Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жазотыр – қазақтың алтын бесігі

2247
Жазотыр – қазақтың алтын бесігі  - e-history.kz
Үйлері ағаштан салынғанмен, іші толған ұлттық бұйым. Ұлттық нақышпен безендірілген оюлы сырмақ, қоржын, кебеже, жастықтарды көргенде құдды бір қазақтың ерте кездегі дәуіріне саяхат жасағандай боласыз

«Алтай мұрасы» экспедициясы Қошағаш ауданының Жазотыр ауылында да болып, экспедиция мүшесі, академик Рахметқажы Берсімбаевтың туған жерінде рухани кездесулер мен академик оқыған орта мектепте халықпен жүздесулер ұйымдастырды. 

Жазотыр ауылында «Алтай мұрасы» экспедиция мүшелеріне арнайы салтанат құрған ақшаңқан киіз үй тігіліп, жылқы сойылды. Табиғаты керемет, тау бөкетеріндегі ауылда экспедиция құрамы екі күн бойы тұрақтап, тауға шығып, ат мініп, серуенге басты. Ауыл етегіндегі өзенге шомылып, балық аулады. Ертеңінде Жазотыр ауылындағы Мұқамедхан Берсімбаев атындағы орта мектепте ауыл тұрғындары, ұстаздар мен оқушылар, «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының мүшелері қатысқан рухани шара ұйымдастырылды. 

dbea04e0d82fcd51e06f7ed4c8189f9e.jpg

Мектеп залына жиналған халық ортасында Жазотырдың төл баласы, ҚР Ұлттық академиясының академигі, әлемге танымал ғалым Рахметқажы Берсімбаев сөз алып, балалық шағы өткен ауылды еске алды. 

«Мен үлкен қуанышты сәтке кенеліп тұрмын. Менің Жазотыр ауылым – шағын ғана қазақы ортаның қаймағы бұзылмаған өңірі. Бұл ауылда менің балалығым өтіп, тау мен тасы, өзен мен көлінде албырт шағымның естелігі қалды. Әр азаматқа туған жер ыстық болады. Осы орайда Қазақстаннан келген «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының сәті түсіп, Жазотыр халқымен жүздесіп отыр. Бұл дегеніміз – үлкен тарихи естелік. 

8c9204b7c5c6559ad5e7e46f9e7d5c98.jpg

Экспедицияның негізгі мақсаты елмен елді араластырып, мемлекетпен мемлекетті қарым-қатынасты байланысқа түсіріп отыр. Осындағы ағайын-туысымызға қиын жағдай туып жатса, қол ұшымызды тигізу – әрбір қазақтың парызы. Мемлекеттің дамуы – жастардың қолында. Сол жастардың білім алуына, тәрбиесіне үлкен қызмет атқарып отырған Жазотыр орта мектебіне, өздеріңізге белгілі менің туған ағам Мұқамедхан Ескендірұлының атындағы мектепке көптеген кітаптар берілді. Ол кітаптар кішкене де болса, жастарға білім нәрін беріп, ой қабілеттерінің ары қарай дамуына септігін тигізеді. Міне, ойлап қарап отырсаңыздар, туған жеріме келіп, көп нәрсе айтуға болады. Ондай естеліктер айтатын болсам, бір күндік кездесуіміз жетпесі анық. 

Ең басты айтарымыз, Алтайдағы елмен, халықпен кездесуге мүмкіндік жасаған – Ерлан Бәтташұлы. Көп жылдар бойы Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетін басқарған уақытта Қошағаш пен Жазотыр жастарының, мұғалімдерінің білім біліктіліктерін арттыруға жағдай жасады. Бүгінде сол бағытта тыңғылықты жұмыстар атқаруға келу отырған жайы бар. Өздеріңіз көргендей, Жазотыр мектебінің мұғалімдері Ерлан Сыдықовты танып, қамқорын көргендеріне лебіздерін білдіріп отыр. Сондықтан ағайын-туыс болып, жақсы әсерлі әңгімеге ортақтасқандарыңыз үшін, елдің сәлемін тыңдау үшін жиналғандарыңыз үшін өз басым қуанып отырмын», – деді академик. 

08f348cebfb7a8cb2efe11c0f0860a0f.jpg

Артынша Мемлекеттік табиғи паркінің Жасотар ауылындағы орталық базасының ашылу шарасына қатысты. Жасотар қазақтарының көшпенді елдің ұрпағы екенін әрбір үйге бас сұққан сайын көз жеткізесіз. Үйлері ағаштан салынғанмен, іші толған ұлттық бұйым. Ұлттық нақышпен безендірілген оюлы сырмақ,  қоржын, кебеже, жастықтарды көргенде құдды бір қазақтың ерте кездегі дәуіріне саяхат жасағандай боласыз. Солардың бірі Смағұлов Амантайдың қарашаңырағында экспдиция мүшелері болып, жекеменшік «Көшпенділер киіз үйі» этно-мәдени музейіне бас сұқты. Экспедиция мүшелері этно-музейді ашып, аудан халқына ғана емес, әлемнен келген туристерге ұлттық мәдениетімізді таныстырып отырған музей басшысы Амантай Моңғолұлына алғыс білдіріп, ұлттық болмысымызды жаңғырта берулеріне тілектестік ниет білдірді. Кешке қарай жазотырлықтар ауыл мәдениет үйіне қарай ағылды. 

c1e7f0bc3f2082201ea8c80f32666b64.jpg

Мәдениет үйінде Қазақстаннан келген өнер қайраткерлері мен Қошағаш аудандық ұлттық-мәдени орталық қызметкерлерінің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды. Жиылған халықтың қарасы да көп болды. Шағын ғана ауылдық мәдениет үйіндегі концертті ауыл тұрғындары мен қонақтар көңілді қуанышпен қарсы алды. Қошағаштағы ұлттық-мәдени орталықтың «Мирас», «Керуен» секілді ансамбльдері құйқылжыта ән салып, Алтай, қазақтың халық әндерін орындады. «Аққу» бишілер тобы «Алтай», «Тотықұс», «Аққу», «Қазақ» билерін мың бұрала билеп, ұлттық мәдениетімізді жаңғыртқандай әсерге бөледі. 

ebc7131d0267f8b0a765c73d4527f003.jpg

a1be5b5d88872559556fbbfe23b312f3.jpg

Қазақстаннан барған ақындар Дәлеткерей Кәпұлы мен Серікзат Дүйсенғазы Қошағаштағы қазақтарға жырдан шашу шашса, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың өнеріне жазотырлықтар ерекше қуанды. Делебезелері қозып, халық әндерін құмарлана тыңдады. Гала-концерт соңы ұлттық өнеріміз айтысқа ұласып, Дәулетерей Кәпұлы мен Серікзат Дүйсенғазы Жазотыр төрінде айтысты. 

85c29c12fe7845bc145ab7d06357efa2.jpg

Не болса да, Жазотырдың абыройын көтеріп, халқының ықыласы мен пейілі жомарт тұрғындар екенін айқындап берген мерекелік концерт ел аузында қалатын думанға ұласты. Халықтың атамекенін сағынып, алыстағы Қазақстанға деген ыстық ықыластарын көздеріндегі жанардан ұққандай болдық. Осылайша шүй мекенінде үш күн қонақтаған автоэкспедиция тобы Артыбаш қаласына аттанды. 

Алтынбек Құмырзақұлы, Алтай Республикасы, Беласу ауылы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?