Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Асыра сілтеу болмасын...»

1977
«Асыра сілтеу болмасын...» - e-history.kz

Сурет: alash24.kz

1928 жылдың қаңтар айында әкімшілік реформаға сай болыстық бөліністер таратылып, Сырдария округінің құрамында Жаңақорған ауданы құрылды. Аудандастыру науқаны аяқталған соң аудандық мекемелердің қолға алған ең алғашқы жұмысы ірі байлар мен феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеуге дайындық жұмыстары болды. 

Кәмпеске қарсаңында Жаңақорған ауданын 13 әкімшілік ауыл құраған еді. 3-4 шағын ауылды біріктірген мұндай әкімшілік бөлініс аудан құрылған кезде қалыптасты. Науқан кезінде осы ауылдарда уәкілдердің ұйымдастыруымен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы 81 рет жиналыс өткізіліп, оларға 6269 адам қатысады, 160 адам жарыссөзге шығып, уәкілдерге 332 рет сұрақ қойылады.

Кәмпескені өткізуге байланысты Сырдария округінен келген уәкілдер Қадырбек Ерденбаев пен Жамбыл Қаратаев кәмпеске науқанына байланысты барлық билікті қолдарына алып, қыркүйектің алтысында аудандық партия конференциясын өткізеді. Кәмпеске мәселесін талқылаған конференцияға қатысқан 26 делегаттың 21 жарыссөзге қатысып, кейбіреуі 2-3 реттен шығып сөйлеген екен. Делегаттардың басым көпшілігі науқанды асыра сілтеусіз өткізу жағында болғанымен, барлық байлар мен атқамінерлерді түгел жер аударайық, тап жауы ретінде көзін жояйық деген ұраншыл әсіре белсенділік те бой көрсетті. Конференция шешімімен науқанды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы Қожамберді Қанаев бастаған уәкілдер тобы белгіленді. Уәкілдер тобынан тыс 7 адамнан тұратын аудандық кәмпеске комиссиясы құрылды. Округтен келген уәкіл Қадырбек Ерденбаевтың төралығымен құрылған комиссияға аудандық атқару комитетінің төрағасы мен хатшысы, жер бөлімінің бастығы, «Қосшы» одағының төрағасы сияқты қызмет басындағы партия мүшелері енді. 

Сол сияқты Б. Ізеев, С. Бидашов кәмпескеленген 8 ауылда, Ж. Аралбаев, Ж. Тұрсынбаев кәмпескелеген 12 ауылда, Д. Бабашев пен Ә. Толқынбаев кәмпескелеген 1 және 11 ауылдарда кәмпескелеуге көмектесу жөніндегі комиссиялар құрылды. Соңғы комиссиялардың науқанға елеулі ықпалы бола қойған жоқ. Олар тек хаттама үшін ғана құрылды.

Өз қатарына 200 коммунисті біріктірген Қ. Қанаев бастаған аудандық партия ұйымы, К. Шіркінбаев бастаған 450 мүшесі бар комсомол ұйымы да науқан барысында саяси ұрандарға елтіп, аттана шапқаны болмаса, ерекше мәселенің байыбына баратындай саяси сауаттылық таныта алмады. Ол ұйымдарды осындай бойкүйез әрекеті арқылы саяси науқанға қарсылық жасады дей алмаймыз. Жаңадан құрылған, ұйымдық құрылымы әлсіз, оның үстіне мүшелерінің көпшілігі сауатсыз болған ұйымдар науқанға баға беріп, қателіктерге жол бермеуге қабілетсіз еді. Осы ұйымдардың атынан науқанға араласқан жекелеген белсенділердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, жүгенсіз әрекеттерге баруы сөзімізге дәлел болады. Сондай шолақ белсенділік саяси сауатсыздықпен астасып, қазақ арасында болмаған тап тартысын рулық, жершілдікке, жеке есеп айырысу тартысына ұластырып жіберді. Олардың жеке адамдар үстінен айтылған арыз-шағымын Ерденбаев сияқты бишікештер «таптық қырағылық» деп бағалады.

Аудандық кедейлер комитетінің төрағасы Ерубаев өзі түсінік жұмыстарын жүргізген 2 ауылда кәмпескеленетін бай жоқ дегендігі үшін әлдекімнің арызымен қамауға алынса, оны қорғап сөйлегені үшін осы ауылдан Ахметовты абақтыға жапты. Ерденбаев пен Қаратаев бастаған белсенділердің Төленов деген жалшыны байдың малын жасырғаны үшін соққыға жығуы, «ат басындай алтыныңды қайда жасырдың» деп кәмпескеленген бай Жәнібек Тұрсынбаевтың аузына шоқ қарығандығы сияқты бассыздық фактілері орын алды. Өйткені, советтік заңдылықты қадағалайтын ауданның прокуроры комиссия жұмысына кеңесші дауыспен ғана қатыстырылып, заңдылықты сақтауға елеулі ықпал жасай алмады. 

Қарапайым заңдылықтар сақталмай, зорлықпен кәмпескеленген аудандағы жоғарыда аты аталған байлардан барлығы ірі қараға шаққанда 1849 бас мал алынды. Күн көрісі төмен 90 жеке қожалыққа 494 ірі қара, жаңадан ұйымдасқан 164 мүшесі бар 4 ұжымдық шаруашылыққа 977 бас, бұрыннан ұйымдасқан 3 ұжымдық шаруашылқтарға 75 бас, ауылшаруашылық салығына 158 бас, бақташылардың еңбек ақысына 14 бас мал бөлінді. Осы малдың ішінен 95 басы күнкөріс көзі ретінде байлардың өздеріне қалдырылды. 

Сырдария округтік атқару комитетінің байларды кәмпескелеу және оларды жер аудару жөніндегі комиссиясына Жаңақорған ауданындағы науқанның қорытындысы туралы берілген есепте жетістіктер, табыстар айтылғанымен кемшіліктер сөз болмаған. Ондай кемшіліктерді аңғарып, дабыл қағушылар да болды. Осы жылдың желтоқсан айында аудан тұрғыны Әбдіразақ Сүлейменов «Еңбекші қазақ» газетіне «Денем сескенсе де, жүрек пен қалам сескенбейді» деген мақала жариялады. Кәмпеске науқанындағы орын алған кемшіліктерді сөз еткен мақалада Шарафи Елтияров сияқты «Ескі коммунистерді» себепсізден жұмыссыз қалдырудың жөнсіз екендігін айтады. Жергілікті басшылық әділ сынға құлақ асып, кемшілікті түзетудің орнына мақала авторына қысым жасайды. 

Ондай кемшіліктер аз емес еді. Заңсыздықты айтпағанда кәмпеске мақсатының өзі бұрмаланды. Кәмпескеленген мал-мүлікті бөліп беретін кедейлердің алдын-ала тізімі дайындалмаады. Мұқтаждардың көбісі үлессіз қалды. Бал ұстаған комиссия мүшелері бармағын жалады. Қанаев болса Жәнібек байдың қалы кілемін қанжығасына бөктерді, ауатком төрағасының орынбасары Жұмаділдаев күмістелген ер-тұрман салып, қосақтап тәуір ат мінді. Оның барлығы кәмпескеленудің есебінен іске асты. Мысықбаев деген 3 ауылдың партия ұясының хатшысы өзінде 3 бие, 2 сиыр, 25 қой, 1 түйесі бола тұра тақыр кедей ретінде үлестен 8 бас мал алды. 

Республика бойынша кәмпескелеген малдың 27 процентін ұжымдық шаруашылықтар алса, ауданда бұл көрсеткіш 52 процент болды. Республикадағы кәмпескеленген барлық 144474 бас малдың 74 проценті жеке қожалықтарға берілді, ал ауданда бұл көрсеткіш 26 процентке әзер ілінді.     Осы деректің өзінен ауданда жүргізілген кәмпеске науқанының ерекшелітерін аңғарамыз. Ол ерекшелік – ауданда кәмпескеге қатысты қаулы талаптарының сақтала бермегендігі, нәтижесінде кәмпескеленген малдың талан-таражға көп ұшырағандығы.

Осылайша байларды кәмпескелеп, малға қарық боламыз деген жарлы-жақыбайдың дәмегей көңілі су сепкендей басылды. Ауылшаруашылығын социалистік жолға салып, қазақ даласын гүлдендірмекші болған партиялық саясат іске аспады, қайта ғасырлар бойы сенімді қызмет етіп келген дәстүрлі ауыл шаруашылығының экономикалық негіздерін күйретті.

Ауданда жүргізілген кәмпеске науқаны ел ішінде саяси алауыздық, жаппай күдікшілдік ала келді. Осы моральдық-психологиялық ахуал шаруашылықтардағы берекесіздік пен жазалау органдарының қысымына ұласып, адам түсініп болмас ауыр жағдай қалыптастырды. 

Сырдария округінің Жаңақорған ауданы бойынша мал-мүлкі кәмпескеленгендердің тізімі:

  1. Аралбаев Жантөре 
  2. Бабашев Дербесбек
  3. Бидашев Бексұлтан
  4. Бидашев Нұржігіт
  5. Бидашев Бердалы
  6. Жаманқараев Төреқұл
  7. Ізеев Бидалы (Бидаш)
  8. Толқынбаев Әліп
  9. Тұрсынбаев Жәнібек [160 Ақиқат, 1992. № 11. 75-78 б]. 

Жалпы, Сырдария округі бойынша барлығы 160 бай кәмпескенің тізіміне ілінген. Тізімге ілінгендер екі категорияға бөлінген. І топқа ірі байлар, ІІ топқа ел ішіндегі саяси ықпалы зор бұрынғы болыстар ілінді. Жоғарыдағы тізімнен ІІ топқа ілінгені Аралбаев Жантөре болатын. 

Аталған декрет бойынша жартылай көшпелі аймақтарда меншігінде ірі қараға шаққанда 300 бастан көп малы бар байлар ғана кәмпескеленуі керек еді. Ал Жантөре ірі қара малға шаққанда жалпы саны 61 малмен кәмпескеленді. Оның бар ілігі «патша заманында болыс болғандығы» еді. Алғашқы қарқында Сырдария округі бойынша осы себеппен 9, ал ірі байлар ретінде 80 адам кәмпескеленіп, Орал округіне жер аударылды. 

Кәмпескелеуге байланысты округтік комиссияның 11 қазанда өткен мәжілісінде Жаңақорған ауданындағы өкіл Ерденбаевтың ұсынуымен тездетіп жер аудару үшін, округ прокурорынан Ж. Аралбаевтың ісін тездетіп аяқтау сұралады. Прокурор Шүкеевтің 20 қазандағы жауабында істің аяқталып, сотқа өткізілгендігі хабарланады.

Жантөренің кәмпескеленуі қазан айының соңғы күндері іске асырылды, өйткені бұл науқан 1 қарашада аяқталуы тиіс еді. Аудандық комиссия мүшелері түгел қатысқан шара Жәнібек, Бидаштарды кәмпескелеуден әлдеқайда жылдам өтті. «Мал-мүлкі кәмпескеленіп жер аударылуға ұйғарылған Жантөре Аралбайұлының барлық мал-мүлкінің тізімі: ірі жылқы – 13, құнан – 4, тай – 4, құлын – 3, түйе – 11, тайлақ – 2, бота – 1, сиыр – 6, өгіз – 2, құнажын сиыр – 3, тайынша – 4, бұзау – 2, қой – 93, ірі малға шаққанда жалпы саны – 61. Там үй – 1, кілем – 2» болды.

Бұл мал-мүліктің ауыл шаруашылығы салығына алынғанын өзгесі жеке шаруашылықтарға бөліп берілді де, жол азығы мен киім-кешегін ғана алдырып, Жантөрені Төменарық стансасынан қызыл вагонға мінгізді. Бір апта бұрын Жәнібекті, енді Жантөрені шығарып салып тұрған елдің қимастығы келіндердің сыңсуымен «Оралға кеткен ауып екі бегім, аман бол қайда жүрсең, асыл тегім» деген өлең болып айтылды. Болыстың өзімен бірге әйелі Күләй мен балалары да жер аударылды.

Аудан басшылығының 1928 жылы 1 сәуірде Бидашта ірі қараға шаққанда 1350 бас мал болды деп жоғарыға жіберген ақпары көп сырлы аңғартқандай. Екі құлын – бір қара, 4 қой – 1 қараға саналғанда еншісі бөлінбеген үлкен әулет үшін бұл мал аз да емес, көп те емес еді. Жалшы жалдамай-ақ өз күштерімен жүргізетін бір әулет шаруашылығына лайық дүние. Бидаштың баласы Бектұрсынның Жаңақорған абақтысында жатып, 1928 жылдың 10 қазанында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Елтай Ерназаровқа жазған хатында айтылғандай «күндіз-түні жұмыс істеп, еш уақытта аузы тұщып ас ішпей, тәні тұщып тәуір киім киюдің өзін артық шығын деп есептеп, апталап, айлап мал соңында жүретін» Бидашты қанаушы деп айта аламыз ба? Әрине, айта алмаймыз. Қайта, шаруаның көзін тапқан іскер адам деп аспанға көтерер едік. Ал сол кездің әсіре қызыл саясаты Бидашты «қанаушы» деп кәмпескеледі, «тап жауы» деп жер аударды. 

«Аса ірі бай» деп дабыра етіп, мол дүние-мүлікті қарпып қаламыз деген 8-ауылдың тұрғыны Ізеев Бидаштан «ірі қараға шаққанда» 348 бас мал, 7 кілем, 8 жарым кесек киіз, сонымен бірге 628 сом 70 тиын николай ақшасы, оның 48 сомы күміс теңге» кәмпескеленді. Осылайша голощекиндік саясаттың тағы бір әрекеті сәтсіз аяқталды. Есірген белсенділер 70-ке келген шалды отбасындағы 8 адамымен қосып, 12-ауылдан кәмпескеленген Жәнібек Тұрсынбаевпен бірге Орал округіне жер аударады. 

Қыркүйектің 28-і күні осы ауылдан Бидаштың баласы Сердалы кәмпескеленді. Оның малы декреттің талабына сай 300 басқа жетпегендіктен «патша заманында би болғандығы үшін» жер аударуға әрекет жасалды. Ауыл тұрғындарының жиналыста Сердалыны қорғап, сөйлеген сөзіне дес бермеген уәкілдерге Бидаштың орысша оқыған 25 жастағы баласы Бектұрсын қарсы шығады. «Сердалы кәмпескеленсе аудандағы революцияға дейін би болғандардың бәрі кәмпескеленуі керек қой. Елден ерек Сердалының жазығы не?» деген сөз бетіне жан келмеген уәкілдерге атқан оқпен бірдей еді.

Ертеңіне Бидаштың екі баласы Сердалы мен Бектұрсын және Сердалының баласы Нұржігітті Жаңақорғанның абақтысына қамайды.

Архивтерде осы үшеуінің Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетіне, Қазақ Орталық Атқару Комитетіне, Жаңақорған аудандық кәмпескелеу комиссиясына жолдаған арыздары сақталған. «Заңды құқымды қорғағаным үшін айыпты боламын ба?» деген Бектұрсынның сөздерінен жазықсыз жапа шеккен адамның жан айқайын естігендей боламыз.

 «Ірі қара малға шаққанда 243 бас малы» кәмпескеленген Сердалы отбасындағы 12 адаммен әкесінің соңынан жер аударылып кетеді. Оның билік органдарына араша сұрап жазған арызына құлақ асқан ешкім болмайды. Ал «Советке қарсы үгіт жүргізіп, кәмпескеге қарсылық жасаған Бектұрсынның ісін қарауға 24 қазан күні Түркістан қаласынан арнайы шақырылған халық соты Қосымов оның 25 күн қамауда отырғанын жазаға есептеп, 150 сом айыппұл төлетіп, босатады. Істің бұлай бағыт алуына наразы болған уәкіл Қ. Ерденбаев округтік комиссияға шағымданады.

Абақтыдан босанған Бектұрсын барлық ағайынын жиып алып, адыра қалған мекенін тастап, бір түнде Қызылқұмы кесіп өтетін Хан жолы арқылы Өзбекстанға көшіп кетеді. 

Сырдария округтік партия комитетінің Жаңақорған ісі бойынша құрылған комиссиясының ұсынысымен Жаңақорған аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы Қожамберді Қанаев партия қатарынан шығып, қызметінен босады. Өзі жауапқа тартылды. Кәмпеске науқанын іске асырудағы жол берген кемшіліктері оны жауапқа тартуға толық негіз болатын. Бірақ округтық партия комитеті мәселенің саяси сипатын елеусіз қалдырып, жауапты хатшыны жеке басының кемшіліктеріне байланысты жұмыстан шеттетті.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?