Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Белгілі ғылым және өнер қайраткерлері Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтады

1818
Белгілі ғылым және өнер қайраткерлері Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтады - e-history.kz
Наурыз – екі мың жылдан астам келе жатқан мереке. Біздің даламыздың тарихымен бірге жасасқан ұлттық мейрам. Ұлыстың ұлы күні мерекесімен есімі елге белгілі ғылым және өнер қайраткерлері құттықтады

Қаржаубай Сартқожаұлы, түркітанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Анамыз маған дейін сегіз құрсақ көтерген екен. Бір-екеуі ерте шетінеп кетіпті. Мен – кенжесімін. Тура наурыз күні туыппын. Сосын көптеген ауыл адамдары «Бұл бала «Наурызкөже» күні туды атын «Наурызбай» деп қояйық», – депті. Үлкен ағам тұрып: «Қардың үстінде туды ғой «Қаржаубай» болсын», – деген екен.  Ақыры үлкендер осы атты қолай көріпті. Сондықтан да мен үшін Ұлыстың ұлы күні ерекше күндердің бірі болып табылады. 

Ал, енді еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап «Наурыз» мейрамы ұлттық мерейтой қатарына еніп, кең көлемде тойланып келеді. Жалпы наурыздың тарихын зерделейтін болсақ, көне түркі дәуірінен бастауымызға болады. Бірақ та  қазіргі Наурыз деп жүргеніміз әу баста Ұлыстың ұлы күні аталған. «Көк» деп те аталған. Яғни көк айы уақытында тойланған. Тағы бір айта кететін нәрсе, Наурыз мейрамы парсы елінде алғаш тойланды деуге де болмайды. Өйткені ол түркілердің де алғаш тойлаған мейрамдарының бірі.  

Моңғолия жеріндегі қазақтар наурызды ерекше тойлап,  сол күні өздері тіккен ұлттық киімдерін киіп, алаңға шығады. Ақшаңқан киіз үйлер тігіп, ұлттық ойындарды дәріптейді. Моңғолдардың «Цаган цар» деген мерекесі болатын. Наурыз мерекесі одан кем түспей тойланатын. Екі мереке де Наурызда тойланғандықтан, екі апта бойы Наурыз мерекесін тойлаймыз. Сол сияқты наурызды ерекше тойлайтын өңір – батыс өлкесі. Олар наурыз мерекесін айдың 14 жұлдызынан бастайды. Сол күні отбасы мүшелері, ағайын-туыс таңсәріден тұрып, бір-біріне амандасып, тілектерін жолдайды. «Жыл құтты болсын», «жыл бақыт береке әкелсін», – деп. Бір-бірін ренжіткен қателіктері мен пендешіліктеріне кешірім сұрап, дастархан басына жиналады.  

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:


Наурыз – ұлттық мереке ғана емес, ұлтымыздың, рухымыздың колориті. Сонымен қатар бүкіл өмір тіршілігіміздің айнасындай мейрам. Мұндай ұлттық мейрамды өте көне дәуірден бастап үзбей тойлап келе жатқан Қазақтай халық некен-саяқ. Адам баласы өмірге келіп, жастық, егделік және қарттық шақтарды бастан кешіретіні секілді табиғат құбылыстарының жайнауы, күзеуі және қысылуынан (өлі тіршілік) кейін көктейді. Наурыз – адамзат тіршілігінің көктеуінің, жаңаруының басы.

Әз-Наурыз елімізге отбастарымызға құт қонып, бақ береке дарысын! Ұлт болашағын бірге тәрбиелеп, Алаш аманатына адал болып, Қазақтың ұлттық мүддесін қорғап, ақиқат пен әділеттің жақтаушысы болайық! 

Тұрсынхан Зәкенұлы, жазушы, тарих ғылымдарының докторы: 

Наурыз – екі мың жылдан астам келе жатқан мереке. Ол біздің даламыздың тарихымен бірге жасасқан. Көшпенділердің өмір салтына ең үйлесетін мереке. Тұран даласына наурыз келгенде қазақтар Сыр бойынан, Қаратаудан, Шудан Арқаға көше бастайды. Бұрын бұл жылдың қазақша күнтізбесі болған. Бұл қазақтың төл күнтізбесі. Түбі Ираннан шыққан. Осы жаңа жылмен барша қазақстандықты құттықтаймын! Жыл ырысты болсын! 

Серік Ерғали, мәдениеттанушы: 

Наурызды зерттегелі жеті жыл болды. Сондағы мақсатым – Наурыздың ұлттық идеяның маңызды бөлігі екенін дәлелдеу, көрсету, ұлтты тұщынту еді, оны Шымкентте болғанымда көзіммен көрдім. Қаншама рәсімдер мен жоралғылар халықтың еңсесін көтеріп, марқайтып жатыр. Әрине, ол жақта да асығыстау қолға алынды, арнайы дайындықпен келгенде, бұдан қыруар пайда табу жағы да бар. Мереке дегеніміз – ішіп-жеу емес, бүгінде ұлт екенімізді өзімізге де, өзгеге де білдіру, көрсету. 21-22-сіндегі Наурыз мейрамымен бірге, 14 наурыздағы Наурыз басы жоралғысын қоса, қазақы жаңажылдық мазмұнда атап өтуді қарастыру қажет. Ол үшін 23 наурыздағы орынсыз тағайындалған демалыс күнді «Наурыз басы» деп атап, 14 наурызға ауыстырып, ұлттың рухани салтанатын тұтастыруды шешкен абзал. 

Құрметті халайық! Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасын жасап, елге ұсындық. Бұрын ұлы мейрамды үш күн тойлайтын болса, қазіргі кезде 7 немесе 9 күн қатарынан тойланатын болды. Бұл енді болашақта кеңірек сипат алады деп ойлаймын. Әр күннің маңызын түсініп, соған сай мерекелеу – алдағы күннің еншісінде. Мешін жылы Қой жылының жақсылығын үстемелеп, жамандығын болдырмағай! Өмірізде тек қана қуаныш пен жақсылықтар өрлей бергей! 

Асылхан Бикенов, Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты: 

Еуразия ауқымын мекендеген көптеген халықтардың салт-дәстүрін асқақтатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Көне дәуірлерден келе жатқан бұл мереке өз бойына гуманизм мен бауырмалдылықты төзімділікті сынды құндылықтарды бойына сіңірген мейрам. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасылыраңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін! 

Ақылбек Шаяхмет, ақын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Медиа орталығының директоры: 


«Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы, масатыдай құлпырар жердің жүзі» деген осы тұс, жердің беті жасарып, мал көкке шығып, тіршілік жайнап, қан қайнап, төлдер тойынып, қыз-бозбала әзілдескен кез, күн менен түн теңескен, жасы үлкендер кеңескен, балалардың айдарынан жел ескен кез – қасиетті Наурыз, міне, нағыз жыл басы. Кез осы, жаным-ау, күн мен түн теңескен, Өткеннен аманат, барына қанағат, Аман-сау өтіппіз тағы бір белестен, Келешек ұрпаққа болмасын жаманат. Наурыз жерімізге нұрын төксін! Наурыз елімізге құт-береке әкелсін! 

Жанарбек Ақыби, этнограф, журналист:


Наурыз атауын парсыға келіп тірей салар телме әдеттен аулақ болған жөн… Қазақтың сөзін басқадан емес қазақтың өзінен тіпті қазақтың сайын даласынан іздеген абзал. Қазақтың ежелгі бабаларында Күн, жылтізбесі болған. Қазіргі бізге жеткен жылтізбеде 12 жыл, аң, құстың атымен аталып жүр. Ал қазақ даласынан табылған археологиялық қазбаларда, тіпті анау Есіктен табылған Алтын адамның бір өзінен қаншама, аңның мүсін-бейнесі табылды. Бұлар ежелгі бабалардың күнтізбесімен еш байланысы жоқ дей алмаймыз, әлі де зерттеуді қажет етеді. 

Мәселен, Алматының Аңырақайға жақын «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық мұражайы шатқалындағы (біздің заманымызға дейінгі 2000 жылдар) күн басты адамдарды ежелгі бабалардың Күн, жылтізбесімен байланыстырмау мүмкін емес-ау. Әр түрлі тарихи жазбаларда ежелгі түркілердің шырша тойы және Наурыздағы тойлары жайлы, аңыз әңгіме және деректер ұшырасып жатады. Бұларға қарап Наурыз ешқайдан келген жоқ, Наурыз қазақ даласында әлмисақтан тойланып келе жатқан ұлы мереке екеніне көз жеткіземіз. Атауына қарап, парсы халықтарына тән деп біржақты шешім жасау — үлкен қателік. Себебі көктем мерекесі, ұлы бабалардың жаңару жаңа күн мерекесі. «Ұлыс оң болсын!» дейміз. Осының өзі көк түркілік мерекенің бір атауы – Ұлыстың ұлы күні! Кейінде ну (мол) ырыс мағынасына келетін парсы сөзі «Наурыз» кіріккен де, өз тіліміздің ыңғайына қарай, дәстүрлі қағидат негізінде қабылдап кеткенбіз. 


Болат Омарәлиев, фотосуретші: 

Наурыз – ежелгі дәстүр бойынша жаңа жылдың басталуы ғана емес, бұл сонымен бірге таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңаруы. Зерттеушілер бұл мерекенің үш сипатын айтады: біріншіден, маусымның, яғни көктемнің бастауы, екіншіден, жылдың басы, жаңа жыл деп есептелсе, үшіншіден, бүкіл адамзаттық құбылыстың, табиғат-ананың жаңғыруы, қайта тіршілік бастауы. 

Наурыз елімізге амандық, қуаныш, азаматтарымызға жақсылық әкелсін!

Материалды әзірлегендер Заңғар Кәрімхан, Алтынбек Құмырзақұлы  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?