ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақ даласында баспа ісі жақсы жолға қойылған еді. Семей, Омбы, Орал сияқты мәдени орталықтарда әртүрлі кітаптар басылып, сан алуан мерзімді басылымдар шығып тұрды. Сонымен қатар танымдық, тақырыптық газеттер мен журналдар да тарылымы жақсы еді. Солардың бірі – «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналы еді.
1936 жылдан бастап жарық көре бастаған бұл журнал қазақ және орыс тілдерінде айына бір рет шығып тұрды. Әрине о бастағы атауы да басқаша болды. 1936-1937 жылдары аралығында «Колхозды Қазақстан», 1938-1951 жылдары ішінде «Қазақстанның колхоз-совхоздары» деп өзгертілді. 1951-ден 53-ке дейін «Қазақстанның социалистік мал шаруашылығы» деп шыққаны бар. 1953-нші жылдан бастап «Қазақстан ауыл шаруашылығы» деген атпен жарық көре бастады. Журнал 1990 жылдың аяғында жабылды. Аталмыш журналда қазақ даласындағы ауыл шаруашылығындағы қолданысқа еніп жатқан озық тәжірибелер, ғылымға еніп жатқан соңғы жаңалықтар жәні оларды өндіріске енгізу, сондай-ақ ғалымдардың ашқан жаңалықтары мен ғылым жетістіктері жазылып тұрды. Егіншілік пен бау-бақша мәселесі де көтеріліп тұрған.
Қазақ даласы негізінен мал шаруашылығына негізделгені белгілі. Сондықтан да болар, «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналы қазақ қоғамы арасында үлкен сұранысқа ие болды деуге негіз бар. Qazaqstan Tarihy порталы аталмыш журналдың әр жылдары шыққан нөмірлеріне шолу жасап, сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы шаруашылығы қандай болғаны туралы әңгімелейді. Алғашқы әңгімеміз 1966 жылғы санындағы жылқы шаруашылығы жайлы болмақ.
Мақалада жылқы санын көбейтудің бір жолы – үйірлеп бағу екені айтылған. Авторы – Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің секретары Б. Төртқарин.
Жал-жаялы жылқы өсір, тасысын табыс көл-көсір
Мал шаруашылығы өнімдерін молайтудың бір жолы үйірлеп жылқы өсіру болып табылады. Облыс совхоздарында жылқыны үйірлеп бағу ежелден колданылып келеді. Жылқы өсірудің бұл тәсілінің ерекшелігі сол, олар қысы-жазы табиғи жайылымдарда бағылады. Сондықтан да жылқыны үйірлеп өсіру қыс айларында облыстың қар жұқа түсетін оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында кең өріс алған.
Облыс колхоздары мен совхоздарындағы ұшы-қиыры жоқ кең жайылымдықтарды толық пайдалану үшін үйірлеп жылқы өсіру бұдан былайғы жерде де алда тұрған басты міндеттердің бірі бола бермек. Жылқыны әсіресе қуаң далалық және шөлейт далалық аймақтарда өсіру тиімді. Бұл аймақтарда жылқы еті, қымыз өндіру ежелден-ақ табыстың қайнар көзі болып келеді.
Жылқы түлігі облыс совхоздарының барлығында да өсіріледі. Бірақ әр аймақтың жергілікті жағдайына байланысты жылқының пайдаланылуы мен бағылуы әрқайсысында әр түрлі.
Жылқы шаруашылығын шоғырландыру және орналастыру, сондай-ақ өнім өндіру дәрежесінің қай аймақта қандай екенін төменгі кестеден көруге болады:
Кестеден көрініп отырғаныңдай, шөлейт далалы, таулы-орманды аймақтағы совхоздарда жылқы түлігі көп өсірілуде. Бұл аймақтарда жылқыны үйірлеп өсіруге қолайлы жағдай бар. Ал тау баурайындағы, қуаң далалық аймақтағы кейбір совхоздарда жердің көпшілігі жыртылып қалуы, қардың қалың болуы салдарынан жылқыны үйірлеп өсіруге мүмкіндік жоқ. Сол себепті мұнда жылқы шаруашылық жұмыстарына ғана пайдаланылады.
Облыстың қуаңшылық, шөлейт, таулы аудандарында ет, сүт өндіруге бейімделген жылқы фермалары ұйымдастырылған. Мұнда жылқылар қысы-жазы табиғи жайылымдықта бағылатындықтан, оған арнап қора салудың қажеті болмайды. Бұл жерлерде жылқыны үйірлеп өсіру қой, сиыр малы бара алмайтын, кәдеге аспай жатқан жайылымдықтарды толық пайдалануға мүмкіндік береді.
Жылқы түлігін үйірлеп өсіруді дұрыс ұйымдастырса, ол табысты көп беріп, шаруашылықтың рентабельді болуын қамтамасыз етеді. Жылқы шаруашылығының осындай табысты сала екені облыс шаруашылықтарының қол жеткен көрсеткіштеріне талдау жасағанда айқын аңғарылып отыр. Сөзіміздің дәлелді болуы үшін бір бас ірі қараны ұстауға жұмсалған қаржы мен бір бас жылқы ұстауға жұмсалған қаржыны салыстырып көрелік. Үш жыл ішіндегі (1962-1964 жылдар) бұл салыстырмалы мәліметті мына кестеден көруге болады:
Кестеге қарағанда, облыс совхоздарында ірі қарадан гөрі үйір-үйір жылқы өсіру арзанға түседі екен. Бұдан ірі қараға көңіл бөлмеу керек деген ұғым тумайды. Керісінше, облыс шаруашылықтары ірі қара малға көбірек назар аударып, одан алынатын өнімді арзанға түсіру үшін қажырлылықпен еңбек ету кажет.
Облыс совхоздарында жылқыны үйірімен бағу арқылы оның басын көбейтуге және етін арзанға түсіруге мүмкіндік мол. Қазіргі мемлекеттік бағаны ескерсек, үйірлі жылқы фермасы рентабельді болып, жылқыны ұстауға жұмсалған шығыннан кіріс артық болмақ, яғни жылқы фермасы шаруашылыққа тек пайда кіргізеді. Жылқыны үйірлеп бағу, әсіресе, шөлейт далалы аймақтардағы совхоздар үшін өте қолайлы. Өйткені мұндай аймақтардағы 10 совхозда бір бас жылқыны бағып күтуге үш жылда 57, 18 сом қаржы жұмсалса, оның 22,7 сомы еңбек ақыға, 7,7 сомы жемшөпке жұмсалады екен. Мұның өзі облыстың басқа совхоздарында бір бас жылқы ұстауға жұмсалған шығыннан едәуір төмен.
Көптеген совхоздар жылқы етін өндіруде және өнімнің өзіндік құнын кемітуде қазір әжептәуір көрсеткішке жетіп жүр. Мысалы, «Алтай» совхозы 1963 жылы 117 центнер жылқы етін өндіріп, өр центнер өнімнің өзіндік құнын жоспардағы 58 сом 10 тиынның орнына 47 сомға түсірді. Ал 1964 жылы 294 центнер ет өндіріп, оның өзіндік құнын жоспардағы 51 сомның орнына 45 сом 59 тиынға арзандатты.
Алайда жылқы өсіруге қажетті мүмкіндіктер жеткілікті бола тұрса да, облыс бойынша шаруашылықтың бұл саласын өркендету ісінде елеулі кемшіліктер орын алуда. Жылқы малына жете мән бермеудің салдарынан 1960-1964 жылдар ішінде облыста осы түлік күрт азайып кетті. Рас, оның ұзын саны 1961 жылғымен салыстырғанда колхоздарды совхоздарға айналдыру есебінен біршама өсті. Бірақ Шемонайқы, Тарбағатай аудандарының көптеген шаруашылықтарында жылқының өсімі ет пен ішкі қажеттерге жұмсалған шығынды жаба алмайды. Мысалы Тарбағатай ауданының «Қазақстан» совхозында 1964 жылы 92 құлын алынған болса, шаруашылықтын ішкі қажеттеріне 109 бас жылқы жұмсалған.
Басты кемшілік жылқы түлігін өз төлі есебінен өсірудің нашарлығында болып отыр. Облыс бойынша 1962 жылы жүз биеден 65 құлын алынса, 1964 жылы алынған төл будан да аз. Әсіресе Глубокое, Большенарым аудандарында жағдай маз емес. Мұның салдарынан өнім де төмендеп кетті. Мысалы, облыс совхоздары 1961 жылы тірідей салмақ есебімен 1613 тонна, ал 1964 жылы 1422 тонна ет өндірді. Егер жылқы етінің үлес салмағы 1960 жылы облыс бойынша 6,1 процент болса, 1964 жылы 2,4 процент кеміді.
1963 жылы облыстық партия комитеті мен облыстық Совет атқару комитеті жылқы шаруашылығында орын алып келген кемшіліктерді түзету мақсатымен жылқы етін және қымыз өндіретін мамандандырылған фермалар құру туралы шешім қабылдаған болатын. Содан бері жылқы шаруашылығын мамандандыру жөнінде бірқатар жұмыстар істелді. «Өрел», «Обухов», «Қаба», «Багратион», «Қарасу» совхоздарында жылқыны үйірлеп бағу фермалары ұйымдастырылды. Бұл совхоздарға басқа шаруашылықтардан 3 мың 455 бие берілді. Сонымен мамандандырылған бес совхозда қазір 12 мың 861 бас жылқы бар. Мұның өзі облыс совхоздарындағы жылқы санының 22 проценті. Мамандандырылған фермаларда жергілікті жағдайларға төзімді бірыңғай дон жылқылары мен жергілікті тұқымның жылқылары өсіріледі және олар жыл бойы өрісте бағылады. Қазір мұнда түліктің сапасын жақсарту шаралары жүргізілуде. Малдың өрісі бекітіліп, ыңғайлы суаттар бөлінді. Арнаулы жылқышылар бригадасы іріктелінген.
Жоғарыдағы аталған бес совхозда арнаулы бағытқа бейімдеу ісі әр шаруашылықтың жергілікті жағдайын ескере отырып жүргізілді. Қуаң далалық аймақта жылқы бағуға жусанды, бетегелі, селеулі участоктар бөлінді. Шөлейт далалық аймақтарда жылқылар қыс айларында жусан, қызыл мия, астық тұқымдас шөптер өскен жайылымдықтарға ауысады, ал таулы аудандарда күңгей беттегі шепті алқаптарға жайылады. Жылқы шаруашылығын арнаулы бағытқа бейімдеудің алғашқы қадамы арзан ет пен қымыз өндіруге қажетті резерв тер мен мүмкіндіктердің мол екенін көрсетіп отыр. Арнаулы бағытқа бейімделген жылқы шаруашылығының экономикалық жағынан тиімді екені тәжірибеде делелденуде. Мәселен, «Карасу» совхозында бір жылқының бағым-күтіміне 38 сом жұмсалған, ал «Өрел» совхозында облыстың басқа совхозда рына қарағанда бір жылқыны ұстау үшін 13 сом қаржы кем жұмсалған. «Өрел» совхозы соңғы екі жылдың ішінде жылқыны үйірлеп өсірудің нәтижесінде 34 мың сом пайда келтірді, ал «Карасу» совхозы жылқы шаруашылығын арнаулы бағытқа бейімдеу нетижесінде жоспарланған қаржыдан 80 мың сом үнем жасады. Бұл шаруашылықтарда 1964 жылы бір центнер жылқы етін өндіру үшін 47-60 сомнан жоғары қаржы жұмсалған жоқ.
Мамандандырудың жылқы шаруашылығы экономикасына қаншалықты ықпал жасайтынын төмендегі деректерден көруге болады. Бұл кестеде облыстың жылқы шаруашылығымен шұғылдануға мамандандырылған совхоздарында үш жыл ішінде орта есеппен әрбір бас жылқыны өсіруге қанша шығын жұмсалғанын көрсететін салыстырмалы мәліметтер келтірілген.
Жоғарыдағы керсеткіштерге жасалған талдау дұрыс мамандандыру мен шоғырландыру негізінде еңбек өнімділігін арттыруға, өнімнің түсер құнын кемітуге және жүмсалатын шығынды едәуір үнемдеуге болатындығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Жылқы өсіруге мамандандырылған солхоздарда әрбір бас жылқыны бағып-күтуге қаржы мен еңбек облыстың басқа совхоздарындағыға қарағанда анағұрлым аз жұмсалады. Үйірлі жылқы өсіруге маманданған «Обухов» совхозында 3955 жылқы бар. Оның 1457-сі бие. Соңғы үш жыл бойы совхоз ер жуз биеден 76 құлын өсірді. Жылқы етін тапсыру мөлшерін бұрынғы 320 центнерден 1045 центнерге дейін молайтып, жылқы өтінің өзіндік құнын 42 сом 90 тиынға түсірді. 1964 жылы совхозда жылқы шаруашылығы өнімінің бүкіл мал шаруашылығы өнімдері ішіндегі үлес салмағы 7 процент кана еді. Қазір бұл көрсеткіш едәуір жақсарып, әр бас жылқыдан өндірілетін өнім жылма-жыл артып келеді. Мысалы, 1962 жылы әр жылқыдан 7 сом тиынның, ал 1964 жылы 18 сомның өнімі өндірілді, яғни жылқы шаруашылығы өнімін ендіру мөлшері 2,5 есе дерлік молайды.
Бұл совхозда жылқы жасына және жынысына қарай үйір-үйірге бөліп бағылады. Бір жылғы туған құнан бір үйірге, бір жылғы туған байтал жеке үйірге бөлінеді. Мұның өзі биелерді шағылыстан өткізу, жылқыны бракқа шығару және стис тапсыру сияқты күрделі жұмыстарды жеңілдетеді. Егер бұрын екі жастағы байтал шағылыстан өткізіліп, соның салдарынан олардың өсуі баяулаған болса, қазір бұған тыйым салынды. Мамандандыруға дейін совхозда жылқыны бракқа шығару барлық үйірлерде жүргізілетін еді. Қазір бракқа шығарылған жылқылар жеке үйірде бағылып, қоңы арттырылғаннан кейін етке өткізіледі.
Совхоздың жазғы және күзгі жайылымда ортадан жоғары күйде семіртілген жылқылары қар түскеннен кейін тебіндікте қыстан қоңы таймай шығады. Қыс кезінде жұмыс аттарына азын-аулақ жем берілсе, үйірдегі жылқыға жем босатылмайды. Алайда қыс аяғы ұзаққа созылуы қаупінен және жұттан сақтану үшін арнаулы жемшөп қоры жасалады. Совхоздарда қысқы, көктемгі, жазғы және күзгі жайылымдар бар. Қыста жылқы үйірлері тауда, қары жұқа, боран мен желден ықтасын жерлерде бағылады. Көктемде Бұқтарма теңізінің кең жазықты жағалауына жайылған мал жақсы семіреді. Май айының аяғында жайлауға шығарылып, жаз бойы конын арттырғаннан кейін күзде қысқы жайылымға қайтарылады.
Мамандандырылған совхоздардың тәжірибесі жылқыны үйірлеп өсірудің нәтижесінде оның тұлғасы іріленіп, салмағы арта түсетінін көрсетті, 1964 жылы «Обухов» совхозы мемлекетке тапсырған бесті жылқының орташа салмағы 334 килограмм болды. Ал басқа совхоздарда әрбір жылқы салмағы 300 килограмнан аспайды. Мұның өзі етке өткізілетін жылқыны ұқыптап жаюға және бордақылауға жеткілікті көңіл бөлінбейтінін керсетеді.
Шөлейт далалы аймақтағы Зайсан ауданының, қуаң аймақтағы Таврия ауданының совхоздарында жылқы шаруашылығын өркендету экономикалық жағынан неғұрлым тиімді. Жылқы төлінің өзіндік құны Зайсан ауданында облыс совхоздарын тұтас алғандағыдан 40 процент, Таврия ауданында 24 процент арзанға түсетіндігі дәлелденді. Сондықтан осы аймақтардағы совхоздарда жылқы үйірлерін ұйымдастырып, жылқыны көп шоғырландыру экономикалық жағынан ұтымды болып табылады.
Жылқы шаруашылығының ойдағыдай өрге басуы ең алдымен осы салада істейтін еңбек адамдарының іскерлігі мен тәжірибесіне де байланысты екені мәлім. Біздің облысымызда жылқы өсірудің небір шамшырақтары бар. Солардың бірі – Тарбағатай ауданындағы «Шілікті» совхозының жылқышысы Тұрғанбай Әубәкіров жолдас. Ол жылқы өсірумен 1958 жылдан бері шұғылданып келеді. Жыл сайын әр жүз бие соңынан 85-90 құлын өргізеді. Әубәкіров жолдастың алдынан бұл жылдарда бір тұяқ шашау шығып көрген емес. Оған «Коммунистік еңбектің екпіндісі» деген құрметті атақ берілді.
Зайсан ауданындағы «Кендірлік» совхозының жылқышысы Бидахмет Дәуітов жолдас жөнінде де осыны айтуға болады. Ол соңғы үш жыл ішінде совхоз фермасына 500-ге жуық құлын өсіріп қосты. Шаруашылықтың дирекциясы мен партия ұйымы озат жылқышының еңбегін бағалап, оған бірнеше рет алғыс жариялады, ақшадай, заттай сыйлықтар берді.
Осы аудандағы «Қаратал» совхозының жылқышысы Райымхан Есімжанов жолдас та жылқы шаруашылығын өркендетуге лайықты үлес қосып келеді. Ол соңғы екі жыл ішінде өзінің бағуындағы әр жүз биеден жүзден құлын алып, шығынсыз өсірді. Таврия ауданындағы «Никитинка» совхозының жылқышысы, коммунист Ақметқали Мешелов жолдастың ең бектегі көрсеткіші де мақтауға тұрарлық. Ол соңғы үш жыл ішінде алты жүзге жуық құлын өсірді. Осы ауданның «Обухов» совхозының жылқышысы Нұрсапа Еламанов, Марқакөл ауданындағы «Горный» совхозының жылқышысы Нұролда Жайсанбаев, Большенарым ауданындағы «Алтай» совхозы мен Ленин атындағы колхоздың жылқышылары Оқас Нұрбеев, Ақметқан Қойшыбаев жолдастар да жылқы шаруашылығын өркендету жолында үнемі өнегелі еңбек етіп, жылдан-жылға мол табыстарға жетуде.
Алайда жылқы шаруашылығын ойдағыдай еркендетудің маңызды шарты болып табылатын мамандандыру және шоғырландыру ісінде елеулі кемшіліктер де бар. Көптеген совхоздар мен колхоздардағы жылқы фермаларының көлемі тым шағын, шаруашылықтың өз ішінде шын мәнісінде айқындалған мамандандыру ісі жоқ деуге болады. Қазіргі ұсақ фермалар осы заманғы талаптар дәрежесіне сай келетін ірі товарлы өндіріс ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді. Осының барлығы бұл саланың экономикалық көрсеткіштерін төмендетуге әкеліп соғады.
Жылқы шаруашылығында мал тұқымын асылдандыру жөнінде ешқандай шаралар қолданылмай келеді. Облыс шаруашылықтарында асыл тұқымды жылқылар өте аз. Жылқы өсіруге бөлінген аймақтардың табиғи ерекшеліктері өскерілместен, кейбір шаруашылықтарда жергілікті тұқым жылқыларын шет жақтан әкелінген айғырлармен ешбір жүйесіз будандастыруға жол берілуде. Бірқатар совхоздарда асыл тұқымды айғырлар жеткіліксіз, ту биелер ешбір негізсіз омарташылардың қыдыруына, малшылар мен шопандардың мал жаюына беріледі. Осының салдарынан биелердің бір белігі жыл сайын қысыр қалады.
Жылқы шаруашылығының экономикасы мамандандырылған совхоздардың өзінде де едәуір жақсартуды қажет етеді. Біріншіден, оларда жылқы үйірінің жыл сайын өсіп отыруы қанағаттанғысыз ұйымдастырылған. Екіншіден, өнім аз өндіріледі, оның түсер құны әлі де болса қымбат. Мысалы, мамандандырылған «Қарасу» совхозында 1965 жылы әрбір жүз биеден 1963 жылғымен салыстырғанда 28 құлын кем алынды, қымыз өндіру 1962 жылдағыдан 20 центнер азайды.
Жылқы шаруашылығының өркендеу барысының қанағаттанғысыз жағдайда болуы көптеген колхоздар мен совхоздарда үйірлі жылқы өсіруге қажетті жағдайлардың тұғызылмауынан, жылы қоралардың салынбауынан, малды әбден арықтағанша далада жайып, жем бермеудің салдарынан орын алып отыр. Мұның өзі жылқы шаруашылығынан түсетін өнімнің азаюына әкеліп соқты.
Жылқы шаруашылығы өндірістің өте қажетті саласы екенін өмірдің өзі көрсетті. Сондықтан біз шаруашылықтарда неғұрлым тезірек мамандандырылған жылқы фермаларын құруымыз қажет. Жылқы өсіруге бейімделген совхоздар экономиканың бұл саласында жұмысты онан әрі жақсартуға міндетті.
Облыстың барлық шаруашылықтарында төл беруге жарайтын барлық биені толық сақтау шараларын қолдану қажет Әрібр биеден жылына бір-бір құлын алуды қамтамасыз ету шарт. Жылқыларды жаюды түбегейлі жақсартып, мемлекетке етке тек кана аса қоңды жылқыларды өткізу керек.
Жылқы малы үшін жыл сайын жемшөптің сақтық қорын жасап, жылы қоралар салу қажет. Жылқы шаруашылығын жолға қоюдың басқа да нақтылы шараларын совхоздар мен колхоздар өздері жүзеге асырулары тиіс. Алдағы жылдарда жылқы етін және қымыз өндіру мөлшерін молайту үшін жылқының тұқымдық сапасын жақсарту, асылдандыру ісін жандандыру қажет. Сондықтан мамандар мен шаруашылық басшылары өздерінің бұл жөніндегі пікірлерін ортаға салуға тиіс.
Мал шаруашылығын мамандандырудың жоғары дәрежесіне жету мақсатында совхоздар мен колхоздар мамандандырылған ірі жылқы шаруашылығын ұйымдастыруға ұмтылулары керек. Ауыл шаруашылығы органдарының, мал мамандарының назарын жылқы шаруашылығын дамыту мәселесіне аударып, бұл маңызды саланы шұғыл өрге бастыруды қамтамасыз ету қажет. Жылқы шаруашылығы – мал шаруашылығының басқа салаларымен бірге өзінің лайықты орынын алуы керек.
Жылқы шаруашылығын мамандандырудың кейбір мәселелері . Қазақстанның ауыл шаруашылығы, 1966 жыл. № 1
Соңғы жылдары елімізде жылқы саны айтарлықтай өсіп келеді. Өткен жылғы ресми деректерде елімізде жылқы саны 4,2 млн басқа жетті деп көрсетілген. Жалпы жылқы саны бойынша елімізде Шығыс Қазақстан облысы көшбасшы саналады. Тек Абай облысының орталық ретінде бөлек шығуы бұл статистикаға біршама әсер етіп, кейінгі жылдары екінші орынға сырғыды. Статистикалық деректерге сенсек, шығыс өңірде ұзын-саны 500 мыңнан астам жылқы бар. Оның 300 мыңнан астамы Абай, 200 мыңнан астамы ШҚО тиесілі деп есептеледі.