Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлібек Байбол: Алаш десе, жүрегім елжіреп кетеді

2430
Әлібек Байбол: Алаш десе, жүрегім елжіреп кетеді - e-history.kz

Қазақстан Жазушылар одағының, Qyr balasy ҚҚ Басқарма мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы, жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, аудармашы, алаштанушы Әлібек Уәлиханұлы Байболмен кездесіп, ұлттық әдебиет пен тарих, ел мен жер туралы сұқбаттасқан едік. Сол екеуара әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

‒ Әлеке, сіз ‒ қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең өнімді еңбек қылып жүрген жазушысыз. Жақында метароман жанрындағы алғашқы романыңыз жарық көрді. Қадамыңыз құтты болсын! Әңгімені осы романыңыздан бастасақ.

‒ Рақмет! Аллам разы болсын! Иә, биыл тұңғыш романым ойлы оқырманға жол тартты. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбайдың, Одақ орынбасары, белгілі жазушы Бейбіт Сарыбайдың мұрындық болуымен, «BELES» құрылыс компаниясының президенті Махат Төрәлінің демеушілігімен «Жас қалам ‒ жаңа роман» жобасы жүзеге асты. Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» және менің «Мұтылған» атты романдарымыз басылып шықты. Осы ретте, игі істің басы-қасынан табылған азаматтарға алғыс айтам. Бұл айтулы уақиға болды деп есептеймін. Әр бастаманың тарихы бар. Айталық, Есенқұл қажы Маманұлының 1914 жылы тұңғыш қазақ романына бәйге жариялағанындай (С. Торайғырұлының «Қамар сұлу», Т. Жомартбайдың «Қыз көрелік») я 2000 жылдары «Сорос-Қазақстан» қорының «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» (Николай Верёвочкинның «Зуб мамонта», Т. Әсемқұловтың «Талтүс», Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», Илья Одеговтың «Звук, с которым встает Солнце») байқауының әдебиетке қозғау салғанындай, жоғарыдағы бастама да көптің көкейінен шықты.

Тегінде, романға шейін новелла мен әңгіме жазып машықтанған дұрыс. Балаларға арналған роман жазбақ ойда бар. Әзірге ойластырып, пісіріп жатырмын, іште. Сол себепті оған дейін, балет тілімен айтқанда, экзерсис қажет.

Әлі үлкен дүниелер жазылады. Сенем. Романның керек болмаған кезі жоқ. Оқырман қысқа-қысқа дүниелерден де шаршайды. Сонда романды іздейді. Себебі оның орнын ешбір жанр баса алмайды, алмастыра алмайды, оқығанда шөлің қанады ғой, ләззаты бөлек, ешбіріне ұқсамайды. Жанрды таңдайтын, талғайтын оқырман бар. Бұл бір жағынан көлем, ал екінші жағынан кісінің мұң-мұқтажына, ахуалына, қыжылына, сол сәттегі көңіл-күйіне, сұранысына да байланысты. Мөлтек романдар да (микро-романдар) жазылып жатыр. Бұл да – уақыт талабы. Қазір жаһанданудың қарқыны қатты. Адами құндылықтарды тәрк ететін, сезім, көңілді ұмытыңқыраған, қатал технократтық қоғам орнап жатыр. Мен құрғақ сюжетті аса ұнатпаймын. Әр шығармада, әр материалда оқырманға бір хабар, бір идея жеткізуге тырысам. Егер идея болмаса, онда көркем шығарманы жазудың да керегі жоқ деп ойлаймын. Жазу лабораториям туралы қысқаша айта кетсем. Ең әуелгіде жоспар құрам. Ол санамда пісіп-жетіледі. Сосын оны қойын дәптеріме түртіп аламын-дағы, сол бойынша ойланып-толғанып жүрем. Өйткені құрылым болмаса тағы қиын. Дайын болды-ау дегенде ғана жазуға отырам. Прототип те, сюжет те өмірден алынады. Өмірлік материалдарды алыстан іздемеймін. Өзім көрген, өзім түйсінген, жүрегімнен, санамнан өткізген дүниелерді көркем шығармада қолдануға тырысам. Жазу барысында мына жүйеге жүгінем: біріншіден, бәрін түгел жазып алам, екіншіден, үстінен тағы бір сүзіп шығам, үшіншіден, олқы деген тұстарын алып тастаймын.

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Мұтылғанның өмірі» атты толғауында: «Жаралы жаным шықсын деп / Қара жер мені жұтсын деп / Өлген соң елім мұтсын деп / Атымды қойдым ‒ «Мұтылған» деп жазады. Бұл ‒ қиналыстан, ішкі толғаныстан, жанның қысылғанынан шыққан сөз. Мұтылған ‒ ойшыл Шәкәрімнің бүркеншік есімі. Романымда қазіргі қазақ қоғамы туралы айтылған-ды. Сол себепті «мұтылған» деген атауды, қазақ үшін таныс ұғымды тағы бір жаңғыртып, оған басқаша реңк дарытқым келді. Мұрат деген жігітті Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа білгені үшін, ойшылдығы үшін, ұлтшылдығы үшін ел-жұрт Мұтылған деп атап кетеді. Бүкіл уақиға орталықтан шеткерідегі Т. ауылында өрбиді. Романымның жанры да жаңаша ‒ метароман. Танымал жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы «қазақ әдебиетіндегі тұңғыш метароман» деп баға берді. «Мұтылған» ‒ тынымсыз ізденістен туған көркем шығарма. Себебі онда жаңалық көп: сюжет өрбітуде, кейіпкерлер жүйесінде, баяндау тәсілінде, құрылымында, стилінде. Осы нәрселердің бәрі қоғамдағы, адам санасындағы түрлі түйткілдерді ашып көрсетуге қызмет етуге тиіс деп ойлаймын. Романымды жазарда саналы түрде классикалық жолдан қашуға тырыстым. Себебі, біреудің сәтсіз көшірмесі я эпигоны болуды қаламадым. Ал, қалғанын оқырман қауым романнан оқып алар, спойлер керек емес, кітап сатылымда бар.

‒ Романист ретінде аты шыққан Әлібек Байбол алдағы уақытта оқырманын қалай қуантпақ?

‒ Жәке, мен негізі жоспарымды көп айта бермейтін адаммын, өзің де білесің. Өйткені, бәрі ойдағыдай орындалғаннан кейін ғана жұртпен бөліскенді ұнатам. Әзірге алдағы шығармашылық һәм ғылыми жоспарым құпия боп қалсын. Жаңалық боп жатса, әлеуметтік желіден ести жатарсыздар. «Мұтылғаннан» кейін тағы бір роман жазу ойымда бар. Ал, оның қандай жанрда, нендей тақырыпты қаузайтындығы жөнінде кейіндері білесіздер. Әзірге осы...

‒ Әлеке, сіз түрлі бағытта ізденіп, қалам тербеп келесіз. Тек осы жылдың басынан бері бірнеше театрда премьераңыз өтті. Драматург Әлібектің шығармашылығы туралы айта кетсеңіз.

 Расында да, Аллаға шүкір, биыл мен үшін нәсіпті те берекелі жыл болды. Романым жарық көрген соң қатарынан бес премьерам болды. Атап айтқанда, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Таптым-ау сені...» атты лирикалық драмам (режиссері ‒ Рамазан Үсен), белгілі театр режиссері, актер Данияр Базарқұл жетекшілік ететін «JOL» театрында «Қанағаттандырылмағандықтарыңыздан» деген комедиям (режиссері ‒ Данияр Базарқұл), Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрында даңқты боксшы Бекзат Саттархановқа арналған «Чемпион» атты ертегім (режиссері ‒ Оразәлі-Ақжарқын Сәрсенбек), М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Үзілген үміт» деген драмам (режиссері ‒ Ақылбек Хамитов), сондай-ақ Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында «БЕТ off FACE» атты аудармам (режиссері ‒ Данияр Базарқұл, авт. Мариус фон Майенбург) көрермен ықыласына бөленді. Жыл әлі аяқталған жоқ, Құдай қаласа, біраз жаңалығым бар. Жаратушыға сансыз рақмет, осындай мүмкіндік бергені үшін әрдайым іштей дұға етіп, алғыс айтып жүрем!..

Мен бірнеше жанр бойынша қалам тербеймін. Оның ішінде проза, драматургия, алаштану, әдебиеттану, әдеби сын, аударма, көсемсөз, эссеистика, мемуаристика бар. Әр жанрдан қажетті дүниелерді алам. Жалпы өзім ғалым, өнерші бойынан талант, қарым-қабілетпен қатар еңбекті бірінші орынға қоямын. Өйткені, еңбекқорлық болмаса, өнім де, жаңалық та болмасы анық. Бұл ‒ ғылымға да, сөз өнеріне де ортақ шарт. Алғашында, балаларға арнап шағын-шағын әңгіме және сын жазудан бастағам...

‒ Сын демекші, әдебиет сыны да оң жамбасыңызға сай келетін жанр. Қазіргі әдеби процесс туралы ой тарқатсақ.

‒ Эстетикаға, авторды жан-жақты ашуға негізделген сынды ұнатам. Қаламгерді кемсітіп, жасытып, талқандап, әдебиетті өсіре алмайсыз. Кейде бір сәтсіз дүниесі үшін адамды жазғырып, жазалаудың қажеті жоқ деп ойлаймын, әр нәрсеге түсіністікпен қараған жөн. Менің философиям осындай.

Бүгіндері талғам төмен деп айта алмас ем, керісінше эстетика күшейді, жастар шетінен талапшыл, ізденімпаз, білімді. Кезіндегі сыншылардың әдебиеттегі, өнердегі көбіне 2-ақ түсті: ақ пен қараны ғана көретін жаттанды ғадеті, «жақсы» не «жаман» жіктелімі келмеске кетті, мұндай түсінік – ескіліктің нышаны. Жаратушы Жаппар Иеміз адамды саналы етіп жаратты, оған ақыл берді, сезім берді, көңіл берді, нерв берді, ерік берді, еркіндік берді. Уақыт пен Сөз, Сөз бен Уақыт – тең. Бүгінгі әдеби сынның қызметі, тұтастай методологиясы өзгеруі керек. Задында, біз тілге тиек етіп отырған персонаны әдебиетші деген бір ғана сөзбен атай салсақ та болар еді, әлбетте. Алайда, ғалымдар «сөз өнерін» жанрға бекерден-бекер бөлмесе керек. Яғни, арғы жағында мақсат бар, идея бар, ең бастысы – мән жатыр.

Адам – ғаламат жаратылыс, адам – Алланың редакциялауға келмес, оқып тауыса алмас ең ұлы «шығармасы», сол себепті ол тамыры тереңге кеткен бәйтеректей жан-жаққа жайылып, жайқалып өскені орынды. Өз пәлсапамды біреуге тықпалаудан аулақпын, дегенмен ойланғанды жақсы көрем. Өйткені, адаммын: саналымын, жинақтай алам, қорыта алам. «Айтылмаған сөз жетім» деген. Сөз іште қалмай – айтылғаны жөн. Сөз әлемді өзгертеді, сөз адамды өзгертеді, сөз сөз иесін өзгертеді, сөз әлеуметті өзгертеді, сөз жүйені өзгертеді, сөз сөзді өзгертеді. Біреуге еліктеп-солықтағым келмейді, ұқсағым да жоқ. Әдебиет шектеу, шекарадан ада. Өнердің кереметі де – осында. Әр қалам иесі қолайына жаққан тақырыпқа барсын, жазғысы келген дүниені жазсын, олар біреуге есеп беруге міндетті емес, ал ел-жұрт қажеттісін алар, іріктер, саралар, оқырманның орнына шешім қабылдаудың қажеті шамалы, ол өзіне не керек екенін бізден жақсы біледі. Оқырман дегеніміз – жиынтық атау, әлеуметтің әдебиленген, өнерді сүйетін, құрметтейтін нұсқасы. Дін мен өнер, дін мен ғылым арасындағы айырмашылық, кей жағдайда қарама-қайшылық – әдеби жанрлардың табиғатына ұқсас. Әрқайсының өз міндеті, өз миссиясы, өз ерекшелігі, өз функциясы бар: дінде – норма, ғылымда – жүйе, әдебиетте – еркіндік, тәуелсіздік. Әдебиет, жазу, өнер: ауа, аспан, басып жүрген жер секілді ғой, бәріне ортақ игілік. Ауа жұтпа, аспан астында, жер үстінде жүрме деп айта алмаймыз, оған моральдық та, заңи да құқымыз жоқ. Құдай, уақыт, тарих бәрін іріктеп алар, оған бас ауырту – артықтау қылық. Одан да жаза берейік. Әр авторды белгілі бір мәселе мазалайды, ол жанына жақын жанр іздейді. Кез келген қаламгердің өз шығармашылық кеңістігі болады деп ұғам. Оған «рұқсатсыз» кіруге, оған «рұқсатсыз» енуге ешкімнің қақысы жоқ, бұл – этика мәселесі. Мысалы, өз басым біреулерге қолдан келгенше бағыт-бағдар сілтегенім болмаса (пікір сұраған жағдайда ғана), былай істе, былай жаз, бүйт, сөйт деп айтып көрмеппін. Бұл нәрсе мен үшін ыңғайсыз көрінеді. Қазақта универсал тұлға көп, оған – тарих куә: өзі шешен, өзі би, өзі батыр, өзі қолбасшы, өзі әнші, өзі күйші... Сол себепті, адам жан-жақты болғаны абзал.

Кейбір шығармаларда баяндау басым келеді, қаламгер бір жерді шиырлап жүріп алады, уақиға өрбімейді, шашырайды, пышырайды, жан-жаққа, тұнған тирада оқырманды жалықтырып жібереді. Ал, кейде уақиға өрістегенімен де, сюжет – тартымсыз, нәрсіз. Бүгіндері біршама лингвист «тілдің құнарсыздығын» мәселе қып көтеріп жүр. Тіл – тірі ағза. Ол да дамиды, тоқырайды, қайта жанданады. Бізге дейінгі қолданылған тұрақты сөз тіркестеріне асқан құрметпен қараймыз. Десек те, қазіргі кісінің қабылдауы, дүниетанымы, ойы, жалпы парадигма күрделі өзгеріске ұшырап жатыр. Демек, тіл қолданысы да түрленіп, жаңа образдар, жаңа ұғымдар пайда болуға тиіс.

Сенека айтқандай: «Vivere militare est». Мұның бастауы Інжілде жатыр. Әдебиетке адюльтерлік жүрмейді. Максим Горькийдың «Шыңырауындағы» («На дне») Абрам Медведев, Васька Пепел, Андрей Митрич Клещ, Барон, Лука, Алешка, Константин Сатин, Бубнов секілді қоғамнан қорлық көріп, өмірге әбден өкпелі жандар әлі де арамызда жүр, көп дүниеге көңілі толмайды, бірақ соны айта алмайды, әр бұрышта – пыш-пыш еткен пенделер, әйтеуір. Адам сырын сыртқа айта алмаған жағдайда ішкі диалогқа түседі немесе монологқа ерік береді. Жүйені, билікті сынағысы келетіндер көбіне-көп үнсіз, оқшау жүреді, байқасаңыз. Олардың мақсаты ‒ танылу емес, олардың мақсаты ‒ елдегі жағдайды түзеу.

Халық көкeйіндегісін тап басып тану – әр автордың aбыpoйлы міндеті. Тегінде, жазушы атаулысына тән басты ерекшелік – оның өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау шеберлігімен үндес келген қайталанбас қолтаңбасы. Автор – транзистор, медиатор, алтын көпір, тасымалдаушы, жанның сөзін жеткізуші. Құдайдың құдіреттілігі сонда, Ол үзілуге дайын нәп-нәзік жанды қаламгердің кеудесіне енгізген-ді. «Адам – Алланың ұлы туындысы», – дейміз, ал суреткер – қоғамнан тыс туған жаратылыс. Өнерші – Алламның хабарын жеткізуші, әлсіздік дендеген әлеуметті, адамзатқа қауіп-қатер төндіретін апаттардан сақтандырушы. Біз құндылықтар құлдыраған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі қазақ қоғамы алдында таңдау көп, ерік – кісінің өзінде. Біз тоталитарлық жүйеден шығып, «ашық қоғамға», бәсекеге негізделген қоғамға бет алдық, енді соған бейімделу керек. Егер оқырман жазушыны пір тұтам десе, бұл – жақсылықтың нышаны. Әгәрәки, мұны қолдан жасаса, онда бұл қауіпті үрдіс жасандылыққа, баяғы науқаншылдыққа ұласады, бәрі табиғи ретпен жүзеге асқаны абзал. Қолдан тұлға жасауға қарсымын, шын мықты іріктеліп, сұрыпталып шықсын. Ол кезеңнен өткенбіз, қайта оралу – орынсыз. Бүгінгі жазушы – қоғамға ашық, кез келген уақиғалардың бел ортасында жүретін, елдегі, жердегі жағдайларға бей-жай қарамайтын, өзін сергек ұстайтын, әлеуметтен оқшауламайтын, басқа сала мамандарымен интеграцияға түсетін, белсенді, жаһандық жаңалықтардан құр қалмайтын тұлға болуы тиіс. Ал, сыншы болу бәрін шетінен сынап, көзі қызарған өгіздей мүйіздеп, жанындағыны тегіс жапыру деген сөз емес. Сыншы ‒ әдеби үрдіске баға беруші, көреген персона. Егер «орманның санитары» ‒ қасқыр болса, «әдебиеттің санитары» ‒ сыншы...

‒ Сіз тарихи тақырыпқа бойлап, алаштану саласында да өнімді іс тындырып келесіз. Алаштанушы ретіндегі мұратыңыз қандай?

‒ Алаштану да жат емес маған. Бұл саланы зерделеуге бір адамның ғұмыры жетпейді. Себебі, ашылмаған, танылмаған, жалпақ жұртқа белгісіз, ғылыми айналымға еніп үлгермеген тұлғалар жетерлік. Архив аршу, жан-жақта шашылған тарихи деректерді жинастыру, оларды жүйелеу, салыстыру, тұлғатанудың шабысына шабыс қосу, тарихи тұлғалардың әдебиеттегі көркем бейнесін сомдау үшін адами ресурс, жас ғалымдар, тың күш қажет. Өйткені, әлі жазылмаған, әлі зерттелмеген тың тақырыптар толып жатыр. Әркім бөліп-бөліп алып, зерттей берсін, бұған қуанбасақ, еш ренжімейміз, қызғанбаймыз да. Алаш аманаты деген – қасиетті, киелі ұғым. Сол аманатқа қиянат жасамағандар, бүгіндері ұлт мерейін өсірген ұлылар есебінде ұлықталып, айтылып, жазылып жүр. Сөз – тасқа басылған тарих, іс – өмірде қалған із. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Райымжан Марсекұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Әлімхан Ермек, Смағұл Сәдуақасұлы, Санжар Асфендиярұлы, Сейдәзім Қадырбайұлы, Біләл Сүлейұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Асылбек Сейітұлы, Жақып Ақбайұлы, Телжан Шонанұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы, Абдолла Байтасұлы, Біләл Малдыбайұлы, т.б. ұмыту ‒ ұрпақ алдындағы қылмыс. 2021 жылы әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы Заңғар Кәрімхан екеуміз бірігіп Алаш қайраткерінің рухына бағышталған, түрлі тарихи материалдар жинақталған «Сейітбаттал Мұстафаұлы. Имам Ғазали» атты ғылыми жинақ шығардық. Ал, 2023 жылы Ертай Біләл, Самал Айыпжан сынды жас ғалымдармен қосылып «Қапез Байғабылұлы. Алаш қонған ақбоз үй...» деген жинақ құрастырдық. Алаш қайраткері, ұстаз, композитор, әнші, көсемсөзші Қапез атамыздың әнін елдің бәрі біледі, тыңдайды, бірақ өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жекелеген кітап жоқ екен. Осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстық, оқырман өз бағасын бере жатар. Жыл сайын бір Алаш арысын жаңғыртып отырсақ ‒ мұратымыздың орындалғаны. Бұл орайда, Qyr balasy қоғамдық қоры нәтижелі еңбек етіп жүр.

Неге екенін өзім де түсінбеймін, «Алаш» деген сөзді естісем жүрегім тулап, ерекше елжіреп кетем. Бұл ‒ жасанды сөз емес, шын сөзім. Алаш арыстары жасаған дүниенің ширегін жүзеге асырсақ та жаман емес. Себебі, алда жұмыс көп. Ұйықтайтын, уақытты текке өткізетін, алысып-жұлысып, ұрысып-керісетін, елге, жерге, руға бөлінетін заман емес. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді, халық, ұлт, мемлекет жолында бірігетін кез, жалғыз Күннің астында, жалғыз тудың түбінде. Жаһандағы геосаяси, экономикалық, діни ахуал қиын боп тұр. АҚШ, Қытай, Германия, Англия, Швейцария, Канада, Италия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді оқуды құндылық ретінде насихаттайтын, білімді, технологияны, инновацияны меңгерген республикалар ‒ әлемдегі үлкен ойыншылар. Олардың ақ дегені ‒ алғыс, қара дегені ‒ қарғыс. Біз де соларға тәуелдіміз. Ал, сол тәуелділік көрсеткішін мейлінше азайту үшін алдыменен өндіріс ашып, экспортты күшейтіп, туризм саласын жолға қойып, «жасыл экономикаға» иек артқан абзал. Онсыз бұл ғаламат ойында ұтылып қаламыз. Мұнайға, қазба байлықтарына сеніп отырудың керегі шамалы. Біз тұрмақ, арабтардың өзі нарықтық экономикаға барынша бейімделіп, қызмет көрсету, салық, инвесторларды тарту, үлкен трансұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу арқылы қаржы жинақтап жатыр. Көп дүниеге көңілім толмайды, іштен тынам. «Еһ, шіркін-ай, былай болса ғой...» деп қиялға берілесің. Қазір жеке басты ойлайтын емес, қазақтың қамын жейтін дәуір. Алашқа аянбай еңбек етіп, Абайша айтқанда, «бір кірпіш дүниеге, кетігін тауып қаланғым» келеді. Басты мұратым ‒ осы!..

Жазушы Әлібек Байболдың ұстаздары, өскен ортасы турасында айтсаңыз.

‒ Мен Алматы облысы Кеген ауданының Үлкен Жалаңаш ауылында тудым. Әжемнің тәрбиесін көрдім, етегінде оралып жүріп талай аңыз-әпсана, қисса-дастан, ертегіге қанық боп өстік. Беделхан әжем ‒ тұнған шежіре-тін, әдебиет, тарих, мәдениетке судай, білімі ‒ ұшан-теңіз еді, әңгімені бір бастаса оңайлықпен тоқтамайтын, жады ғаламат еді ғой. Уақыттың ағымына байланысты, қалаға ‒ Алматыға көштік. Анамның жанында жүріп есейдік, еңбекке ерте араласуға тура келді. Шешем байқұс таңның атысы жұмысқа кететін, мені көтеріп ап. Мені бағу үшін төрт жұмыста қатар істеді. Кейіндері қабырғамыз қатайып, бұғанамыз бекіген соң қара жұмыстан қашқан жоқпыз, талғамай, талдамай істедік. Сондағы ойым ‒ жастығы мен денсаулығын мен үшін қиған Анама ауыртпалық салмау, бір жағына сүйеу болу.

Есті ел Шоған абыз, Әлмерек әулие Жаншықұлы, Райымбек батыр Түкеұлы, Әжібай батыр, Бөлек батыр Қараұлы, Малай батыр Қарабасұлы, Байсейіт батыр Төлесұлы, Ұзақ Саурықұлы, Жәмеңке Мәмбетұлы, Албан Асан Бәрменбекұлы, Көдек Байшығанұлы, Құланаян Құлмамбет, Бөлтірік Атыханұлы, Қапез Байғабылұлы, Нұрбапа Өмірзақов, Майлы Орманов, Ыдырыс Көшкінұлы, Әубәкір Жүнісұлы, Сәдіқожа Мошанұлы, Әмірқұл Бүрлібай секілді тарихи тұлғаларды, қос академик Кеңес Нұрпейіс, Ақай Нүсіпбек, қазақ әдебиетіне олжа салған Бердібек Соқпақбаев, «Тәңіртаудың мұзбалағы» атанған Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Мұқатай Жылқайдаров, Баққожа Мұқай, саясат саңлақтары ‒ Заманбек пен Алтынбектерді аузынан тастамайды. Ағалар да зор махаббатпен айтып, өнегеге толы өмірлерінен сыр шерткенде, бұл дүние жас ғалым, саналы азамат ретінде шабыт сыйлайтын. Кейіндері біз де осы кісілердің ғұмырнамасымен танысып, туған топыраққа деген тосын ынтықтық оянды. 

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

         Оқы, ерте жастан ізден, жаһандық жаңалықтан құр қалма, селтеңбай жүрісті қойғын, қоғамға аралас деп тұр ғой, хакім. «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім». Тағы да Құнанбайдың Абайы. Жоғарыдағы айтылғанды қаперге ап, жиырма бір жасымнан жазу-сызумен айналыстым, қазір отыздың жетісіне аяқ бастық. Санамаласақ, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты Республикалық «Қазақ әдебиеті» гәзетінде табаны күректей он жыл қызмет етіппіз, аз демейміз, көп демейміз, Құдайға шүкір. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ін бітіріп, оң-солымызды енді-енді таныған сарыауыз балапан күйімізде ақын, көсемсөзші Жанарбек Әшімжанның ағалық алғауымен Одаққа келдік. Екі Төраға (Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет), үш Бас редактормен қатарласа (Жұмабай Шаштайұлы, Жанарбек Әшімжан, Дәурен Қуат) еңбек ету бұйырыпты, маңдайға. Аллаға сансыз алғыс... Сөйтіп жүргенде, жастарға жанашыр академик Уәлихан Қалижанның (о кезде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры) қолдауымен магистратураға оқуға түсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Айгүл Ісімақованың жетекшілігімен «Қазіргі қазақ прозасындағы жанр мен стиль мәселелері» атты диссертациямызды қорғап шықтық. Зұфар Сейітжанұлы, Кәкен Қамзин, Нұрдәулет Ақыш, Өмірхан Әбдиманұлы, Гүлзия Пірәлі, Сағымбай Қозыбаев, Әлімжан Хамраев, Раушан Әбдіқұлова, Құдайберген Тұрсын, Айгүл Рамазанова, Аманқос Мектептегі, Қайрат Сақ, Сағатбек Медеубекұлы, Ләйлә Мұсалы, Жолдасбек Мәмбетов, Шоқан Шортанбаев, Жұмашай Рақыш, Гүлжаһан Орда, Айсұлу Ойсылбай, Нұржан Қуантайұлы, Римма Жақсылықбаева, Қарлыға Мысаева, Ғалия Майкөтова, Гүлмира Сәуленбек секілді ғалымдардың дәрісін тыңдап, сабақ алдық. Сол аралықта прозаға, драматургияға (Сұлтанәлі Балғабаев пен Бақыт Беделхандар ұстаздық қылды), әдебиеттануға ден қойып, бұрқыратып жазып жүрдік. Қасиетті Қарашаңырақтың әсері, Ұстаздарымның әсері деп білемін. Сүгіретке түсуді аса ұнатпайтындықтан шығар, сапасы нашарлау, қара жейде киген фотодағы бейкүнә жігіт материалдарымның төменгі жағында тұрақты тұратын, елге мөлие қарап. Қазіргі уақытта Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысымын, докторантымын. Ғылыми жетекшім: филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, поэтолог, мұқағалитанушы Сәуле Әбішева.

Мен Алматыдағы №147 мектеп-гимназиясының (Абылай хан мен Райымбек батыр көшелерінің қиылысы) түлегімін. Мектеп пен театрдың арасы – бір-ақ аялдама. Ол да қасиетті Қарашаңырақ қой. Бала кезде соның ішіне кіріп, арлы-берлі аралап, реквизиттермен ойнап, қиялға шоматынмын. Алғашқы пьесам – «Әріптер әлеміне саяхаттың» да сол Өнер ордасында сахналанғаны символикалық мәнге ие уақиға. Сондықтан, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен үшін ыстық.

Әдеби процессте кімді жақын тұтып, қай жазушымен ой бөлісіп, пікір алмасып тұрасыз?

‒ Сүйіп оқитын авторлардың қатарында Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, Т. Әлімқұлов, А. Сүлейменов, М. Мақатаев, М. Мағауин, Д. Досжан, Ә. Кекілбай, Т. Шапай, Е. Раушанов, Е. Жүніс, т.б. бар. Ал, әлем классикасынан Хорхе Луис Борхес, Карлос Фуэнтес, Алехо Карпентьер, Кобо Абэ, Юкио Мисима, Владимир Набоков, Умберто Эко, Орхан Памуктарға ерекше құрметпей қараймын. Бұл ‒ әдебиетке деген сүйіспеншілік. Біз әдебиетті әуесқой дүние ретінде қарайтын кезеңнен өттік деп ойлаймын. Көбісі сөз өнерінің қиын сала екенін түсінгенде басқа салаға ауысып кетеді. Әдебиетте қалай келу емес, қалай тұрақтап қалу маңызды деп ойлаймын. Бірінші Аллаға, екінші Анама, үшінші Ұстаздарыма қарыздармын. «Әдебиетке адал болуымыз керек, әдебиетке адал болуымыз керек, әдебиетке адал болуымыз керек...» деген сөздер кісіні мезі етеді екен, негізі. Бұл – айтпаса да белгілі нәрсе, адал болмағанда қайтеміз?! Оны қайта-қайта айта берудің, сөз қадірін қашырудың қажеті жоқ, мұны іс-әрекетпен, нәтиже арқылы көрсеткен абзалырақ. Сырттан көрген адам бәрін сөзсіз, жазғаныңа қарап-ақ, болмыс-бітіміңе қарап-ақ түсіну керек, бітті. Бірінші жақтан: «Мен – үлгімін!» – деп дандайсығанша, үшінші жақтан: «Ол – үлгі!» – деген сөз әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда өтімді, әлдеқайда пайдалы, әлдеқайда қайырлы.

Юкио Мисима – тек әдебиетте ғана емес, басқа да салаларда бағын сынап көрген ұлы жазушы, драматург. Сүйікті тұлғаларымның бірі – Умберто Эко – ғалым, философ, семиотик, әдебиет сыншысы, жазушы, көсемсөзші, медиевист, мәдениет теоретигі. Балқандық суреткер, серб Эмир Кустурица – өзі кинорежиссер, өзі актер, өзі композитор, өзі прозашы, өзі продюсер, бұл аз десеңіз, фолк-рок жанрында ән салатын әнші. Әлемге әйгілі кинорежиссер, сценарист, кинопродюсер, монтажер, оператор Стэнли Кубрик шығармашылық жолын фотограф һәм шахматшы ретінде бастаған-ды. Классик Франсуа Трюффо – кинорежиссер, сценарист, артист, сыншы, продюсер, француз кинематографындағы «жаңа толқынның» ірі өкілі. Постимпрессионист Поль Гоген – суретші, сонымен қоса кескіндемеші, график, мүсінші-керамист. Ал, символист, академик Михаил Врубель – кескіндеме, графика, театр өнері, декоративты-қолданбалы өнер, мүсін, портрет салаларында да өнімді еңбек еткен алып, гигант, титан. «Оскар», «Тони», «Эмми», «Грэмми» сыйлықтарының иегері Барбра Стрейзанд – әнші, актриса, композитор, кинорежиссер, продюсер, саясаткер, қоғам қайраткері. Алысқа шаппай-ақ, бір бойына нешелеген қасиеттерді жиған өзіміздің Шоқан Уәлихановты, Ұлт көсемі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды қараңызшы, қандай мықты кісілер. Әбу Насыр әл-Фараби – ойшыл, математик, физик, астроном, логик, әлеуметтанушы, музыкатанушы, лингвист, этик, полиглот. Освальд Шпенглер – философ, тарихшы, көсемсөзші. Жан Бодрийяр – социолог, мәдениеттанушы, ойшыл, постмодернист, фотограф, ұстаз. Карлос Кастанеда – жазушы, антрополог, этнограф, философ, мистик, эзотерик, саяхатшы. Готфрид Лейбниц – ойшыл, математик, физик, тілші, логик. Ал, арғы тегі аустриялық культурист, спортшы, кәсіпкер, филантроп, актер, продюсер, қоғам қайраткері, саясаткер, әскери борышын өтеу кезінде танк жүргізушісі-механик мамандығын игерген, Халықаралық «Олимпия мырза» додасының 7 дүркін жеңімпазы Арнольд Шварценеггер бала кезінде футболмен, содан соң бодибилдингпен шұғылданған. 2003 жылы Республикандық партия атынан сайлауға түсіп, Калифорния губернаторы дәрежесіне шейін көтерілген еді. Мэтр Сальвадор Дали – кескіндемеші, график, мүсінші, режиссер, жазушы, эссеист, дизайнер, сюрреализмның аса ірі өкілі. Бұлар – уникум, бүгінгі заман жан-жақтылықты қажет етеді, себебі адамдарда мультимедиялық сипат басым. Қазір мені авторлық кино, философия, мәдениеттану және фото өнері қатты қызықтырып жүр. Бұл да шығармашылығыма оң әсерін тигізеді деп сенем. Поэзияны сүйіп оқимын, бірақ ақын емеспін, сурет өнерін ерекше қадір тұтам, бірақ суретші емеспін, театр мен киноны құрметтеймін, бірақ артист я режиссер емеспін, скульптураларға қарап сүйсінем, бірақ мүсінші емеспін, балет эстетикасы, пластикасы таңғалдырады, бірақ корифей емеспін, күйді тыңдаған ұнайды, бірақ күйші емеспін, әнді жақсы көрем, бірақ әнші емеспін. Әдебиет пен ғылымға ғашықпын. Біз егеменді елде өмір сүріп жатырмыз, Аллаға шүкір. БҰҰ-ның Халықаралық конвенциясына сәйкес, еркін елдің басты қағидасы – адамзатқа қызмет ету, адамдар талантының ашылуына жағдай жасау, олардың мүмкіндігін адамзатты, әлемді өркендету жолында жұмсау. Жоғарыдағы тұлғаларды өзіммен теңестіріп тұрғам жоқ. Алайда, хакім айтпақшы: «...Болмасаң да ұқсап бақ / Бір ғалымды көрсеңіз / Ондай болмақ қайда деп / Айтпа ғылым сүйсеңіз / Сізге ғылым кім берер / Жанбай жатып сөнсеңіз?». Күшен, өзіңді қина деп тұрған жоқ қой, оптимист Абай. Талаптан, үйрен, үйренуден жалықпа, бір орында тұрма, дамы, ілгеріле деп тұр. Мұндай құбылыс – әлем үшін жаңалық емес, бірақ біз үшін форматқа сәйкес келмейтіндей қабылданатын таңсық нәрсе. Әсілі, әр автор әдеби процесспен қапталдаса дамып, өзгеріп, түрленіп отыруға тиіс. «Сен жазушылықпен ғана айналыс», әлде «сен аудармашылықты азық ет» деген қатал заң, қатып қалған қағида бірде-бір манифестте я хартияда көрсетілмеген. Онда бұл «Прокруст төсегі» іспеттес әпенделік, үстірттік болар еді. Әр жанрда еңбек ету, бұл – әдебиетке деген махаббат, бұл – жазуға деген құштарлық, бұл – еңбекке деген құрмет, бұл – бос орынды, вакуумды толтыру, бұл – оқырманға жақсы, сапалы дүние ұсынсам деген ниет, бұл – тоқтамау, көп жазу, мол жазу, күнде үйрену, уақытымды қадірлеу. Алаш қайраткерлеріне, орыс әдебиетіндегі «күміс ғасыр» өкілдеріне, француз символистеріне, «Исламның алтын ғасыры» саналған Араб халифаты тұсындағы ғалымдарға, Нобель сыйлығының лауреаттарына қарасақ, бәрі – жан-жақты, сан-салалы екенін байқар едік. Ал, қоғамды өзгертерліктей қауқары, білімі бар кейбір кісілер ашылмаған кітап күйінде өмірден өтіп жатыр, өкінішті жағдай. Өзді-өзіме «өле-өлгенше ізденем, өле-өлгенше жазып өтем» деп серт бергем, содан айнымаймын. Бұзып-жардым, талқандадым, тауыстым, түгестім деуден де аулақпын. Алайда, Аллам күш-қуат берсе, тоқтамайтыным анық. Жан-жақты болудан қорықпаған дұрыс. Тіл үйреніп, ел ісіне араласып, екі-үш мамандықты қатар игерсең де әбестік емес. Бұл – уақыт талабы. Бір сәтке айнала-маңға көз тастасақ, көп нәрсені байқар ек. Өйткені, әлем бір орында тұрған жоқ, күнде өзгереді, күнде түрленеді, бүгін сатып алған техника ертең ескіріп жатыр. Сондықтан, бойдағы талант, қарым-қабілет, білім, тәжірибе мемлекетке, адамзатқа қызмет еткенде ғана қайырлы, баянды болмақ...

‒ Әлібек Байболдың отбасылық өмірі туралы сөйлессек. Үйдегі жар, әке Әлібек қандай?

‒ Бала психологиясын жақсы білмек керек, зерттемек керек. Ол бірден ашыла қоймайды, басында жатырқайды, жатсынады, оның сөзі, әрекеті, қимылы, жестикуляциясы – тысқы қабаты. Бала – кішкентай ойшыл ғой, айтар ойыңды сезіп тұрады. Оның ғаламды қабылдауы, түйсінуі бөлекше. Сондықтан, сырттай бақылап қана қоймай, ішкі әлеміне де енген теріс емес, бірақ бұл – қиын шаруа. Бала оған кез келген кісіні кіргізе бермесі айқын. Балалармен көп сөйлесем, пікірлесем. Құдай сыйға тартқан 3 қызым бар. Үлкені ‒ Іңкәр, ортаншысы ‒ Жасмин, кішісі ‒ Раяна. Үшеуі де елге қызмет ететін, Алаш жолында ізденетін азаматшалар болады деп сенем, үміттенем. Жан жарымның есімі ‒ Жанна, Әлиева Жанна Есболатқызы. Мамандығы ‒ мұғалима. «Алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын ‒ мұғалімдікі» деп ақтаңгер ақын, Алаш арысы Мағжан Жұмабай бекер айтпаса керек. Себебі, ұстаз ‒ ұлтты тәрбиелейтін тұлға. Қазір өзім де ұстаздық қызметтемін, университетте. Ең бастапқыда, үйленген кезде қаржылық қиындықтар болғаны рас. Отбасылы болған соң әдебиетпен айналысасың ба, әлде отбасыңды асырайсың ба деген мәселе тұрды, алдымда. Дилемма десек те болады. Алайда, Алламның жәрдемімен екеуін де қатар алып жүрмін. Бәріне де уақыт табуға, уақыт арнауға тырысам. Шынайы берілген, өз ісін сүйетін адам ғана сөз өнерінде, ғылымда қалады деп есептеймін. Ал анам ‒ үйдің кенжесі, он үш ағайынды, аты-жөні ‒ Башбанова Ырысхан Қасымбайқызы. Өзі ‒ кітапқұмар жан. Мақалдап сөйлейді, тілге шешен, мейірбан, менің өмірлік ұстазым.

 Жазушы Әлібек Байболдың қаламгерлік-азаматтық ұстанымы қандай?

‒ Бүгіндері мемлекетке алақан жаю – модадан шыққан нәрсе. Қазір ізденген кісі үшін мүмкіндік көп. ТМД кеңістігі болсын, әлемдік дәрежедегі, халықаралық жобалар болсын, бәріне қатысып, бақ сынауға тиіспіз. «Ақша қашан бөледі?», «неге қолдау жоқ?» деген рәуіштегі сөздерді доғару керек. Кеңес одағы кезіндегі игіліктер келмеске кетті. Сананың өзгергені орынды, шетелде оқы, шетелге шық, шетелге көшіп кетіп, қазақ әдебиетін насихатта, ешқандай шектеу жоқ. Ал, ақша қашан береді, қолдау қашан болады дегеннен еш пайда жоқ, о заман өткен, ұмыту керек. Ащы болса да, шындық – осы. Сол себепті, қазіргі қаламгерлерге жаңа әдеби жоспар құрып, нақтылы бағыт-бағдарын айқындап, бір сілкініп алған жөн-ақ. Алғашында көркем туындыға балалық шағындағы көрген-түйгендерін, қилы-қилы қиындықтарын, өмірдегі өзекті өртер жағдаяттарды арқау ету – қалыпты нәрсе, классикалық жол. Мұны бірінші баспалдақ-level деуге болар. Ал, кейде бұл кезеңге араға уақыт салып қайыра оралған, дүркін-дүркін соққан, соны шығармашылық кредосына айналдырған ақын-жазушылар да болғаны шындық. Қаламгер осы тақылетті тақырыптың аясы тарыла бастағанда «игерілмеген тың жерге» қарата ойысады.

Тегінде, ешбір кедергі жоқ, кедергі – тек санада. Уақыт көп дүниені уағыздауда. Заман ағысы да күшейді, тақырып та – кең-молынан. Ең басты мәселе – қазіргі кезде кітап оқу мода емес. Сәннің араға уақыт сап барып қайыра жаңғыратыны бар. Бұқаралық мәдениет құндызға бергісіз құндылықтарға бұғалық тастады. Ақпарат тасқыны адамдарды ақылынан алжастырды, ел еліктегіш боп барады, ойыншыққа таласқан баладай көрсеқызар. Қоң бітсе қоқырайып қаламыз, кедейленсек кекшілміз, арызшыл, наразықормыз. Бізде орта тап қалыптаспаған. Ақпарат таққа отырды, зомбиға айналдық. Арлы-берлі сабылған халық: жұмыс – үй – жұмыс – үй – жұмыс – үй және жексенбі, мағынасыз тірлік, мойнына қамыт киіп, тіршіліктің құлына айналған адамдар жансыз секілді көрінеді, эмоциядан ада. Өмірдің мәніне ойлануға уақыт жоқ, өмір сүрудің қамымен жүрген қалайықта қалқып алар дүние барына сенем, сонда да. Үміт, сәуле бар. Урбандалып барамыз, кісі кісімен сырласпайды, тек бейнебір машина сықылды сөйлеседі, бетің күлгенімен, ішің жылап тұрады. Жазуда кедергі жоқ, кедергі – механизмде. Күнұзаққа қаһарман боп жүріп, анти-қаһарман боп оянатын жағдайға жеттік. Бұл – ақпараттың теріс ықпалы, оң жақтары да бар, әлбетте. Қазіргі әлеумет қалам иесін, сол жолда өмірін, денсаулығын, әлеуметтік статусын сарп еткен өнершіні, ғалымды мәнзүр қылмайды, көзге ілмейді. Ал, кеңес сұрар кезде, елдік маңызы басым басқосуларда, сыр суырмақ шақта алдыменен кеп ақыл сұрағыш. Осы нәрсе, осы бір теріс қылық қатты қынжылтады. Өнер мен ғылым әрдайым қоғамға өзінің қажет екенін дәлелдеуге тырысуда. Сәл мызғысақ, мүлт кетеміз, жолдан адасамыз. Өнер мен ғылым арасындағы нәзік шекара уақыт озған сайын жойылуда. Қолабадай бадырайған айырмашылық жоққа тән. Көз көріп жүр, елде бірінен-бірі асып түсер көптеген уақиға боп жатыр. Өлең тудыр, кино түсір, сахнала, жаз, сал, суретте... ауқымдысы бар, шағыны бар, тақырып – шаш етектен. Содан көңілге жағатын, сезім пернелерін дөп басатын көркем пазл жасамақ ниет қажет, әуелі. Шағалдық мінез – бойға, жанға, рухқа мін. Бұл да қатардағы қасиетке айналып барады, сатқындық та, өтірік-өсек те, табансыздық та, іштарлық та, аяншақтық та – аяқ астынан. Әдебиет дәріптелуіндей-ақ дәріптеліп жатыр. Бір байқағаным, халық әдебиетті лайықты деңгейде түсінбеуде, ең үлкен проблема – осында. Әлеумет кештерде өлең оқуды, я кітаптың тұсаукесеріне жиылып, сол жерде суретке түсіп, ғаламторға салуды әдебиет деп ұғады-ау, сірә. Соңғы кезде сондай мінез пайда болды, рас. Бұл – әдебиетті насихаттаудың амалы ғана, формасы. Неге әлімізге қарай, әлеуетімізге қарай, мүмкіндігімізге қарай тереңірек үңгімеске?! Керек десеңіз, әдебиет – ғылым, өмірді танытатын ғылым. Шынтуайтында, ненің жаман, ненің жақсы екенін айыра алмай қалдық. Негізі, сағыну – естіге тән әдет. Дегенмен, сағынбайтын дүниені сағынатын боп жүрміз. Ара-тұра артқа да қарайлаған жөн, бірақ сөйтіп жүріп сүрініп кетпесек жарар еді. Авторитет тұтатын авторлар болады, оларды өзім де ара-тұра оқимын, құныға оқимын. Қазіргі кезде романтика бәсең, фидеистік көңіл-күй басымдау. Әр автор қателессе де, өз жолын табуға, таңдауға тиіс. Бұл – менің жеке ойым және оны біреуге күштеп таңуға аса құлықты емеспін. Кейде еркіндікті есіріктікпен кіндіктес деп ұғатындар да бар, солай ойлайтындар еркіндіктен қорқады, сескенеді, сонымен қоймай форматтан шыққысы бар, сырттай қарап отырып қайран қаласың. Кең мағынасындағы еркіндік – өнердің екінші атауы, алтын тұғыры, еркіндік жоқ жерде ‒ қиял тұсаулы. Проблема дегеніміз – тақырып, тақырып дегеніміз – проблема, өзіңді мазалаған мәселені, тақырыпты таңдап ап жанын шығарып тұрып жазып таста, сонымен сөз – тамам. Адам ретінде, автор ретінде, азамат ретінде көп нәрсеге алаңдаймын, жұрттың болашағына жаным ауырады. Әлеуметтік желіден аулақ жүрем, қажетсіз ақпараттан қашқақтаймын, бір реттен бұл да дұрыс шығар. Себебі, әлеуметтік желіден әу бастағы сүйкім қашып, сән кеткендей, эстетикадан, аристократиядан айырылғандай көрінеді, маған. Оны мақсатты түрде, жұмыс аясында ғана қолданған орынды деп білем. Одан арғысы – құрбандық, адасу. Бердібек пен Сайынның заманынан тарта айтсақ, көп дүние өзгерді. Жанын жаһандану жалмап бара жатқан ауыл адамы қалаға бейімделді, қала қазағы даланы сағынғыш, бір нәрсені сағынамыз, бірақ нені екенін өзіміз де біле бермейміз, атауы жоқ, атаусыз. Алайда, тарих дөңгелегі тоқтар емес, айналып жатыр, айналып жатыр. Жақсылы-жаманды бұл да – тарих...

‒ Тарих порталының оқырмандарына айтар 3 тілегіңіз болса...

1) Адамгершіліктен айнымасақ;

2) Ілім-білім жиып, соның бәрін Алаш жолында жұмсасақ, күндестіктен, бақталастықтан алыс болсақ;

3) Аз ұйықтап, көп еңбек етсек...

– Әңгімеңізге рақмет!..

Ж. Алаш 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?