Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Жолаушымен» танысты

1279
«Жолаушымен» танысты - e-history.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын Салтанат Мадиярқызының «Жолаушы» кітабының лентасы қиылды. Кітаптың таныстырылымына негізінен жастар жиналды.

Салтанат Мадиярқызы ерекше мінезді өлеңдерімен елең еткізген жас. Өлеңдері республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жарық көрген, "Жаңа ғасыр әуендері" атты жас ақындар антологиясына енген. 2021 жылы "Шахмат" атты тұңғыш өлеңдер жинағы шықты. Республикалық мүшәйралардың жүлдегері, Әділ Ботпанов атындағы әдеби сыйлықтың иегері.

Салтанаттың Түркиядан келген беті екен. Кездесуде автор өзін еркін ұстап, шешіле сөйледі. Түркиядағы апат кезінде сол жақта болғандықтан сол сәтте не сезінгенін, не түйгенін, кітабын қысқа уақытта қалай жазғанын, оған не түрткі болғанын баяндап берді. Алыста жүргенде өз елінің байрағын қалай сағынған аңсарын, сұратып алғандағы, қолына көк байрағы тигендегі қуанышын жеткізді. Салтанатқа оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтардың көбі Түркиядағы зілзалаға қатысты болды.

 Жаңа  кітап автордың «Жолаушымыз» деп аталатын өлеңімен басталады.

 

 Мұң жебесімен жаралап кеткен,

Сағыныш сүйген мерген күз.

Екпенің бәрін уақыттан алып, 

өкпенің бәрін көмгенбіз.

Күдікті жеңіп, бақытқа нанып, 

үмітке аппақ ергенбіз,

Егіліп, сеніп, жеңіліп, жеңіп

Өмірде «өмір» көргенбіз...

Азабын қойшы, көрмеген кімдер?!

Мазағына да көнгенбіз.

Ғажабына да сенгенбіз!

Сынақ деп үлкен, қонақпыз жүрген

Қайту үшін келгенбіз.

«Жолаушы» өзі шағын болғасын тез, жеңіл оқылады.  «Жолда» деген шағын дүниесі бір қарағанда кәдімгі сұхбат секілді көрінгенімен, автордың ішкі әлемінен, осы кезге дейінгі жүріп өткен жолынан хабар береді. Мұны оқып отырып Есенғали Раушановтың «Тағдыр – бір ақынның маңдайына жеткілікті бақыт» дегені еске түседі. Салтанат – тағдырлы ақын. Тағдырын ішкі қуатын әлсіретпей басын тік көтеріп қарсы алған, алға ұмтылу үшін жанының қалтарысынан бір күш тауып, әр сәтінен, өмірдің әр мезетінен ой үзіп, жанын толқытып өлеңге айналдырып келе жатқан қайсар қыз.  1996 жылы Түркістан облысы, Сарыағаш қаласында дүниеге  келген Салтанат Төле би ауданындағы мектеп-интернатта оқып, Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжді, Шымкент қаласында Жібек жолы (SilkWay) халықаралық университетін экономист мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын отандық өндіріс компанияларында бухгалтерлік қызметтен бастаған. Дегенмен, Салтанаттың «Тағдыр», «Кофехана», «Күзгі жауын», «Мораль» атты шағын әңгімелерінен автордың өз өмірінен сыр ұға отырып, психолог па деп ойлауға болар еді. Салтанаттың бұл дүниелерін новелла деуге бола ма, білмедік, мұнда дамып, өрбіп  жататын оқиғалар болмаса да автор әлеуметтік тақырыпты көтере отырып, біреудің аянышын туғызайын деп немесе рух берейін демейді, қоғамның мүмкіндігі шектеулі адамдарға көзқарасы әртүрлі жағдайларда қалай көрінеді, сол туралы шынайы сөйлейді. Мысалы, «Тағдырда» мүгедектер проблемасы айтылады. Дені сау адамдар біле бермейтін, өз басына түспегесін де соншалық мән бермейтін қаншама жағдайлар бар... 

Қандай жағдайда да адам жүректегі жылуын, мейірімін жоғалтпауы тиіс. Әр түйінінде өмірдің әр сәтін және адамды қадірлеуге қатысты ой көрінеді. Дүниеге жанымен ашық қыз. Өмірге құштарлығы сезіледі. Ол өзінің осы әрекетімен соған көзімізді жеткізеді. Дені сау адамдар өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланбай өзіне шектеу қойып жататынын байқамайтыны да рас қой. «Мораль» әңгімесінде алдыңғы буын мен кейінгі буын арасындағы ой, мінез ерекшелігі, пікір қайшылығы көрініс тапқан. «Сендердің орындарыңда болсам» деп бастап, ұзақ сөйлейтін адамдар туралы да ойладым. «Егер менің бір сағаттық өмірім қалса мен ештеңе жасамас едім ау?Маған қайта бір өмір берілсе, жасаған қателіктерімді де өкінішсіз қайталар едім» дейді автор. Кофехана әңгімесі мөлтек сыр дер едік. Салтанат өзінің құдай туралы ойларын ірікпейді. «Терезе жақтағы орынға жайғасып, кофемді күтіп отырмын. Бәлкім, құдайды да. Оның менімен бірге екенін білсем де бүгін менімен кофе ішетінін я ішпейтінін нақты білмеймін. Соңғы кезде адамдардың өзін бағалауы төмендеп кеткенін байқап жүрмін. Құдайдың өзі күллі жаратылыстың ішіндегі ең көркем етіп, махаббатпен жаратқан адам баласы өздерін тым төмен бағаламаса деймін. Құдай сіздерді жақсы көреді, адамдар. Құр сүлдер сүйретіп уақыт өткізбей, әр сәтті бағалап, нығметтің қадірін біліп, бүгінмен өмір сүрейікші» деп адамдарға хат жазғым келеді кейде». 

Кітаптың «Сөз соңындағы» мына бір жолдарынан кейін өзің де оңашада ой кешкің келер еді.  «Бала кезден жолда көп жүрем. Ұзақ жолдарға тек бір сөмкемен шығамын. Сапар барысында ұнатқан дүниелерімді алмаймын. Себебі, сөмкемде ең керек деген заттар ғана бар, артық орын жоқ. Бірдеңе алғым келсе рюкзактан нені тастап кетуге болатынын ойлаймын да, алам деген затымнан бас тартамын. Біз жолаушы қанша қызыққанмен, алып кетуге кішкентай ғана «рюкзагымызға» сыймайтын дүние көп. Әр сәттен сәуле көріп, әр күннен мән тауып, кезіккен адамдардың жақсы жақтарын көріп жүріп жолымызды жалғастырамыз» дейді Салтанат. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?