Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Еңбегі 79 жылдан соң еленген хас батыр Ыбырайым Сүлейменов

1387
Еңбегі 79 жылдан соң еленген хас батыр Ыбырайым Сүлейменов - e-history.kz

Екінші дүниежүзілік соғыс ердің ерлігін сынға түсірген уақыт болды. Қан-қасап майданда талай боздақ ажал құшты. Талай адамның демі мерзімінен бұрын үзілді. Аузынан ажал шашқан қаруға қарсы қаншама қазақтың батыр ұлдары қарсы тұрды. Солардың бірі ерлігі көпке дейін еленбей келген хас батыр, құралайды көзге атқан мерген Ыбырайым Сүлейменов болатын.

Ыбырайым Сүлейменов  Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған мергені еді. Оның атынан жаулары да қаймығып тұратын. Ресми деректер бойынша 289 жаудың көзін жойған оның атағы майданның барлық тарапына бірдей таралған. 1943 жылы Невель қаласы үшін кескілескен ұрыста ол 30 дұшпанның көзін жойып, өзі де ерлікпен қаза табады.

Оның ерлігі көпке дейін еленбеді. Тіпті Кеңес Одағының батыры атағы да берілмеді. 

Осыған байланысты Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменов 239 фашисті жойған кездің өзінде-ақ сөзсіз Кеңес одағының батыры болуға лайық еді. Бірақ, сәті түспеді. Ал, 300-ден астам жауды жайпап, ер өліммен өлгеннен кейін де оған батыр атағы берілмеді. Ұсынылып, әлдекімдердің қазақтардан батырларды көбейте беріп қайтеміз деген арам ниетімен өтпей қалды ма, білмеймін... Бар білетінім, соғыста ерен ерлік көрсеткен есіл ер Ыбырайым Сүлейменов батыр атағына ілінбей қалғаны. Мұндай ержүрек сұрмергеннің батыр атағын алмағанына қалай өкінбессің?!» - деген болатын. 

Оның мергендігі туралы: «Қазақта мергеннің екі түрі бар. Бірі көздеп ататын мерген болса, бірі кезеп ататын мерген. Көздеп ататын мерген асықпай атады, кезеп ататын мерген қылт еткенді мүлт жібермейді. Меніңше, Ыбырайым Сұлтан соның екіншісіне жатқан болуы керек», - дейді жазушы, Қазақтанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлы.

Ыбырайым Сүлейменовтың өмірбаяны

Ыбырайым Сүлейменов 1911 жылы Сарысу, Жамбыл облысында туған. Қазақ мергені, 2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы. Сержант. «Халық Қаһарманы» (6 мамыр 2022 ж., қайтыс болғаннан кейін), Ленин (1944, қайтыс болғаннан кейін) және Қызыл Жұлдыз (1943) ордендерінің иегері.

Соғысқа дейін ол тракторшы болып жұмыс істеді, сонымен қатар аңшы болған.

Описание: Ерлігі еленбеген қазақ сарбазы Ыбырайым Сүлейменовтың ұрпақтары лайықты  құрмет күтеді - el.kz

Ыбырайым Сүлейменовтің майданға аттануы

Ол соғыс басталғаннан кейін 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып мергендік сабағынан өтеді. 

Сол мергендік сабағын ала жүріп те оның хас мерген болатыны белгілі болады. Бір күні батальон командирі Ушаков екеуі келе жатқанда командир аяның астындағы қарға жау оғы бұрқ етіп қадалады. Командир оны байқамайды. Сол кезде Ыбырайым командирді денесімен жауып, оны құлатып, біраз уақыт жата тұруын сұрайды. Сөйтіп өзі жау снайперін іздеуге кетеді. Ол бас киімін бұлғап, жау мергені атқан кезде қай жерде екенін біліп алып, дәл маңдайдан қағып түсіреді. Біраз уақыттан соң батальон комисссары Райымжан Әшкеев оған оптикасы жақсы винтовка сыйлайды.

Мылтықты бере тұрып: «Ыбырайым сенің қаруыңның нөмірі 47-ден басталады, ендеше 47 жаудың көзін жоюға міндеттісің!» дегенде Ыбырайым: «Бар-жоғы 47 ғана ма, аз» деп жауап қайтарған екен.

Содан бастап Ыбырайым Сүлейменовтің мергендігі ауыздан-ауызға тарай бастайды. Алғашқы соғысқа кірген кезінде Ржев маңында жаудың 39 сарбазының көзін жояды. Сосын Берски аулына шабуыл кезінде тағы да 15 фашистің көзін жойып, отыздан астам жаралыларды қауіпсіз жерге көшіруге көмектеседі. Осы қызметі үшін «Әскери қызметі үшін» медалімен марпатталады.

№470000 мергендік винтовкасымен Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста 160 жаудың көзін жояды. Сол ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тағады. Дәл осы кезде кеңес әскерінің құрамына мүлт жібермейтін мерген келгенін фашистер де ести бастайды. Оның атын естісе қорқатындай дәрежеге жетеді.

Ол соғыста тек майданда ғана емес, сонымен бірге талантты бірнеше мергенді тағайындаған. Ыбырайым үшін мылтық ату әдеттегі жағдай болатын. Себебі ол қазақ даласында да аңшылығымен көзге түскен, әккі мерген еді. Қазақтың хас батыры бір жылдың ішінде жаудың 239 сарбазын жер жастандырады. Оның ішінде белгілі командирлерде болған. 

Ыбырайымды дуэлге шақырғандай фашист тарапынан бірнеше ең айлакер снайперлер арнайы тапсырмамен оны өлтіру үшін келген екен. Бірақ барлығында да Ыбырайым көзін жойып, дін аман қайтып отырған. Фашистер Ыбырайым бар жердегі майданда соғысудан бас тартқан кездері де болған. Оны бомдалап өлтіру үшін жау талай ұрынғанымен, одан түк те нәтиже шықпаған. Соғыста жүріп үш рет жараланған. Бірақ әрқашан майданға оралып отырған.

Мен фашистерді тоқтатып, жоймасам, олар менің туған Қазақстаныма жетеді

Өкініштісі, батыр жеңісті мамырды көре алмады. Ыбырайым Сүлейменов өзінің соңғы шайқасын 1943 жылдың қазан айында жаудың басымдылық күшімен Невель қаласынан батысқа қарай 173,3 м биіктіктегі Изоча станциясы маңында жүргізді. Бұл жерде жаудың екі шабуылына қызыл әскер тойтарыс берген қиян-кескі ұрыс болды.

Великий Луки маңындағы Ыбырайым Сүлейменов мынадай сөз сөйледі:

«Мен неге мерген болдым? Соғысты Мәскеу түбінде бастадым. Оққа ұшқан колхозшыларды, олардың балаларын көрдім. Адамдар маған фашистердің оларды қалай мазақ еткенін айтып берді. Әр үйден мұңды, қасірет көрдім... Қазір де тыныштала алмаймын... Оны көру маған қиын болды. Сол күндері мерген боламын деп ант бергенмін. Мәскеуді неге қорғадым? Мен қазақпын, менің Қазақстаным Мәскеуден алыс. Бірақ Мәскеу – бүкіл Одақтың астанасы. Ол менің астанам. Сондықтан Мәскеуді қорғадым. Бірақ бұл бәрі емес. Мен фашистерді тоқтатып, жоймасам, олар менің туған Қазақстаныма жетеді деп ойладым. Фашистер жерімізді таптамау үшін тынбаймын. 239 фашистті жойдым. Мен сіздерге басқыншыларға өлім әкелуге шақырамын», - деді батыр.

Онымен иық тіресе соғысқан атақты пулеметші Мәншүк Мәметова сол қапталда орналасты, ол оң қапталдағы үш окопта жалғыз өзі шайқасты. Қорғаныс кезінде ол жалғыз өзі 12 фашистті жойып үлгерді. Үнемі бір окоптан екінші окопқа ауыса отырып, окоп алдына қойылған қарудан оқ жаудырды. 

Фашистердің екі рет шабуылынан кейін кеңес жаяу әскерлерінің оқ-дәрілері таусылып, шегінуге бұйрық түсті.

Мәншүк Мәметова екеуі саптағы сарбаздарды шегіндіріп, ұрыс алаңында қалады. Біраздан соң қазақтың батыр қызы жау оғынан мерт болады. Сол кезде алға ұмтылған Ыбырайым Сүлейменовті де дұшпан оғы ажал құштырады.

Ұрыс аяқталғаннан соң Ыбырайым айналасындағы қарулардан бірде-бір оқ табылмаған. Есесіне жанжағында жаудың 30 әскері жайрап жатқан.

Осы шайқасы үшін Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменовке қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілетін болған. Армия мен майдан ұсыныстарды мақұлдаған. Бірақ, өкінішке қарай, Мәскеу басқаша шешті. Нәтижесінде ең жоғары марапатты Мәншүк Мәметова ғана алса, Ыбырайым Сүлейменов Ленин орденімен ғана марапатталды.

Әділет қанша жыл өтсе де қайтадан орнады. Тек былтыр, 2022 жылы 100-бөлек атқыштар бригадасы атқыштар батальоны 2-бөлімшесінің мерген-бақылаушысы Ыбырайым Сүлейменов Халық Қаһарманы атағы берілді. Оны Ел президенді Қасым-Жомарт Тоқаев батырдың қарындасы Айткүл Сүлейменоваға тапсырды.

«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын» делінген Жарлықта.

Описание: Президент "Халық қаһарманы" атағы берілген үш майдангердің ерлігі туралы  айтты | Inbusiness.kz

«Ағам сыпайы, инабатты, ақкөңіл, кішілерге қамқор болатын. Әкем мен ағаларым оның мылтықтан құралайды көзге ататын мерген екенін жиі айтатын. Бұл оған майданда көмектесті. Ол әскерге алынғанда мен небәрі алты жаста едім. Дегенмен сол күн есімде. Ибраһим лайықты болуға, жақсы жұмыс істеуге және жеңіспен оралуға уәде берді. Өкінішке қарай, оралмады. Бірақ мен әлі де оның жеңіске жетіп, көпшіліктің жадында және жүрегінде қалғанына сенемін. Мен ағамның жоғары наградасын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алғаныма өте қуаныштымын», – деп еске алады батырдың қарындасы 86 жастағы Айткүл Сүлейменова.

Бүгінде Таразда мектеп пен көшеге Ыбырайым Сүлейменов есімі берілсе, 2015 жылы қалада батырдың ескерткіші бой көтерді.

Бастапқыда Невельск ауданы, Зайванье ауылында жерленген, соғыстан кейін Невельдегі мемориалдық кешендегі кеңес жауынгерлерінің жаппай зиратында қайта жерленді.

Ғасырлар өтсе де Ыбырайым Сүлейменов сынды батырлар есімі ел есінде қалары сөзсіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?