстан барысына» қатысады. Еліміздің 14 облысынан, маңызды 2 қаласынан, былтырғы турнирдің жеңімпазына қоса, биылғы ерекшелік ретінде «Әскер барысы» енгізілген. Барлығы 34 балуан ел күткен ұлы жарыстың ақтық сайысына жол тартты. 

Алдымен жеребе тартылады. Әр балуан өзі таңдаған асық бойынша саны белгіленеді. «Қазақстан барысы» турнирінің бір ерекшелігі, жас шамасы мен салмағына шектеу жоқ. Сондықтан мұнда 78-80 келі сақмақтағы жеңіл балуандар мен 140-160 келі тартатын ауыр салмақтағы балуандар бақ сынайды. Қазақ күресінің ережесі әлі де түзетілетін жерлері болғанымен, аздап қалыпқа түсіп келеді. Төрешілер тарапынан кеткен біраз қателіктерге қарамастан, биылғы турнир өте жақсы деңгейде өтті деуге болады. 

Турнир басталардың алдында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ өкілі Дархан Қалетаев сөз сөйлеп құттықтаса, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамтыу қорының құрметті президенті Қанат Бозымбаев балуандарға сәттілік тіледі. Ал қазақ спортының ардагері, белгілі жаттықтырушы Марат Жақит ақсақал ақ батасын арнады.

8caaf379cc3a79bfd4aa4195d522d653.jpg

Биылғы жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жылдағыдай әсем безендіру, жоғары сапалы тележабдықтар, концерттік нөмірлер және жүргізушілердің биік деңгейі барлығы да ел көңілінен шықты. Сонымен қатар додаға төрешілік ететін қазылар құрамын Шалқар Жоламановтың басқаруына тәнті болған көпшіліктің қарасы басым.

Алғашқы айналымда қарсыласын қапыда қалдырған балуандар келесі кезеңге өтеді. Мұнда ел үміт күткен балуандар Асыл Барменов, Айбек Нұғымаров, Кенжебек Күзембаев, Талғат Әмренов, Сұңғат Закарияев, т.б. жарыс жолынан ә дегенде-ақ шығып қалды. 

Екінші айналымда үздіктер қара көрсетіп, үздік шыға бастады. Бірі озық техникасымен, екіншісі қара күшімен, енді бірі айлалы әрекетімен һәм күмәнсіз жайттармен басым түскен балуандардың қатарына Дәулетхан Жақыповты, Жұманазар Ерсұлтановты, Александр Касачевті және Бейбіт Ыстыбаевты атауға болады. Әсіресе Д. Жақыповтың өнері көпшілікті сүйсіндірді, А. Касачевтің 4 секундта шалу әдісімен жеңіп кетуі турнирдің жаңалығына айналды. 

73da06a6827d6c2decc19fb39cb2d900.jpg

Кіл мықтылар үшінші айналымда іріктеліп қалды. Бірін екіншісіне салуға қиналатын тұс осы. Бұл балуандардың барлығы да жүлде алса деп ойлайсың, бірақ жарыстың аты жарыс. Аты залды жаңғырған Дәулетханның, Касачевті жалпасынан түсірген Жұманазардың, қарсыласын айқын ұтқан Айболдың белдесулеріне сүйсінбеген адам кемде-кем. 

Жартылай финалда жолы тоғысқан Дәулетхан мен Бейбіттің күресі тартысқа толы болды. Бейбіттің енжарлығы жұртшылық наразылығын туғызды, Дәулетханның күреске деген ұмтылысы қазылар тарапынан дұрыс бағаланбады. Шешуші сәттерде жас балуанға ескерту жасаған (қазақ күресінің жаңа ережесі бойынша соңғы 30 секундта ескерту берілмейді) төрешілердің шешімінен кейін Бейбіт бүк ұпаймен келесі кезеңге, яғни финалға өтті. 

4e844d3cbcd2f36073a49d2569b6e920.jpg

Ақтық сайыста төрт балуан өзара сайысып, ақырында 2016 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды. Үшінші орынға таласқан Дәулетхан Жақыпты Айбол Айтбек таза жеңіспен ұтты. Ал бас жүлде үшін шыққан Бейбіт Ыстыбаев Жұманазар Ерсұлтановтан айласын асырып кетті. Сөйтіп, Бейбіт Ыстыбаев үшінші мәрте «Қазақстан барысы» атанып, 150 мың АҚШ долларын қалтаға басып, алтын тайтұяқты иеленді. 

Заңғар Кәрімхан.

Фотосуреттердің авторы Жеңіс Ысқабай.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?