Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш жолымен (Жолжазба) І бөлім

1429
Алаш жолымен (Жолжазба) І бөлім - e-history.kz

Тамыздың төрті мен жиырма бесінші жұлдызы аралығында Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Рязань қалаларына сапарлаудың сәті түскен болатын. Іссапар «Qyr balasy» қоғамдық қоры мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институтының қолдауымен жүзеге асырылды. 

Бірер ай бұрын алаштанушы ғалым, жазушы Елдос Тоқтарбай досым хабарласып, қор мүшелері мен институттың жас ғалымдарын «Алаш жолы» ғылыми экспедициясымен Мәскеуге апаруды жоспарлап отырғандарын айтқан болатын. Айтылған сөз жерде қалмады. Бұл бастаманы қазақтың жаны жомарт, қалталы кәсіпкерлері қолдап, Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институты басшылығы қоштап, 15 адамдық делегация құрылды. Көбісі алғаш рет шекара асайын деп тұрғандар. Оның үстіне мақсат – ел көріп, қыдыру емес, алаштың жолымен ғылыми ізденіс бағытында қызмет қылу. Сондықтан да, сапардың салмағы да ауыр болатын. 

Әр өңірдегі филиал басшылары мен алаштанушы ғалымдар, жас зерттеушілер Мәскеуге бағыт алған экспедицияға Алматы және Астана қалаларынан қатынасты. Бізде сол бас қаладан шығатын экспедиция мүшелерінің қатарында болдық.

Жергілікті уақыт бойынша кешкі 20:00-де Н.Назарбаев атындағы Халықаралық әуежайға таксимен зуылдатып жеттік. Ұшағымыз 22:25-те аспан көгіне қалықтайды. Сапарға шыққан сайын екі сағат ерте баратын әдетімізбен әуежайға бірінші болып келдік. Сапарластарымның біздің уақыттан сәл кешеуілдетіп жеткенін көрдік. 

Қоржынымызда Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институтының 2-3 жыл көлемінде жарыққа шығарған 100-ге жуық кітаптары мен базарлықтары бар. Көтерер жүк ауыр болғанымен, құнды қазынаны ауырсынбай, аманатқа қиянат жасамай жеткізуді ойладық. Әр адамға бір шабадан жүк алып өту айтылды. Әрі олары 26 келіден аспау керек. Кітаптар мен базарлықтарды әрбір шабаданға бөліп, ыңғайластырдық. Сонымен тексерушілердің сынағын өткізіп, жүктерімізді жөнелттік.

Әуежайдың жолаушылар күту залына өттік. Сағат тілі 22:00 болғанда ұшақтың бортына жайғастық. Жарты сағаттан соң, отандық «SCAT» әуе компаниясының ұшағы қанатын дайындап, ұшуға белгі берді. Сәлден соң жер жолмен зырғып жүрді де, көкке көтерілді. Мәскеу мен біздің уақыттың арасы 3 сағаттық айырмашылық. Сапарға шығар кезде ұйықтамайтын әдетіміз бар. Түнімен ұйықтамағасын ба, ұшаққа отырған соң көп өтпей көзіміз ілініп кетіпті. Сусын мен тамаққа да қарамадық. Кешкі  22:45-те ұшағымыз Мәскеудің әйгілі «Шереметьево» әуежайынан кейінгі үлкен әуежайларының бірі «Внуково» алаңына келіп қонақтады. Әуежайдан экспедиция жетекшісі Елдос Тоқтарбай мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қызметкері Ерлан Төлебаев күтіп алды. Экспедиция мүшелерін екі көлікке жайғастырып, қонақ үйге тарттық. Әлихан Бөкейхан Алаш ҒЗИ директоры Ұшқын Сәйдірахманұлы, сайттың бас редакторы Бүркіт Нұрасыл, жетекшіміз Елдос Тоқтарбай және осы жолдар авторы елшіліктің қызыл номерлі көлігіне отырдық. Көлік тізгінінде – Ерлан мырза! 

Тоқтаған қонақ үйіміз әуежайдан 45-50 шақырым аралықта екен. Ерлан мырза МКАД айналма тасжолымен қалаға жылдам кірді. Түнгі Мәскеуді тамашалаңдар деп, Қызыл алаңды, орталық көшелерді көрсетіп, Наумов қонақ үйіне кештетіп жеткізді. Қонақ үйіміз астананың «Чистые Пруды бульвары» аталатын төңірекке жақын, қаланың дәл орталығында. Кіші Лубянка көшесінде орын тепкен. Тургеновская, Чистые Пруды метро алаптарына жақын. Қонақ үйде бізді қордың атқарушы директоры Ертай Біләл қарсы алды. Қонақжайға орналасып, заттарымызды реттеп ұйқыға кеттік. 

Таңертең сағат тілі 9:00-де қонақ үйдің дәлізіне жиналдық. Экспедиция жетекшісі Елдос Тоқтарбай алдағы сапардың мән-маңызы мен негізгі бағытымыз жөнінде қысқаша мәлімет берген соң, бәрімізді бір-бірімізбен таныстырып шықты. Басым көпшілігінің есімдерін білгеніміз болмаса, бет-жүз көрісіп, танысқан адамдар емеспіз. Таңғы асты «Му-Му» асханалар желісінен ішіп, экспедиция формаларын киіп, сөмкелерімізді асынып, жұмысқа кірістік. 

Сапарымыздың мақсаты - алаш арыстарының әдеби-ғылыми мұрасын түгендеп, беймәлім шығармаларын жинастыру, ғұмырнамасына қатысты тың деректер жинау, сондай-ақ Ресейдің әр қаласында жерленген алаш қайраткерлеріне тағзым жасау болатын.  

Алаш арыстарына құран бағыштау

Мәскеудегі сапарымызды Донское көшесіндегі Дон қабірстанына барудан бастадық. Онда көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен шәкірті қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақұлының тәнінің күлі жерленген. Ұлы арыстарымыздың рухына құран бағыштап, дұға жасадық. Рухани шараға Қыр баласы қоғамдық қоры мен Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ жас ғалымдары мен алаштанушылар қатысты. 

Алаш көсемі мен шәкірті бір күнде, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде атылды. Архивтік құжаттарда Әлихан Бөкейхан 16-шы, Нығмет Нұрмақұлы 76-шы тізім болып, зұлмат тізіміне ілінген. Ресей ФСБ-сінен алынған жазалау үкіміне назар аударатын болсақ,  алаш қайраткерлерінің жазалау үкімі  сотының құрамы да бір. Екеуінің де жазалау үкімі бір күн болып толтырылған. Аталған тізімге Сталин мен Молотов та сол күні қол қойған және ату үкімі сол күні орындалған. 

Жалпы саны 5 мыңдай адам жерленген бұл зираттағы алаштың қос арысы жатқан төмпешіктегі тақтайшалардан совет Одағының алғашқы маршалдарының бірі Михаил Тухачевский, татар жазушысы Махмуд Галяу, грузин қайраткері Авель Енукидзе, еврей  ұлтының қайраткері Григорий Авербах, армия қолбасшысы Август Корк, тәжік қайраткері Шотемор Ширишо сияқты көптеген есімдерді оқыдық.

Түстен кейін Новодевичье зиратына бардық. Бұл қабірстанда Әлихан Бөкейханның өзінен кейін аман қалған ұрпағы Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасова жерленген. Советтік биліктің басшылары мен саяси интелегенциялары жерленген жерде Зейнеп апамыздың тақтасы да қатар тұр. Зейнеп Садуақасова - алаш қай­рат­кері Смағұл Сәдуақа­сов­тың жары болған. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Аборт жасатудың проблема екенін алғаш рет дәлелдеген қазақ ғалымы. Зейнеп Әлиханқызы тағдырлы жан. Әкесі, жолдасы «халық жауы» болып, нақақ құрбан болды. Ұлы Ескендір небәрі 17 жасында соғыста қаза тапты. Елизавета Әлиханқызы майданға ұлы Ескендірдің соңынан кетті. Соғыста Солтүстік-Батыс майданында дәрігерлік қызмет атқарып, майор атағымен оралды. Ол әскери медицина саласындағы тұңғыш майор әйел. 

Жолбасшымыз Елдос Тоқтарбай осынау зиратта қазақ руханиятының жанашыры Александр Затаевичтың жатқанын айтып өтті. Қазақ халқы үшін өлшеусіз еңбек жасаған музыка зерттеушісі, Қазақстанның тұңғыш Халық әртісі Александр Затаевич ұмытылмас есім. Атақты композитор Новодевичье зиратында, әйгілі жазушы Антон Чеховпен қатар жерленген екен.  Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, қабірінің басында ақ мәрмардан қойылған ескерткішті қазақ халқы қойған екен. Постаментте домбыра шертіп отырған қазақ бедерленген.  «Жігіттер, достарым менің, сендерге өздеріңмен бірге жасаған жұмысымның жемісін арнайымын және тапсырып бермекпін. Мен өз жұмысымды бар сүйіспеншілігіммен және өзімнің қолымнан келгенше жанкештілікпен жасап шықтым. Бұл жұмыста халық жанының сезім пернелерімен іштей үндесімі болмаса, бірде бір қадам алға баспаған болар едік, осы үндесімнің арқасында, кездейсоқ келген мен талантты қазақ халқына мәңгілік сүйіспеншілігім қалыптасты», - деп өзі жүрекжарды сөзін арнаған қазақ халқы Александр Затаевичтің ұлт алдындағы еңбегін ешқашан ұмытпайды. Бұл қабірстан басында да Зейнеп апамыз бен Александр Затаевичтің рухына тағзым жасап, құран бағыштадық.

Бір ғана ХХ ғасырдың І жартысында қазақтың басынан қайғы-қасірет арылмады. Қаншама алаштың арыстары советтік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Қаншама боздағымызға туған жерінен топырақ бұйырмай, Ресей жерінде мәңгілік тыныштық тапты. Жоғарыда айтқандай, Алаш жолы экспедициясының мақсаты – ұлыларымызға құран бағыштап, олардың өшпес-өлмес мәңгілік мұрасын насихаттау. 

Сапардың екінші күнінде жас ғалымдар мен алаштанушылар Мәскеудің екі ауданындағы қабірстандарда болып, Алаш арыстарына тағзым жасады. Түске дейінгі уақытта «Коммунарка» зиратында болдық. Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжан, қазақтың мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанұлы, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлұлы, қазақ инженері, теміржолшы Зияда Әбенов жоғарыда осы қорымда жерленген. 

«Коммунарка» қабірстаны 1930-1940 жылдар ара­лы­ғындағы нәубетте атылғандарды жерлеу орны ретінде белгілі. 1999 жылға дейін жабық болып, құпия атпен ата­лып келген. Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі сарапшыларының пікірінше, қорымда 6,5 мың адамның сүйегі жатыр, алайда олардың ішінде 4 жарым мыңнан астамының ғана аты-жөні белгілі. Бұл орын – Мәскеудің шеткі нүктелерінің бірі. Қазіргі Калуга тасжолының 24-шақырымында деп аталады. Ең жақын метро стансасы – «Ольховая».

Түс ауа экспедиция мүшелері Мәскеудің орталығындағы Ваганьков қорымына барды. Қабірстан 1771 жылдардан бастап қызмет атқарып келеді. Осы жылдар аралығында бұл қорымға 500 мыңнан астам мәскеулік жерленген деген деректер бар. Түрлі ұлт, түрлі дін, түрлі халықтардың өкілдері мәңгілікке тыныс тапқан мекенде алаштың арыстары да жерленген. Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, аудармашы Жүсіпбек Аймауытұлы және де қазақтың арда азаматтары, журналист Ахмедсафа Жүсіп, әдебиетші Әбдрахман Мұңайтпасұлы, Дінше Әділұлы, қайраткер, ғалым Хайретдин Болғанбай, саяси қайраткер Халел Ғаббас, Дәмолла Битілеуұлы, шығыстың жарық жұлдызы атанған қайраткер Ғани Мұратбаев бабаларымыздың сүйегі Ваганьковта жатыр.

Қабірстан басында алаштанушы ғалымдар Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан сөз алып, әдебиет классигі өмірдерегінен әңгіме өрбітті. Сондай-ақ жазушының Қыр баласы баспасынан шыққан кітабы «Дәмеліні» оқырман назарына таныстырды. Кітапты құрастырып, баспаған әзірлеген: айтыскер ақын, алаштанушы Қарлығаш Әубәкірова. Туған елінен жырақта жатқан Жүсіпбек Аймауытұлы мен Ахметсафа Жүсіптің туған жерлерінен әкелінген туған жерінің топырағын септік. 

Осылайша Мәскеудегі сапарымыздың алғашқы екі-үш күні алаш арыстарына тағзым жасаумен аяқталды. 

Жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?