Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Машан батырдың жорық жолдары

1984
Машан батырдың жорық жолдары - e-history.kz

Қазақ тарихында «Жоңғар шапқыншылығы» деген атпен белгілі жүз жылдық соғыс кезінде көзге түскен тұлғалардың бірі – орта жүз керей тайпасының ірі батыры Машан Арықбайұлы. Бұл батырдың жорық жолдарына қатысты айтар болсақ, үлкен бір рудың ұранына айналған адамның майданға қатыспауы мүмкін емес екенін ескере отырып, батырдың туған (1692) және дүниеден өткен (1762) жылдарын негізге ала отырып, осы аралықта орыс отаршылары және қалмақ шеріктерімен болған шайқастардан іздеген абзал.

Ол үшін ең әуелі, ойрат шеріктерінің қазақ жеріне шапқыншылығы жайлы мәліметтерге назар аударған дұрыс. Танымал тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы, ойраттардың қазақ жеріне шабуылын төрт кезеңге бөліп қарайды:

·        Біріншісі, Батыр қонтайжы бастаған 1635-1653 жылдары үш дүркін (1635, 1945, 1952 ж.ж);

·        Екіншісі Галдан бошықты тұсында 1681-1683 жылдары үш дүркін (1681, 1682, 1683 ж.ж);

·        Үшіншісі Сыбан Рабданның заманы 1698-1728 жылдар алты-жеті дүркін (1698, 1711, 1712, 1718, 1723, 1725 ж.ж),

·        Төртіншісі Галдан Серен кезі 1727-1745 жылдары үш дүркін (1739, 1741, 1742 ж.ж.).

Соның ішінде, 1723 жылдың көктемінен 1728 жылдың жазына дейін жалғасқан «Ақтабан шұбырынды» ақтаңдығы бес жылға созылса, осы шамада ойраттан бас сауғалаған ел, соның ішінде керейлер де бар Сыр бойына қарай ойысқаны байқалады. Осы жерде азғана тыныштық тауып, ес жиған соң жауға қарсы соққы берудің әрекеттері жасалды. 1724 жылдан бастап қорғаныс шебін құрып, тойтарыс беруге ұмытылды. Атап айтқанда, 1724 жылғы Түркістанды қорғау, 1725 жылғы Алакөл шайқасы, 728 жылғы Шұбартеңіз майданы, 1729 жылғы Бұланты, Балқаш көлі маңындағы Итішпес көлі, 1735 жылдардағы Шаған, 1755 жылы өткен 80 күн Шорға жорығы т.б. майдандар ойрат-қазақ арасындағы ірі қақтығыстар есебінде. Жоғарыдағы Бұланты ұрысы кейін «Қалмаққырған» аталса, Итішпес көлі ұрысы «Аңырақай» деген атпен тарихта қалды.

Бұларды білмей біз қазақ батырларының жорық жолдары мен ерлік істерін бағадай алмаймыз. Мысалы, біз сөз етіп отырған Машан батыр осы соғыстардың қайсына қатыса алды, қандай ерлік көрсетті осыны бағамдай алмасақ, батырдың қазақ қоғамындағы орнын анықтау қиын.

Ал қолымызға түскен бір дерек орыс тарихшысы В.А.Мойсеевтің жазбасында: «1731 жылы орта жүздің тұлғалары Ойратқа қарсы ең ауқымда майдан ашуды жоспарлады. Сөйтіп, олар 1731 жылдың қысында орта жүздің ортасына барып келген башқұрт Тақмас, Әбілқайыр ханның ордасында жатқан А.И.Тевкелевке көрген-білгенін баяндаған құжат сақталған. Оны баянхатта: «Қонтайжыға қарсы шабуылға өту үшін Барақ сұлтан алты мың жасақ жинады. Бұл қосынның ішінде жалындаған жас батыр Жәнібек өз қосынын бастап келіп қосылды»» дейді (АВПР, ф. Зюнгорские дела, оп. 113/1. 1733 гг., д.1, л.57-57 об). Дәл осы соғыста Машан батырдың болғаны анық. Өйткені, жоғарыдағы атын аталған «Жәнібек батыр», шақшақ Жәнібек емес, Абақ керейді батыр Жәнібек Бердәулетұлы екені анық. Ал Жәнібек жүрген жерде, тек Машан емес Абақтың барлық батырлары жүрері хақ.

Оған дәлел тағы да тарихшы В.А.Моисеев жазбасы. Осы жазбада, Ресейдің Сыртқы саясат бөлімі мұрағаты негізінде былай деп көрсетеді: «О приезде в киргис-кайсацкие орды контайшинских калмыков в пятнадцати тысячах о нападении на кайсацкие орды владения Увак-Гирея, Абулмамбет и Барак-салтанов и которые кочевали около Иртышу и Ишиму рек».

Жоғарыдағы деректерді тіптен тарқатып айтар болсақ, 1726 жылдан бастап қазақтар қайтадан ес жинап, жоңғарларға қарсы күш біріктіріп, елеулі шайқастар жүргізді. Яғни, 1726 жылғы Бұланты, 1729 жылғы Аңырақай шайқастары қазақтардың жеңісімен аяқталады. Жайық, Ор бойындағы орыс бекіністері қазақтардың аса шоғырлануынан қауіптеніп ығыстыруы, жайылым тарлығы т.б. себептермен елдің беті Арқаға ауады. Қонтайшы Галданцэрээн тұсында қазақтар жаңа шапқыншылық жорықтарына тап болады. Соның бірі 1741 жылы Септен ноян бастаған 15 мың ойрат қолы Есіл бойын ойрандайды.

Жоғарыда аты аталып, түсі түстелген шайқастарда Машан батыр қатысқаны анық.Моңғолиялық ғалым Сұлтан Тәукейұлы жоғарыдағы майдан-жорықтарға қазақ халқының қосыны құрамында Абақ керей тарапынан Машан, Қаптағай, Бұқарбай, Жобалай, Жабай, Байтайлақ, Жантай батырлар әр рудан сыналып, қол бастады десе, Шыңжан-Алтай өлкесіне танымал шежіреші, машантанушы Баяхмет Жұмабайұлы: «Өз басым тарихи тұлға Машан батыр жөнінде 1990 жылдардан бастап орсан зор материал жинадым. Сол материалдарға сүйене келе, Машан батырдың өмірі мен ерлігі жөнінде ұлы қариялардан естіген талай деректері дүниелер менің жеке архивімде жинақталып қалған болатын. Шынын айтсам, біздің өткен бабаларымыз аласапыран жаугершілікті бастан кешіп, тынымсыз көшіп-қонып жүргенінің бәрі өмір талқысында қыл үстінде болғаны ақиқат еді. Халқымыздың сол бір зұлмат замандағы бастан өткергенінің бәрі көкіректегі шерге айналып, ол ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды. Оның көпшілігі архивке айналды. Мұндай ауыздан-ауызға жеткен деректерге елеусіз қарауымызға әсте болмайтын еді. Сондықтан «ел айтқан» деректерді топтаумен бірге кейінгі кезде материалдық деректерді жинастыра жүріп, Машан батырдың өмірі мен ерен ерліктері туралы біршама   құнды материалдарға қол жеткіздім» дей отырып: – Бізге жеткен аңыздарда Машан мен Жәнібек (кейде Жабай батыр делінеді) батыр тізе қоса жоңғарларға қарсы жүргізген шайқастардың бірінде Машан Ғалдан Рабданның (Ғалдан деп те айтылады) басына алып аты шыққан деседі. Келесі бір деректе Ботағара батыр екеуі талай соғыста тізе қосып жеңістік алған, төс соғыстырған қанды көйоек достар болғаныны да айтылды, - дейді («Жеті жұрт» газеті, №12. 25 маусым, 2021 ж).

Сондай-ақ, моңғолиялық қаламгер, қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» және Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романдарында Машан баһадүрдің біршама ерліктері баяндалады. Бұл авторлар ел аузынан естіген дүниелерді көркем шындыққа айналдарғаны анық.

Бұл жерде жазуға тұрарлық дерек, шежіретанушы Қахарман Қоманұлының айтуынша, Машан батыр ойраттармен болған бір шайқаста тұзақ айласын пайдаланып, шеріктерді бастап келе жатқан қалмақ батыры Ғалдан Рабданның (кейде Ғалдан депте айтылады) басын шауып түсірген екен. Бұл жерде басы шабылған ойрат батыр Ғалдан Равдан кім?. Біз білетін ойраттардың Сыбан Рабдан және Ғалдан Серен деген хандары болды. Бұлар емесі анық. Өйткені, жоғарыдағы екі тұлғаның қалай өлгені жайлы орыстың ойратанушы оқымыстысы И.Я.Златкиннің «История джунгарского ханства», В.А.Мойсеевтің «Джунгарское ханство и казахи. XVII—XVIII вв», моңғол тарихшысы Ч.Далайдың «Ойрат моңғол тарихы», қазақ ғалымы Тұрсынхан Зәкенұлының «Ойратнама: Жоңғар мемлекетінің қалыптасы мен жойылуы» атты кітапда екі ханның қалай өлгені жайлы нақты жазылған.

Ендеше Машан батыр басын қағып алған қалмақ батыр кім? Тарихты көп аты айтыла бермейтін, бірақ қазақтармен шайқасқа көп қатысқан төрт ойраттың бірі чорос тайпасының нояны Ғалдан деген бар. Осы адам болуы әбден мүмкін. Бұл тұлға жайлы тереңдетіп зерттеуге уақыт болмады.

Келесі кезекте айтарымыз: Машан батыр ежелгі көшпенділер соғыс айласын жетік меңгерген тұлға. Әсіресе, табиғат түзілісі мен жер жағдайын шайқас барысынды жақыс пайдалана білген. Соның ішінде қазақтың «Жалған тайсау», «Қақпан бастыру» «Қоралап соғу», «Шырғалау», «Мазалау», «Үш тоғыс», «Қаша ұрыс салу», «Екі аша соғысы», «Жүре соғыс», «Жекпе-жек соғыс», «Үлкәр жәрік соғысы», «Ошақ соғысы», «Қоян-қолтық соғыс», «Ай қораланды соғыс», «Қоян қашты жасау», «Шұбыртпалы соғыс», «Аламан соғыс», «Дода соғыс», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғыс» қатарлы қазақтың бұрынғы жауынгерлік өнерін жақсы білген дейді көнекөздер.

Осы орайда, Машан батырдың жорық істеріне қатысты ел аузында сақталған кейбір көшпенділердің ежелгі соғыс өнеріне қатысты әскери-тактикалық һәм жауынгерлік әрекеті жайлы айтар болсақ:

Түтін салу тәсілі: Шежіресі Қахарман Қоманұлының бізге берген ауызша ақпарында: – 1730 жылдары Есіл бойында өткен бір реткі шайқаста –дейді. – Машан батыр бір топ сарбазымен жау қоршауында қалып қояды. Адамы көп қалмақтар аз қазақты құрсаулап қолға түсірмек болады. Осындай қиын-қыстау кезде Машан батыр айла тауып, дереу дарияны бойлай өскен қалың қамысқа өрт қойдырады да, азғана жасағымен биік қабақтың астына жасырып қойып, өзі атақты жүйрігі торы қасқаны мініп алып жауды шырғалап шақырады. Машан батырдың астындағы атақты торы қасқа тұлпарын білетін қалмақтар бір-біріне есе бермей, тұлпарға қол жеткізу үшін жапа-тармағай өңмеңдей ұмытылады. Осы сәтті пайдаланған Машан батыр жауды жарып маң далаға қарай тартады. Тұлпарға құныққан жау батырдың ізіне түскен кезде, жар астындағы қазақтар дарияны жиектей шауып, қою түтінді пайдаланып қоршаудан құтылады. Ертеңінде уағдаласқан жерде жиналған қазақ қосыны қалмақтарға тұтқиылдан қарсы шаубылға өтіп жаудың бетін қайтарады.

Қалданмен жекпе-жекке шығуы: Сол сияқты ел аузында Машан батырдың ойраттың мыңбасы Қалданмен (кейбір деректерде Қалдан Рабдан) өткізген жекпе-жегі сақталған. Осы оқиға жайлы дерек беруші көктоғайлық машантанушы Назарбек Мәненұлының көне көз қариялардан естіген әңгіме желісіне наза аударсақ, астына оқтай жарау қоңыр атын шаужайлап, нақ майданға шыққан Машан батыр қалмақ нояны Қалданды күтіп тұрыпты. Біз заманда астына есік пен төрдей қара айғыр мінген қалмақ ентелеп келіп, ұзын найзасын омыраулата сілтепті. Осы сәтті күтіп тұрған Машан дереу босмойын шоқпарымен қалмақтың қаратамақ найзасын қақ бөліп ұшырады да, айнала беріп Қалданның оң иығынан салып қалады. Оң қолы салдырап, бойынан қуат кеткен қалмақ әл жинау үшін, майданды айнала шауып кезегі келгенде қылышын суырып ұмтылады. Дәл осы сәтті күтіп тұрған Машан батыр арқасына таңып алған қысқа садағын аса жылдамдықпен жұлып алып, темір жебелі оқпен дәлдеп атады. Зулай ұшқан жебе Қалданның ашық қалған көкірегіне барып қалдалған екен. Жарақаты ауыр оны бір топ шерік қаумалап шепке алып кетіпті. Бірақ осы жарақат салдарынан Қалдан көп кешікпей қайтыс болған екен. Осылай қалмақтың әйгілі батырларының бірін жусатқан Машанның ерлік ісі қазақ қолының үстем болуына жол ашады.

Ай қоралау әдісі: Сол сияқты Машан батырдың басқаруымен тағы бір тосқауыл шайқаста қазақ қолы айлалы іс қылып, жауды жеңеді. Бізге жеткен ауызекі деректе айтылғандай, қалың қолдың алдында келе жатқан қалмақтың жортуыл жасағын тоспада тұрған қазақ сарбаздары Машанның нұсқауымен ай қоралау тәсілін пайдаланып, соққы жасайды. Ол үшін ең әуелі, жүйрік жылқы мінген торуылшылар жаудың көзіне түсіп, мазалайды да, бытырай қашады. Қысқасы, жаудың жортуыл басы шерігін шырғалап әкеліп жазық алаңға алып шығады. Жазық жерде шырға бар деп күдіктенбеген қалмақтар аңдаусызда, қораланған ай сияқты ор қазып жасырынған мергендердің тосқауылына тап болған жау қардай бораған садақтың оғынан көбі мерт болады.

Машан батырдың басқалардан тағы бір артықшылығы – соғыс тәсіліне жүйрік, сұңғылалығымен қатар, алыста келе жатқан жаудың дүбірін тыңдап, қанша шерік келе жатқанын, олардың қаншалық қашықтыққа екенін аңғара алатын қасиеті болыпты. Осы қасиетін білетін қазақ қолбасшылары Машан батырды жоғары бағалап, ауызекі әңгімеде «Сәуегей батыр» атағаны жайлы айталады.

   Сейітқали ДҮЙСЕНОВ, педогогика ғылымдарының кандидаты,

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының  аға ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?