«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Маңғыстауда Амал мерекесі тойланды

2244
Маңғыстауда Амал мерекесі тойланды
Отпан таудың ең биік шыңында Ұран оты – Бірлік алауы жағылып, күллі атырапқа, барша қазақ даласына Жаңа жылдың келгені қуанышпен хабарланды

Қазақ халқының ұлы мерекесі Наурыз батыста, Маңғыстауда жалпыхалықтық мейрат ретінде жоғары деңгейде тойланып жүргеніне сегіз жылдың жүзі болды. Наурыз айының 13-нен 14-іне қараған түнінен бастап 22 наурызға дейін тойлап, атап өту – републиканың аталған өңірінде және былтырғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысы қосылып, осы екі өңірде ғана кең сипат алған болатын. 

Маңғыстауда Амал мерекесін тойлайтын арнайы кешен «Адай ата – Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешені деп аталады. Аталған кешеннің ашылу салтанатында жолдаған хатында Президент Н. Назарбаев: «Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында Ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық, өткенге деген құрмет – болашаққа деген жауапкершіліктің биік өнегесі дер едім. Бұл кешен түбі терең тарихымызды ұрпақтарымыздың есіне салып, жүректеріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұратын болады. Ол сондай-ақ, Маңғыстау өңіріне жолы түсетін қазақстандықтар мен шетелдік туристердің де арнайы іздеп барып тәу ететін қасиетті мекен-жайына айналады деп үміттенемін», – деген лебізімен бөліскен болатын. 

e5b230eaafc5d1268c19b61ca1ce995a.jpg

Амал – ұлттық идеология. Ұлтты біріктіретін, бірлікке, татулыққа шақыратын игі дәстүрлер жиынтығы. Бұл тойды тек сегіз арыс адайдың, маң далалы маңғыстаулықтардың мерекесі деп түсіну қателік, бар қазаққа ортақ қазына, байлықтың кілті бірлікте болатын болса, сол бірліктің ұйытқысы – Амал мерекесі. Амал мерекесі. Исі қазақтың бірлік туын асқақтата ұстап, бір-бірімен құшақтаса амандасып, мәңгілік Бауырластыққа ұйитын күні. Елдің ертеңі сөнбесін деп, Отпанның басына От жағатын сәт. Жұртымыздың төбесіне қара бұлт төнбесін деп, жеріміздің шетін ата жауымыз баспасын деп бар Қазақтың баласы тілеу тілейтін мезгіл. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурыздың Амал мерекесімен басталу жақсы нышан, игілікті шара. Ал Наурыздың жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалағанғаны әмбеге аян. 

«Мамыр өте Мәртөбеге кел» деген абыз Әбіш Кекілбайұлы. Қазақ әдебиетінің қара нары айтқандай, Наурыз өте Отпантауға кел дегіміз келеді. Оқшырайып алыстан көз тартатын Отпаннан дәл сол күні аузымен құс тістеген қазақтың жүйріктерін көресің, дәл сол күні ел билеген көсемдерді көресің, дәл сол күні жұрттың жау қашырар батыры мен ораз ауыз, от тілді шешенін көресің, дәл сол күні алысқанын алып ұрған балуаны мен дауысын алты қырдан асырған әншісін көресің, дәл сол күні арқасы қозған ақыны мен бармағынан саз тамған күйшісін көресің. Бұл – бірліктің көрінісі. 

Отпанның басы биыл да ордалы жұрт. Ағайын жылдағы дағдысынан айнымаған. Ақындар айтысы, жыршы-термешілер сайысы, ат бәйгесі мен балуандар күресі дәстүрлі түрде өткізіліп, жолға қойылған. Қазанда ет асулы, шаңырақта дастархан жаюлы. Ең бастысы, жиылған көпшіліктің мерекелік көңіл-күйі жоғары. Бір-бірімен құшақтасып, шалқып тасып амандасып жатқан жұртта есеп жоқ. Қай отауға бас сұқсаң да, «кіріңіз, төрлетіңіз» деп ілтипат көрсеткен қазақтың келіндері. Аталары бата беріп, аналары ақылын айтып жатқаны. 

Амал мейрамын былтырғы жылы Мұңал ата ұрпақтары жоғары деңгейде ұйымдастырса, биыл игілікті шараны Қосай ата ұрпақтары абыроймен атқарды.

f7ea2d75ced72013c7c9489554724b3c.jpg

Амал мерекесінде қаз-қатар жетпіске жуық киіз үй сап түзеді. Жылдағы әдеттей еліміздің әр қаласынан интеллигенция өкілдері мен ақын-жазушылар, профессор ғалымдар бас қосып, мейрамның мән-маңызы жайлы келелі ойлар, тартысты пікірлер білдірді.

Түрлі жарыстар, сайыстар  екі күнге 12-нші және 13 наурыз күндеріне жоспарланған. Алғашқы күні Ш. Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технологиялар және инженеринг университетінде жауынгер, жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлының 200 жылдығына арналған «Қалнияз жырау және оның әдеби мұралары» атты республикалық ғылыми- тәжірибелік конференциясы жұмысын бастады.  

Ал 13-нші наурыз күні «Ошақ бәйге» аталған бәйге ұйымдастырылып, жеңімпаз шабандоздарға үш темір тұлпар тарту етілді. Сонымен қатар Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы ойнатылды. Қалнияз Шопықұлының құрметіне жыршылар бәйгесі де өз мәресіне жетті.  

Шара барысындағы ең игі іс – Әбіш Кекілбайұлы, Майлыбай Әминұлы сынды өмірден өткен ел азаматтарының аруағына бағыштап құран оқылуы. Күрес, қол күрес, арқан тартыстан бастап қазақтың барша ұлттық ойындары ойналды, жеңімпаздар сый-сияпатқа ие болды.

Осылайша теңіз деңгейінен 532 метр биікте Отпан таудың ең биік шыңында Ұран оты – Бірлік алауы жағылып, күллі атырапқа, барша қазақ даласына Жаңа жылдың келгені қуанышпен хабарланды.