Екі-үш күннен бері Амантай Әліханұлы ағамыздың Баян-Өлгийдегі қазақ тілінің ахуалы туралы осы сұхбаты Монғолияда тұратын және Атажұртқа көшіп келген қазақтар арасында әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.
Жұртшылықтың бір бөлігі: "Бұл - жалған мәлімет. Баян-Өлгийде қазақтың білі, салт-дәстүрі тамаша сақтаулы қалпында. Осылай бола береді. Мұндай мәлімет таратқанына ренжуліміз", - десе енді бір бөлігі: "Иә, тіл проблемасы бар екені рас. Тіліміз шұбарланып бара жатқаны да рас. Сұхбат беруші туған жеріндегі ана тілінің болашақ ахуалына жаны ашығандықтан айтып отыр", - деген пікірге келіп отыр.
Иә, бұл жердегі бір түйткіл - "елу пайызы монғолша" деген сөзде болса керек. Сұхбат берушінің айтқысы келгені - көшеде сөйлеп бара жатқан жастардың сөзінің елу пайызы шұбарланған деген болмаса, әрбір екі адам монғолша сөйлейді екен деген ұғым тумауы тиіс. Себебі, Баян-Өлгийдің тоқсан пайыздан астам халқы қазақ болғандықтан, ол жақта монғол тілді орта жоққа тән. Бұған үш ай бұрын сол жақта болғанда тағы да көз жеткізгенбіз. Аймақ әкімшілігі ғимаратының ішінде де ресми жиналыстардан өзге қарым-қатынас негізінен қазақ тілінде жүрілетінін көрдік. Ал көшеде, дүкен мен базарларда, мәдени орындарда қазақ тілі үстемдікке ие.
Ал Амантай ағамыз айтқанындай, тіл шұбарлығы - әрине бар. Монғолиядағы қазақтар кемі бес ғасырдан бері батыс монғол тайпаларымен бірде қату, бірде тату көршілес өмір сүріп келеді. Осы өлкеде ресми тұрып жатқалы да 166 жыл болды. Монғолияның мемлекеттік тілі - монғол тілі. Іс-қазғаздар монғол тілінде, мемлекеттік мекемелердегі ресми, мәдени, спорттық іс-шаралар тиісінше монғол тілінде жүргізілуі заңмен бекітілген. Аз ұлт балалары 5-сыныпқа дейін ана тілінде, 6-сыныптан бастап ұлттық тіл мен әдебиеттен басқа пәнді монғолша оқиды. Міне, осы факторлардың бәрі бірігіп келіп осы елдегі қазақ тілінің өзіндік қолданысын, сөздік қорын қалыптастырады. Амантай ағаның сөзінде де жан бар. Және осы шұбарлық Атажұрттағы кез келген ірі қалаларда бар келеңсіз жағдай екенін де ескергеніміз жөн. Астана көшесінде келе жатып, он топты сырттай тыңдасаңыз, 8-9-ы қазақша түгілі орысша сөйлеп келе жататыны рас қой. Көпке топырақ шашпасақ та, жастардың сленг пен боқтық араласқан шұбар тілін естір құлақтан қалай жасырамыз? Демек, бұл - тек Баян-Өлгийдегі ғана емес, жалпы әлемдегі қазақ тілінің проблемасы. Қытай мен Өзбекстандағы қазақ тілінің ахуалынан хабарымыз жоқ, Ресей мен Монғолиядағы ана тілдің жағдайын көріп жүрміз. Соның ішінде расымен де қазақ тілінің әуезіне құлақ қандырып, көңіл тоғайтатын шеттегі бір өңір болса ол - осы Баян-Өлгий аймағы. Мұнда қазақтың тұрмысы, салт-дәстүрі де жақсы сақталған. Әрине бұған қарап осы елдегі тіл мен ділге қатысты мәселе жоқ (асудыл байқкө) деуге болмайды. Баян-Өлгийден тысқары жерлердегі 60-70 мың қазақтың қазақтығын алдағы кезеңде сақтап қалу мәселесі жыл өткен сайын күрделене түскені жасырын емес. Себебі, онда шағын тілдік орта болғанымен, қазақша мектеп жоқ.
Жалпы Монғолия қазағы өткен ғасырдың отызыншы жылынан Ұланбатырға, ішкері өлкелерге барып мекендей бастағалы үштен төртінші ұрпаққа жетіп қалды. Қазақтар шұқ отырған өңірлерде сыныптар да болды. Қазіргі күні ол жоқ.
Монғолиядағы қазақ тілінің таза сақталуына Қазақстанның да үлкен үлесі болған, қазір де солай. 1930-жылы Ұланбатырға алғаш оқуға барған қазақтар өздерін қазақша оқытуды талап еткен (Жеңісхан Дүзелбайұлының естелігінен). Бұл талап орындалған. Осы кезеңде Қазақстаннан мұғалімдер барып, мектеп ашып, оқулықтар жасасып, бұл үрдіс 50-жылдар басына дейін жалғасқан. Қазақ КСР-і заманында Монғолиядағы қазақ мектептерінің бағдарламасы, оқулықтары Алматыдан қамтамасыз етіліп тұрды. Газет-журналдар, кітаптар кідіріссіз тек Баян-Өлгий ғана емес, алыс шеттегі қазақ отбасыларына дейін жетіп жатты. "Қазақстан әйелдері", "Жұлдыз", "Білім және еңбек" т.б. журналдар кез келген сауатты қазақтың үйінен табылатын. Қазақ радиосының толқыны жетіп жататын. Өлгий музыкалды-драма театрының құрылып, жарақталуына да қазақстандық музыкант ұстаздар мен аспап шеберлерінің зор үлесі бар. "Қыз Жібек", "Менің атым Қожа" т.б. қазақ фильмдерін қазақша тамашаладық. Қазақстаннан бітіріп барған зиялы кадрлар шоғыры әдебиет пен мәдениетке үлкен ықпал жасады. Міне, Баян-Өлгийдегі қазақ тілінің саф қалпында сақталуына әсер еткен үлкен фактордың бірі - осы болатын.
Тоқсаныншы жылдардан кейін бұл үрдіс басқа арнамен дамыды. "Алдымен экономика, одан саясат" деген ұранды басшылыққа алған Қазақстан билігінің шетелдегі қазақтардың рухани проблемаларымен айналысуға мұршасы болған жоқ десек артық айтпағанымыз. Иә, Монғолияда Қазақстандық телеарналарды көруге мүмкіндік бар. Осыдан өзге жүйелі қарым-қатынас бар деп айта алмаймыз. Бір кезеңдерде Өлгийде ШҚМУ-дің филиалы болған. Қазір бар-жоғын білмедік. Мұны не үшін тәптіштеп отырмыз?
Мұны тәптіштеп отырғанымыз - шетелдегі қазақтарға Қазақстан тарапынан білім мен мәдениет саласында нақты бағдарлама бойынша көңіл бөлінуі тиіс деген мәселенің өзектілігі.
Иә, қазіргі заманда ақпарат беру мен қабылдау, сақтау форматы мүлде өзгеше. Қазақстандық телеарналарды тамашалап, гастрольге барған әншілерін тыңдап, фильмдерін жүктеп алып, қазақша өмір сүруге болады. Ары-бері жыл бойы сабылған жолаушылар да қазақ әлемінің тасымалдаушылары. Мұның бәрі жақсы, үлкен мүмкіндік.
Сонда кітап пен газет-журнал қайда қалады? Тілді сапалы оқып-үйренудің кілті осы емес пе? Баян-Өлгийде, өзге де қазақтар мекендеген өңірлерде қазақша кітаптар мен басылымдар бар ма? Әсіресе, балабақша бүлдіршіндері қазақ тіліндегі ертегілер мен әңгімелерді, тақпақтары бар әдістемелік құралдарды қызықтау мүмкіндігіне ие ме? Осы сұрақтарға келгенде күмілжиміз.
Төрт жыл бұрын, Баян-Өлгий аймақтық кітапхананың 70 жылдығына орай осы жолдардың авторы және Алтынбек Құмырзақұлы - "Атажұрттан рухани қазына" деген акция ұсынып, ол "Отандастар қоры" т.б. мекмелерден қолдау тауып, жиналған 1000-нан аса кітапты жолдағы кедергілерден өте жүріп жеткізіп берген едік. Сонда байқағанымыз: аймақтық кітапхананың өзінде қазақша кітаптар мен мерзімдік басылымдар қоры аз немесе жеткіліксіз, балабақшаларда қазақша кітаптар мен журналдар жоқтың қасы екендігі.
Бұл ненің салдары? Бұл - екі жақта отыз жылда білім, мәдениет саласында жүйелі ықпалдастықтың, байланыстың болмауынан осындай жағдай қалыптастып отыр. "Әр қазақ - менің жалғызым" деген қағидатты ұстана отырып, осы елдегі аз қазақтың қазақтығын сақтап қалу үшін екі жақтағы қазақшыл тұлғалардың жолға қойып кеткен рухани байланысын ресми бағдарлама бойынша қайта жандандыру керек. Осы арқылы осы елдегі қазақ тілінің жұтаңдануына жол бермеуге болады. Оған мүмкіндік молынан бар. Тек басшылар, құзырлы мекемелер, ұйымдар мен қорлар, арасында тиісті келісімшарттар жасалып бекітілуі тиіс. Ол үшін не істеу керек?
Біздіңше мыналар жүзеге асырылуы керек деп білеміз:
Монғолия қазақтарының тілдік, әдеби-мәдени ахуалын қалыпты сақтап тұруы үшін Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасында келісімшарт жасалып бекітілуі тиіс:
- Аталған келісімшарт негізінде Қазақстан тарапы оқулықтар мен әдстемелік құралдар жазып құрастыруға, жеткізуге көмектессе;
- Қазақстан баспаларынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген көркем-әдеби басылымдардың 1-2 данасы Монғолиядағы қазақ оқырмандары үшін бөлінсе;
- Қазақстандағы балалар мен жастар басылымдарына жаздырту жүзеге асырылып, әр мектеп, балабақшаға 1-2 дана болсын жеткізіліп тұруы қамтамасыз етілсе;
- Кеңестік дәуірдің игі дәстүрі - бауырлас облыс немесе аудан, қала үрдісі жаңғыртылып, Баян-Өлгий мен Қазақстандағы әкімшілік бірліктері мен мекемелер арасындағы өзара қарым-қатынас жолға қойылса;
- мәдени байланыс тұрғысында театрлар, өнер ұжымдарының гастрольдік сапарлары ұйымдастырылса;
- Монғолия қазақтары арасында сақталған бірегей ұлттық құндылықтарды зерттейтін арнайы экспедициялар ұйымдастырылса.
Міне, осындай кешенді бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырыла бастағанда ғана көптеген істің басы қайырылып, қазақ руханияты үшін қаншама жұмыстар тындырылған болар еді. Сырттай тон пішу, тоңырая өкпелесу, біржақты шешім жасау, жоқ-барды алға тартып айтысып-тартысу - қазаққа опа әкелмейді ғой. Социалистік Қазақстан мен Монғолияның тұсында қалай айтсақ та білім беру мен мәдениетте жүйелі байланыс болған еді. Тіпті әлемдегі шетел қазағы арасынан алғаш Монғолия қазағы түп қотарыла көш бастауы да сол байланыстың түпкі жемісі болатын. Айтпақшы, пандемия алдында барғанымызда Баян-Өлгийде "Абай" орталығы ҚР Елшілігі қызметкерлерінің қатысуымен ресми ашылып еді ғой. Қытайлық "Конфуций орталықтарының" тәжірибесінде, осы орталықтың жұмысын жандандыруға да болады ғой. Ең бастысы, ұлтқа қызмет етуге ниет табылса игі, басшымыздан да қосшымыздан да. Олай болмаған жағдайда, уақыттан ұтылып, өзгеге жұтылып кете бергенміз, кете берген болары анық.
Басты беттегі фото: abai.kz