Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың Қоңыры 73-ке толар еді...

2090
Қазақтың Қоңыры 73-ке толар еді... - e-history.kz
Көзі тірі болғанда, түркі әлемінің тарихын түгендеген Иштван Қоңыр Мандоки 10 ақпан күні 73 жасқа толар еді

Алайда, сұм ажал оны осыдан 24 жыл бұрын арамыздан алып кете берді. Қыпшақшыл ғалымның өзі жиі айтқандай 53 жыл өмір сүрген Аттиладан көп жасамады.

Есімі соңғы жылдары көмескіленіп бара жатқан Қоңыр кім еді? Түркітанушы. Полиглот. Қазақ. Кітап жанашыры. Әр ғалымның пікірі әр қилы. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қо­ңыр екі ха­лықтың арасындағы ұлы тарихи қан­дастықты жан-жақты дәлелдеп қана қоймай, ел мен елдің бірлігі, ортақ мәдениеттің гүлденуі, өзара қатынастардың кемелденуі жолында аянбай еңбек еткенін қазақ халқы мақтанышпен жадында сақтайды, үлгі-өнеге тұтады», деген болатын. 

Қоңыр Мажарстанның Қыпшақ өңіріндегі Қарсақ қаласында 1944 жылдың 10-ыншы ақпан күні дүниеге келген. Жұбайы Оңайша Мандокидің сөзінше, Қоңыр анадан жаңа туғанда 4 тіспен және 5 келі салмақпен келіпті.

Мұны ғалымның анасы қазақ даласынан келін болып келген адайдың қызына оңаша отырып, бір сырласқанда айтқан екен. «Сол кезде-ақ, мен баламның тегін адам болмайтынын сездім» деген енемнің сөзіне таңырқамасқа амалым қалмады», – дейді Оңайша апай.

Қоңыр – әлемді көп аралаған адам. Түркі тілдерінің түгелге дерлігін меңгеріп, Дунайдан Алтайға дейін шарлап, жоқ түгендеген. Сондағы ең бір ерекшелігі – қандай бір ұзақ сапарға шықсын, алдымен әке-шешесінің басына барып, дұға бағыштайды екен. Өмірінің соңғы жылдарында мұсылман дінін қабылдаған. Қоңырдың тегіндегі 

Қоңыр әке-шешесімен

 

Әкесі Мандоки Шандор ауқатты отбасыдан шыққан, көзі ашық адам болыпты. Анасы Кочкор Караси Эржебет – қыпшақ қызы, текті жердің тұқымынан.

Жалпы, Қоңыр әулеті Қарсақ қаласындағы ақсүйектер өкілінен болған. Атасы қаланың бургомистрі  (әкімі) қызметін атқарған. Бірақ ІІ Дүниежүзілік соғыстан соңғы жеңістен соң, Мажар елін өз қолдарына алған Кеңес билігі байларды қудалауды мұнда да бастап кетеді. Нәтижесінде Қоңыр тегін ауыстырып, мектепті Будапештте бітіруге мәжбүр болады. Сонда да Кеңес әскерлерінің арасына барып, қазақ офицерлерді іздеп тауып, өз бетінше қазақ тілін меңгере бастайды. 

Қоңырдың әкесі Мандоки Шандор

Тегін қалпына келтіріп, өз бетінше білімін жетілдіреді. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына хат жолдап, қазақ тілі оқулығын алдырып және де Қарсақ қаласына іссапармен келген қазақ офицерімен танысып, мектепте үйренген орысшасымен қазақ тіліне деген құштарлығын айтады, ол жігіт Қазақстанға оралған соң қазақ тілін өз бетімен үйренушілерге арналған кітаптар, газеттер салып жібереді. Қазақ тілі – мен үшін қыпшақ тілі. Қазақ – менің бауырым! Қазақ тілін үйреніп шығу өмірімнің өзекті бір мақсаты болуы тиіс («Лениншіл жас», 04.12.1984 ж. Сұхбаттасқан – Марат Тоқашбаев).

Қоңырдың жас кезі

Алдына осындай мақсат қойған Қоңыр қазақ тілін ақыры үйреніп алады. Онымен қосымша, румын, неміс, француз, ағылшын, түрік тілдерін еркін меңгеріп, еркін мақала жазатын дәрежеге жетеді. Жалпы, Қоңыр полиглот болған. Жоғарыда айтылған тілдерден бөлек жалпы саны 30 жуық тілде сөйлескен. Көзі тірісінде берген сұхбаттарында: «Адам үлкен бір бөлме секілді. Сен неғұрлым көп тіл білсең, бөлмеге жарық түсіретін терезе саны да арта бермек» деп айтқан екен.

Қазақтың салт-дәстүріне қатты қызыққан Қоңырдың қазақы киіз үйді құрып жатқан сәті

1963 жылы жерлесі, атақты шығыстанушы Немет Дьюоланың партиялық кепілдемесімен Өтвөш Лоранд атындағы Будапешт мемлекеттік университетінің филология философия факультетінің Түркология бөліміне оқуға түседі.

Ол университетте Немет Дьюоладан түркология мен көне мадияр тарихын, Цегледи Каройдан араб филологиясын, Лигети Лайоштан моңғолтану мен қытайтануды, Телегди Жигмонд пен Бодроглигети Андраштан ирантануды оқып үйренеді.

1968 жылы үздік бітіруші ретінде сол университеттің түркология кафедрасында ассисент болып, ғылым жолындағы нағыз ізденісін бастайды. Осы университеттің ішкі Азия зерттеулері кафедрасында және Мажарстан ғылым академиясының алтаистика бөлімінде және Сечени атындағы мемлекеттік кітапханада білімін ұштайды.

Қоңыр университетте оқып жүрген кезінен бастап, Еуропадағы түркі этникалық топтарының ортасында ғылыми экспедициялық мақсатта жиі болып, олардан этнографиялық, тілдік деректер жинаған еді. Осындай мақсатпен Ананияш Зайанчковский тәрізді ғұлама ғалымды шығарған Польшадағы қарайымдар арасында, Румыниядағы Добруджа татарларында, Болгариядағы түріктер арасында әлденеше рет болады.

1970 жылы «Добруджа татарларының тілдік зерттеулері» тақырыбында диссертациялық жұмысын қорғайды. 1974 жылы Моңғолияға жолы түсіп, ондағы көне түркі ескерткіштері мен қазақ, тува халықтарының ортасында болып, көптеген фольклорлық, этнографиялық деректер жинауы оны осы елге жыл сайын келуге мәжбүр етеді.

Сәйгүліктің ер-тұрманын сайлап жатқан сәт

1976 жылдан бастап, Қоңырға Қазақстанға Алматыға келудің сәті түсті. Сол уақытқа дейін ономаст ғалым Телқожа Жанұзақовпен хат арқылы таныс болса, осы сапарында жүзбе-жүз кездесіп, ғылыми жұмыстарына көп көмегін тигізеді. Ешбір грамматикалық қатесіз, таза қазақ тілінде жазылған хаттарды ғалым аты берілген Алматыдағы №154 мектептің музейінен барып оқуға болады.

Досы, белгілі қыпшақтанушы ғалым Болат Көмековпен

1977 жылдан бастап, Өзбекстан мен Түркіменстанда өткізген кешенді тілдік, этнографиялық, фолькьлорлық экспедициясы өзінің ғылыми жұмысына көп септігін тигізеді. Сонымен бірге, Кавказ бен Қара Теңіз аймағындағы қарашай, ноғай, қырым татарлары, құмықтар ортасында жүргізген зерттеу экспедициясы үлкен нәтиже берді. Қаншама еңбектер жинақталады. Әлемнің 40 жуық тілінде жарық көрген 25 мыңға жуық ғалым кітапханасы бүгінде Астанадағы Халықаралық Түркі академиясының кітапханасында сақтаулы.

Қоңыр түркі тілдес елдерді аралаудан жалыққан жоқ. Бұл дәстүрін ол 1980 жылдардың ортасында Башқұртстан мен Татарстанда жалғастырды. Ондағы мақсаты – өз сөзімен айтсақ, «көз алдымызда құрып бара жатқан қазыналарды қуат пен қайрат барда қағазға түсіру, хаттап, шоттап, зерттеуге дайындау» болды. Осының нәтижесінде 1980 жылы «Мажарстандағы қыпшақ тілінің ескерткіштері» деген еңбегін жазды. Қоңыр өз зерттеуінің нысаны етіп Мажарстан түркологиясындағы дәстүрлі салаларының ішінен мажарлардың көне тарихы мен түркі мадияр байланыстарын, қыпшақтардың шығу тегін, тілін бағдар етіп ұстанды. 

1992 жылы Дағыстандағы Қоңырдың күтпеген қазасы жайлы оның жерлестері: 

Ол түркі жұрттары арасында аты аңызға айналған тұлға еді. Ал, көз жұмған соң, мифологиялық заңғарға көтеріле түсті

деп жазды.

Еуропалық қыпшақтардың дәстүрлі киіміндегі Қоңыр

Қоңырдың бүкіл ғұмырлық мақсат-мүддесін Мажарстандағы қыпшақ шоғыры мен олардың менталитеті, ұмыт болған тілдері айқындағаны сөзсіз. Ол сондықтан өзінен бұрынғы Кун Геза, Немет Дьюланың ісін, ғылыми мұратын жалғастыруды, Мажарстандағы құмандардың ұмыт болған тілін, ділін қайта жаңғырту мен қалпына келтіруді мақсат етті. Қоңыр құмандарға тегі мен мәдениеті, тілі жағынан ең жақын тұрған қазақ, қырғыз, татар тілдерін меңгере отырып, көне құман тілін реконструкциялауды мақсат тұтты, – деп жазады белгілі қыпшақтанушы Бабақұмар Қинаятұлы.

Қоңырдың ата-бабалары тарихта моңғол татар шапқыншылығынан кейін 1239 жылы Мажарстандағы ірі екі өзен Дунай мен Тиса аралығында қоныстанған Қотан хан бастаған қыпшақтар еді. Олар келгеннен кейін де екі жарым ғасыр бойы дәстүрлі тіршілік, шаруашылығын, салт дәстүрлерін берік ұстанды. Христиан дінін тек мәжбүрлікпен, формальді түрде қабылдады. 

Мажарстандағы қыпшақтардан қалған балбал тастар. Қоңыр көзі тірісінде өмірден өткен соң, мазарына осындай пішіндегі ескерткіш қойдыруды армандаған екен... 

Қоңыр Мажарстандағы құмандардың маңызды тілдік ескерткіштерінің бірі Құмандық «Жаратушы Иеміз» (Отче Наш) атты дұғаның (ежелгі мәтіні ХVІ ғасырда пайда болған) түсініксіз болып, бұрмаланып кеткен мәтінін тарихи лингвистикалық түрде салыстыра зерттеу арқылы мынадай үлгіні реконструкциялап зерттеп ұсынды:

«Біздің атамыз кімсін көкте – Сентілесің сенің

 адың

Дүшсің сенің көңлүң – Нечік кім йерде алау көкте

Бізің екмегімізні бер бізге бүт – бүтүн күнде

Ілт бізің міңімізді – Нечік кім біз де ійерміз бізге өтрү келгенге

Ілтме бізні ол йаманға – Қутқар бізні ол йаманнан

Сен барсің бү күчлі бу чын ійгі – Тенри, Амен» 

деп алғашқы қыпшақ вариантын қалпына келтіреді.

Қоңыр бұл дүниеден қазақ болып өтті. Жұбайы Оңайша Мақсұмқызы – Мандоки Атырау облысының тумасы. Адай руының қызы. Қоңырмен отау құрғандарының өзі бір хикая. «Қылышынан қан тамған» кеңес заманында шет елдік азаматқа тұрмысқа шығу деген көз көріп, құлақ естімеген жайт еді.

Араға ақын Олжас Сүлейменов түсіп, екі ғашықтың мәселесі шешіледі. Бүгінде ғалымның тұяғы Атлан Мандоки 25 жасқа толды. Мажар Парламентінде қызмет істейді. Қайбір жылдары Қазақстанға келіп, қазақ тілінен олимпиадаға қатысып, жүлделі орын алып кетті.

Атлан қазақ тілін жетік меңгерген. Ана тіліндей еркін сөйлейді. Көзін ашқаннан Мажар елінде өссе де қазаққа бір бүйрегінің бұрып тұратыны анық. Әрине, бұл жерде бала тәрбиесіне қазақылықты сіңірген Оңайша Мақсұмқызының еңбегі ерен.

Қоңыр Мандоки жұбайы Оңайша Мақсұмқызымен

Атлан Мандоки нағашы атасына қонаққа келгенде

Қоңыр көзі тірісінде жары Оңайша апайға: «Мен аяқ астынан бақи дүниеге аттанып кетер болсам, ата-бабамның мекені қазақ топырағына апарып жерле. Мәңгілік орным сонда болсын. Бұл – менің соңғы өтінішім» деп өсиет еткен екен.

Алматыдағы Қоңырмен қоштасу рәсімі

Оның өсиетіне сай 1992 жылы 3 қыркүйекте қазақ ұландарымен бірге Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. 

Әңгіме барысында отыз жылдан аса өмірін жат елде өткізіп келе жатқан Оңайша Мандоки елге келіп, Қоңыр мазарын қайтадан қалпына келтіріп, бейітке ол армандаған балбал тас түріндегі ескерткіш орнатсам деген ойын айтып қалды.

 

Еуропа университеттеріне шақырылып, дәріс оқуға Қоңыр өмірінің көбі арналды. Оны дипломатиялық қызметтерге сан рет шақырды, алайда ол ғылымға деген ниетін ештеңеге айырбастамады. Қоңыр әлемдегі түркі зерттеушілерінің арасында ерен еңбегімен ерекшеленіп өтті.

Аз ғұмырында бір топ ғалымның еңбегін жасап кетті. Осы еңбегі мен ізденісі үшін Мажарстан Ғылым академиясы оған қайтыс болған соң, 1993 жылы Постумус сыйлығын берді. Бірақ көзі тірісінде көрмеген марапаттың қайтыс болған соң қажеті бола қояр ма?!

Ғалымның жұбайы Оңайша Мақсұмқызы бүгінде Будапешт қаласында тұрады. Мажарстан СІМ қызмет етеді. Қоңырдың бай кітапханасын Астанаға көшіруге себепкер болды. Қытай, Түркия, Әзірбайжан секілді елдер қаншама қаржы ұсынса да, асыл қазынаның қазақ даласына келгенін қалаған Оңайша апай бұл бағытта қыруар жұмыс атқарды.

Сонымен қоса Мажар ЖОО қазақ тілінен дәріс оқиды. Қолы қалт еткенде елден барған студент жастарды жанына үйіріп, қамқорлық жасап жүреді. Қырғыз Ғылым академиясы Қоңырға қайтыс болғаннан кейін филология ғылымдарының докторы деген құрметті атақты тапсырды. 

Қоңырға берілген ғылыми атақ және орнатылған ескерткіш-тақта

Қоңырға бейнетті өмір жолының зейнетін көруге тағдыр жазбаса да, кейінгі ұрпаққа «Қоңыр ізі» атты өшпес жол мен мұра қалдырып кетті. Осы еңбектерін ары қарай зерттеп дамыту біздің мойнымыздағы жүк деп түсінеміз.

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Астана - Будапешт - Астана

Әдебиеттер:

1. Иштван Қоңыр Мандокидің отбасылық мұрағаты 

2. Бабақұмар Қинаят, «Дүниені кезіп кеткен қыпшақ әуені» // zolotoichelovek.ucoz.ru

3. Бабақұмар Қинаят, «Тегі қыпшақ тамыры Ұлы Дала» // Қазақстан әйелдері, 2003

4. Біләл Қуаныш, «Тегін тереңнен іздеген Қоңыр» // Ана Тілі, 2009, 22 ақпан

Материалды әзірлеуге қолдау көрсеткен ғалымның зайыбы Оңайша Мақсұмқызы мен ҚР Мажарстандағы Елшілігіне редакция атынан алғыс айтамыз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?