Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Баян Бекетай: Жалғыз басты әкелерді жігерлендіру керек

1539
Баян Бекетай: Жалғыз басты әкелерді жігерлендіру керек - e-history.kz

Мұғалім дегенде көз алдыңызға кім келеді? Ең бірінші ақ жейде мен белдемше киіп, шашын төбесіне түйген «Менің атым – Қожа» фильміндегі Сәбира Майқанова секілді апай елестейтіні сөзсіз. Өйткені бүгінгі қоғамда ұстаздық ету тек әйелдерге тән мамандықтай көрінеді. Бұған мына бір ресми дерек дәлел. Орта білім беру саласындағы 300 мыңдай мұғалімнің 20 пайызы ғана ер-азаматтар. Неге мектептерде ер мұғалімдердің қатары сиреп кетті? Ерлердің аздығы шәкірттердің тәрбиесіне кері әсер етпей ме? Жалпы қыз тәрбиесінде әкенің рөлі қандай? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын бүгінгі кейіпкерімізден білетін боламыз. 

– Баян, сұхбатқа келісім бергеніңізге көп рақмет. Әуелгі сөзді өзіңізден бастасақ. Ұстаздыққа келуіңіздің себебі не болды?

– Бала күнімнен ұстаздыққа деген бейімділігім болған шығар. Айналадағы балалардың барлығын жинап алып, соларға апай болып, соларға сабақ үйретіп. Жалпы үйретуді бала күнімнен жақсы көреді екенмін. Осылай үстаздыққа келген жайым бар. Өзім Бурабай өңірінің тумасымын. Тұрғындардың 60 проценті орыс тілді екенін ескеріп, дәл сол орыстанған ортада қазақтың балаларын қайтсекте ұлттық болмысын жоғалтпай, тілдерін шұбарлатпай қазақтың ұлы екенін, қазақтың қызы екенін танытатындай біз мектеп «Мәңгілік ел идеясы мектепте» деген жоба жасадық. Жобаның өзіне бес жылдай болып қалды. Бұл жобаға жетекшілік ететін Абай атындағы ұлттық университеттің профессорлары. Қоса кетейік, жобаға қатысты. Щучинсктегі кішкентай ғана қара шаңырақтан шыққан бала Франциядағы саумалыдан жасалған балмұздақты ғылыми жоба ретінде күллі Еуропаға паш етіп, бірінші орынға ие болды. Одан кейін Кореяға апарып жас ғалымдар сайысына қатысты. Біздің Бурабайдың шөбі шүйгін жер ғой, жылқы шаруашылығы жақсы дамыған. Осы құндылықтарды балалар жоба ретінде өмірге әкелді. «Балсаумал» деген атау қойды. Міне қазақтың балалары да ғылыммен айналысып жатыр. Мұның негізі қайдан басталды деген сұрақ туады ғой. Мүның негізі жаңағы жоғарыда айтқан жобалардың бағыттарына байланысты. Яғни, әрбір осы жерде қызет істейтін ұстаз жаңашылдықпен қатар, ұлттық құндылықты қатар алып жүріп, балалардың бойына сіңіруге тырсып жүрміз. Ол сабақ барысында да, сабақтан кейінгі уақытта да. 

– «Қазақ келіні» байқауының жеңімпазы болыпсыз. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөз бар емес пе. Енді осы байқау туралы бірер ақпарат беріп өтсеңіз? Кімдер қатыса алады, қандай талап бар дегендей. 

– «Әйел адам бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді». Осы сұхбат беріп отырғанымда қазір мені бес айлық балам күтіп отыр. Міне, кішкентай баламды құшақтап, сұхбатқа келген жайым бар. Үйде отырсам да болады ғой, бірақ үйде ана болсам, қоғамда өзінің айтары бар дана болғым келеді. Сол себепті қазір осындай шығармашылықпен айналысып отырмын. 

Келін болу деген ол бір мектеп қой. Сайыс туралы айтатын болсақ: ол жерде бас жүлдені алдым. Ол жерде шай құю, тамақ мәзірін дайындау, қонақты күту, баланы бесікке байлау, дәстүрге байланысты сұрақ жауап болды. Жалпы сайыс екі күнге созылды. Бағым жанды десек болады. Бұл конкурс мен үшін өте ыстық. Себебі сайысқа мен екі айлық баламды құшақтап апарған едім. Есімі Зере, екінші қызым. Қызымның есімін дәл сахна үстінде азан шақырып атын қойдық. Сахнада әдемі ұштасты. Бір конкурс болған кезде сахна сыртына барып тамақтандырып, қайтадан жүгіріп сахнаға шықтым. Сондай жанқиярлықпен қатыстым. Сондағы менің мақсатым – қазақтың нағыз келіні дегенге лайықты екенімді көрсету еді. Одан кейін Алматыда «Қазақ ханымы» деген үлкен жоба болды. Оған да қатысып, бағымды сынап көрдім. Ол жерде де жүлделі орын алдым. Кейін отбасыммен бірге «Мерейлі отбасы» деген сайысқа қатыстық. Ол жерде де отбасымыздың әрбір мүшесі белсенді қатысты. Атам ән жазып, мен сөзін жаздым. «Мерейлі отбасы» деген ән шығардық. Дәстүріміздің бәрін жаңғыртып, ол жерде үшінші баламның тұсауын кестік. Шығармашылығым осымен тоқтап қалмайды деген үміттемін. Енді келін ретінде түзде қоғамның белді бір мүшесімін деп санаймын, бірақ үйде басына ақ жаулығы басына тағылған, қолында оқтауы бар, құшақ жая қарсы алатын келіндердің бірімін. 

Сіздің «Сен қалаған әке» атты кітабыңыз жарық көрді. Көбіне қоғамда ана тақырыбы көп қозғалады ғой. Сіздің осы әке тақырыбына қатысты психологиялық зерттеу жазуға не түрткі болды?

– Мен өзім әкенің мейіріміне шомылып өскен қызбын ғой. Әкенің мойнына асылып, еркелеп өскен қызбын. Жасөспірім жасына жеткенше әкем мені арқалап жүрді деп айта аламын. Әкем марқұм болып кетті. Бірақ сол балалық шақта ана туралы ән тыңдаған кезде, жыр естіген кезде, кітап оқыған кезде «осы неге әке туралы жыр жазылмайды екен», «әке туралы неге ән шырқалмайды екен», «неге осы әке деп еміренетін адам жоқ екен» деп ойлайтынмын. Ана десе біз барлығын қоя сала сипаттауға дайын тұрамыз. Ол да заңдылық қой. Бірақ әке деген кім десеңіз? «Әке енді отбасының асыраушысы» деп жай ғана жауып қоя саламыз. Соншалықты біз жан дүниемізді анаға беріп жатқан кезде, неге әкелер ананың көлеңкесінде қалып қояды деген ой мені бірнеше жыл бойы мазалап келді. Әкелер туралы кім жазды екен, сатылымда қандай кітаптар бар екен, сөрелерде тұрған кітаптар арасынан да іздедім. Осылай көп іздендім. Шыны керек, ондай кітапты таба алмадым. Қоғамға қажеттілігі осы жерде көрініп тұр ғой. Қоғамда әке тақырыбы «жабулы қазан жабулы күйінде» тұр ғой. Енді кейде бұл тақырыпта бағдарламар шығып жатады, ток шоулардан көрсетіліп жатады. Бірақ толыққанды дүниені жасау керек секілді деген ойға келдім. 

Осы бір тақырыпты қоғамда қозғап, өзімнің тарапымнан ұстаз және қаламгер ретінде, жас зерттеуші ретінде не жасай аламын деп ойланып жүрдім. Сол ойым қорытылып, тәжірибеммен және білімімен толысып келді де отыз жеті жасымды осы кітаптің дүниеге келуіне ықпал етті. Бұл енді әкем туралы естелік кітап емес. Кім әкесін қабылдағысы келеді, кім әкесін түсінгісі келеді, әкемен қарым-қатынасты дұрыс қалыпқа түсіргісі келетін әрбір тұлғаға арналған рухани психологиялық кітап. Осы бағытты таңдадым. Бұл кітаптың құндылығы неде? Бұл кітапты жай ғана оқымайсыз. Бұл кітапта сіз жұмыс істейсіз. Оқыған кезде міндетті түрде қалам мен қағаз болады. Әрбір тақырыпты оқып болғаннан соң міндетті түрде істеу керек тапсырмалар болады. Адамзат баласына айтатыным: Әкең сенің идеалды адам, ол жақсы болсын, жаман болсын, кемшілігі болсын, сен оны қабылдағың келсе де, келмесе де, ол сенің әкең. Әкелерін қабылдамайтын адамдар өте көп. Оларға арнайы техникалар бар. Зерттеу нәтижесі бойынша бірнеше техниканың тізбегін жасақтап шықтым. Мысалы, әкені ақтап алу деген техника бар. Әкеңіздің сіз қабылдамайтын кемшіл тұстарын жазасыз. Мысалы, әкем ақша таппайды, әкем бізге уақыт бөлмейді, әкем бізді тастап кеткен, әкем бізге алимент төлемейді т.б. Техника бойынша сіз әкенің рөліне кіресіз де, параққа өз өзіңізді ақтап жазасыз. «Әкем ақша таппайды» дегенде «бұл уақытша шығар», «әлі де бізге өзінің қамқорлығын беретін шығар» деген сөздермен ақтап аласыз. Сіз өзіңіздің ойыңызды өзіңіз өзгертуге мүмкіндік болады. Сосын «ішкі диалог» деген техника бар. Ол жерде де сіз іштей әкеңізге айта алмаған сөздерді диалог арқылы шешесіз. «Әке, сізге не болды? Бізге неге көңіл бөлмей кеттіңіз», «Бізді неге тастап кеттіңіз? Біздей баланы неге жетімсіретіп кеттіңіз» деп сұрақ қоясыз. Сосын әкенің рөліне кіріп жауап бересіз: «Балам, менде мүмкіндік болған жоқ», «анаң екеуіміздің арамызды түсініспеушілік болды» дегендей сөйлесесіз. Әкеңізге деген қатып қалған реніш осылай жібиді. Әкеңізді ақырындап түсіне бастайсыз. 

– Әке мен қыз баласының қарым-қатынасына келейікші. Қыздың қоғамдағы орны, оны қалыптастыру үшін әкенің рөлі өте үлкен ғой. Мысалы қыздар есейе келе, өзіне ер азамат таңдаған кезде көбіне әкесіне ұқсатқысы келеді, болмаса, айырылысып жатады. Бұл мәселеге не айта аласыз?

– Иә, сіз жақсы айтып отырсыз. Қыз баланың болашақта ер азаматын таңдауы, отбасының құруы әкеге байланысты. Өйткені қыз баланың алғашқы көрген ер азаматы ол әкесі ғой. Әкесі қандай сөз айтады, анасымен қарым-қатынасы, іс-әрекеттерін бойына сіңіріп өседі де, дәл сондай әкені іздей бастайды. Ол өзі де дәл осындай әке табамын деп іздемеуі мүмкін. Бірақ сол программа жазылып қалады. Қыздың түйсігі дәл әкесіндей ер азаматты іздей бастайды. Әкесіне ұқсас ер азаматтармен жақсы тіл табысып кетеді. Кей жағдайда мынадай оқиға болады. Әке қызын еркелетіп, барын беріп, қамқорлығын көрсетіп, ойын еркін айтуға, ашық әңгіме айтуға, мәселені бірлесіп шешуге, бірлескен іс-әрекеттер жасаса, сондай қыздан қылықты әйел шығады. 

– Жалғыз басты әкелер тақырыбын қозғайықшы. Жалғыз басты ана дегенді көп естейміз. Олар енді икемдірек болады ғой. Біраз осы жалғыз басты әке дегенде мұң пайда болады. 

– Бұл жерде ортаның әсері. Оны қоршаған ортасы кім, ағайыны кім, досы кім? Міне осылардың ықпалы оған жақсы әсер етеді. Біз оны сіз жалғыз қалып қойдыңыз деп езе беретін болсақ, ол әрине езіле береді, оны серпілту керек. Ондай кісілерді жігерлендіріп тұру аса қажет деп ойлаймын. Ортасы міндетті түрде әсер ету керек. Дегенмен де қолды сілтеп қайғыра беруге де болмайды. Білім ордаларында ер мұғалімдердің аздығын бұрын байқайтын едім. Қазір керісінше олардың саны күннен күнге артып келеді. Ер мұғалімнің болуы жақсы үрдіс деп айта аламын. Олардың тәрбиесі бөлек қой. 

 – Әңгімеңізге көп рақмет! Баянды ғұмыр тілеймін!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?