Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Киім тігумен айналысатын елордалық кәсіпкер

1097
Киім тігумен айналысатын елордалық кәсіпкер - e-history.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі. 

Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр. 

Осыған орай «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.

Киім – адамның күнделікті өміріне қажет бұйым. Біз жылдың төрт мезгіліне сай әртүрлі киінеміз. Киім адамның әлеуметтік жағдайын да көрсетеді. Сондай-ақ ол кез келген жанға эстетикалық сән беріп, образын қалыптастырады. Елімізде киім тігіп, табыс тауып жүрген кәсіпкер қыз-келіншектер жетерлік. Қазіргі таңда елімізбен бөлек, шетелге де тауарын өткізіп, өз шаруасын дөңгелетіп отырған жандардың бірі – елордалық кәсіпкер Альбина Құрбанқызы Иманбековамен сұхбаттасқан едік.

– Альбина Құрбанқызы қысқаша өзіңізді таныстырып өтсеңіз және керемет дизайнерлік өнерге қалай келдіңіз?

– Мен Өзбекстанда Ташкент қаласының қарапайым отбасында дүниеге келдім. Менің әжем тігінші болған. Бала кезімнен әжемнің тігін машинасымен киім-кешек тіккенін көріп өстім. Бірақ, аса қызығушылық болмады. Сосын қазақ мектебін бітірген соң медицина саласы бойынша оқуға құжат тапсырдым. Алайда оған түсе алмадым. Ташкент шаһарындағы Кәсіп-өнер колледжіне оқуға түсіп, төрт жыл білім алдым, дизайнерлік курстарға да қатыстым. Осылайша, дизайнерлік маманның қыр-сырын біліп, үйрене бастадым.  

Оны тәмамдаған соң Қазақстанға келіп, шағын ательеге тігінші ретінде жұмысқа орналастым. Шамамен 3 жарым жылдай Астанада жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинап, сән үйіне ауыстым. Ал тура екі жылдан кейін ателье жабылды. Біз ол жерде төрт құрбы болып бірге жұмыс істеген едік. Кейіннен басқа тігін ательелерін іздей бастадық. Бірақ, бірнеше ателье басшысы бізді бірге жұмысқа қабылдаудан бас тартты. Бір күні «Неліктен шағын орынды жалға алып, жеке ателье ашпасқа» деген ой келді. 

– Жеке тігін ательесін қашан аштыңыз?

– 2019 жылдың желтоқсан айында келер 2020 жылғы 2 ақпанда, яғни 02.02.20 датада жеке ательемді ашуды армандадым. Сол арманыма жету үшін мақсат қойып, әрекет ете бастадым. Қаңтар айында жалға алатын орынды таптым. Кейін қажетті құрал-жабдықтар іздедім. 

Осылайша, армандағанымдай 2-ақпанда жеке тігін ательемді аштым. Соған өзім іштей таңқалдым. Алайда 1 ай бойы тапсырыс болған жоқ. Тек шалбардың балағын қысқартуға 5-6 адамның тапсырысын орындадым. Ал базардан қарызға сатып алған маталарды әйтеуір 1-2 адамға ұсынып, өткізіп жібердім. Кейін осы салада жүрген құрбыларым өз парақшаларында жарнама жасап, қолдау көрсетті. Сол арқылы маған біртіндеп клиенттер келе бастады. Мен жалға алған орын жертөледе болатын. Ол жер өзіме аса ұнамады. Сондықтан басқа орын іздеп, 20 шаршы метр жерді тауып алдым. Оның орналасқан жері де жақсы еді. Сол жерге мен 2020 жылы наурыз айының 3-і күні бардым. Ал күллі әлемге таралған пандемия кесірінен елімізде 16 наурыздан бастап карантин жарияланды емес пе?! Сондықтан өзге кәсіпкерлер секілді бізге де  жұмысымызды уақытша тоқтатуға тура келді. Сол уақытта құрылысшылардан 100-200 бетпердеге (маска) тапсырыс келді. Соларды күні-түні тігіп, карантин уақытынан шықтық. Ал жалға алып отырған ғимарат иесі карантин уақытында бір айға ақы алмады. Ол бізге үлкен көмек болды. 

– Киімдердің бағасы қанша теңгеден басталады? 

– Ең төменгі баға 30 мың теңгеден басталады. Бұл күнделікті өмірде киюге арналған киім-кешектер. Ал ең қымбаты 100 мың теңгеден асады. Олар той-томалаққа киіп баратын дизайнерлік көйлектер. Ал оларды тігуге 1 жұмадан 1 айға дейін уақыт кетеді. 

– Мемлекет тарапынан қолдау болды ма?

– «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған «Бизнес бастау» бағдарламасы туралы естіп, бірден құжаттарымды тапсырдым. Сол кезде карантин уақыты болғандықтан 1 ай онлайн форматта оқып, сертификат алдым. Сөйтіп, қайтарымсыз 505 мың теңге көлеміндегі қаржылай грант ұтып алдым. Оған тігін тігуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Бұл қаражат мен үшін алға қарай жылжуыма ынталандырды.  

- Шәкірттеріңіз бар ма?

- Қазіргі таңда шәкірттерім жоқ. Бірақ, алдағы уақытта осы салаға қызығушылық танытып, үйренгісі келген  қыз-келіншектерге үйрету жоспарымда бар. 

– Қазіргі кезде киім тігумен айналысатын кез келген кәсіпкер өзінің жеке орны болғанын қалайды. Ал бүгінде сіз біреудің орнын жалға алмай, өз ательеңізде тігін тігіп, кәсібіңізбен айналысып жүрсіз. Осындай деңгейге жету үшін қандай қиындықтарды еңсердіңіз? Мұндай ақпарат, әсіресе, алдағы уақытта кәсібін жеке тігін шеберханасында айналысуды жоспарлап жүргендер үшін қажет болар...

– Біреудің орнын жалға алғанша сатып алған дұрыс деп санадым. Содан күн сайын жұмыстың арасында тігін тігумен айналысуға қолайлы орындар іздей бастадым. Бір күні хабарландыруға жертөледе орналасқан бір жерді таптым. Алайда оны несиеге бермейтін болды. Сөйтіп жүргенде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Даму» қоры жайында естідім. Бұл қор шағын бизнес иелеріне субсидия берумен айналысады және мен секілді кәсібін жаңа бастаған жандарға қаржылай үлкен көмек көрсетеді деуге болады. 

Кейіннен мен бір орын таптым. Сол уақытта өзімнің жинаған шамамен 2 млн теңгедей қаражатым болды. Тапқан орынның иесімен кездесіп, жағдайымды түсіндірдім. Содан ол кісі алғашында қолда бар қаражатты алып, қалғанын 7 ай ішінде төлеу керектігін айтты. Мен дереу банкке барып, құжаттарды рәсімдедім. Кейін «Даму» қоры арқылы субсидия алып, орынның иесіне 2 млн теңге қаражатты беріп, кәсіпбімді бастап кеттім. Әлбетте, алғашқы кезде қуанышпен қоса, үрей де болды. Бұл – 2020 жылдың қыркүйек айы болатын. Өйткені мен наурыз айына дейін 10 млн теңгедей ақшаны тауып беруім керек еді. Көп созбай бірден әрекетке көшіп, қызу жұмысқа кірісіп кеттім. Осылайша, 10-ақпан күні қарызды толық өтеп, орынды банк кепілінен шығарып, өз атыма аударып алдым. Аллаға мың да бір шүкір, қазіргі тада сол жерде тігін тігіп, өз кәсібіммен айналысып жүрмін. Алдағы уақытта қаланың оң жағалаудан сол жағалауға көшуді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ мемлекеттен берілетін қаржылай қолдаулар болса, қатысу ойымда бар. 

Көрмелерге қатысып, бұйымдарыңызды көпшілік назарына ұсындыңыз ба?

– Ара-тұра киім-кешектер көрмесіне қатысып тұрамын. Жақында Алматыда өткен отандық тауар өндірушілердің «Ūlttyq önım» көрмесіне қатыстым. Өте керемет өтті. Көрмеге келушілердің назарына заман талабына сай әзірленген қазақи нақыштағы киімдерді ұсындым. Олардың қатарында қыз-келіншектерге арналған көйлектер, ерлерге арналған шапандар бар. 

Бір айта кетерлігі, ұлттық стильдегі киім-кешектерді халықтың қалтасы көтеретін бағада тіккен жөн. Байқасаңыз, көп дүкенде қымбат әрі бағалы тастармен безендірілген көйлектерді сатып алуға кез келгеннің шамасы жетпейді. Елімізде дизайнерлік киім-кешектер не үшін қымбат? Себебі маталар елімізде өндірілмейді. Көбінесе материалдар шетелден әкелінеді. Мәселен, мен де басқа дизайнерлер секілді қымбат матадан киім-кешектер тіге аламын. Бірақ, оны көпшілік сатып ала алмайды. Сондықтан сәл арзандау материал арқылы күнделікті өмірде, той-томалақта киетін киімдерді тігемін. Бүгінде тапсырыстар қала бойынша, республиканың түкпір-түкпірі мен шетелден де түсіп жатыр.

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

- Ұстанымым – адал еңбек - бәрін жеңбек. Менің ойымша, адал еңбек адамды қуанышқа бөлейді және өзіне деген сенімділікке жетейлейді. Әр адам адал жолмен еңбек етіп, табыс тапса, жұмысының жемісін көреді.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Ақкербез МЫРЗАХМЕТ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?