Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны

9744
Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны - e-history.kz

Қазақстан тарихында ХХ ғасырдағы аса елеулі оқиғалардың бірі – Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны. Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан күйреп, қуаты кеміген ауылшаруашылығын қалпына келтіріп, дамыту мақсатында Кеңес Одағында ондаған жылдар бойы жүрілген бұл кешенді іс-қимылдың анық нәтижесін жоққа шығаруға болмайды. Сонымен қатар, көптеген факторлар тұрғысында келтірілген зияны, салдары да аз болмағаны турасында айтылатын пікірлер де аз емес. «Тың эпопеясы» аталған дәуір жайында жетпіс жылға жуық уақыт жүзінде көптеген кітаптар жазылды, көркем және документальды кинотуындылар түсірілді, картиналар салынды, ғылыми еңбектер мен мақалалар жазылды. Қазақстанда Тың және тыңайған жерлерді игеруге негіз болған себептер және оның игі әсері мен салдары туралы және Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының бастауы және қарқын алуы жөнінде қарастыратын боламыз.

Қазақстан мен Ресейдің Батыс Сібір өлкесін егін шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірлер ретінде қарастыра отырып, осы ұланғайыр аумақты игеріп, Одақ бойынша ауқымды жасампаз еңбектің алабына айналдыру мәселесі алғаш СОКП Орталық Комитетінің 1954 жылы ақпан-наурыз айларында Мәскеуде өткен пленумында көтерілген болатын. «Елде астық өндіруді одан әрі ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» мәселе күн тәртібіне қойылды. Пленум Кеңес Одағының барлық аудандарында дәнді дақылдардың шығымын арттырумен қатар, астық өндіруді мақсатты түрде молайту үшін, Солтүстік Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру арқылы аз уақыт ішінде егістіктің көлемін кеңейту аса маңызды, әрі нақты міндет болуы екенін атап көрсетті. Дегенмен, осы пленумда биік мінберден ресми түрде «алғаш көтерілді» дегеніміз болмаса, Батыс Сібірді, әсіресе қазақ жерлерін астық егу мақсатында игеру мәселесі бұрыннан бері қозғалып келе жатқан еді. 

Ресей империясы қазақ жерін ХҮІІІ ғасырдан бастап жаулап ала бастаған кезеңнен-ақ мұндай пікірлердің патшалық үкімет тарапынан қылаң бере бастағаны анық. Патшалық Ресей ХІХ ғасырда қазақ жерлерін толықтай бағындырып, хандық билікті біртіндеп жойып, қазақтарды бытыраңқы уездерге, болыстықтарға бөліп, барынша ыдырату саясатын жүргізді. Сонымен қатар, Ресейдің ішкі өлкелерінен қоныс аударушыларға құнарлы, шұрайлы жерлерді кесіп бере бастады. Бұл әсіресе, 1861 жылы Патшалық Ресейде басыбайлылықты жою туралы жарлықтан кейін кең етек алды. Қазақ халқы патша билігінің бұл өктем саясатына бой ұсына қойған жоқ. Мұның айқын дәлелі қазақтар патшалық билікке қарсы ХХ ғасырдың басына дейін үш жүзден астам ірілі-ұсақты көтеріліске шығу болмақ. Сперанскийдің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы жарғысы», Столыпиннің 1913 жылғы «Аграрлық реформасы» сияқты қабылданған заңнамалық іс-шаралар қоныс аударушылар үшін игі ықпалды болғанымен, көшпелі өмір салтын ұстанған аграрлық қазақ шаруаларының тұрымысына орасан зор зардаптар әкелді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазан төңкерісі, Азаматтық соғыс, миллиондаған адамның өмірін жалмаған екі реткі алапат аштық, екі бірдей дүниежүзілік соғыс, ондаған жылға созылған саяси қуғын-сүргіннің салдарынан қазақтың қара шаңырағы Қазақстан аумағында жергілікті халықтың сандық үлесі азая түсті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Кеңес Одағы тұралап қалған экономиканы көтеруге күш жұмсады. Дегенмен, мемлекеттің тапқан табысы бірыңғай халық шаруашылығына жұмсау мүмкіндігі жоқ еді. Оның себебі, әлемнің алпауыт елдері қару-жарақтың қуатты, жаңа түрлерін жасау жарысын бастап кеткен еді. Карточкалық жүйемен ашқұрсақ өмір сүріп жатқан мемлекеттің әскери-қорғаныс саласына жұмсайтын шығына да орасан зор болды. Орасан зорлығы өз алдына, Қазақстанның Семей және басқа да өңірлері Кеңес Одағының атом қаруларын сынайтын сынақ алаңына айналдырылды. Бұл экологиялық тұрғыда орны толмас зардаптарға әкеліп соқтырды. Қазақ халқы үшін экономикалық-әлеуметтік тұрғыдағы игілігі, жақсылығына қоса, демографиялық және ұлттық тіл, ділдік тұрғыда зор зардаптар әкелген Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны 1954 жылы басталды.

ktrtc9ql.jpg

Кеңес Одағының тоталитарлық коммунистік билік жүйесін қалыптастырушы бас көсемі И.В.Сталин 1953 жылы 5 наурызда қайтыс болып, елдің билігін қолына алған Н.С.Хрущев өзін ұлы істердің бастамашысы етіп көрсету үшін Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанын бастауға пәрмен берді. 

Дегенмен, Ресейдің Батыс Сібірі мен Қазақстанның ұлан-байтақ даласын астықты өңірлер ретінде игеру үшін орасан зор қаржылық және адам, техникалық ресурстар қажет болатын. Кеңес Одағы көсемінің алға қойып отырған бұл міндеттің халық шаруашылығы үшін пайдалы тұстарынан гөрі зияны басым екендігін кеңестік көптеген экономистер мен сарапшылар дәлелдеп бергенімен, «айттым бітті – орындалсын» дейтін әміршіл-әкімшіл жүйенің мамандар мен ғалымдардың дәлел-есептеріне құлақ асуға құлқы болмады. Бас хатшы Н.С.Хрущевтің мұндағы басты уәжі – халықты азық-түлік тапшылығынан құтқару қажеттілігі болды. Осылайша Кеңес Одағының соңғы үлгідегі жаңадан құрылған мыңдаған кеңшарларға элеваторлар, МТМ-лар, қоймалар, кеңселер т.б. салды. Мұндағы қайнаған еңбекті механикаландыруға аса мән бере отырып, жүздеген мың жүк және жеңіл машиналар, тракторлар мен комбайндар, алуан түрлі агрегеттар мен техникалар әкелінді. 

Тың игеру жылдары – батыл қадамдардың айқын көрінісі болды. Бұл қадамның арқасында сан ғасырлар бойы дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығының табиғи базасы болып келген Сарыарқаның ландшафтық келбетіне қоса, онда мекендеген байырғы халықтың тұрмыстық жағдайы, өмір сүру салтында үлкен өзгерістер орын алды. Атап айтқанда қысқа ғана тарихи кезеңнің ішінде бұрын мал жайылымы болған ұланғайыр жердің миллиондаған гектар алқабы жыртылып, өңделіп, ауылшаруашылық айналымына алынып, игерілді. Осы негізде егін және мал шаруашылығы қоса дамытылған, дамыған инфраструктурасы бар мыңдаған елді мекендер бой көтерді.

Тың игерудің жағымды тұстары ретінде мыналарды айтуға болады. Тың игеру барысында қазақ даласында көптеген жаңа елді мекендер: қалалар мен кенттер бой көтерді. Осы жылдары халық шаруашылығына қажетті өнімдер өндіретін өнеркәсіп орындары көптеп салынды. Тың игеру науқаны барысында барлық ауылдар мен аудандарды байланыстыраты тасжолдар мен грейдер жолдар, бөгеттер мен көпірлер салынды. Осы жылдары салынған тас жолдардың ұзындығы тың игеруге дейінгі межеден 14 еседен асты. Әр бағыттағы теміржолдардың ұзындығы 2,5 мың шақырымға өсті, оның ішінде теміржолды электрлендіру қарқынды жүрілді. Тың игеру Қазақстан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы барынша артуына зор ықпал жасады. Тың игерудің жоғарыда атап өткен экономикалық табыстары болумен қатар, шығындары да орасан болды. Тың игерудің үлкен зардаптары мен көлеңкелі жақтары туралы айту – тарихқа берілген лайықты баға болмақ. Тың игеру жылдарында бүкіл КСРО-да 42 млн. гектар алқап жыртылған болатын. Соның ішінде 27 миллион гектары Қазақстанға тиесілі болды. Бұл алқаптардың бәрі бірдей қара топырақты немесе егін егуге жарайтын жерлер емес болатын. 

Тың игеру миллиондаған адамның өміріне тың жаңалық әкелді. Тың игеру – энтузиазмға толы қайнаған еңбектің алып алаңы болды. Тың игерудің алғашқы екі жылының өзіне ғана-ақ Қазақстанға үш жүз мыңнан астам механизаторлар, құрылысшылар, инженер-техниктер, кәсіби жұмыскерлер, ысылған ауылшаруашылық мамандары келді. Тың игеру – жалынды жастық күш-жігердің символы болды. Тың игерушілердің орташа жасы жиырма бесті құрауы – осының дәлелі. Туған дала төсінде дүбірлеген жаңашыл бастамаға, қайнаған еңбекке қазақ халқы етене араласты. Тың көтеруге тек солтүстік облыстың тұрғындары ғана емес, батыс, оңтүстік, шығыс өңірлердің жастары да белсене қатысты. Қазақ халқының өмірінде үлкен серпіліс пайда болды. Қазақ халқынан шыққан алғашқы даңғайыр тыңгерлердің есімі Кеңес Одағы құрамындағы он бес республика ауқымында мадақталып жатты. Тыңгерлердің өмір жолы, еңбек сапындағы ерен тұлғасы туралы әдеби шығармалар жазылып, кинокартиналар түсіріліп жатты. Қылқалам шеберлері тың игерушілердің қанық бейнелерін сомдады. Композиторлар бітік өскен астықпен тербелген тың дала туралы небір тамаша туындыларды өмірге келтірді. 

Тың игеру барысында көптеген қалалар, кенттер, кеңшарлар мен ұжымшарлар бой көтерді. Олардың ортасын қосатын жолдар салынып, су құбырлары тартылды. Зауыттар мен фабрикалар, шеберханалар көптеп салынып, адамзат игілігіне қызмет ете бастады.

«Нан болса ән болады!» - деген айтылым өзінің мәнін тауып жатты. Астықты алқаптарда бой көтерген елді мекендерде мәдениет сарайлары көптеп салынды. Жұмыскерлердің бала-шағасы алаңсыз оқып, білім алуы үшін балабақшалар мен мектептердің ғимараттары тұрғызылып, педагог мамандармен қамтамасыз етілді. «Астық мемлекетке жедел қажет!» - деген мемлекеттің тастаған ұранын еңбеккерлер зор қажыр-қайратпен орындап жатты. Мұның айғағы, астық өндірушілер алғашқы жылдардың өзінде миллиард пұт астық өндіру жоспарын еңсере алды. 1956 жылы Қазақстан мемлекет қамбасына алғаш рет миллиард пұт астық құйды. Арқаның қыстағы ақ бораны, қақаған аязы, күз бен көктемдегі өкпек желі, жаздағы аптап ыстығы тыңгерлерді шынықтырды. Табиғаттың қатал мінезіне төзіп, шыдағандары еңбектің нәтижесін көрді. Шыдай алмағандары келген ізімен жөндерін тапты. 

Тың игерудің Кеңес Одағының экономикалық әлеуеті артуына, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға пайдасы болуымен қатар, қазақ халқының мүддесі тұрғысында тым кереғар нәтиже көрсетті. Тың игеру ұранымен байырғы қазақ жеріне миграциялық шабуыл жасау партиялық ұранмен бүркемеленгені белгілі. Себебі, Н.С.Хрущев бастаған КСРО билігі Солтүстік Қазақстаннның шұрайлы аудандарын игеру деген желеумен, біртіндеп Ресейге қосып жіберуді көздеді. Бұрынғы Торғай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар облыстарымен қатар бұрынғы Қарағанды облысының солтүстік аудандарын біріктіріп, Тың өлкесі атты әкімшілік бірлігін құрды. Тың өлкесінің дербес партия комиеті, атқару комитеті, жеке бюджеті болды. Партиялық, атқарушы-әкімшілік билігі Алматыға емес, тікелей Мәскеуге бағынатын басқару құрылымына ие болды. Бұл «үй ішінен үй тігу», Қазақстанды бөлшектеу саясатының нақ өзі еді. Тың өлкесінің орталығы – ежелгі Қараөткел, Ақмола қаласына Целиноград деген атау берілді. 

Тың жерлерді игеру барысында ұжымдар арасында социалистік жарыстар жарияланып, еңбек өнімділігін арттыру межесі белгіленді. Жалпы ел бойынша астық шығымын гектарына 14-15 центнерге дейін жеткізу жоспарланды. Бірақ көптген факторларға байланысты мұндай көрсеткішке жетуге мүмкіндік болмады. Тың игеру жылдарының ортасын ала, 1957 жылдан бастап ұжымшарларды ірілендіру басталды. Ет-сүт, астық, мақта-мата бойынша бейінделген ірі кеңшарлар құрылып, дами бастады. Бұл кезеңде жеке меншікті шектеу науқаны жүрілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлардың мал басын көбейту үшін халықтың ірі қара малдарын ала бастады. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің мемлекетке барынша тәуелді бола түсуіне, алдындағы малының өзімдікі емес, өкіметтікі деген өгейсіну психологиясының артуына әкелді. Бұл да кеңестік ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің жыл өткен сайын кеми түсуіне әкеліп соқты. Қысқасы, тың игеру жылдары ірілендірліген кеңшарлар мен ұжымшарлар халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мәселесін толық шеше алмады. 

Тың игерушілерді Қазақстанға көптеп тарту және олардың еңбегін ынталандыру мақсатында мемлекет көптеген материалдық жеңілдіктер жариялады. Тың игерушілер өндірістік жоспарды орындаған немесе асыра орындаған жағдайда қомақты сыйақылар тағайындады. Қазақстанға отбасы, үй мүлкімен келетін тыңгерлерің жол қаражатын мемлекет көтеріп алды. Сондай-ақ отбасына үй салу үшін 10 жылға 10 мың рубль көлеміндегі несие берілді. Бұл несиенің 35 пайызын мемлекет өз мойнына алды. Мал алуға 1500-2000 рубль несие берілді. Бір жарым центнер астық немесе ұн түрінде азық-түлік қарыз түрінде берілді. 

2a4113c9a11b12e450c2660ac684cd60.jpg

Атап айтқанда, тың игерушілер отбасындағы әр адамға 150-1000 рубль көлемінде бір реттік ақшалай көмек берілді. Өзге де материалдық, азық-түліктік көмектер берілумен қатар, тың игерушілер ауылл шаруашылық салығынан босатылды. 

Тың және тыңайған жерлерді игеру үшін Қазақстан бойынша 1954-1959 жылдары 20 миллиардқа жуық рубль (сол кездегі бағам бойынша 5 миллиард АҚШ долларына тең қаржы) жұмсалған. Осындай үлкен қаржыны игерудің нәтижесінде Қазақстанда егістік жерлердің көлемі әлденеше есе артып, астық өндіру бойынша Кеңес Одағында Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. Қазақстан Орта Азияны, Оралдан Сібірге дейінгі өңірді астықпен қамтамасыз ететін әлеуетке ие болды. 

Тың игеруге келген аудан, кеңшар басшыларының көбі Қазақстаннан тыс өңірлерден келгендіктен, олар жергілікті жердің климаттық ерекшеліктерін, адамдарын т.б. мүлде хабарсыз адамдар еді. Тың игерудің дақпырт-желеуімен 1954-1960 жылдар арасында Қазақстанға Ресей мен Украинадан, Белоруссия мен Молдовадан екі миллионнан астам адам қоныс аударып келді. Олардың барлығы да беркелі еңбектің дәмін сезінген жұмысқа төселген жандар емес еді. Нағыз еңбек адамдарымен қатар, сотталғандар, оңай олжа іздеушілер, алаяқтар мен ұрылар т.б. аз болған жоқ. Бұл туралы қазақстандық татар жазушысы Ибрагим Салаховтың «Көкшетау даласында», Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романдарында т.б. көрініс тапқан. Әсіресе, қазақ халқының менталитетіне қатты әсер еткен маскүнемдік, отбасындағы тұрақсыздық қатарлы келеңсіз жағдайлардың дәл осы тұста қалыптасқаны аталған романдарда шынайы баяндалады. Тың игеру жылдарындағы сұрапыл миграциялық үрдістің салдарынан қазақ халқының Қазақстандағы үлес-салмағы 1959 жылғы санақ нәтижесі бойынша 29 пайызға дейін құлдырады. Н.С.Хрущевтің: «Біз патшалық Ресейдің екі ғасырда жасай алмағанын бірнеше жылда жасап үлгердік», - деуінің мәнісі де осы болатын. Бұл демографиялық кері сальдоның зардабын қазақ халқы әлі тартып отыр. Себебі, тың игеру жылдары құрылған көптеген аудандарда жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі екі пайыздан аспайтын жағдайлар кездесті. Қазақстаннан тыс өлкелерден келген тың игерушілерге: «Бұл өлке ежелден игерілмеген, иен жатқан қу медиен дала», - деп ұғындырылды. Сондықтан да келімсектер үшін өздері келіп түскен аумаққа бағзыдан кіндігімен байланған жергілікті халықтың жан дүниесін, салт-дәстүрін, тілін үйренудің, танып білудің еш қажеті болған жоқ. 

Тың игеру жылдары жіберілген үлкен қателіктердің бірі – бар басымдықты астық өндіруге беріп, өзге көптген маңызды салаларды естен шығарып алу, құлдырату еді. Бұл кезеңде, әсіресе, Қазақстанның мал шаруашылығына үлкен қиянат жасалды. Қазақстанда 1954 жылы 18 миллион мал басы болған. Жергілікті халықтың, мемлекеттік шаруашылықтардың тіршілік көзі болған малдың жайылатын алқаптары есепсіз, ескерусіз жыртылды. Соның салдарынан мал басы кеміп кетті. Әсіресе, түйе мен жылқы шаруашылығына орасан зиян келтірілді. 

Қазақстандағы тың игеру ісі – Ресей мен Украинаның қара топырақты, ылғалды өңірлеріндегі астық өсіруден анағұрлым өзгеше еді. Сондықтан да Қазақстандағы астық өндірудің ғылыми негізін жасап қалыптастыру, астықтың жергілікті жердің климаттық ерекшелігіне сай келетін жаңа сұрыптарын сұрыптау жолымен шығарып алып, егін шаруашылыққа тиімді пайдалану қажеттілігі туындады. Астық егетін алқаптарды агортехникалық талаптарға сәйкес күтіп баптау, ресурстарды тиімді пайдалана отырып, мол өнім алу, алдағы жылдарға болжамдар жасау, осы арқылы астық шаруашылығы мәдениетін қалыптастыру жүзеге асырылды.

Астық шаруашылығының қарыштап дамуы қоғамдық мал шаруашылығын жедел дамытуға үлкен мүмкіндік бергендігі анық. Әсіресе сиыр басын өсіру қолайлы болды. Жеткілікті жем базасының болуы мал бордақылауға жол ашты. Сондай-ақ бос жатқан жайылымдарды айналысқа тару, екпе шөптің құрылымын жақсарту, жүгеріден силос дайындау, құдықтар, арықтар қазып мал жайылымының көлемін арттыру сияқты игі шаралар жүзеге асырылды. 

Тың игеруді көптеген жылдар бойы пафостық сарында, Н.С.Хрущев бастаған кеңестік биліктің көреген де сарабдал саясатының көрінісі, қажырлы жеңісі ретінде насихаттап келді. Сондай-ақ тың игеруге жіберілген тракторлар мен комбайндар, ауылшаруашылық техникаларының бірталайы тозған, бүлінген жағдайда еді. Мұның өзі еңбек өнімділігіне әсер етті. Сондай-ақ тың игеру кезеңінен бастап сексенінші жылдарға дейін астық ору науқаны кезінде Қазақстанға Ресейден, Украина мен Белоруссиядан іссапармен комбайншылар техникаларымен келіп егін жинауға көмектесетін жағдай қалыптасты. Бұл – техникалардың еңбек өнімділігі төмендігі мен тиісті мөлшерде саны жетіспеушілктен туындаған жағдай болды. Өз кезегінде бұл ресурстық көмек қосымша үлкен шығынға әкеліп соқты. Егін шаруашылығының рентабельділік деңгейі төмендеді. Жыл өткен сайын тың жерлердің топырағы аспанға көтеріліп, эрозияға ұшыраған мың-мыңдаған гектар алқаптардан көтерілген шаңды дауыл Арктикаға дейін жетті. Көптеген жағдайда жоспар орындау үшін ғана мыңдаған гектар алқаптар босқа жыртылды. Мұндай алқаптардан күзде алынған өнімнің мөлшері көктемде жерге себілген дәннен аз болатын жағдай жиі болатын нәтижеге айналды. Экологиялық жағдай күрт нашарлауы адамдардың денсаулығына әсер етті. 

Қазақстандағы егін шаруашылығының дамуы мал шаруашылығына да үлкен серпін бергені анық. Себебі, астық өндірумен қатар, кешенді түрде мол мөлшерде жем-азық дайындауға мүмкіндік туды. Қуатты техникалар мал шаруашылығын дамытуға көмекке келді. КОКП Орталық Комитетінің 1955 жылы өткен пленумында Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудың мәселелерін қаралып, осы жылдан бастап бұл салаға көңіл бөле бастады. Нәтижесінде 225 кеңшар мен 47 ұжымшар мал өнімдерін (ет, сүт) өндіретін шаруашылықтар болып арнайы бағытталды. Мемлекеттің баса назар аударуы нәтижесінде Қазақстандағы мал шаруашылығы мен онда жұмыс істеуші еңбекшілердің де жағдайы жақсара бастады. Республикаға әйгілі шопандар туып шығып, олардың еңбектері лайықты бағаланып, күллі одақ көлеміне насихаттала бастады. Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Айдарлы ауылынан шыққан әйгілі шопан Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Қазақстанның өзге де өңірлерінде мал шаруашылығы бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізген еңбеккерлер туып шықты. Осылайша 1960 жылы Қазақстандағы мал басы 37 миллион 400 мың басқа дейін жетті.

Тың және тыңайған жерлерді игеру барысында Қазақстанда топырақтану ғылымы қалыптасып дамыды. Жерді бағалау мен тануда КСРО Ғылым академиясының, жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе стансаларының тәжірибелі мамандары қатысты. Тың жердің топырағы мәселесімен топырақтанушылар, ботаниктер, гидротехниктер, жерге орналастырушылар өз-өздерінің ғылыми бағыттары бойынша зертетулер жасап, сынамалар алды. Олар топырақтың дәлме-дәл картасын жасап, топырақты жабатын өсімдіктер тобын анықтап, су көздерін белгіледі. 

1956 жылы Қазақстанда үздік нәтиже көрсеткен тың игерушілер арасынан 139 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, қырық мыңнан астам ордендер мен медальдар тапсырылған.

Ғалымдар Қазақстанның жел көп соғатын климат жағдайында топырақтың эрозияға жылдам ұшырау ықтималдылығын ескере отырып, топырақты сақтаудың кешенді шараларын ұйымдастыруды алға тартты. Бірақ жоспар орындауды талап еткен билік орындары мұны ескермеді. Дегенмен, ғалымдар бұған мойыған жоқ. Академик А.И.Бараев бастаған ғалымдар Сарыарқа жағдайындағы топырақты сақтау жүйесін жасап шығарды және бұл 1960 жылдардың басынан ғана кеңінен қолданысқа енгізіле бастады. 

«Тың игеру эпопеясының авторы» атанған Н.С.Хрущевтің 1959 жылы АҚШ-қа сапарлап баруы, сондағы бай фермер Розуэлл Гарсттың фермасына барып көруінен кейін Кеңес Одағында жүгері өсіру қарқыны арта түсті. АҚШ фермерлері малды негізінен жүгерімен жемдейтіні Кеңес Одағы басшысын қызықтырса керек. Бидайдан гөрі жүгері өсіруге баса көңіл бөлінгендіктен, көп қаржы осы дәнді дақылға жұмсалды. Солтүстік Кавказ, Украина мен Молдовада, тіпті Батыс Сібірде де жүгері егу қолға алынды. Осының нәтижесінде Кеңес Одағындағы жүгері егу көлемі үш есе артты. Кеңес Одағының оңтүстік жылы өңірлерінде жүгері жақсы өнім бергенімен, солтүстік өңірлерде бұл науқан толықтай сәтсіздікке ұшырады. Елде ұн тапшылығы пайда болып, бұған дейін астық сатып келген Кеңес Одағы шетелден 12 миллион тоннаға дейін бидай сатып алуға мәжбүр болды. Бұл жағдайдың ақыры Н.С.Хрущевтің 1964 жылы барлық қызметінен алынып зейнеткерлікке жіберілуімен аяқталды. «Тың эпопеясы» аталған дәуірдің бастапқы және оған жалғасты кезеңдері осылай жүрілді. Н.С.Хрущев тұсында басталған Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны Л.Н.Брежнев басқарған дәуірге ұласты. Астықты ел ретінде қалыптасып үлгерген Қазақстан әр жылдары бірде мол, бірде аз өнім алумен тәуелсіздік жылдарын қарсы алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары астық шаруашылығы біршама құлдырап, алқаптар жекешеленді. Бірнеше ондаған гектарға егін салатын қарапайым шаруалардың жұмысы тұралай бастады. Мыңдаған гектар алқапқа ие ірі латифундистер пайда болумен қатар, шетелдік аса қуатты, еңбек өнімділігі орасан зор, әмбебап техникалар Қазақстан фермерлерінің еңбек өнімділігін арттырды. Осы арқылы өзге өңірлерден қосымша күш тартып асарлататын дәстүр жойылды. Қазақстан Республикасы жыл сайын 18-25 млн. тонна астықты қиналмай-ақ жинай беретін жағдайға қол жеткізілді. Бұл да болса кешегі тың игеру науқанының жағымды сипаты болмақ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?