Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарлұқтардың тарих сахнасына шығуы

2773
Қарлұқтардың тарих сахнасына шығуы  - e-history.kz
Қағанаттың бір иелігін билеуші Чеби хан өзінің жақтастарымен Алтай тауына қашып барып, жасырынды. Ол шығыста – қырғыздардан, батыста – Ертістің бас жағындағы қарлұқтардың күштерін өзіне қосып алды

Қарлұқтардың тарих сахнасында шыққан уақыты VI ғасырдың соңына сәйкес келеді. Бұл уақытта олар Алтай тауларының батысында Зайсан, Алакөл, Урунгу көлдері аралығымен Қара Ертіс бойы және Тарбағатайда орналасқан. Түркі қағанатына тәуелді «Үш Қарлұқ» тайпалар бірлестігі еді. Батысында қуатты түргештер, ал оңтүстігінде чумугунь, чуюе және худу тайпалары көрші-қолаң отырды. 

581-603 жылдары Батыс және Шығыс болып бөлінген Түрік қағанаты аралығындағы саяси қатынастарда, ал 585 жылы ІІІығыс Түрік қағанатының батыс бөлігіне шабуыл жасаған Батыс қағанатының көсемі Або хан қол астындағы ру-тайпалардың ішінде қарлұқтар да кездеседі. 

VII ғасырдың басында Батыс Түрік қағанатының құрамындағы қарлұқтар Тун жабғу (618-630) қол астында болды. Бұл кезде екі үлкен одақ құрылған еді. Біріншісі – Қытай, Батыс Түрік қағанаты мен Византия болса, екіншісі – Шығыс Түрік қағанаты, Иран және аварлар біріккен одақ қалыптасты. Батыс қағанының Нушиби қанатынан шыққан Тун жабғу бірінші одақ құрамында болғандықтан Қытай бағытын ұстады. Батыс Түрік қағанатының сыртқы қатынастарында үлкен жетістіктерге қол жеткізгенмен, Тун жабғу билігінің соңғы қезеңінде елдің ішкі жағдайына жеткілікті түрде көңіл бөлмеді. Жан-жаққа жүргізген жорықтары көп адам күші мен материалдық ресурстарды қажет етті. Мұның өзі қол астындағы иеліктердің ішінде наразылыққа әкеп соқтырды. 

Батыстағы қиыншылық жағдайды пайдаланып, Шығыс Түрік қағанаты 629 жылы Бесбалықты басып алды және қарлұқтарды Тун жабғуға қарсы көтерді. Іле-шала дүлу тайпалары да көтерілді. Көтеріліс барысында 630 жылы Тун жабғу өлтірілді. 

Батыс Түрік қағанатындағы бұл оқиғалардан кейін дулу және нушиби тайпалары арасында билік үшін ұзаққа созылған күрес басталды. Осы кезде күшейіп келе жатқан Шығыс Түрік қағанатын басып тастау үшін Тан империясы барлық айла-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, 630 жылы шығыстағы қағанат империяға бағынуға мәжбүр болды. Алайда қағанаттың бір иелігін билеуші Чеби хан өзінің жақтастарымен Алтай тауына қашып барып жасырынды. Ол шығыста – қырғыздардан, батыста – Ертістің бас жағындағы қарлұқтардың күштерін өзіне қосып алды. 

6b098b832a7ff1101f18afc37659551b.jpg

Қытай елші жіберіп император сарайына Чеби ханның өз еркімен келіп, бағынуын талап етті. Алайда Чеби хан оған көнбеді. Қытай елшілері оның келісімге келмейтініне көздері жеткеннен кейін, қарлұқтармен астыртын келіссөз жүргізіп, ханды ұстап алуға әрекеттенді. Бірақ елшілердің бұл ниеттері белгілі болып, олардың барлығы өлтірілді. Соғыссыз Чеби хан берілмейтіні белгілі болған соң, империя әскер жіберіп, 649 жылы ханның өзін тұтқынға түсірді. 

Қырғыздар мен қарлұқтардың Чеби қол астында бірігіп, Қытайға қарсы күресін «Манас» эпосының сюжетінен де көруге болады. Эпоста Манас Жақыптың ағасы Қарахан өлген соң, Алтайға көшкенде туады. Ал көшудің себебі империяның қырғыз жерін шауып алуы болып табылады. Эпостағы қырғыздарды жаулаушы Алоуке Қытай жылнамаларындағы империя әскерінің қолбасшысы, генерал Гао Кань болуы ықтимал. Яғни түркі тіліндегі үндестік заңы және эпостың ауыздан ауызға берілуіндегі Гао Кань-Аока-Алоуке болып өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Эпоста қырғыздар Алтай жерінде егіп салып, байыды делінген. Жазба деректерде Чеби ханға ерген қырғыздар мен қарлұқтар Алтайдың ойпатты, жазық жерлерінде тұрғаны айтылады. 

Эпос бойынша Манастың туған кезеңі, сол VII ғасырда коян-қолтық, «төскейде малы бір» түркі тектес тайпалардың Қытайдың империялық, басқыншылық саясатына қарсы күресінің үздіксіз және батыл жүргізілген кезеңіне сәйкес келеді. 620-630 жылдарда Хели ханның бастауымен, 630-650 жылдары Чебидің, ал 651-659 жылдардағы Халлыг Шаболо Хэлу ханның көтерілісі – VII ғасырдағы империяға қарсы біріккен түркі тайпаларының азаттық үшін күресінің тізбектері болып табылады. 

Осы үздіксіз 40 жылға созылған екі Түрік қағанатының Қытай империясына қарсы азаттық үшін күресі «Манас» эпосының бастапқы негізін, Манас тұлғасын жасауда шешуші рөл атқарды. Бұл жөнінде аяулы ғалым Ә. Марғұлан: «Манас» жырының ең алғашқы қалыптасуына негіз болған, әсіресе Түрік қағанаты кезіндегі (Қытай хандарының басқыншылық саясатына қарсы) ерлік күрес, Бейжін (Бесбалық) төңірегіндегі талай рет болған соғыс суреттері. Бейжінді қорғау жолында бір тамаша уақиға – қарлұқ пен қырғыздардың бірігуі (кейін), жырда ол Алмамбет пен Манастың достасуы түрінде айтылады» (23, 1971, 61) деген еді. Біздіңше қарлұқтар мен қырғыздардың алғаш рет Чеби хан тұсында бірігуі осы эпостағы Манас пен Алмамбеттің достасуы сюжетіне негіз болған. 

Қытай деректеріне сүйене отырып шығыстанушы А.Г. Милмикин 630 жылдан соң, Хели қаған жеңілгеннен кейін, көшпелі тайпаларды біріктіріп, Тан империясына қарсы қажырлы күрес жүргізген Чеби хан екенін хабарлайды. Чеби жеңілгеннен кейін, оның қол астындағы тайпаларды империялықтардың округтандыруын айта келіп, бұл округтардың сол көшпелілер мекендеген жерінде емес, империя шекарасына іргелес қоныстандырғанына көңіл бөледі. Автор Қытайдың Чебиді жеңгенімен оның жерінде тұрақтанып қала алмағандығын, ал шекарада құрылған округтардың ұсақталу мүмкіндігін ерекше атап өтеді. Бұған қарлықтар үшін құрылған Хуньхе және Ланьшань округтарын жатқызуға болады. 

Чеби ханның қол астындағы тайпаларды орналастыру жөнінде Л.Н. Гумилев Қытай деректеріне сын көзбен қарайды. Ол мыңдаған адамды бір жылда Алтайдан Хангайға апарып, орналастырудың шындыққа сәйкес келмейтінін негізді түрде дәлелдейді. 

Біз де жоғарыда келтірілген дәлелді пікірлерді ескере келіп, Чебидің қол астындағы халықтарды түгелдей Өтүкенге апарып орналастырды дегенге сену қиын. Алайда, белгілі бір дәрежеде, қолға түскен Чеби билігіндегі кейбір тайпалар бөлігінен құралған ұсақ округтердің Хангайда империя тарапынан ұйымдастырылу мүмкіндігі бар. Сондықтан жоғарыда аталған округтарда қарлұқтардың Чебиге қосылған бөліктерінің болуы шындыққа сәйкес келеді. 

Чеби ханның көтерілісінен кейін империяға қарсы азаттық күресті батыста Ашина Халлыг (Хэлу) жүргізді. Ашина Халлыг Шидян ханның бесінші ұрпағынан, Ибули Ше Шегуй Дэлэ Циюснің ұлы. Ол Долосы өзені жағасында, Сичжоудан солтүстікке қарай 1500 ли қашықтықта тұрған және Чуюе, Чуми, Гусу, Гэлолу және Нушиби тайпалары қол астында болған. 

24c116e0360442185646ce8e2d63f564.jpg

Ашина Халлыгтың (Хэлу) аты оның өз есімі емес, қай елден шыққандығын білдірстін этноним. Қытайша хэлу-гелу-(гэлолу), яғни қарлық атауын береді. Ал Халлыг десек те ол «халлух-харлух» нұсқаларының бірі болыи келеді. Өйткені Қытай тілінде «р» әрпінің жоғы белгілі. 

Халлыг өзін «Шаболо хан Хэлу» деп жариялағаны белгілі. Бұл тіркестегі «шаболо» атағында екі түбірлі сөз екені байқалады. «Ша» және «боло». Біріпшісі Қытай жылнамасында түркілердің («тукюе») пайда болуы туралы аңызда кездеседі. «Ша» – «шад», яғни ханның жан ұясынан шыққандығынан білдіретін атақ. 

Екіншісі – «боло» қарлықтардың ең басты тайпасы «моуло» атының бір транскрипциясы. «Боло» – алғаш рет Тумынханның ұлы Коло, яғни Коло Исиги-ханның баласы Шаболо-хан Нйету есімінде кездеседі. Жалпы гэло (гэлолу) энтонимі осы Тумын хан баласының есімінен басталатынын көреміз. Қытайша «Коло», яғни «гэло» қара деген ұғымды біддіреді. Соңда Коло хан немересі «боло» атағын иемденген болып шығады. Бұдан біз қарлұқтардың моуло тайпасының атын ежелгі түркі салт-дәстүрі бойынша Ашина Халлыгтың (Хэлу) да озіне алғанын кореміз. 

Қытай жылнамаларында Ашина Хэлудың шыққан жері – «Долосы», яғни «Қара Ертістің» бойы. Ал бұл өзен бойының екі жағында қарлұқтың моуло (боло) тайпасының орналасқаны белгілі. Сонда Ашина Хэлу қарлықтардың моуло тайпасы тұрған жерінен шыққан болып табылады. 

646-648 жылдары Батыс Түрік қағанатындағы Нушиби және Дулудың өзара қырқысында Хэлудің бір жерге тұрақтамағаны, өзінің елінен кеткені айтылады. Оның жақтаушылары бұл кезде тек шушеди, чумугун және поби тайпалары болған. Шынында бұл кезде қарлұқтардың көбісі Чеби хан қол астына кетіп, Тан империясымен күресте еді. Сондықтан Хэлудің оз елінен, яғни қарлықтардың үлкен бөлігінен қол үзуі түсінікті де. 

Нушиби мен Дулу арасындағы қақтығыста соғысын жақтаған Ашипа Хэлу нушиби көсемі Ибн Шегуй ханның қысымына ұшырады. Хэлуді жақтаған шушеди, чумугун және поби тайпалары оның «кінәсіздігін» айтып, кепілдік бергенімен, хап оны өлтірмекші еді. Сондықтан Хэлу өзінің бірнеше мың ғана болатын жақтастарымен Қытайға кеткені жылнамада хабарланады. Бұл 648 жылы болған оқиғалар еді. 

Xэлу империяға қызмет еткенде оған атақ беріп, Бешбалық (Тинчжоу) әскери округін басқарушы қылып қойды. Алайда оның Бешбалық пен Турфанды империядан азат еткісі келген мақсаты императорға мәлім болып қалды. «Қылмыс» жасалмағандықтан ол кешірілді. Бірақ ұлы Тьенді империяға кепілдікке беруіне тура келді. 

651 жылы Хэлу озінің ұлы Тьеиннің кеңесімен Дулу хан аймағын өзіне қаратты және Шаболо Хэлу деген атпен хан болды. Өзінің резиденциясы, яғни ордабасы етіп Талас жазығындағы Мыңбұлақ қалашығын таңдап алды және ұлы Тьенді Батыс қағанаттың озінен кейінгі, екінші басшысы етіп, моходу – шсху (бахадур жабғу) деген атақ бсрді. 

Шаболу Хэлу «Он оқ» елінің нушиби және дұлу көсемдерін, олардың хұқыларын таныды. Сонымен бірге нушиби тайпаларына – «еркін» дулуға – «шор» атақтарын берді. Сойтіп, шын мәніңде, Батыс Түрік қағанатына ендігі жерде тек дулу және нушиби тайпалары емес, сонымеп қатар Алтай мен Жоңғария және Тарбағатайды мекендеген түркі тектес тайпалар кіріп, империяға өте қауіпті күшке айналды. 

Хэлудің өзінің жеке сенімді әскери жасағы болған. Біздіңше, оның негізін қарлықтар құраған болу керек. Өйткені чуюе, чуми тайпаларынын көсемі Мише, ал дулу бірлестігінін көсемі Бучжень лақаптарымен басқарылды. Бұлар кейін, Шаболо Хэлудің жағдайы қиындаған шақта империя жағына шығып кетті.

Ал нушиби жағы Хэлудің хан атанғанына қарсы болып, оны қуғынға ұшыратқан болатын. Хэлудің сенімді жасағы қарлұқтардан екеніне тағы да бір дәлел ретінде Хэлу көтерілісін басуда империяның ұстаған саясатын келтіруге болады. Ол Қытай әскері қолбасшысының императорға берген ұсынысында анық көрінеді. «Соғыс Хэлуді жою үшін жүргізіледі... Чуюе, чумиліктерге кешірім жасалсын. Хэлуді ғана жазалау керек». Көтерілісшілерге қарсы соғыс әрекетінде империялық қолбасшы 654 жылы соққыны бірінші қарлұқтар мен чуюеліктерге берді. Нәтижесінде бір мыңдай адамдарын өлтірді, 10 мың жылқыны айдап әкетті. Бұл оқиғаларда Хэлудің, және оның жақын жасағының негізінен қарлықтар мен көрші ру-тайпалардан болғанын көрсетеді. 

Жалпы Хэлудің жорықтары мен империя әскерінің соғысы қытай жылнамаларын пайдаланған тарихи әдебиеттерде баяндалған. Сондықтан біз бұл азаттық қозғалыстың басты оқиғалары мен негізгі кезеңдеріне және қорытындысына тоқталамыз.

651-658 жылдар аралығында Ашина Шаболо Хэлу жүргізген империяға қарсы азаттық күресін екі кезеңге бөлуге болады. I кезең – 651 жылдан, яғни Мыңбұлақта Ордабасын көтеруден 655-нші жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезенде Ашина Хэлу ұлы Тьеинге мохэду-шеху атағын берген соң, ол империяның Жоңғариядағы Тьехии-чжеу округына шабуыл жасап, бірнеше уездерін талқандады және мыңдаған адамдарын тұтқынға алды. Тинчжоу бекінісіне тұтқиылдан шабуыл жасап, оны да қайтарып алды.

652 жылы Лан Гяи фан бастаған қытайдың 70 мыңдық армиясы Жоңғарияға қарай бет алды. Жоспар бойынша тез арада азық-түлігі көпке жете қоймайтын Хэлу армиясын қолдайтын тайпалардан бөліп, тықсыра қуу көзделді. Алайда бұл жоспар бірден жүзеге аса қоймады. Өйткені армия қолбасшылары Ашина Хэлудің өзімен шайқасқа тура шықпай, жергілікті қарлық, чуюе, чуми, чумугун тайпаларына шабуылдап, қырып, тонаумен болды. 

Ашина Хэлу империяға қарсы күресінің нәтижелі болуы үшін өзінің тылын нығайтуға күш салды. Батыс қағанаттың құрамында болған Тохаристан, Хорасан және Согд бұл кезңде болініп кетуге ұмтылды. Мұндағы біріккен сеператистік күштерді талқандау үшін Хэлу жорық ұйымдастырды. Жорық сәтті болғанымен, осы кезде арабтардың қаупі төнген болатын. 

Мұнымен қатар Батыс қағанатының ханы болуға таласушылардың бірі Чженчу жабғу өзін қолдаған Нушиби тайпаларының басын қосып, Хэлуге қарсы күресу үшін көмек сұрады. Император күшінің аздығын және жерінің қашықтығын есепке алып, оған көңіл аудармады. Хэлу хан бұны да күшпен ығыстырып, бағындырды. Ол ендігі жерде хандыққа таласпайтын болды. 

Сөйтіп, 655 жылға дейін Ашина Хэлу екі майданда: империялық Қытай және қағанат ішіндегі сеператистік күштер мен бұрыннан хандық таққа таласушьшарға қарсы күрес жүргізуіне тура келді. Тек 656 жылы ғана, яғни, қағанат ішіндегі қарсы күштерді талқандағаннан кейін, империя армиясын Іле өзінінде кездестіріп, күш сынастыруға мүмкіндік алды. 

Ашина Xэлудің империяға қарсы күресінің ІІ кезеңінде Кытай жағы ұлкен дайындықтар жүргізді. Бұған дейін Хэлуді жақтаған тайпаларды қырып-жою және тонаумен айналысқан армия мен оның қолбасшыларын өзгертті. Армия сеянто, корея, тибеттікгермен соғысға шыныққан, тәжірибесі мол Қытай жаяу әскері және ұйғырлар мен төзімді табғаштардан құралды. 

656 жылы Қытай армиясының бас қолбасшысы Су Дин Фан өзіне ұйғыр әскерін қосып алып, Іле өзені жағына шеру тартты. Ал қағанаттың империяға бағынған бөлігінің әскерін Мише мен Бучжень бастап, Жоңғарияның үстімен Алтайға жылжыды. 

Іле өзенінде империялық әскерді қоршап алғанмен, Ашина Xэлу қытай әскері мен ұйғырлардың атты әскерінің үйлесімді қимылдарына төтеп бере алмай, шегінуге мәжбүр болды. Бұған жігерленген империялықтар шегінген нушибиліктерді қуып жеткенде, олар ұрыссыз берілді. Ал дулу бөлігі Бучжень әскеріне тап болып, олар да бағынуға мәжбүр болды. 

2b36b82e60c66b3132604e061d180c0f.jpg

Ашина Хэлудің қалған әскері шегініс үстінде Шу өзені маңында толық талқандалды. Ал Хэлудің өзі жасағымен Шаш қаласында қолға түсті. Ашина Хэлу тұтқындалып, 659 жылы Қытайда ішқұсалықтан өлді. 658-660 жылдары Батыс қағанат өңіріндегі ұсақ көтерілістер болғанымен, олар империялықтар күшімен тез басылып тасталды. 

Сөйтіп, VII ғасырдың II жартысында тәуелсіз Батыс Түрік қағанатының соңғы ханы Ашина Шаболо Хэлудің Қытай империясына қарсы күресі жеңіліспен аяқталды. Жеңілістің себептері көп еді. Батыс Түрік қағанатының екі қанаты – дулу және нушибидің өзара алауыздығы және осыдан барып, бір-біріне үстемдік ету үшін империядан қолдау іздеуі жеңілістің басты себептерінің бірі болды. Өйткені мұны империя өз мақсатына шебер пайдаланып отырды. Екіншіден, Ашина Хэлу өзінің негізгі шыққан ортасынан, халқынан алшаққа кетіп, соғыс қимылдарын шетте жүргізуі болды. Сонымен бірдей Хэлу екі майданда бірдей, яғни, қағанаттың өз ішіндегі сепаратистік бағытқа және империяға қарсы күресуіне тура келді. 

Ашина Хэлу көтерілісі жеңілгеннен соң Қытай империясы оның қол астындағы жерлерді округтендіру жұмысын жүргізді. Әдетте, империя көшпелілерді әкімшілік тұрғыдан аудандастыру арқылы олардың басын біріктірмей, бөлшектеп ұстауға тырысатын. Нәтижесінде қауіпті жауын әлсіретіп, дегеніне көндіретін. Бұл жолы да осылай болды. 

Батыс қағанат жерлері ендігі жерде екі наместник арқылы басқарылатын болды: 1. Солтүстік жақ – Бесбалық, ал 2. Оңтүстік – Куча (Аньси) арқылы. 

Тек, қарлықтар үшін 658 жылы Бесбалық наместнигі арқылы басқарылатын төрт әскери округ құрылды: 

1. Иньшань-Моуло тайпасы үшін; 

2. Сюань-чэ-Ташили тайпасы үшін; 

3. Дамо-Чиси (Чигил) тайпасы үшін; 

4. Цзинь-фу-Дамо округіне бөлінгендер, яғни чисылықтар үшін. 

Округтердің басшысы етіп тайпа көсемдерін қойды. Оларға «тұтұқ» атағы берілді. Кей кездерде империя тайналардың ішінен күшейіп бөлініп шыққан рулар болатын болса, оларға жеке әкімшілік аудан құрды. Жоғарыда аталған Цзинь-фу округының құрылуы да чисы (чигил) тайпасынан бөлінген, үлкен бір ру ушін болса керек. Сол сияқты қарлық ішінен бөлінген себек руы үшін де әкімшілік аудан белгіленген. 

Сонымен VII ғасырдың ортасындағы Шығыс және Батыс Түрік кағанаттары құрамындағы тайпалармен бірігіп, Чеби және Хэлу бастаған Қытай империясына азаттыкқ қозғалыста белсене қатысқан қарлұқтар, жеңілістен кейін империяның батыс қағанатта құрылғап солтүстік округтарына кірді. Алайда, олар негізінен өздерінің жерінде ішкі тәуелсіздігін сақтап қала алды. Империя карлұқ тайпаларының ішкі істеріне араласпады. Тайпа көсемдері бұрынғыдай ел ішінен шығып отырды. Олар империя сарайына елші ретінде барып, көсем екенін растайтын «тұтұқ» атағын алып, және императорға бас иетінін сөз жүзінде білдірді. Бұл «жұмсақтық» бір жағынан түркілердің императорға қарсы ашу-ызасын тудырмауға, ал «окгругтендіру» екінші жағынан түркі тайпаларының Қытайға қарсы бірыңғай майданын болдыртпауға мүмкіндік берді. 

 Сатай Сыздықов, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?