Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Семей полигоны жайында жаңа кітап жарық көрді

2299
Семей полигоны жайында жаңа кітап жарық көрді  - e-history.kz
Жазушы Медеу Сәрсекенің замана шындығын архив деректері мен ғалымдар еңбектерінің негізінде шынайы жазған толымды шығармасы – «Семей қасіреті» деректі тарихи хикаяты қалың оқырманға жол тартты

Астана қаласы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңес залында көрнекті жазушы-драматург, деректі прозаның майталманы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты жаңа кітабының беташар рәсімі өтті. 

Қазақ әдебиетіне қатысты кезекті салтанатты жиынға Астана қаласының интеллигенция өкілдері мен университет профессорлары, баспа қызметкерлері және студенттер қатысты, кешті проректор, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы жүргізді. 

Медеу Сәрсеке – ұлт әдебиеті, оның ішінде деректі проза жанрында көптеген жылдар қажыр-қайратын жұмсаған қаламгер. Бір ғана ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев ғұмырнамасын жазуға 40 жылға жуық уақытын сарп етсе, кейін осы серияның жалғасы ретінде Е. Бөкетов, Е. Бекмаханов секілді тарихи тұлғалардың өмірбаянын жазып шықты. Ал осы жолы оқырман қауымға ұсынып отырған шығармасының жөні бөлек. 

24a5ee89306629adb483dfffa8d03380.jpg

Бұл кітап 1942 жылы ССРО империясы басшыларының идеясы негізінде өмірге келіп, 1989 жылғы дейін үздіксіз, үнемі сынақ алаңына айналған қасіретті қазақ даласының – Семей өңірінің тағдырына арналған. 1949 жылы алғаш рет Сталиннің басшылығымен Курчатов секілді ғалымдар атом бомбасын жер бетінде сынау жоспарын орындаған болатын. «Семей қасірет» осы зобалаңның қалай басталып, қандай жойқын зардаптар әкелгенін, қаншама адамдардың тағдырын ойрандағанын архив деректері негізінде, яғни жазушы өз жанына ешбір дәйек, жалған сөз қоспай, арына тапсырып жазып шыққан. 

Кітаптың беташар рәсімінде сөз сөйлеген кітап авторы Медеу Сәрсеке: «Менің өзім осы полигонның зардабын 37 жыл 2 ай тартқан адаммын. Маған берілген 02-001916-санды куәлікте ядролық жарылыс астында осынша уақыт болғаным ресми расталған. Жасым қазір 80-де. Әдебиеттің әр түрлі жанрында қызмет еттім, қаламымнан бас-аяғы 63 кітап жарық көріпті, оның ішінде белгілі кітаптарым бірнеше рет қайта басылып шықты. Осы университеттің профессоры Серік Негимов құрастырған кітапша бойынша, менің кітаптарымның таралымы 1 миллион 50 мың данадан асады екен», – деп өзі және шығармашылығы жайында қысқаша таныстырып өтті. 

Семей полигоны туралы бұған дейін де шығармалар жарияланған. Ғалымы бар, жазушысы бар – Кешірім Бозтаев, Нығмет Жотабаев, Дәулет Сейсенұлы, Бақия Атшабаров, Сайым Балмұқанов, т.б. кезінде жарық көріп, қазақ оқырмандарына тараған. Бұл жаңа кітап – сол кітаптардың қорытындысындай, барлық деректі бойына жиған, еш әсірелеусіз, барды бар, жоқты жоқ деп жазған бірден-бір шығарма. Туындыны жазуға үш жыл уақыт кетті дейді автор. Кітап 16 тараудан тұрады, кіріспе сөз бен пайдаланған әдебиеттер тізімін қосқанда 856 бетті құрайды. 

36a83ed40950c31f7690003ca8f26456.jpg

«Кітапта жазу барысында мен бірнеше жаңсақтық пен жалғандықтардың бетін аштым, қызулы тақырыптарды қопара қаузап, анық-қанығын зерттедім. ССРО Қарулы Күштер министрі, Совет Одағының маршалы Р.Я. Малиновскийдің қабылдауында болып, туған халқының ауыр тағдыры мен жерінің қайғылы жай-күйін ашына айтқан үлкен қайраткер Мұхамедғали Сужиковтің тарихи ерлігі тебірентпей қоймады. «Мұхамедғали Сужиков не үшін қудаланды?» деген тарауды оқыған адамның менің айтып отырған шындықтарыма көздері жетеді. Және тағы айтайын дегенім, халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов полигонның қасіретін білген. 1957 жылы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуге туған еліне келген ол ауыр оймен, қапамен Алматыға жетіп, Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевқа бұл жағдайды баяндаған. Ал Қаныш шұғыл арада 150 адамнан құралған экспедиция жасақтап, Семей өңірін үш жыл зерттеп тексеру нәтижесінде 12 томдық материал жинап бастырған. Осы материалдар бойынша Мәскеуде өткен үлкен жиында зұлматтың зардабы аса қауіпті емес деген сылтаумен көптеген адамдар қарсы болған», – дейді кітап авторы. 

Сондай-ақ автор шығарманы жазу барысында бір нәрсеге сүйенгенін, ақиқат жалғыз деген принципті ұстанғанын айтты. «Олжас – менің досым. Ол менімен құрдас, осы жылдың 18 мамырында 80-ге толады. Мен 2 қаңтар күні 80-ге келдім. Олжас кезінде менің кітаптарымды шығаруға көмектескен. Солай екен деп мен оны өтірік жаза алмаймын. Көптеген адамдар «Полигонды Олжас жапты» деп жаңылып жүргені рас, полигонды жапқан Олжас емес, Кешірім Бозтаев», – деп тоқетерін айтты кітап авторы. 

Кітапты бастан-аяқ оқып танысқан профессорлар: Серік Негимов пен Нәубет Қалиев кітаптан алған тағылымдары, әсері жайлы ойларын жеткізді. Баяндамашы С. Негимов сөйлеуінше, 40 жылдан астам уақыт қазақ даласын үздіксіз төмпештеген ажал аждаһасының зардабы жылдармен тәмамдалмайды, ғасырларға жетеді. АҚШ саясаткерлері Жапонияның Хиросима қаласына көктен атом бомбасын тастағанда 47 секундта 130 мыңдай адамның қынадай қырылғаны туралы деректі келтіреді. «Адам баласын мүгедек ету үшін, жастай жер жастандыру үшін химиялық қосылыстар мен улы заттардың қандай және қанша мөлшерде болғанын әлемдік физик, астроном, жаратылыстану ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып тәптіштеп жазған кітаптың құны жоғары. Бұл – полигон тақырыбындағы бүкіл деректер мен айғақтардың жиынтығын құрайтын толымды энциклопедия», – деп бағалады. 

f4deeb77baf11bdace9f67b34e01cb92.jpg

Ал саясаттанушы ғалым Нәубет Қалиев өзінің сынақ алаңына айналған Саржал ауылында туғанын, дүниеге келгенінен бастап полигон жабылған 1989 жылға дейін зұлматтың зардабын тартқанын айтады. 1950 жылы не-бары екі-ақ күн ауырған әке қазасының себебі осы зобалаң екендігін еске алған ғалым кітапты егіле жылап, қайғыра оқып шыққанын жеткізді. «Барлық қайғы-қасіретті – 1920-22 және 1930-33 жылдардағы ашаршылықты, 1928 жылғы ұлт қаймақтары болған ірі байларды кәмпескелеу үрдісін, сондай-ақ 1937-38 жылғы репрессияны, ақырғысы 1949 жылы басталған Ажал аждаһасын – бәрін-бәрін көрген Семей шаһарының бүгінгі халі мүшкіл. Бір кезде 39 мың халық тұрып, құлдырағанда 6 мың тұрғын қалған Шыңғыстауды немесе 24 мың халық тұрып, құлдырағанда 4 мыңнан асар-аспас ел қалған Абыралыны айтпағанда. 340 мың тұрғыны бар Семей қаласының статусы үлкен ауылмен бірдей. Бұл қасірет пе? Қасірет!» – деді ғалым Н. Қалиев. 

Жиын арасында ән-күй орындалып, жазушы М. Сәрсекенің шығармашылық жолы туралы баспа дайындаған бейнекөрініс көрсетілді. Құрметті адамдарға берілетін университеттің «Күлтегін» сыйлығын сергек ойлы қаламгерге тарту етті. Талайды тамсандырған «Семей қасіреті» деректі тарихи хикаяты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің демеушілігімен «Фолиант» баспасынан 1000 дана болып жарық көргенін айта кетейік. 

Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?