«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жүрегі алаш деп соққан азамат

1532
Жүрегі алаш деп соққан азамат

Қазіргі гуманитарлық ғылымдар алға қойған бағыт-бағдарды айқындау, көркемдік кеңістікті тану, ақтаңдақтардан аршылған тарихи шындықты ұлт санасына сіңіру, әдеби-мәдени интеграцияны дамыту, тарихи кезеңдерді зерделеу, тұлғаларды жаңғырту сықылды аса күрделі міндеттерді ойдағыдай орындап отыр. Бұл құбылыс Қазақ елінің Азаттық алуымен тікелей байланысты деп айтқанымыз жөн болар. Осы тұрғыдан келгенде, XX ғасырдың бас кезінде елінің ертеңі үшін күрескен ұлттың бір топ арда азаматтары тарих сахнасына көтерілгені рас. 

Әрі XX ғасыр – сыны мен сыйы қатарласа келген, Ресей империясы құрамындағы халықтардың саяси көзқарасының қалыптасқан, сана-сезімінің оянған, ұлттық бірегейлік мәселесі көтерілген ғасыр. Қазақ мәдениетіне, қазақ әдебиетіне, қазақ тарихы мен ғылымына өлшеусіз үлес қосып, тыңнан түрен салып, ерекше екпін берген Алаш арыстары болғаны даусыз. Олардың мұраты – айқын, арзу-арманы – асқақ еді. Ұлы рух, қажыр-қайрат, ерік-жігер негізінде жаңа дүниелер туғаны белгілі.

«Алаш» ұғымы – қазақ үшін қастерлі ұғым. Мәселен, академик К. Нұрпейіс бұл жөнінде былай дейді: «Алаш немесе Алашорда қозғалысы – бірнеше құрамдас бөліктерден тұратын күрделі ұғым. Негізгі белгілері, біріншіден – саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден – мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден – осы автономияны басқаруға тиіс Алаш үкіметі, бейнелеп айтсақ осы үш ұғымның жиынтығы Алаш немесе Алаш Орда ұғымын білдіреді». Батыс пен Шығыс ілімін қатар үйренген Алаш қозғалысы жетекшілерінің ең басты мақсаты – Қазақ елін өзгелермен терезесі тең өркениетті, агросекторы дамыған, экономикасы өрістеген, саяси-әлеуметтік ұстыны мығым ұлтқа айналдыру болатын.

Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Б. Сырттанұлы, Ж. Досмұхамедұлы, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, Р. Мәрсекұлы, Ә. Ермек, М. Жұмабай, Е. Омар, Х. Ғаббас, Ж. Аймауытұлы, Қ. Кемеңгерұлы, С. Сәдуақасұлы, С. Қожанұлылар бастаған Алаш қозғалысы – қазақтың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан ерекше ұстанымдар синтезі, М. Қойгелдінің сөзімен айтқанда: «Алаш идеясы, бұл – ұлттың тұтастай өмір сүру концепциясы».

Әр мемлекеттік алтын діңгегі – ұлт. Негізгі міндет – сол ұлттың көсегесін көгерту. Алаш арыстарының тағы бір ерекшелігі – ұлттық кадр қалыптастыру, қазақты интеллектуалды ұлтқа айналдыру. Өкінішке қарай, отызыншы жылдардың сайқал саясаты кесірінен елдің қам-қарекетін ойлағандарға түрлі-түрлі айыптар тағылып, қап-қара күйе жағылып, сүт бетіне шығар қаймақтарынан айырылған қазақ – жұртта қалған баланың күйін кешті. Алайда, сол алыптардың шоқтығы биік, тұғыры еңселі. «Алаш» идеясы – бір күнде, не бір жылда пайда бола салған идея емес. Түсінген кісі үшін оның тарихы тым тереңде жатыр. Мұның түптамыры Тоныкөк, Күлтегін бастаған Көктүріктерде, Желмаясымен желіп, Жерұйығын іздеген Асан Қайғыда, Ақтамберді, Шалкиіз, Бұхардай жырауларда, Тәуке, Қасым, Абылай, Кенесарыдай хандарда, Шоқан, Ыбырай, Абай сынды ұлыларда жатыр.

Алаш ұлт-азаттық қозғалысы – ұлттық рухқа суарылған, ұлттық бітім-болмысты, ой-сананы, ақыл-парасатты өңге арнаға бұрып, жаңаша жаңғыруды басшылыққа алған қозғалыс. Бұл турасында жазушы, әдебиеттанушы-ғалым М. Мағауин былай деп жазады: «Қазақтың ежелгі даналығы үстіне, Еуропаның озық білімін ғана емес, өзгеше саясатын да игерген жаңа бір топ – Алаш қайраткерлері қалыптасты. Кенесары ханның өлімінен соң арада алпыс жыл өтпей, ұлттық тәуелсіздік мәселесі тағы да бірінші орынға қойылады. Шыңғыс ханның жиырма үшінші ұрпағы ұлы идеяның атауын да ерек көрсетіп: Алаш атауының астарында «жетекші» деген мағына жатыр, Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл алаштың – алаш жұртының басшысы екенін білдіреді». Осы тұрғыдан келгенде, «Алаш», бұл – халқымыздың бағзыдан келе жатқан ұраны. Ол – әркез елге рух беріп, дұшпанға қарсы қанды соғыста жеңуіне ықпал еткен фактор. көне заманда күнделікті өмір тұрмысында болған, жиі пайдаланған, қазіргі заманда халық жадында қалмаған, ғасырлар бойғы отарлау саясатының зардабынан жойылған архетиптік ұғымды Ә. Бөкейхан бастаған ұлттың саяси элитасы тірілтіп: «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп, қазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп отыр» деп өмірге әкелді. Патша үкіметі «қазақ» атауын «қырғыз-қайсақ» дегенмен қасақана алмастырып, ұлтты мылтықсыз жаулап, құртудың айла-амалы еді. Алаш зиялылары осы арам пиғылды ерте түсініп қойған-ды.

Алаш арыстары да құр қол отырған жоқ, мектеп бағдарламаларын түзіп, жоспарлы түрде керекті оқулықтар мен оны үйретудің әдістерін жасады. Мұндай игі іс – ұлтты сауаттандырудың негізі, әрі жанкештіліктің айқын белгісі. Тегінде, ұлтты оятудың ұмтылыс-құлшыныстарының барлығы дерлік ағартушылық, оқу, білім, ілім, ізденістің күшеюіне мүмкіндік туғызды.

ааа.jpg

1-сурет. Сейітбаттал Мұстафаұлы 

Қазіргі кезде XX ғасырдың басындағы қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуы, тұтастығы, теңдігі үшін арыстанша алысқан Алаштықтардың өмірі мен қызметі – терең зерттелуді қажет ететін тақырыптардың бірі. Алаш қозғалысы өз заманында халықтың ең алдыңғы қатарлы зиялы азаматтарын топтастырған, сол тұстағы аумалы-төкпелі кезеңдерде елінің мүддесі үшін жан аямай арпалысқан тұлғалардан құралған еді. Ғұмыры қысқа болса да, аталған қозғалыс төл тарихымызда өшпес із қалдырды, ең бір айтулы тарихи құбылыс ретінде елдің есінде қалды. «Алаш» қозғалысының дүниеге келуі өткен ғасырдың басында болып өткен қоғамдық-саяси уақиғалармен тығыз байланыста болғаны шындық.

Алаш азаттық қозғалысы – ұлттық деңгейде қорытылып игерілген, ұлттық дүниетаным өзегіне айнала алған, ұлттық бірегейлік идеясын насихаттай отыра, қазақты алға жетелеген қозғалыс. Сталиндік репрессия белең алған 1937 жылы ұлтына қорған болған ұлылар НКВД-ның құрығына ілікті, қолына түсті, тергелді, кейін оққа ұшып, жер құшты. Алайда, аттары өшкен жоқ. XX ғасырдың тарихы – ащы термен, һәм қанмен жазылған тарих. Қазақтың қаншама мықтылары, нарлары қыршын кетті, түрмеге қамалды, итжеккенге айдалды, азаптың, қайғы-қасіреттің неше атасын көрді. Мұндағы шовинистік биліктің басты мұраты – ұлттық құндылықтары мен артықшылық-ерекшелігінен айырып, мәңгүртке айналдыру. Бұл жолда саяси машина ешкімді аяған жоқ, асау жылқыдай алдындағысын қыршыды, артындағысын тепті, жан-жағын жапырды, тұқымын тұздай құртты. Яғни, Алаш қозғалысы Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, тарихи, һәм рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде туындады деуге толық негіз бар. Өткен ғасырдың басындағы ұлт келешегі үшін жасалған ұлы идеялардың бірі – «Алаш» қозғалысы. Сол кезде азды-көпті сауаты бар, жалпы саясаттан хабары бар делінгендердің бәрі осынау игі бастаманы қолдап, соның сапынан табылды.     

XX ғасырдың басында ұлттық мәселені өз мүддесінен жоғары қоя білген, әдебиетке, мәдениетке, ғылым-білімге, өнерге өлшеусіз үлес қосқан Алаш арыстары ел тағдыры таразы басына түскен аса шешімтал тұста атқа қонып, атой салып, тарих сахнасына көтерілгені баршаңызға аян. Солардың бірі – уақытында қазақ жұртын көркейту жолында аянбай еңбек еткен Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Дулатұлы, М. Жұмабайлармен үзеңгілес болған қайраткер, ағартушы-ұстаз, ақын, жазушы, аудармашы, көсемсөзші Сейітбаттал Мұстафаұлы. Бірақ, ұзаққа созылған кеңестік дәуірдің кері идеологиясы салдарынан оның есімі көмескіленіп, еңбегі һәм мұрасы атаусыз қалғаны, тағы рас. Бүгіндері Алаш арыстары туралы көп жазылып келеді. Шүкір! Десек те, есімі көпшілікке белгісіз, насихаты аз, жоқтаушысы жоқ тұлғалар, елінің дамуына, Алаш идеясының қанат жаюына зор үлес қосқан азаматтар аз емес. Алаштанушы-ғалымдар Алаш қозғалысына қатысқан ниеттестер тізімін түзіп, жыл сайын бейтаныс есімді тауып, оның қайраткерлігін жан-жақты аша түсер деректерді келтіріп, тарихи санамыздың оянуына зор үлес қосып келеді. Сол себепті де аталған жинаққа өзек болған, өмірде өжет, қайсар да жігерлі, тарих пен әдебиетке жүйрік, жаңғыру алдында тұрған тұлға, бұл – Сейітбаттал Мұстафаұлы.

1892 жылы дүниеге келген ол 16 жасында 1908-1913 жылдары аралығында Түркияның Ыстамбұл шаһарындағы Мұғалімдер семинариясында оқыған. Оның тікелей ұрпағы, жалғыз қызы Нәдия (азан шақырып қойған аты – Нұрбике, әкесі «Нұртай» деп еркелеткен) Сейітбатталқызы өзінің хатында: «Сүйікті әкем Сейітбаттал Түркияға білім аламын деп 16 жасында өзі жалғыз кеткен екен. Содан Стамбұлда 5 жыл оқып білім алған. Сол уақытта «Стамбұлға саяхат» атты өлең жазыпты. Ол өлең «Айқап» журналында басылып шыққан (1913 ж.). Кішкентай болсам да сол өлеңді оқып, Түркия халқына деген құрметі мен сүйіспеншілігін сездім. «Түркия халқы мені құшағын жайып қарсы алды» деген өлеңдегі әкемнің сөздері менің есімде қалыпты. Сол елден алған білімін жастармен бөлісуден менің әкем бас тартпай еңбек еткен. Сейітбаттал Мұстафин – қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға да белсене араласқан адам. Ол Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығарысқан. Жай шығарушылардың бірі ғана емес, сонымен қатар оның белсенді авторы болған» деп жазады. Жұрттың замана көшіне ілесу жолында ғылым-білім аса қажет екенін ерте ұғынған ұстаз, қазақтың озық ойлы оғланы өзінен кейін түріктің «Көксанжақ» романын (қазақ тіліне аударған), «Бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді», «Қалың малдан пайда бола ма?», «Стамбұлға саяхат», «Архимедтің өнері», «Қалай көндіру керек?», «Көшу турасында», «Имам Ғазали» атты танымдық сипаттағы мақалалар мен «Шернияз ақын» поэмасын (соңғы 4 мақала мен поэманы ескі араб жазуынан бүгінгі хатқа түсірген – тарихшы-ғалым Светлана Смағұлова) қалдырып, қазақ халық ауыз әдебиетінің үлгілерімен қоса, Шортанбай, Төле би, Қали би, Орынбай, Өске сықылды алыптардың жыр жауһарларын, нақыл сөздерін жинақтаған.


Нақтырақ айтқанда, оның «Шернияз ақын» атты поэмасы 1925 жылы Мәскеу қаласында басылып шыққан әрі оған алғысөзді «Қыр баласы» деген бүркеншек (псевдоним) атпен ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан жазған (14.19.25 ж.). Апамыз арқылы қолымызға тиген құжатта былай деп жазылған: «Шернияз ақын. Басқармадан. «Қазақтың өмірі, айтқан өлеңі, жоқтауы, жұмбағы, айтысы, рухани тарихы үйдің шаңырақ, кереге, уығындай мүшесі… Қазақ жұртының мәдениетін түгел жазуға өнер, әдебиет қалаған кірпіш болады. Осыны көздеп, Шернияз ақынның өлеңін басып отырмыз. Бұл өлеңнен ХІХ ғасырдағы қазақтың мінезі көрінеді. 1925 жыл. Қыр баласы».

Алайда, өкініштісі сонда, ағартушының жалғыз қызы Нәдия апамыздың айтуынша, «1937 жылы өзін ұстағанда НКВД қолжазбасын алып кетіп, жоқ қылған» екен. Қарымды қаламгер, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Есмағамбет Ысмайыл мен драматург Шахмет Құсайын – ағартушының шәкірттері. Атам қазақтың: «Аққа – Құдай жақ» деген сөзі тегін айтылмаса керек, 1958 жылдың желтоқсанында Көкшетау облыстық соты Сейітбаттал Мұстафаұлын ақтап шықты. Қайраткердің жары Үміш (Үмрахия) Әйіпқызы – Алашорда партиясын құрушылардың бірі, Петербор университетінің Заң факультетін тәмамдаған мықты маман Райымжан Мәрсекұлының немере қарындасы. Құдайдың сүйікті құлы С. Мұстафаұлы біреуге аға, біреуге іні, біреуге дос, біреуге әке, бәзбіреуге күйеу боп күн кешті. Апамыздың айтуынша, әкесі керемет жан болған екен. Бірде, Нәдия апамыз сырқаттанып, төсек тартып жатып қалса керек. Сөйтіп, ол кісі есін жиып, көзін ашып жан-жағына қараса, қарсы алдында қатты уайым шегіп, қайғыға батып, көзінен жас парлап отырған әкесін көреді. Қызының сауыққандағысын көріп көңілденіп, ерекше қуанғандығын айтсаңызшы... Ұстаздығы бір төбе. Балаларды оқытқанда бар білген-түйгенін, оқыған-тоқығанын аямаған азамат болыпты. Сонда, өз ісіне берілгені соншалық, тамақ та ішпей, кештің қалай батқанын да аңғармай қалады екен. Кейін сол кісінің алдын көрген өскелең ұрпақ бір-бір таутұлғаға айналып, «киіз туырлықты, ағаш уықты» қазақ халқын көгеріп-көктеуіне үлкен үлес қосқан.

Сейітбаттал М (1).jpg

2-сурет. С. Мұстафаұлының отбасы. Жары Үміш, қызы Нәдия

2001 жылы репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының қолдауымен «Арыс» баспасынан жарық көрген, Бейсенбай Байғалиев пен Светлана Смағұлова құрастырған «Райымжан Мәрсекұлы. Қазақ қайда бара жатыр?» деген еңбегінде былай делінген: «Райымжан Қытай жерінде зұлмат тырнағына ілінсе, оның мұнда қалған туысқандарының да жағдайы қиын еді. «Райымжанмен сыбайлас, Алаштың белді бір мүшесі, өкімет ісіне қарсы шығушылардың бірі» деген айыптармен Сейітбаттал Мұстафин де, Райымжанның ағасы Әйіптің қызы Үмірахияның (Үміш) күйеуі ұсталып, 1937 жылы 16 қыркүйекте үштіктің үкімімен атылады». Демек, Сейітбатталдай сергек те сезімтал азаматты, мұндай әділ де адал адамды мұқым қазақ жұрты білмесе де, әдебиеттанушылар мен тарихшылар таниды деуге толық негіз бар.

Сейітбаттал Мұстафаұлы – XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының жаңадан бас көтеріп келе жатқан өкілі есебінде жатса-тұрса өз елінің келешегін ойлап, таланттарға қамқор боп, көңіл бөліп, көмектесіп, ойлы жастарды білім алуға шақырған тұлға. Ұстаз шәкірттеріне бодандық бұғауынан құтылудың жалғыз ғана жолы білімде екенін тәптіштеп түсіндірген. Қазақ халқы Тәуелсіздік алып, Алаш қайраткерлерінің мұралары қайта түгенделе бастаған тұста ұлтына адал да қалтқысыз қызмет еткен Сейітбатталдай тұлғаның есімі ел тарихында сақталары сөзсіз. Адамзат тарихында ойып алар орны бар жұрттың, үлкен жеңістер мен азапты жеңілістерді бастан өткерген ұлттың Құс жолындай жосылған ұлы көшінде замана желі тудырған рухты, ұранды, темірқазықтай идеялары болмақ. Ғасырдың жылдар, айлар мен күндерден, сағаттар мен минуттардан құралатыны секілді, халық тарихы да жекелеген тұлғалардың өмірінен тұрмақ. Атамекенін мықшегедей мықтылар ғана сақтап қала алатыны белгілі. Тағдыры талас-тартысқа толы болса да, тұғыры биік тұлғалардың атын уақыт тасқыны шая алмас. Сондай бір үркердей топ бұл Алаш қайраткерлері!

IMG-20210214-WA0133.jpg

3-сурет. Алаш зиялысының қызы Нәдия Батталова (1923-2021)

Осы тұрғыдан келгенде Алаш ұлт-азаттық қозғалысы тарихында Сейітбаттал Мұстафаұлының атқарған қызметі ерекше орынға ие. Өткенді мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай даму да бола қоймасы анық. Ағартушы өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас Темірқазығы – бір күндік даңқ, көшпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы, өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы еді.

Ел егемендік алып, Тәуелсіздігімізді тұғырына қондырған кезеңде Алаш арыстарына деген құрмет те ерекше болуға тиіс. Өйткені, олардың көксеген арзу-арманы – қазақ елінің өз алдына дербес мемлекет атануы еді. Қазақстан президенті Қ. Тоқаев мырзаның «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. ...Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» деп пайымдауы бекер емес.

Бүгіндері Алаш қайраткерлерінің атын атап, түсін түстеу, кітаптарға, жинақтарға енгізу, ғылыми ортаға таныстыру, мұраларын жариялау жұмыстары кең көлемде жүргізіліп жатса да, әлі де талай боздақтардың өмірі мен қызметі зерттей түсуді қажет етеді деп ойлаймыз. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында Qyr balasy қоғамдық қоры Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали» атты алғаш рет шығармалар жинағын басып шығарды.

Биыл ағартушы-ұстаз, ақын, жазушы, аудармашы Сейітбаттал Мұстафаұлының туғанына 130 жыл толып отыр. Ақаңдай ұлы тұлғаның ізінен ерген, өмірлік ұстанымын ағартушылық мұратқа байланыстырған айтулы тұлғаға көрсетілер құрмет пен тағылым кештері бүгіннен басталуы шарт.