Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы ашаршылық зұлматына байланысты қазақтардың Батыс Сібірге босқыншылығы

2178
Қазақстандағы ашаршылық зұлматына байланысты қазақтардың Батыс Сібірге босқыншылығы  - e-history.kz
Кейбір жергілікті тұрғындар, шовинистік пиғылдағылар «қазақтар орыс балаларының етін жейді» деген әңгімелер таратуына байланысты жергілікті тұрғындардың қазақтарды өлтірген оқиғалары да орын алды

Қазақстанда жүргізілген «бай-құлақтармен» күресу, зорлап отырықшылдандыру мен ұжымдастыру саясаты бойынша барлық малды ортақтандыру арқылы етке өткізу науқанының нәтижесінде мал басы күрт азайып, оның аяғы бұрын-соңды болмаған ашаршылыққа соқтырды. Бұл ашаршылықтың ауқымы 1918-1919 және 1921-1922 жылдары болған сұрапыл ашаршылықтан да зор болды. 1931-1933 жылдары болған кезекті ашаршылық кемінде төрт миллион адамның өмірін қиды, олардың басым көпшілігі Қазақстанның аумағында қырғынға ұшырады; олар отырған қараша үйлері мен қыстауларында, бір үзім нан іздеп кезіп жүріп өлді, қалаларға жеткендері көшелерде ішектері бұралып өлді, жете алмағандары орыс шаруаларының қыстақтары мен деревняларының, рудниктер мен зауыттардың аймағында жер жастанды. Бір кездерде даланың өркөкірек, еркін де намысқой батыр ұл-қыздары Мәскеу ұйымдастырған жасанды сұрапыл зұлматты басынан өткерді. 

Голощекин мен Орталықтың Қазақстанға жасаған осы қылмыстық саясатының түпкі мәні – бұл ашаршылықтың Дешті Қыпшақ жерінде қолдан жасалуында болатын. Оны айтасыз, олар мұнан да сорақы қылмысқа барды: Олар қырылып жатқан қазақтарды құтқаруға ешбір тиімді шара іздеген жоқ, істегісі де келмеді. Қырылып жатқан қазақты ашаршылықпен жеке өзін қалдырды, қазақтар аштықпен өздері ғана күресуге мәжбүр болды. Ұлы көшпенділердің ұрпағының алдында екі ғана жол қалды – отырған жерлерінде өлу немесе басқа жерлерге ауа көшіп босқынға айналу. Онда да малсыз, дүние-мүлікті қалдырып босқын болу «таңдауы» алдында тұрды. Себебі малының барлығы тартып алынды, қалғандарын өздері сойып алуға мәжбүр болған еді. Үй-мүлкін алып көшуге жағдай көтермеді. 

Осындай жағдай басына түскен аш қазақтар 1931 жылдың күзінен бастап лек-легімен Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарына жаппай үдере ауа бастады. Аш қазақтардың жаппай босқынға айналып көше бастауы, бір жағынан олардың зорлықпен ұжымдастыруға білдірген ұжымдық наразылығы болса, екінші жағынан алғанда аштықтан аман қалудың бірден-бір дұрыс жолы еді. Қазіргі зерттеушілердің есептері бойынша осы жылдары республика аймағын 1 миллионға жуық отандастарымыз ауып кеткен. Сол кездегі Павлодар округінің Ертіс ауданының қазақтарының Омбының Русскополян ауданына ауған босқыншылығын көрген сол облыстың Қаратал ауылының тумасы Асылбекова Зылиха Сартымбекқызы былай суреттейді: «1932 жылдың қысында болған сұмдық оқиғалардың куәсі болдым. Аулымыздың қасынан Омбы жаққа өтіп бара жатқан аш қазақтардың шұбырынын көрдім. Сол жылы сұмдық қатты қыс болды, сақылдаған аяз бен боран толастамай соғып тұрды. Боран толастаған соң ауыл адамдары жолға шығып қарайып жатқан қазақтардың өлігін жинап жерлейтін еді. Өліктердің көптігі сонша оларды тезірек көмуге тырысатын, себебі аш қасқырлар өліктерді жеп қоятын. Бір айта кетерлік жай – адамдар өлер алдында үстіндегі киімдерін шешіп тастап құлайды екен. Денелері тез ісіп кетеді екен. Көп жағдайда аналарына ере алмаған жас балалар көп өлген. Ере алмай қалжыраған балаларына қарайлауға аналардың күші де, мүмкіндігі де болмаған». 

8f2079ba1be4d74d1899ab723d165e12.jpg

Бір үзім нан іздеген Солтүстік және Қазақстанның теріскей шығысының, Орталық Қазақстанның қазақтарының басым көпшілігі Батыс Сібірді бетке алып, Ертістің бойын жағалап пароходпен, темір жолмен, жаяу шұбырды. Жаяу жүргендердің көпшілігі жолда өлді, атап айтқанда Сібірдің шекара аймағында өліктері қалды. Осы жағдайды Батыс Сібір бойынша ОГПУ-ң өкілетті өкілі өзінің «Қазақстандық қазақтардың Батыс Сібір өлкесіне қашып келуі туралы» деген 1932 жылдың 23 ақпанындағы арнайы ақпаратында былай баяндапты: «1931 жылдың күзінен бастап Қазақстаннан қашқан қазақтар көрші орналасқан Батыс Сібір өлкесінің аймақтарына үдере көше бастады. Соңғы кезде бұл жағдай жаппай сипат ала бастады… қашқан қазақтардың қолдарында ешқандай дүние-мүліктері жоқ, еш жерде жұмыс істемейді, басым көпшілігі аш. Қайыршылық жаппай етек жайған, өлген жануарлардың етін жеу көп тараған.. Аштықтан өліп жатқан жағдайлар кездеседі». 

Ресми ақпаратта Батыс Сібірге немесе «Запсибкрайға» көшіп келген қазақтардың саны 50 мың шамасында деп көрсетіледі. Бірақ, біздің пайымдауымызша шын мәнінде бұл дерек кемінде 250 мың деп ойлаймыз. Не себептен ауып келген қазақтардың саны азайтылып көрсетіледі? 

Біріншіден, 1933 жылға дейін, жергілікті билік орындарының қолдарында ауып келген босқын қазақтарды Қазақстанға қайтарып жіберу жайлы нақты нұсқаулары болатын. Себебі олар әрбір ауып келген босқын аш қазақты өздерінің тап жауы деп санады. Сол себептен де ауып келген босқындарды қабылдауға мәжбүр болған билік орындары, ақпарат берушілер қазақтардың санын азайтып көрсетуге тырысты. Бұл сөздерімізге Батыс Сібір өлкесінің Волчихин ауданының атқару комитетінің 1931 жылдың 26 мамырындағы директивасы дәлел бола алады: «Атқару комитеті үш күн мерзім ішінде Қазақ өлкесінен келгендеріне екі жыл болғандарды, біздің ауылсоветтің аймағында тұратын барлық ауқатты құлақтарды, олардың сыбайластарын анықтап оларды Михайлов ауылсоветі арқылы Қазақ өлкесіне, бұрынғы мекен жайларына көшіріп жіберуді ұсынады». Бұл директивада сонымен бірге оларды колхозға қабылдауға тыйым салу жөнінде нұсқау берілген. Батыс Сібір өлкесіне ешқандай малсыз, дүние-мүліксіз аштан өлмеу мақсатында жаяу шұбырғандарды қалайша құлақтар мен ауқаттылар қатарына қосуға болады? 

Екіншіден, ауып келген босқын қазақтардың көпшілігінің қолында еш құжаттары жоқ болатын. Сол себептен де Қазақстаннан келгендердің санын анықтауға мүмкіндік болмаған. Төлқұжаттар кейінірек пайда болды.

Үшіншіден, босқындар тез жиналып, тез көшіп кетуге дайын тұрды. Пәлен жерде тамақ бар немесе жұмыс бар деп естісе сол заматта көшіп кете берген. 

Төртіншіден, қазақтардың жаппай қырылып қалу жағдайлары көп болған. «Сібір өлкесінің» көптеген жол бойларында, әсіресе қыс мезгілінде аштық пен суықтан өлген қазақтар жаппай орын алды. Олардың өліктері орыс деревнялары мен қалаларының көшелерінде жиі кездесетін. Кейбір жергілікті тұрғындар, шовинистік пиғылдағылар «қазақтар орыстардың балаларының етін жейді» деген әңгімелер таратуына байланысты жергілікті тұрғындардың қазақтарды өлтірген оқиғалары да орын алды. Осындай себептер босқын қазақтардың нақты есебін алуға өз кедергілерін жасап отыр. 

Бесіншіден, босқын қазақтардың арасында әртүрлі аурулар оларды бауша орып, олардың нақты есебін алуға мүмкіндік бермеді. 

Алтыншыдан, халық санағын жүргізетін статистердің жұмысында көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алды. 

Жетіншіден, 50 мың адам көшті деген цифрды алғаш рет 1932 жылы Т. Рысқұлов айтқан еді. Бұл көрсеткішті ол нобай ретінде айтқан болатын. Жаппай көшу 1932 жылдың аяғына дейін орын алып, 1933 жылғы ашаршылықтың келесі жылында жалғасқан болатын.

Аштық қуған босқындар қайда бет алды? 

Біріншіден, олар Батыс Сібір аймағындағы кішігірім қазақ ауылдарына, ағайын-жекжаттарын, қандастарын көздеп бет алды. Бірақ Сібір қазақтарының да жетіскен жағдайлары жоқ еді, олардың бірнеше жүз мың қазақты қабылдауға мүмкіндігі жоқ еді. Бұл аймақта да бай-құлақтармен, ауқаттылармен деген күрес, олардың малын тартып алу, сайлау құқығын жою процестері жүріп жатқан-ды. Нәтижесінде сібірлік қазақ ауылдарының тұрғындарының саны екі-үш есе көбейді. Аш қазақтар қайтсе де өз қандастарының, жекжаттарының қасында қалуға тырысты. Жесір әйелдер екінші, үшінші әйелдікке қуана-қуана келісіп күйеуге шықты. Жас қыздарын жергілікті қартайған кісілерге беріп, өздері жалшылыққа тұрды. Бір үзім нанға сақтаған алтын-күмістерін ауыстырды. Босқын қазақтардың келген аймақтарында кейін жаңа колхоз, жаңа қоныстар пайда болды. Мысалы, Омбы облысының Есілкөл ауданында «Бақабас» деген (1991 жылы осы жаққа келген экспедиция мүшелері бұл аттың шығу төркінін сұрағанда мынадай түсінік алыпты. Жергілікті қазақтар аш қазақтарды аяп оларды «бақабастар» деп атаса керек) колхоз-ауыл, Таврия (Молотов) ауданында «Ағыс», Борисов ауданында «Наймандар», Любинск (Горький) ауданында «Белсенді» және басқа қоныстар құрылды. Бұл қоныстардың халқы тез өсіп, сырттан келген өздерінің аш қандастарын ықласпен қатарына қабылдап отырған. Мысалы, Батыс Сібір өлкесінің алдыңғы қатарлы шаруашылығының жетекшісі, Русскополян ауданының ауыспалы Қызыл ту иегері, Қаратал колхозының төрағасы Мамынов Иманғали Павлодар облысының Ертіс ауданынан келген,  аштықтан бұралған бірнеше ондаған қандасын колхозға қабылдаған. 

Екіншіден, қазақ босқындары Батыс Сібірдің қалаларына (Новосібір, Славгород, Барнаул, Бийск, Омбы) жетуге тырысқан. Ондағы мақсаттары - аман қалуды ойлап балаларын балалар үйіне орналастырып, өздері жағдайдың қиындығына қарамастан жұмыс және баспана тауып аман қалған. Мысалы, бір ғана Славгородте 6 мыңға жуық қазақ болыпты, тағы 4 мың қазақ осы ауданның ауылдық жерлерінде өмір сүріпті. Қазақтардың тағы бір азғантай тобы Иркутск мен Читаға дейін жетіп жергілікті халықтың малын бағып, үй қызметшісі болып патша заманы кезіндегідей кісі қолында жұмыс істеген. 

Үшіншіден, сол кезде шахталар мен рудниктерде, темір жол салу жұмысында жұмыс қолына сұраныс көп болған. 

Төртіншіден, Батыс Сібірге тереңдеген сайын қазақтар әртүрлі шаруалар тұратын деревняларға кезіккен. Мысалы, 1932 жылдың ақпан айында бір ғана Ключевский ауданының селоларында 5 мың қазақ, Баев ауданында, 1500, Ребрихинда 2500, Алей айданында 3000 қазақ тұрған. 

Батыс Сібірде қазақ босқындарын қандай проблемалар күтіп тұрды? 

Батыс аймағының барлық стансалары толған аш қазақтар болды. Аш қазақтардың көпшілігін жергілікті колхоздар мен совхоздар жоғарғы совет-партия биліктерінен қазақтарды дереу кері қайтару жөнінде нұсқау болуына байланысты қабылдауға бас тартты. Қалалар мен шахталарда, рудниктерде қазақтарды өмір сүруге қолайсыз жатақханалар мен пәтерлер күтіп тұрды. Патша заманы кезіндегідей қазақтарды жалақы беру кезінде алдап кету көп орын алды. Оларға жалақысы төмен, кәсіби біліктілікті қажет етпейтін қара жұмыстар берілді. Қазақтарды орыс тілін білмейсің деп жұмыстарға қабылдамады. Бұл аймақта сол кездерде шешек, туберкулез, қышыма, сүзектің бірнеше түрлері адамдарды бауша орып жатты. Азық-түлік тапшылығы, балалар үйлерінің аздығы орын алды. Балалар арасындағы қаңғыбастық та көп болатын. Киім мен аяқ киім тапшылығы ерекше болды. Шахтерлердің жағдайы, атап айтқанда Кузнецк шахтерлерінің жағдайлары тіптен қиын еді. 1932 жылдың 27 маусымындағы өлкелік прокуратура мен өлкелік соттың ақпараттық анықтамасында мынадай жолдар жазылыпты: «Өлкенің өндірістік аудандарында қазақ жұмысшыларды орыс жұмысшыларымен салыстырғанда материалдық-тұрмыстық жағдайы төмен ахуалға қойғандығы, қазақтарға дөрекі үстемділік жасау кездері анықталған. Мысалы, Ленинскіде, оның ішінде «7 ноябрь» шахтасында 500-ге жуық қазақ жұмыс істейді. Қазақтар өте төмен тұрмыстық баспаналарда, ешқандай жихазы жоқ бір кішкентай бөлмеде 16-17 адам тұрады. Асхана бірнеше реет жұмысшы қазақтарды түскі ассыз қалдырған...» 

Осындай жағдайлардың нәтижесінде ондаған ересектер мен жүздеген балалар өлімі орын алған. Мысалы, 1932 жылдың қаңтар-ақпан айларында бір ғана Ключевска ауданында аштық пен суықтан 29 адам өлген. 16 ақпанда Ключи селосындағы «Красный Октябрь» артелінде суықтан шалажансар халге келген қазақ әйелінен «неге қатып өлгің келді?» деп сұрағанда: «Ашпын, сондықтан, қалай өлсем де маған бәрібір. Бірде бір орыс үйіне түнеп шығуға кіргізбеді» деп жауап берген. 20 ақпанда Ключевск ауданының милиция басқармасына өлген 4 қазақтың мүрдесін әкелген. Николаевка селосында бір қазақ түнеп шығуға сұранған, ешкім кіргізбеген. Бос тұрған бір үйге кіріп ұйықтап аяздан қатып өлген. Васильчук селосында екі қазақ басқа селоға бет алған. Село сыртына шығып отырып демалған. Әлсіреген болса керек, өліктері табылған. 1932 жылдың 5 наурыздағы дерек бойынша Батыс Сібірдің бір ғана Славгород ауданында босқындар арасында аштық пен аурудан өлген 117 жағдай болғандығы ресми түрде тіркелген. 

Ең сорақысы, келген қазақтарға адамгершілік жасамау, табалау мен қорлау ғана емес, оларға күш жұмсау, тіпті өлтіру жағдайлары болған. Мұндай болған жағдайларға жергілікті соттар онша мән бермеген, аудандық прокурорлар мен аудандық милиция бөлімшелері қылмыскерлерді іздемеген, оларды жеңіл жазалар беріп құтқарып отырған. Мұндай зорлық-зомбылыққа көп жағдайда орыс шаруаларының ортасына аз топпен түсіп қалған қазақтар тап болған. Қазақтарға деген жаман көзқарас болмағанына қарамастан орыс деревнялары мен қалаларында «ұлыдержавалық шовинизм» (сол кезде Батыс Сібір өлкесінің партия қайраткерлерінің арасында жиі қолданылған сөз тіркесі) қанат жая бастаған болатын. 1932 жылдың 28 қыркүйегінде Крупин РайКК-РКИ-ң төрағасы мынадай хабарды жазған: «Өлкелік соттың кассациялық коллегиясын тексеруді сұраймын, себебі бұл коллегия шовинистердің шоқпарын соғып отыр. Нақты айғақ: «Овцевод» совхозының директорының көмекшісі Поповты – түгелдей бір қазақ ауылын өртеп жіберуге жарлық берген адамды партиядан шығардық. Қалалық сот оны 5 жыл бас бостандығынан айыруға кесті. Өлкелік сот бұл шешімді бұзып оған бар болғаны 6 айлық мәжбүрлік жұмысқа салып отыр». Айтпақшы, түгелдей бір қазақ ауылын өртеп жіберуді біз патша заманында да кездестірмеген едік. Ондай жағдай қазақтардың көтерілісін жазалаушы отрядтар басқан кезде ғана болды. 

Сол кездегі қылмыстық жағдайдың қаншалықты болғанын Батыс Сібірдің өлкелік милициясы басқармасының 1932 жылдың 26 қазанында жасаған шолуынан аңғарамыз: «Крупин ауданы. 28 қазан күні «Овцевод» колхозының аймағында, совхоз хуторынан 7 шақырым жерде, айдалада 9 өлтірілген қазақтың мүрдесі табылды. Үшеуінің жасы 20 мен 45-тің арасында, 12 жастағы ер баланың денесі, екінші баланың басы кесілген, 2 баланың өлігі, біреуі 3-4 жас шамасында, екіншісі 13-14 шамасында және екі қазақ әйелінің денесі табылды». Кейін бұл іс бойынша іздестіру жұмыстары жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылды.

Босып келген қазақтарға деген жергіліктілердің жаман көзқарасы жаппай еді. Бұл жөнінде өлкелік прокурор былай деп жазды: «Алейск вокзалында вокзал бастығы қазаққа қол жұмсап, оны қорлап бұфеттен желкесінен ұстап шығарып жіберген… Баев ауданында шаруалар қазақтарды аяусыз соққының астына алған.. Мұндай оқиғалар кең тараған, ұлыдержавалық шовинизмнің нақты көрінісі деуге болады. Ешқандай себепсіз ұрып соғу, тек қана қазақ болғаны үшін ұрып соғу қалыпты жағдай». 

Мұндай жағдайларды болдырмау үшін жергілікті билік орындары не істеді? Әрине, мұндай масқаралықтарды тыю үшін шаралар жасалынып тұрды. 1932 жылдың қорытындысы бойынша, ұлыдержавалық шовинизмдік істері үшін 273 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Жергілікті биліктің, оның құқық қорғау органдары, жергілікті және өлкелік соттардың аш босқындарға деген жаппай жек көрушілік іс-әрекеттерін жасырып келгенін ескерсек, сол кездегі «ұлыдержавалық шовинизмнің» қаншалықты ауқымды болғанын аңғарамыз.

d4af0d5459e7cbae0fe6dec86e501927.jpg

Сонымен бірге аш босқындарға деген адамгершілік көзқарас пен қайырымдылықтардың да болғанын айтуға тиіспіз. Бұл турасында, келген аш халыққа шын көңілімен ұйымдасқан түрде көмектесуге ұмтылған Омбы облысының Любинск ауданының басшылығының іс-қимылдарын айтқан жөн. Атап айтқанда оларды совхоздарға жұмысқа орналастыруға директорларды міндеттеді, азық-түлік паектарын бергізді, өндірістік тауарлармен қамтамасыз етті. Жергілікті астық дайындау мекемелеріне келген босқындарға 300 центнер астық берсін деген тәртіп берілді. Сонымен бірге оларды дереу жұмысқа орналастырсын деген шаралар қабылданды. Барлық мекемелерге қазақтардың жалақысын, азық-түлік паегін беру мәселесінде жүгенсіздіктерді болдырмасын, қазақтарды «қумасын» деген қатаң тапсырмалар берілді. Сонымен бірге, «соңғы кездері Любино селосында және басқа елді мекендерде қазақтарды қуғындау, балаларын ұрып-соғу, жастардың арасында қазақтарды табалап мазақ қылу мысалдары жиі орын алып келді, мұндай жағдайларды бір тәулік ішінде іздестіріп тауып, айыптыларды жұрт алдындағы сотпен жауапқа тарту жүктелсін». Қазақ балаларына арналған балабақшалары, өз алдына қазақ колхоздарын ашып, ұйымдасқан түрде киім-кешек беру қолға алынды.

Уақыт өте келе қазақтарды еңбекқорлығы үшін, төзімділігі мен ақжарқындығы үшін сыйлай бастады. Аш қазақтар жергілікті шаруалардың балаларын жейді-міс деген жалған әңгімелер жоққа шығарылды. Қазақтардан құрылған құрылыс бригадалары жергілікті орыс халқының ұжымдарын социалистік жарыстарға шақырып жоспарларын 100 пайыздан артық орындайтын болды. Жергілікті қарапайым тұрғындардың арасынан қазақтардың басынан кешкен зұлматына деген жаны ашығандардың саны көбейе бастады. Омбы облысының Павлоград ауданының У. Дробатенко деген украиндық колхозшы ЦКК РКИ төрағасы Я. Рудзутакқа Қазақстанда болған сұрапыл аштық жайлы хат жазды: «Қазақстан бізден бар болғаны 10 шақырым жерде тұр. Ол жақтың жағдайы бізден де «жақсы». Жол бойлары толған өлген адамдардың сүйегі, балаларын қараша үйлерде қалдырған. Оларды тірі күйінде құрттар жеп жатыр. Біз 120 шақырым жол жүріп бар болғаны үш тірі адамды кездестірдік. Тапқан сүйектерді қайнатып пісіріп жеп тауысқан, дүние-мүліктерін қалдырып көздері қараған жаққа ауып, босып кеткен». 

1933 жылы Батыс Сібір өлкесі босқын қазақтарды проблемаларын шешуге байланысты шұғыл және тиімді шараларды қарастыра бастады. 1933 жылдың 15 сәуірінде КСРО Совхалкомының В. Куйбышев қол қойған «Орта Волга, Батыс Сібір өлкесіне және Қырғыз АССР-е көшіп кеткен қазақтарға көмек көрсету шаралары туралы» көптен күткен қаулысы шықты. Батыс Сібірге қазақтарға деп 200 тонна тары бөлінді. 1000 баланы орталықтандыру арқылы бала бақшамен қамтамасыз етілсін, сонымен бірге қазақтарды жұмысқа орналастыру жұмысы жалғастырылсын деген тапсырма берілді. 1933 жылдың 25 мамырына дейін Новоомскіде 120 орындық, Славгородте 100, Алейскіде 100, Прокопьевскіде 60 орындық бала бақша ашу міндеттелді. Қазақ балаларына арналған мектептер ашыла бастады. Қазақстаннан оқулықтар алдырылды. Бірте-бірте қазақтардың тұрмысы жөнделе бастады. Тіпті мейрамдар мен мерекелер өте бастады. Мысалы, 1934 жылы «Кемерово» руднигінің қазақтары «Трактор-той» деген мереке ұйымдастырып оған 2000 қазақ келіп, оған орыстар да қатысты. Сөздер айтылып, кітап, журнал, газеттерді сату ұйымдастырылды. Үрлемелі оркестр ойнап, ұлттық ойындар өткізілді, спорттық жарыстар өтті. Үздік жұмысшыларды марапаттау өткізілді. Мерекеге 2500 рубль ақша жұмсалды. 1935 жылдың шілде айында Славгород ауданының Бауыржансор ауылсоветі өлке бойынша үздік деп танылды. Бұл ауданда шаруашылықтардың 92 пайызы, яғни 136 шаруашылық ұжымдастырылған еді. Осы ауылсоветтің колхозшылары ауданда бірінші болып егін себуді 110,9 пайызға орындады. Ауыл шаруашылығы техникасы мерзімінен бұрын жөнделді. Бұзаудан өлім-жітім жоқ, қозыдан бар болғаны 3 пайыз. Екі фермасы, 54 сиыры, 160 қойы бар екен. Жемшөп дайындау да бірінші болып, колхозды басқарған – Қонаев. Батыс Сібір өлкелік атқару комитетінің қаулысымен қазақ колхозы Ауыспалы Қызыл ту алды. 

1934 жылдың тамызында кейбір қазақтар тарихи мекеніне орала бастады, көпшілігі Батыс Сібірде қалып қойды. 

Сөйтіп, қиын жылдары Батыс Сібір аймағына көшіп кетуге мәжбүр болған қазақтардың бұл аймаққа келуінің жақсы жақтары да болды. Ондаған мың отандастарымыз өз елінде қалған жағдайда аштан өлері анық еді, осында келіп аман қалды. Орыстардың «ұлыдержавалық шовинизміне» тосқауыл қойыла бастады. Келгендер орыс тілін үйреніп, жаңа жұмыс мамандықтарын игерудің арқасында, қажырлы еңбегінің арқасында отандастарымыз жаңа жерге тез үйреніп кетті. Бүгінгі таңда Батыс Сібірде тұратын 200 мың қазақтың ұрпақтары сол қиын заманда аштықтан қашып бас сауғалаған ата-бабаларының жерінде тұрып жатыр. 

Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымының докторы, профессор

«Ашаршылық» ақиқаты кітабынан. Құрастырған С. Жүсіп.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?