Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Egemen Qazaqstan-ның 1000-саны

1024
Egemen Qazaqstan-ның 1000-саны - e-history.kz

105 жыл бұрын «Ұшқын» деген атпен оқырман қауымның қолына жеткен ел газеті Egemen Qazaqstan-ның мыңыншы саны қалай жарық көрді?

1919 жылдың 17 желтоқсанында ең алғашқы саны шыққан газеттің бір жылға жетпейтін уақытта «Еңбек туы», келесі жылы «Еңбекшіл қазақ», ал 1925 жылдың басынан бастап «Еңбекші қазақ» деген атпен 7 жыл жар­ық көргені тарихтан мәлім. Осы «Еңбекші қазақ» кезінде газет Ахмет Байтұрсынов әліпбиінде жарық көреді. Мыңыншы саны 1927 жылы 27 қарашада Қызылорда қала­сын­ан оқырманға жол тартады. Ендеше осы бүгінгі Egemen Qazaqstan-ның 1000-санында нелер жарияланған екен? 

 Басылымның 1-бетіне төте жазудағы «Мың сан» сөзі  сол кездегі газет қыз­мет­керлерінің бас сурет­тері­мен құрап жазылған. Ал маң­дай­шасында «Жер жүзі­нің еңбек­шілері, бірігіңдер!» деген ұран тұр. Құттықтаулардың басын­да «Еңбекші қазақтың» алғаш­қы саны «1921 жылғы нойабрь­дің 7-сінде шыққан» деген анық­тамамен газет қиындысы басыл­ған. Әріптері анық көріне қой­майтын сол қиындының оң жақ шекесіне «Еңбекшіл қазақ» деп төте жазумен жазылыпты. Осылайша, 1000-нөмірдің басты беті құттықтауларға жалғасқан.

«Өлкелік партыйа кәмійтетінен» (ред.: төте жазудағы жазылуы тікелей кириллицаға сол күйінде жазылды) деген тақырыптағы құттықтауда былай делінген: 

«Бүгүн «Еңбекші қазақ» мыңға жетті. Газетке мың сан – мың жас. «Еңбекші қазақ» та бүгүн мың жасап отыр. Газет тап жыршысы. Қай таптың жоғын жоқтаса, сол таптың сөзін сөйлейді, жырын жырлайды, қамын жейді, жұртшылығын бастайды. «Еңбек­ші қазақ» та сондай газет болып қазақ жұртшылығын бастап отыр. Қазақ еңбекшілерінің жоғын жоқтап, тілегін тілеп, сөзін сөйлеп отыр. Қазақ еңбекшілеріне партыйа жолын, үкімет жолын ұғынды­рып, түсіндіріп отыр. Жақсы­ны үлгі, жаманды жексұрын қы­лып отыр. «Еңбекші қазақ» ар­қылы біздің партыйа, үкімет қазақ еңбекшілерімен күнде сөйлесіп, күнде араласып отыр. Әрійне, бұдан былай да «Еңбекші қазақ» осы жолынан таймайды. Жаңа жұртшылық жас жұртшылықтың тірегі болады. Ленін айтқандайын, ұйымдастырыушы, бастаушысы болады. «Еңбекші қазақ» бүгүн мың жасаса, бұдан былай да мың, мүлійен жасамақ. «Еңбекші қазақ» елі өлмейтүн ел. «Еңбекші қазақ» жолы өлмейтүн жол. Мың мыңға ұлассын! Жаса «еңбекші қазақ»!». Құттықтаудың соңына мекеме аты «Қазағыстанның өлкелік партыйа кәмійтеті» деп берілген. 

Келесі қатарға «Үкімет құттықтауы» беріліп, соңында басшылықтағы тұлғалардың лауазымы мен аты-жөні толық көрсетілген: 

«Қазағыстан орталық атқарыу кәмійтет ағасының орынбасары: Бегімбет ұлы Ыбырайы. 

Кемесерлер кеңесінің ағасы: Нұрмақ ұлы Нығымет.

Қазақғыстан орталық атқарыу кәмійтет қатшысы: Аралбай ұлы Бек-Айдар.»

Бас беттің төменгі жақ ортасына «Еңбекші қазақ» басқармасы атты тақырыппен Алаш зиялылары бастаған газет ұжымының суреті берілген. Суреттің астында әр кісі лауазымымен қоса, былайша нөмірлеп таныстырылған: 

«Еңбекші қазақ» басқармасы

«1) Редектір Тоғжан ұлы Ғаббас, 2) Редектірдің әдебій жәрдемшісі Дұулат ұлы Міржақып, 3) Басқарма қат­шы­сы Бегалы ұлы Ғалый, 4) Партыйа, жұмысшы бөлімін басқарыу­шы Айсары ұлы Абдырақман, 5) «Еңбекші қазақ»-қа оқшау сөз жазыушы Майлы ұлы Бейімбет, 6) Ел қаттарын басқарыушы Сегізбай ұлы Аманғалый, 7) Кеңес құрылысы  бөлімін басқарыушы Ақымет ұлы Ілійас, 8) Шарыуа бөлімін басқарыу­шы Ешмұқамбет ұлы Мерғалый, 9) Телгырам қабарларын басқарыу­шы Жүсіп ұлы Сапа, 10) Репетер Дәулетбай ұлы Мәжійт, 11) Тілші­лер бүйресінің қатшысы Ағайдар ­ұлы Абдұлла, 12) Зерттеу бүйресінің қатшысы Елшібек ұлы Ақымет, 13) Түнгі редектір Ійла ұлы Әбіл, 14) Басқарма қызметкері Қожақымет ұлы Шыйап».

Бас беттің сол жағына да құттықтаулар орналасқан. «Менің тілегім» тақырыбымен Елтай есімді автордың ақжарма тілегін үш түйінге жіктеп, ықшамдап берген. Ал оның астына Жақан атты автордың «1000 жұлдыз» деген жырдан шашуы жарияланған. Өлең былайша өріледі:

«Сөзің тасып, күн-күн сайын бұлақтай,

Желкілдедің бойың өсіп құрақтай. 

Төрешілдік, кеңсешілдік ісіне, 

Жаратпадың, қол сілтедің ұнатпай.

 

Жөн сілтедің Қазағыстан еліне, 

Ақыл айттың жарлы жақыбай кеміне. 

Жұлдыздай боп тұс-тұсынан жылтырап,

Нұр кіргіздің сар даланың беліне. 

 

Қажымастан еңбек еттің қалқыңа,

Бейімдедің жаңа тұрмыс салтына.

Көп сүйеді, сен де көпті сүйесің,

Аға болып, жөн көрсеттің жалпыға. 

 

Көсем болдың жұртшылықтың қазығы, 

Шөлде сұусын, қарын ашқанға азығы.

Қайратыңды, еңбегіңді бағалап,

Сөзсіз тарыйқ алтынменен жазыуы.

 

Өрге шыңтың, өрмеледің күн болдың,

Сар далаға көрік беріп түр болдың.

Бойың өсіп, ажарланып мінекей, - 

10 да емес, 100 де емес, 1000 болдың.

 

Үлгі болды сенің берген сабағың, 

Сені көріп ашылады қабағым.

Ескі салтты, ескі әдетті жйыуға, 

Қаламыңды қатты түйреп қададың. 

 

Сені көріп еңбекші елің кенелед,

Сен жаңбырсың, жердің көркі, себелет.

Астананың темір қазық жұлдызы, 

Сен дегенде ел де, жер де көгерет...

 

Қоныс жерің Қазақғыстан өлкесі, 

Бұқараның мәпелеген еркесі. 

1000 сан емес, 1000 жұлдызсың өрбіген, 

Еңбекші елдің көш бастайтұн серкесі.

 

Құтты болсын ілгері айақ басуың,

Асқар таудан бұлақтай боп тасуың.

Мың жұлдыз боп өрбіген күн саныңа,

Сәлемдемем – тойға берген шашуым...».

Мерекелік нөмірдің 2-бетінде «Еңбекші қазақтың» алғашқы шығарыу­шылар алқасы» атты сурет жария­ланған. Суреттегі­лер­ді  «Байділда ұлы Абдырақман, Асылбек ұлы Абдолла, Әуез­ ұлы Мұқтар, Телжан ұлы Темір­болат, Нұрмұқамет ұлы Қасен» деп көр­сет­кен. 

Бұдан әрі бет толықтай құттық­тау­лардан тұрады. Онда негізінен «Ауыл тілі», «Лениншіл жас», «Ауыл» (Қоста­найдан), «Жұмыскер тілі» (Гоыйыптен), «Советская степь», «Қазақ тілі», «Рабочая Правда», «Джетысуйская Искра», «Кембағалдар ауазы», «Бостандық туы» (Қызылжардан), «Кедей» (Ақтөбеден) сияқты газеттер мен «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» қатарлы журналдар «қазақ газеттерінің ағасына» ақжарма тілектерін арнапты. Тілек біл­діргендердің қатарында өзге ұлт басылымдарының басқармалары да бар. Мысалы, «Түрікменыстан» (Полтаратыскыйден), «Башқұртұстан», «Қызыл Татарстан», «Эркин тоо» (Піспектен) қатарлы газеттер. 

«Еңбекші қазақтың» осы күнгі редектірі Тоғжан ұлы Ғаббас

Осы беттің сол жақ шекесіне «Еңбекші қазақтың» осы күнгі редектірі Тоғжан ұлы Ғаббастың» суреті басылған. 

Мыңыншы санның бізге төрт беті ғана жеткен. Яғни бірінші, екінші және жетінші, сегізінші беттер ғана бар. Осы нөмірдің 7-бітінде «Газет неше өткелден өтеді» деген тақырыппен газеттің дайындалуынан бастап оқырман қолына жетуіне дейінгі жолдың барлығы тәптіштеп жазылған және оларды суреттермен көрсеткен. Мысалы, «Газеттің канторы» тақырыбында газеттің қаражат, сауда-жұмысын кантор басқаратыны айтылып, жарнама, бұғалтыр, тарату бөлімдері және жазылушыларды қабыл алатын бөлім мен экспедиция кіретінін, сондай-ақ аталған бөлімдердің қызметі суреттерімен қоса толық баяндалған. Бұдан әрі баспа­хананың жұмысы бөлім­дері жайлы сөз бола келіп, ондағы соңғы үлгідегі баспа машиналары да таныстырылыпты.  

Ғасыр бұрын газеттің қалай шыққаны бәрімізді қызықтырары сөзсіз. Сондықтан осы тақырыпты толығымен қарап шығайық: 

Газет канторы

Газеттің қаражат, сауда-шарыуа жұмысын канторы басқарады. 

Газет таратыу, газетке жазылыушылардың ақшасын алу, жарнама жыйнау, баспақана мен есеп-қыйсап айыру, қағаз сатып алыу, қызметкерлерге жалақы төлеу сықылды жұмыстарды кантор басқарып отырады.  Кантор жұмысының ең үлкені газет тарату жағы, кантордың тағы бір міндеті газет жұмысына керекті ісметелер жасау, нарық кесіу.

Кантордың өз ішінде бір неше бөлімі болады. Түсінікті қылыу үшін канторды бөлімдерімен сызып көрсетелік.

Бұғалтыр бөлімі. Кантордың барлық қаражат жұмыстарын атқарады. Барлық есеп-қисапты анық көрсетіп отыратын бұғалтыр бөлімі. Бұл бөлімнің ең үлкен жұмысы – газеттің бұджетін жасау. Газет бұджеттің табысы – газет алдырушылардың ақшасынан, жарнамадан, жекелеп сатудан құралады. Шығыны – газет басылған үшін басбақанаға төлейтін газет қағазы үшін басқарма мен кантор қызметкерлеріне жалақы үшін жұмсалатын ақшадан болады. 

Екінші – Тарату бөлімі. Бұл бөлімнің міндеті газет алдырыушыларды көбейту. Газетті неқұрлым көп таратыу үшін губірнелік бөлімдер ашады. Әр жерге өкілдерін қойады. Газет таратыу жөнінде нұсқаулар беріп отырады. Қала-қалада, теміржол стансаларында, пошта мекемелерінде газетті жекелеп сатыу жұмысын іреттейді. 

Жазылушыларды қабыл алатын бөлім. Кантордың өзге қалалардағы бөлімдерінен, өкілдерінен, пошта мекемелерінен, газет алдырыушылардың тұура өздерінен поштамен жіберілген ақшалар келеді; Қаланың өзінде: канторға әркім өзі әкеліп берген иә қаладағы өкілдер арқылы түскен ақшалар болады. Осының бәрі, қағаздары, әдірестері жазылыушыларды қабыл алатұн бөлімге жиналып, ол орындату үшін күндізгі експедійтсеге (газетті жөнелтетүн бөлімге) тапсырады. 

Күндізгі експедійтсе

Експедійтсе – газетті жазылыушыларға жазылыушыларға жіберіп отыратын бөлім.  Газет түнде басылады, содан кейін дереу мәшійнеден шығысымен түнгі експедійтсеге келіп түседі. Түнгі експедійтсенің жұмысы өте асығыс болады. Жекелеп сатыу үшін шабшаң пойызбен шеткі қалаларға жіберетұн газетті түн ішінде жіберіп қалыу керек. Өзге газеттің бәрін де поштабай пойыздан қалдырмау керек. 

Түнгі експедійтсе

«Еңбекші қазақ» рататсыйа деген жаңа мәшійнеде басылады. Експедійтсеге бүктеліп келеді. Жай мәшійнеге басылған газетті қолмен бүктеу керек. 

Оқырманның өсімі көрсетілген осы инфографиканың астына былай деп түсінік берілген: 

Газет 1925-жылға шейін 7000 шамасындай басылса да тегін таратылыб келген. 1925-жылдан бастап ақшалы болғаннан кейін алғашқы кезде тыйражы кеміп кеткен.  

Еекспедійтсеге келіп түскен газетке дереу әдірестер жапсырылады. Әдірес жапсырылғаннан кейін газет байлаушылардың қолына барады. Бұлар қала-қаланікін өз алдына топ-тобымен байлайды. Әрқайсысының сыртына баратұн поштасын жолын көрсетеді. Содан кейін експедійтсе бастығы газеттің дұрыс байлағандығын анықтап, тізбе қағазына жазып алып поштаға тапсырады. Поштамен жіберілетұн газетбен қатар експедійтсе қаладағы алыушыларға газет жібереді, жекелеп сататұн газеттерді де дереу жөнелтеді. 

Күндізгі експедійтсе алдыртыушыларға газет дұрыс жіберіліп тұрғандығын тексереді. Түнгі експедійтсеге әдірес дайарлайды, жаңа түскен әдірестерді тіркейді. Газетім келмей тұр дегендердің қаттары бойынша қаталарын түзетеді, күндізгі експедійтсе газеттің тиражы тұуралы сұралған мағлұматтарды беріб отырады.

Жарнама бөлімі. Газетке пайда түсіретұн нәрсенің бірі жарнама. Бірақ осы кезде әр түрлі себеббен газетіміздің жарнама жағынан табысы кем болып тұр. 

Кантор бастығы Гыйтелман

«Еңбекші қазақ» баспақанасының үйі
Қарып тізетұн бөлім

Осыдан ары қарай баспахананың жайы мен жұмысы таныстырылады: 

Газетте басылатұн мақала, қабарлардың бәрі басқармадан ең алдымен баспақананың қарып тізетұн бөліміне барып түседі. Мұнда толып жатқан жәшіктердің үсті толған ұйа болады. Ұйа сайын көб қылып толтырған жеке-жеке қарыптер болады. Мәселен бір ұяда өңшең әліптер, бір ұяда бійлер, тійлер... сықылды. 

Наборшык (қарып тізіуші) қолындағы жазыуға қараб тұрыб ұйадағы қарыптерді бір-бірден алыб тізе бастағанда әрі, беріден соң тұтас сөздер, жолдар, тұтас мақала, қабарлар шығады. Мақала, қабар тізіліп болғаннан кейін басбастан бұрын алдымен бір, екі ірет бөлек қағазға таңбасы түсіріліп, қаталары түзетіледі. Мұны каректұр дейді. 

Газеттің бір санына жетерлік мақала, қабарлар теріліп біткеннен кейін қай мақала, қай қабар қай жерге келетұны іреттеліп, бет-бетке бөлінеді. Содан кейін газеттің қорғасын беттері Істеретіб бөліміне кетеді. 

Тегіс мәшійне

Мынау бұрынғы ұуақытта «Еңбекші қазақ» басылып келген мәшійненің сүгіреті. Бұл мәшійне қағазды дастарқандай жайылып тегіс жатқан күйінде басады. Сондықтан мұны тегіс мәшійне дейді. Бұдан басылып шыққан газет қолмен бүктеліб, көп ұуақыт алыушы еді. Бұл ескірген мәшійненің түрі, мұндай мәшійнелердің жұмысы берекесіз болады. Тегіс мәшійне сағатына 600 ден 800 табаққа шейін ғана басыб шығара алады. 

Істеретіб бөлімі.

Істеретіб бөлімі

Газет қарпы жыйналып болып, беттелгеннен кейін Істеретіб бөліміне келіп түседі. Содан кейін қорғасын беттердің таңбасы алынады. Ол былай істеледі. Бір түрлі былқылдақ қалың қағазды қорғасын қарыптен тізілген газет беттеріне салып балғамен ұрса, әлгі қағаздың бетіне қарып бедері бадырайып шыға келеді. Қарып бедері түсіріліп жатқанда қасында қайнатқан құрттай былқып тұрған қорғасын ботқасы дайар тұрады. Қарып бедерін дербес сопақ қалыбқа салыб үстіне әлгі қорғасын ботқасын құйады. Бір аздан соң қалыб ашылады, ботқа тоңазып қатады. Газет бетіндей болып (екі басын кесіб тастаған астауша түрінде) шыға келеді. Осыны апарып барабанға кійгізеді де, ырататсыйа мәшійнесіне жібереді. 

Ырататсыйа мәшійнесі. 

Ырататсыйа мәшійнесі

Бұл баспақана мәшійнесінің соңғы кездерде шыққан барып тұрған жақсысы. Осы кезде «Еңбекші қазақ» газеті ырататсыйа мәшійнесімен басылады. Бұл мәшійненің ісі мынадай: газет бетін бұрынғы қорғасын қарыббен тақтайдай қылып тегіс жыйнаудың орнына жыйналған қарыптердің таңбасын түсіріб, екі басын кесіб тастаған астау сықылды қорғасыннан құйып газет беттерін жасайды да, мұны барабанға кійгізеді. Газет неше бет болып шықса, барабан саны да сонша болады. Газет қағазы ұзыннан ұзақ шыйыршықталған күйінше айналыб барабанға өзі барыб тұрады. Сөйтіп басыла береді. қағазды мәшійне өзі кесіп, басылған газетті бүктеп-бүктеп тастайды, сол бүктелген күйінде оқыушының қолына барады. Бұл мәшійненің тағы бір қызығы – қанша газет басылғанын санаб, сыйпырын көрсетіб отырады. 

Ырататсыйа артықша қасиеті – газетті тез басады. Мәселен, тегіс мәшійне 12 мың 500 газетті екі күнде басса, ырататсыйа 2 жарым сағатта дайар қылыб береді. 

Редакторы Тоғжанұлы Ғаббас де­лін­ген осы екінші бетте оқырман хатының қызық­тары туралы «Газет өкпесі» атты кішігірім мақала жарияланған.

«Бас­қар­мада отырғанда талай қызық­ты көресің: Елден келген қат-қабарларды ақтарыб отырсаң, кейбіреуі сәлем қат болып жазылып, елдегі қылмыс істеген біреуді ауыздықтауды өтінеді. Кей қат өзінің қабарын газетке баспағаныңды, не жауап қайтармағаныңды өкпе қылып жазған болып шығады. Кейбіреуі бір қабар жазып, оның аяғына өзінің «қара табан кедей», батырақ әрі камсамол екендігін айтып келіп, әлгі қабарының басылуын өтінген болып шығады. Кейбір қатта өзінің бір қабары бұрын газет­те басылып, соның осы күнге дейін орын­дал­мағанын да басқармадан көріп өкпелеген болады.

Олар еш нәрсе емес қой, басқар­ма одан да үлкен талай өкпелерге ұшырай­ды ғой. Жаз­ғыт­ұры, басқармада отыр­ғаным­­да елдің бір шаруасы келді.

–  Қызметіңізді айтыңыз!

– Біздің Омардың Қалиының газеті шыққан екен, соған келіп едім.

– «Газеті шыққаны» қалай?

– Қалидың қызын қалың малға берген газеті.

– Өзіңіз газет алдыратын ба едіңіз?

– Жоқ.

– Әлде сол Қали газет алдыратын ба еді?

– Жоқ.

– Сіздің іздеп келгеніңіз енді кімнің газеті?

– Біздің ауылдағы бір камсамол Қалидың қалың мал алғанын айтып газет берген екен, сол шығыпты деп еді, бар болса соның біреуін берсең қайтеді?

Сөйтпесе шаруа бола ма, ақыр аяғын­да түсіндім. Іздестіріп, сұрастырып барып Қалидың қалың мал алғаны жазыл­ған газет нөмірін таптырып бергем.

Ел ішіндегі біреудің бұзақы­лығы, яки бір жақсылығы бір газетте жазылып шыққанын естісе, қат танығаны да, таны­­мағаны да, досы да, дұшпаны да іздес­­тіріп оқитын, әңгіме қылысатын көрі­­неді ғой. Газеттің сол қабар басылып шық­­қан нөмірін сол кісінің газеті деп атай­­тын кө­рінеді.»...  «Газетші» деген атпен жа­­зыл­­ған бұл материал «Басқарма» жаз­ған «Ондайларға газет өкпелемейді» тақы­ры­бына жалғасып, редакцияның ойлы оқыр­­мандарға рахметі де айтылыпты.

8-бетке кілең жарнамалар мен хабарландырулар жайғасқан. «Егер сен әлі күнге шейін Қазақстанның Астана газеті «Еңбекші қазаққа» жазылмаған болсаң, тезірек жазылып қал» деген жарнамаларды осы беттен көруге болады.

Міне, 1000-санын сол кездің өзінде мың құбылтып шығаруға талпынған газет мың өліп, мың тірілген қазақпен әлі жасасып келеді. Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған азаттықтың қадірін халыққа ұғындырып, ана тілінен айнымай күн сайын оқырманымен қауышып отыратын ел газетінің домна пеші мәңгі­лікке лаулай берсін деп тілейміз!

Суреттер газеттің сканерленген нұсқасынан қиып алынды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?