Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көгедай сұлтанның туғанына 250 жыл

2496
Көгедай сұлтанның туғанына 250 жыл - e-history.kz

ХҮІІІ ғасырдың ортасында Жоңғария хандығын Цинь империясы әскері біржола талқандап құртып жіберді. Тарихтағы тұтас халықты түгелге жуық қырып жіберген ірі геноцидтердің бірі болған бұл жорықтан кейін ұланбайтақ өңір толыққа жуық иен қалғаны айтылады. Бұл жерлер – бір заманда қазақтардың мекендеген атамекені болатын. «Қазақстан тарихы» академиялық жинағының 3-томында былай деп жазылған: «Жоңғар мемлекетінің құлауы аймақтағы саяси жағдайды түбірімен өзгертті. Қазақтың Орта жүзі мен Ұлы жүзі Қазақстан жөнінде де басқыншылық жоспарлар жасаған орасан зор агрессияшыл Цин империясымен бетпе-бет қалды». Расымен де Жоңғария мемлекеті қазақтар мен Циндік Қытай арасында буферлік рөл атқарып тұрған болатын. Бұдан былай Цинь империясымен тікелей қарым-қатынас жасауға тура келді. Ойраттармен, олардың кейінгі құрамасы жоңғарлармен ғасырлар бойғы арбасу, шайқасулардың соңғы кезеңінде тарих сахнасына шыққан Ер Жәнібек Бердәулетұлы Жоңғария құлаған тұста өзінің соңынан ерген жұртымен бірге Қарқаралы мен Шыңғыстау аралығында мекендеп жүрген болатын. 

«Ел өседі, жер өспейді» дегендейін, Жоңғария құлағаннан кейінгі біраз тыныштықты жылдар ішінде қазақтардың малы мен жаны өскен себепті, өріс-қоныс, жайылым тарлық ете бастады. Осы себептен қалың ел шығысқа қарай лықсып көше берді. Жоңғария күйрегенімен оның орнында аз да болса, қалдық жұрты бар еді. Әрі 1771 жылғы Ұбашы бастаған Еділ қалмақтарының қазақ жерін көктей өткен «шаңды жорығы» нәтижесінде біршама ел ата-бабасының байырғы мекеніне жеткен еді. Қазақтар өздерінің атамекені деп танитын Іле, Тарбағатай, Алтайға көшіп барып иемденгісі келгенімен, Цинь билігі бірден рұқсат бере салған жоқ. Қазақтармен ашық дипломатиялық саудаға көшті. Жоңғар көшпелілерінен құтылған циньдер дәл сол сияқты жауынгер де көшпелі халықты өздері үлкен күшпен босатқан өңірге мекендетуге құлықты болмады.

Қазақстанның Циньдік Қытаймен қарым-қатынасы маңызды арнада өрбіді. Шығыс пен оңтүстік шығысқа беттеген қазақтар өздерінің ата-бабалары бір замандарда иеленген кең қонысты жайылымдарды, әсіресе Ертіс пен Іле аңғарларындағы және Тарбағатайдағы бай жерлерге көшіп барып мекендеуді мұрат етті. Ал циндер болса тек Жоңғария, қазіргі Шыңжанның ғана емес, бұрынғы Жоңғарияға қараған өңірлердің барлығына ие болуды көкседі. ХҮІІІ ғасырдың елуініші жылдары соңында бұл проблемалар негізінен дипломатиялық жолмен шешілді. Сөйтіп қазақтар шығыс бағытта қазіргі Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының аумағына дейін жетті. Мұнда да жер мәселесі өткір болатын. Он екі рудың билері мен батырлардың жиынында бұл кезеңде қартаюға беталған Ер Жәнібек батыр Бердәулетұлы былай деп өсиет айтқан екен:

- Мына жақта орыс бар,

Қызыңды берсең қоныс бар,

Ағайындар біліп қал!

Мына жақта қалмақ бар,

Басыңды кесіп алмақ бар,

Барлықтарың есіңе ал!

Мына жақта қырғыз бар,

Жүрегінде бір мұз бар,

Бұны дағы біліп қал!

Мына жақта қытай бар,

Ырысы бар, құты бар,

«Ұзын етек, кең қолтық»,

Осы жағын ойлап қал! – 

деп айтқан делінеді. Қытайды «ұзын етек, кең қолтық» деуін біз жоңғардан қалып тусырап жатқан ежелгі жерге елді жеткізуге үміттендіру немесе кейінгі дәуірлердің қоспасы деп білгеніміз дұрыс болар. Қалай болғанда да қазақтар кешегі Жоңғариядан қалған, бүгінгі Цинь империясы бауырға басып отырған ежелгі жерге барып күл төгуді мақсат етеді. «Судың басын алмай, толық қоныс болмайды», - дейді, Ер Жәнібек. Осылайша аз жылдың ішінде түрлі жағдайлармен Ертістің басына қарай өрлеп көшкен жұрт Цинь иелігіндегі ежелгі жердің сай-саласын толтыра бастады. Мұндағы жұрт шұбыра көшіп жеткен қазақтарды өздерімен терезесін теңестіре қойғысы жоқ еді. Оның себебі, ғасырлар бойы қалыптасқан Дала заңы бойынша кез келген көшпелі қауымның айналасындағы жұрттар нақты мойындайтын көшбасшысы, анығын айтқанда билеуші төресі болуға тиіс еді. «Қазақтар дала мемлекеттілігінің дәстүрлерін сақтап қалды және Шыңғысхан ұрпақтарының әрбір ықпалды сұлтанының бір ұлысты билеу жөніндегі орныққан құқықтарын теріске шығармады. Қазақтардың ХҮІ ғасырдағы әкімшілік-саяси құрылысын Ибн Рузбихан белгілі бір әр ұлыста толық билік жүргізетін сұлтаны бар, ол өз халқымен бірге белгілі бір жерде, «байырғы жұртында» жүреді деп сипаттайды. Ұлыстарды басқару сұлтандарға ұлыс адамдарына әскери-саяси билік етуге де, іс жүзінде жайылымдарды, су көздерін және т.б. билеп төстеуге де құқық беретін еді». Осыны негізге алған абақ керейлер айналасындағы қазақ рулары мен ұраңқай, торғауыттар санасатындай ел болуы үшін өздерін билейтін төре іздеуге кіріседі. Бұл жөнінде «Ер Жәнібек» фольклорлық дастанында мынадай жағдай баяндалады:

Бекіді, төре іздеуге дайындалды,

Қай жерде кім барлығын оймен шалды.

Тұратын Сарыарқада Әділ төре,

Содан барып алуды бәрі ұйғарды.

Ол төре келді дағы қайқаңдады,

Халықтың бола алмады майталманы.

Ел ісі, дау-шарлары келсе алдына,

Оған бір жөнді билік айта алмады.

Ұлы Даладағы басқару билігі туралы заңға сәйкес елге төре билік жүргізуге тиіс болды. Дегенмен төрелер арасынан көбінесе баршамен тіл табыса білерлік ақыл-парасатымен, өзге жұртпен ырғасып-шендесер тұстағы сұңғыла шешендігі мен көрегендігі, жау-жар жағадан алған қысылтаяң шақта халқына қорған болып қол бастар ерлігімен ерекшеленген ақсүйек ұрпағына ел бастатуды қазақ құмбыл көрген. Алғашқы аттаныс сәтсіз болған керейлер тағы да төре іздеп шығуға шешім қабылдайды. Бұл жөнінде танымал тарихшы Асқар Татанайұлы былай деп жазған екен. «XVIII ғасырдың екінші жартысында Шыңғыс тауынан қоныс аударып, Қалба тауына орын тепкен Абақ елі бұл жерде көп жыл тұрды. Көршілес монғолдардан басқа Найман, Уақ, Арғын руларымен жер дауы, жесір дауы, құн дауы тағы молаяды.

Қалбаны бұрыннан мекендеп келген ел, «көмген іргесі, орнатқан ошағы жоқ, ырықты төресі, күл төгер төбесі жоқ, жан-жақ күмәнға толмайды», - деп тойтара береді. Бұл кезде керейде төре жоқ еді. Керей бір жағынан басқа рулардан қақпай көреді екен. Енді бір жағынан Жәнібек батыр қартайып, елін біріктіріп, басын құрасқан Байтайлақ батыр қайтыс болады. Сөйтіп 12 Абақ бірдей бағынып, бойсұнатын, сырт ел құрмет ететін басшы керек болады. Осыны ойлаған Жәнібек батыр Керей баласын шақырып кеңес құрып, ел айтқанына көнетін хан ұрпағынан төре сайлап алуға кіріседі де, 1784 жылы Қазыбектің үлкені Тауасар би бастаған он жеті адамды Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз төренің ордасына аттандырады».

Тағы да жүрмек болды төре іздеп,

Белгілі нысаналы жерді көздеп.

Әбілпейіз төренің бір баласын,

Әкелуге қосылды бәрі «е» деп.

Баруға адам сайлап дайындалды,

Ат-азық, тігетін қос – бәрін алды.

Жәнтекей Қазыбектен Тауасар би,

Баруға басшы болып ұйғарылды.

Бұл аттаныс – аса ұзақ сапар емес еді. Осы жолы төре боларлықтай адамды тауып алмаса жағдай қиынға айналатын еді. Торғауыттар болса, керейлердің ресми мойындалған төресі болмаған жағдайда мәнжі билігінің күші арқылы бұл өңірден қуып шығатынын қатаң ескертеді. Ер Жәнібек бастаған ел қысылтаяң күйге түседі: 

Тағы ол жалғастырды сөздің артын,

Керейге торғауыттың қойған шартын.

Иесіз елде еркіндік болмайды екен,

Байқасақ істің артын, сөздің нарқын.

Осылайша Қазыбекұлы Тауасар би бастаған ел Әбілпейіз ордасын бетке алады. Әбілпейіз сұлтанның ордасы бұл кезеңде Шыңғыстау төңірегінде болғаны белгілі. Әбілпейіз сұлтанның өзі де отыз жылдан астам уақыт бұрын найман руының үлкен бөлігінің игі-жақсыларының Әбілмәмбет ханнан қалап алуымен осы өңірге келіп билік құрып, қанат жайған еді. Әбілпейіз сұлтанның найман қаракерейлерге басшы болып 1748-50 жылдары келгендігі және Түркістанға барып алып келгендердің басшылары Би Боранбай, Ботақара батыр, Сырымбет би, Қыстау би, Толыбай билер екендігі және алғашқы қонысы Шыңғыстаудағы Қызылшілік, Байқара бидің ауылы болғандығы тарихи дереккөздерде айтылады.

Найман руының бір бөлігінде билік құрып отырған Әбілпейіз сұлтанның әйелдері, балалары туралы дастанда мынадай дерек берілген:

Әбілпейіз төреде үш әйел бар,

Емес-ті сол бір тұста балаға зар.

Бір-бірлеп олардың біз атын айтсақ,

Айкүміс, Шаған және қыз Тұмарлар.

Үлкен екі әйелдің балалары,

Үйленіп бөлектенген аралары.

Тұмардың балалары жастау болып,

Алды жеті, арты үш шамалары.

Бұл – нақты дереккөздермен, шежірелермен дәйектелетін тарихи шындық. Қуан Төкейұлының«Қазақ хандарының ұрпағы төрелер шежіресі» атты кітапта мынадай дерек бар: «1760-жылдары қазаққа Шыңғыстаудан асып, өрісін әлдеқайда кеңейтуге мүмкіндік туған. Сөйтіп алысқа қарай көшкен ел «төресіз ел болмайды» қағидасына бас ұрып, ел билеушілерден төре алып келуді жөн көрген. Мұндай төресінен алысқа көшкен елдің бірі абақ керейлер болатын. Алдымен керейлер Көшек ханның ұлы Әділ сұлтаннан бір ұлын алдырып, белгілі бір себептермен одан бас тартады да, Әбілпейіз сұлтанға жүгініп, Көгедайды әкелген. Абақ керейдің он екі атасынан он екі атқа мінер, атшы, қосшы, қазаншылары бар елуге жуық адам Әбілпейіз сұлтанға барыпты. Оларды бастап келген басшысы – жәнтекей ішіндегі сүйегі қазыбек, әрі батыр, әрі би Тауасар деген кісі. Әбілпейіз балаларының ішінен таңдауды билерінің өздеріне ұсынған соң кісілер бір ай жатып, балаларды бақылаған. Бір күні Тұмар ханымның үйіне келсе, төсекте үш ұлы ұйықтап жатыпты. Сөйтсе Көгедай шалқасынан жатып, екі жағына екі інісін құшақтап жатыр екен. Бұл кезде Көгедай жеті жаста, Сәмен бесте, Жабағы үшке енді толған. Мұны көрген билер: «Мынау құшағы кең, мейірімі мол, көпшіл болады екен. Оның үстіне сәби ұя бұзбайды. Ақылдан шықпай аузымызға қарайды, осыны алайық», - деген шешімге келген». 

Тауасар би Қазыбекұлы бастаған керей би-батырларының жолы болып, 1784 жылы (кей деректерде 1785 жылы) Көгедай, Сәмен, Жабағы төрелерді еліне алып қайтады. «Тұмардан туған үлкен ұл Көгедайды өз салттары бойынша ақ текеметке салып көтеріп, өздерінің әмір иесі бастығы етіп, хан көтерген екен. Содан бастап абақ керейдің қаймағы бұзылмай, толықсып өсе беріпті, өсе беріпті, мол ел болыпты. Керей елінің Алтайға келіп орналасқанына ұзын уақыт болмағандығы, елдің ым-жымы әлді де бірдей болып кетпегендігі, сыртқы жауапкершілік қаупінің қашанда ертелі-кеш туылу мүмкіндігі бар екендігі үшін «алдыңғы шеп, қатер көп, ханның көз қырын сала жүруін қолға келтіру бәріне дөп!» - деп ойлаған Жәнекең батыр Көгедайды Ежен ханға жіберіп, кепілдік мөрін алуды ойлапты», - дейді Асқар Татанайұлы өз жазбасында. Көгедай гүң керей руының билігіне отырғаннан кейін біраз жыл өткенде сұлтанның билігін Манж-Цинь елінің императорына жолығып бекітудің қажеттілігі анық сезіле бастайды. Себебі Көгедайға қараған елдің жайлап-қыстап жүрген жерлері ресми Цинь империясына қарайтын еді. Осы жауапты сапарға шығу үшін ақылдасқан билер мен батырлар өз арасынан төрт мықты адам таңдап алынып, оларға арнайы серік, атқосшылар белгіленіп, императормен жолығу үшін аттанады.

Барлыбай, Шұбаш ерген Көгедайға,

Жанторы, Байқан да бар осы жайда.

Көгедай ежен ханнан «гүң» шен алып,

Ұқсаған абақ елі туған айға.

...Көгедай осылайша ханға барды,

Қабылдап хан бұларды күтіп алды.

Қайтарды шен, дәреже сыйлық беріп,

Көгедай – гүң болсын, - деп, үшеуі – амбы.

Манж-Цинь императорына жолығып, билігіндегі елдің аумағын картаға түсіртіп, Көгедайға гүң лауазымы берілгені, Бейжіңге тура қарайтыны, төлейтін салығы туралы мәселелердің бәрін айқындатып оралады. «Цянлунь патша аты-жөнін, он екі абақ елін, Алтайдың күн бетінен Жайсаң көлінің жағасында дейінгі мекен жерін даңсаға алып, Көгедайға «гүң» деген гауһардан қос көз орнатқан жағалы, таңбалы шен беріп қайтарады», - деп жазады ұрпағы Меллетхан Әленұлы. Осылайша Көгедай гүң өзіне қарасты елдің заңды түрдегі толық билеушісі болады. Бұдан соң Көгедай гүңге қараған ел айналасындағы рулар мен торғауыт, ұраңқайлардың түртпегінен құтылады. Цинь империясына жылына арнайы салық беріп тұратын болады. Ер Жәнібек батыр Көгедай Бейжіңнен оралғанда:

Жігіті бар ел жаудан қорықпайды,

Шешені бар ел даудан қорықпайды.

Төресі бар ел ханнан қорықпайды,

Орның болды кемелді,

Керей енді теңелді, - 

деп бұл сапарға лайықты бағасын береді. 

1773 жылы (кей деректерде 1772 жылы) өмірге келген Көгедай Әбілпейізұлы осылайша он екі жасында абақ керейге жингогүң (толық білікті гүң) шенімен төре болды. Мұнда ол отыз тоғыз жыл билік құрады. 1791 жылы Бейжіңге барған сапарында Көгедай сұлтанның жиңгогүң шенімен қатар, інілері Сәмен мен Жабағыға фугогүң, яғни көмекші (орынбасар гүң) шені беріліп, олар да руларды басқарған. Көгедай гүңнің тұсында мамыражай тірлік кешкен елдің мал-басы қаулап өседі. Елдің алды ежелгі жерді түгелдей иелену үшін ілгерілей түседі. Сөйтіп қазіргі ҚХР-дың Алтай аймағы аудандары шегіне жетеді. Ел аузынан жеткен аңыздар мен өзге де жазбаша деректерге қарағанда Көгедай гүң Әбілпейізұлы, жоғарыдағы Тауасар бидің жорамалына сәйкес, қарамағындағы халқы үшін қолайлы, жағымды билеуші болған екен.

Осы ретте ескеретін жағдай: Көгедай гүң Мәнжі-Цинь императорына жолығып, тұрақты, алаңсыз мекендеуге рұқсат алған ұланбайтақ өңір ХІХ ғасыр жүзінде қуатты Ресей патшалығы мен Цинь империясы ортасында бөліске түсті. Бұл – Көгедайдың мирасқор ұрпақтары Ажы гүң тұсында болған тарихи кезең болды. Бұл турасында аз-кем тоқталып өту орынды болмақ. 

Ресей мен Мәнж-Цинь арасында 1860 жылы шекара сызығы бойынша «Бейжің келісімі» жасалады. Бұл келісім бойынша Патшалық Ресей мен Мәнж-Цинь империясы арасында шекара межесі белгіленді. 1864 жылы қазан айының 7-сі күні Ресей мен Қытай арасында «Шәуешек келісіміне» қол қойылды және зерттеушілердің айқындауынша бұл құжат кейіннен қазіргі Қазақстан мен ҚХР арасындағы шекараға негіз болған. Тоғыз пункттен тұратын бұл құжаттың бірінші пунктінде былай деп көрсетілді: «Шабин даба шекара белгісінен бастап, алдымен шекараны батысқа қарай жүргізу, одан соң Саян жотасын бойлап оңтүстікке қарай; Танну-Ола жотасының батыс сілеміне жету; Сайлюгем жотасын бойлай оңтүстік батысқа қарай бұрылу, ал Үлкен Алтай жотасымен  Куйтун тауынан батысқа қарай жүргізу. Зайсаннор көлінен солтүстікте орналасқан, екі Калгуты (қытайша – Халюту) өзеннің ортасында, жатқан тауларға жетіп, оңтүстік-батысқа бұрылу және аталған тауларды бойлай отырып шекараны Зайсан-нор көлінің солтүстік жағалауында орналасқан Чакильмес тауына әкелу. Осы арадан оңтүстік шығысқа бұрылыс жасап, шекараны Зайсан-нор көлінің жағасымен және Қара Ертіс өзенінің жағасымен Маниту-Гатулхан бекетіне жеткізу.

Екі мемлекеттің ортасындағы шекара межесін белгілеу үшін, осы кеңістіктегілердің барлығына суайырығын негізге алып қабылдау, яғни өзендердің бәрі оңтүстіктен шығысқа қарай ағатын болса, Қытайға межелеу, ал өзендері солтүстіктен батысқа қарай ағатын барлық жерлерді Ресейге межелеу». Екі мемлекет осылайша жерді бөліске салды. Бұл межеде –ХҮІІІ ғасырдағы Көгедай гүңге қараған жұрттың мекені де енген еді.

Аталған келісімнің 5-пунктінде жер-суды мекендеген адамдар туралы мынадай шешім қабылданды және ол бұдан былайғы құжаттарда да жалғасын тауып орындалып отырды: «Бұл шекара айқындау, екі мемлекет арасындағы ізгі келісім үшін жасалды, сондықтан екі мемлекеттің айқындалған шекарасын бойлай тірлішілк ететіндердан болып даулардың туындауын болдырмас үшін, оларға осы хаттаманы қабылдау күні негізінде айырбас мүмкіндігі беріледі, яғни күні бүгінге дейін өмір сүріп жатқан аталаған халықтар сол жерлерінде қалып, өздеріне берілген өмірлік қажеттіліктерді пайдалана отырып бұрынғыша өмір сүре береді және бұл халықтардың көшіп-қонатын жері қай мемлекетке тиесілі болған болса, адамдар жерімен бірге сол мемлекеттің қарамағына өтеді және сол мемлекеттен басқарылады. Және осыдан кейін кім де кім қазіргі тұрғылықты жерінен келесі жаққа өтетін болса, олар кері қайтарылсын және шекарадағы абыржулар мен екіұштылық тоқтатылсын». 

Бұдан соң 1869 жылғы «Қобда хаттамасы», 1870 жылғы «Тарбағатай демаркациялық хаттамасы» және «1881 жылы Петербург келісімі» арқылы ежелгі қазақ жері бөліске түсіп, нақтыланып отырды. Бұл келісімдер өз кезегінде Кеңес Одағы мен Қытай Республикасы, Кеңес Одағы мен ҚХР, Қазақстан мен ҚХР арасындағы шекара келісімдеріне негіз болды. Үстем империялардың арасында күшіне енген бұл құжаттар мен олардың негізіндегі іс-әрекеттер ондағы мекендеуші байырғы халықтың пікірімен келісімінсіз, санасусыз жүргізілді. Себебі, «Шәуешек келісімі» Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Тянь-Шань, Памир таулары мен Ертіс, Іле өзендерін қиып өткен шекара сызығының бойындағы бір әулет, атаның балаларына берілген таңдау – не арғы бетке өту, не бергі бетте қалу ғана болды. ХҮІІІ ғасырда өз иеліктерінің аумағын ұлғайтып, сол дәуірдегі өктем патшалықтардың билеушілерімен тіл табысып, бұқара жұртын құтты қонысқа бастай білген ел басшыларының, батырлар мен билердің күш-жігері арқасында мекен болған байырғы жердің үлкен бөлігі ұлтымыздың бағына қарай Атажұрттың аумағында қалды. «Шеткі үй көшсе, ортаңғы үй шеткі болады» дегендей, қазіргі Қазақстанның шеткі шекаралық облыстарының көбісі – кезінде жат қолында қалған қазақ жерінің шеткі аумағы. Қазақстанның шығыс бөлігіндегі қазіргі Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының ҚХР-мен шекаралас бағыты туралы осыны айтуға болады.

Әкесі Әбілпейіз сұлтан сияқты, жаңа ортаға келіп, ұрпақ жайып, ел билеген қайраткер тұлға болған Көгедай төренің өмірден өткен жылына байланысты 1822, 1823, 1824 жыл деген үш түрлі цифр айтылады. Қалай болғанда да 1823 жылдың арғы-бергі жағында қазаға ұшыраған. «Қазаға ұшыраған» деуіміздің мәнісі – көшпелі қазақ қоғамындағы кең тараған жылқы қуу (ұрлық, барымта) – Көгедай гүңнің мезгілсіз өмірден өтуіне себеп болған. Көгедай аулына түнде тұтқиылдан тиген барымташылар жылқы қуалай жөнелгенде, ауыл жігіттерімен бірге атқа міне салып соңынан қуа келіп араласқанда, сойылға жығылып жараланады. Осы жарақат асқынып қаза болғанда Көгедай төре 49 жаста екендігі айтылады.

Көгедай гүңнің қапия өлімінің соңы ел ішінде үлкен дауға айналып, ақыры «Жеті жарғы» заңы бойынша жеті адамның құны төленіп, бітімге қол жеткізілген екен.

Жетісінде бас болған,

Жетелі, дегдар қарағым.

Бірін ала көрмедің,

Абақтың күллі жаранын.

Құты едің еліңнің,

Сайыпқыран сабазым, - 

деген, сексен жеті жастағы Нұрбала атты ана шерлі жоқтауы жеткен екен. Көктегіай төренің бес күндік жалғанда көрер дәм-тұзы осылайша таусылыпты.

Көгедай гүңнің жерленген жері – Зайсан көлінің оңтүстік-шығысындағы, Кендірлік өзені бойында, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы, Сарытерек ауылдық округіндегі Көгедай төренің атымен аталған ауыл аумағы. Өз дәуірінде жастайынан ел басқару ісіне кірісіп, халқының аманатын арқалап Мәнжі-Цинь императорына жолығуға аттанып, қазақ әлемінің ежелгі жерге қанатын кеңінен жаюына өмірін арнаған Көгедай сұлтанның елеулі еңбегін ескере отырып, басына лайықты күмбезді кесене орнату – кезінде қамқорлығындағы қарашысы болған қалың жұрт он екі абақ баласы үшін парыз деп білеміз. Ру-ру, ата-ата болып, батырлар мен билерді түгендеп, кесене орнату, тас қою үрдісі жолға қойылған қазіргі кезеңде бұл ісі Көгедай гүңнің бес ұлы ішінде ерте өлген Тышқанбайдан өзге Ажы (Жанғазы), Әдеке (Әділғазы), Солтеке (Солтанғазы), Тәтен (Тәтенғазы) сұлтандардан тараған ұрпақтардың ғана атқаратын ісі болмаса керек.

Қазақ жерінің керегесін кеңейтуге бар ғұмырын арнаған мәмілегер, саясаткер сұлтан Көгедай Әбілпейізұлының туғанына 2023 жылы 250 жыл толып отыр. «Ештен кеш жақсы» дегендей, ел іргесін бекіту, еңбегі есте қалған елеулі тұлғаны ұлықтайтын игілікті, ізгі іс-шаралар жергілікті, аудандық, облыстық, мемлекеттік, халықаралық ауқымда ұйымдастырылып жатса құба-құп. Туған, өмірден өткен уақытына қатысты бірер жылдық ауытқуларға қарамастан Көгедай сұлтанның есімін лайықты деңгейде дәріптеуге қатысты кешенді іс-шараларды жүзеге асыратын ынталы адамдар, лауазымды тұлғалар, қалталы азаматтар үн қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұрпаққа үлгі, елге өнеге боларлықтай іс тындырылады деп сенеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?