Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кенесары Қасымұлының қаза тапқан географиялық қоныстарын анықтадық – Тарихшы

2362
Кенесары Қасымұлының қаза тапқан географиялық қоныстарын анықтадық – Тарихшы - e-history.kz

Биыл Қазақтың Тәуелсіздігі жолында күрескен Кенесары ханның туғанына 220 жыл толып отыр. Ұлт тарихында айтулы орны бар Хан Кенені зерттеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарды Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразовқа қойған едік.

– Рашид Ешенұлы, Тәуелсіз Қазақ елінде Кенесары ханның тарихи тұлғасына жан-жақты баға берілді ме және соңғы 30 жылда Хан Кенені зерттеуші қандай кәсіби тарихшылар шықты және олардың қай еңбектерін жоғары бағалайсыз?

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы «Хан Кене» (Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен хан-батырлар туралы тарихи толғамдар мен пиеса, дастандар) атты жинақ жарық көрді. Жинақ үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімінде тарихшы ғалымдар мен ақын жыраулардың және Мұхтар Әуезовтың «Хан Кене» атты пиесасы кіргізілсе, екінші бөлімінде белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың тарихи монографиясынан үзінді берілді. Соңғы үшінші бөлімінде жыр алыбы Жамбылдың Сыздық сұлтанға және әскери тарихшы Н. Павловтың «Түркістан тарихы» еңбегіндегі Сыздық сұлтан туралы жазғаны берілген еді. Аталған жинақ Кенесары туралы зерттеуге тәуелсіздік кезіндегі жасалған алғашқы қадам болатын.

Ал, 1994 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің 1994 жылы 12 шілдедегі №278 қаулысымен Қырғызстан территориясынан Кенесары Қасымұлының сүйегін тауып, Қазақстанға әкеліп арулап көму жөнінде арнайы экспедицияны осы күнгі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед ұйымдастырды. Экспедицияның құрамында белгілі жетекші ғалымдар академик М.Қозыбаев, К.Байпақов, О.Смағұлов, хан ұрпағы Н.Кенесарина және басқа да ғалым мамандар бар еді. Олар қырғыз жеріндегі Алмалы ауылына барып, Кенесары жерленген болуы мүмкін деген бірнеше долана ағаштарының түбін қаздырды. Бірақ сүйек табылмады. Сонымен қатар Манаш Қозыбаев Кене ханның бас сүйегі сақталуы мүмкін орындардың барлығына дерлік хат жолдап, бас сүйекті елге қайтаруға талпыныс жасады. Осылай алғашқы экпедиция жұмысы нәтижесіз аяқталды. Сапар туралы берілген есепте экспедициялық жұмыстың жалғасын табатыны айтылған.

1996 жылы белгілі тарихшы В.З. Галиев пен Б.Т. Жанаевтың құрастыруымен «Ғылым» баспасынан «Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы (құжаттар жинағы) жарық көрді. Аталған құжаттар жинағына Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан 191 құжат іріктелініп берілген еді. Мұның өзі тарихшы зерттеушілердің болашақ зерттеуіне көп пайдасы тиер құнды жинақ ретінде бағаланды.

2002 жылы Кенесары Қасымұлының туғанына 200 толуына орай Алматы қаласында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында халықаралық ғылыми тәжірбиелілік конференция өткізіліп, Кенесары ханның қолбасшылық тұлғасы жан-жақты талданды. Конференцияға жұмысына тарихшылармен қатар әдебиеттанушылар да қатысып Кенесары ханның өмірі мен күресіне қатысты тарихи деректер мен фальклорлық деректерді әр қырынан талдауға алды.

2002 жылы өткен конференцияға қатысушылар ішінде Н.Х. Бекмаханова, С.Ф. Мажитов, Н.А. Кенесарын және т.б. Кенесары туыстары 

2002 жылы Жанұзақ Қасымбаевтың «Кенесары ханның соңғы жорығы және оның күйреуі» атты монографиясы тархшы ғалымдар тарапынан жазылған үшінші еңбек. Бұл еңбектің басқа зерттеулерден ерекшелігі мұнда Кенесары көтерілісінің бастапқы кезеңі емес, бірден ақырғы кезеңі сипатталады. Автордың өзі еңбегінің хронологиялық мерзімін 1846 ж. желтоқсан – 1847 ж. сәуір деп нақты көрсеткен. Демек ұзақ жылдарға созылған көтерілістің соңғы бірнеше айы ғана суреттелген. Еңбек архив деректеріне сүйеніп жазылған, ондағы оқиғалар Кенесарының Жетісуға қоныс аударуынан, оның себептерінен басталады. Ханның өліміне байланысты зерттеуші өзіне дейінгі деректерді, Ш. Уәлихановтың, Б. Әбілдаұлының, Н. Маевтың, А. Добросмысловтың, Я. Полферовтың, Е. Бекмаханов кітабында айтылатын халық аңызын келтіреді. Зерттеуші Кенесары ханның соңғы жорығының себебін ханның «макиавеллилік ұстанымда» болғанынан, ал Хан Кене қолының жеңілуі сарбаздарының бір бөлігінің қорқып қашып кетуінен деп біржақты түсіндіреді.

Кенесары жөнінде жазылған еңбектердің қатарында Едіге Жансұлтанұлы Уәлихановтың 2004 жылы Мәскеу қаласындағы «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген «Кенесары» атты монографиясының ерекшелігі Кеңес билігі кезінде Кенесарының патшалық Ресей империясына қарсы күресін мойындамағандығы белгілі. Міне осы олқылықтың орнын Едіге Уәлиханов Кенесары кітабын Мәскеу қаласынан шығара отырып Кенесары күресін қалың көпшілік оқырманға танытты. Автор зерттеу еңбегінің өзіндік ерекшелігі Кенесары қырғыздар қолынан мерт болса, екінші рет оны зерттеген Е. Бекмахановтың айыпталып қуғынға ұшырауы арқылы Кенесары екінші рет қазаға ұшырады дей отырып, ол жөнінде арнайы тарау арнады. Сонымен қатар Кенесарыдан тараған кейбір ұрпақтарын тоқталған.

– Тарихшы Берекет Кәрібаев Хан Кенені зерттеушілердің көпшілігі қайтыс болып кеткенін, ал қазір тек өзіңіз және Сабира Сайфулмаликова ғана еңбектеніп жүргенін айтты. Қазақтың айтулы тұлғасы саналатын Кенесары ханды кәсіби тұрғыдан екі-ақ адам зерттеу жүргені ұят емес пе?

– Кенесары тақырыбын зерттеуші аға буынның біразы өмірден өтіп кетті. Ғылымға қаржының аз бөлінуі, баспанамен қамту мәселесінің жоқтығы да жастардың ғылымға келуіне кедергі жасауда. Қазіргі жастар ғылымнан гөрі бизнеске көбірек баруда.   

Мен алғаш 2002 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жұмысқа қабылданғанымда яғни, 2003-2005 жылдар аралығында «Қазақ мемлекеттілігін қайта қалпына келтіруге бағытталған Кенесары Қасымұлы көтерілісі» атты үш жылдық жоба болды. Жобаның негізгі орындаушылары тарих ғылымдарының докторы В.З. Галив (жоба жетекшісі), тарих ғылымдарының кандидаты С.Ф. Мажитов және мен болдым. Міне сол уақыттан бастап Кенесары Қасымұлы бастаған күрес пен оның ұрпақтары мәселесімен жүйелі айналысудамын. С.Ф. Мажитов ұлт-азаттық көтерілістер тарихнамасынан докторлық диссертация қорғады. Сондықтан да Кенесары тақырыбын зерттеушілер қатарында С. Мажитовты атағанымыз орынды. Сабира Сайфулмаликова Жанұзақ Қасымбаевтың шәкірті ретінде ХІХ ғасырдағы отарлау мәселесімен оның ішінде Сырдария облысындағы көтерілістер тарихының маманы. Сабира Сабытханқызы Ташкенттегі архив қорларымен жүйелі әрі тыңғылықты жұмыс жасаған тарихшы.

2005 жылы Кенесары Қасымовтың жерленген жерін анықтау үшін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында арнайы ғылыми зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Оның құрамында Едіге Уәлиханов, Молдияр Серікбаев сияқты ғалымдармен қатар мен де болдым. Біздің экспедиция жаңа ғылыми нәтижелерге көз жеткізді. Кейбір тарихи атаулардың екі елде де қайталатынын анықтады. Мысалы, Шамшы – бізде Самсы, Алмалы сай – Алмалы, Су алман – Сауылман, Он бір жылға – Он бір жыра, Борды – Борлы, Қызыл су – Қызыл сай және т.б. жер атаулары. Кенесары Қасымұлының соңғы соғысы және қаза тапқан географиялық қоныстарын ту тіккен орындарын анықтадық.

– Кенесары ханды зерттеген тарихшыларды еске алған кезде ең бірінші еске Ермұхан Бекмаханов түсетіні белгілі. Қылышынан қан тамып тұрған Совет заманында соңғы ханды дәріптеуге тарихшы қалай басын бәйгеге тікті? Жалпы Хан Кенені зерттеуде Бекмаханов рөлі қандай болды?

– Кеңестік дәуірде ұлт-азаттық көтеріліс тарихын жазуға сол кезде жүріп жатқан Ұлы Отан соғысының да өзіндік әсері болды. Соғыс жылдарында халықтың ұлттық патриоттық рухын көтеру үшін өткен тарихтағы батырларды зерттеуге сол кездегі билік арнайы рұқсат берген болатын. Осы мүмкіндікті тарихшы Е. Бекмаханов тамаша пайдаланып, Кенесары Қасымұлы туралы іргелі зерттеуін өмірге әкелді. Уәлиханның Тәуке деген баласынан Жанпейіс, одан – Жанбөбек, одан – Беген, одан – Бекмахан, одан Ермұхан тарайды. Зерттеуші Бекмаханов Кенесары ханның қырғызға жорығын хан тарапынан жіберілген қателік болды деп бағалағанымен, мәселенің әлі де болса басы ашық қалғанын: «Кенесарының Қырғызстандағы істерінің аз зерттелінгені сонша, ондағы оқиға барысын толық қалпына келтіру қиын» – деп жазады.

Ғалым өз жұмысының кемшін тұсын: «Менің жұмысымның қырғыздарға қатысты нашар тұсы сол, мен Ұлы жүз қазақтарының қырғыздармен қарым-қатынасын жеткілікті айқындай алмадым» – деп көрсеткен еді. 1937 жылы халық жауы деп ұсталып, 1938 жылы атылып кеткен қырғыз тарихшысы Белек Солтоноев еңбегінің қолжазбасын тиым салынғанына қарамастан және қорықпастан пайдалануы қазақ тарихшысының көзсіз батылдығын, әрі қырғыз тарихшысының еңбегін оң бағалап, кейінгі зерттеушілерге аманаттап кеткен ғылымға деген адалдығын аңғартады.

11112.JPG

Тарихшы Е. Бекмаханов өз зерттеу жұмысының обьективті болуы үшін архивтік деректермен қоса тарихи мәліметтері мол еңбектерді де (фольклорлық) мүмкіндігінше ұтымды пайдалана білген. Сондықтан да Е.Бекмахановтың енбегі Кенесары көтерілісі туралы құнды туынды болып табылады.        Соғыс аяқталғаннан кейін орталық билік отар өлкелердегі мұндай зерттеулерге тиым салып, зерттеген тұлғаларды қудалауға ұшыратты.

– Кенесары ханға байланысты Елтоқ Ділмұхамедовтің қорғаған диссертациясында Ермұхан Бекмахановтың оппенеті ретінде қатысқаны белгілі. Ділмұхамедовтың Кенесары ханды зерттеуге не үшін қызықты және қазіргі таңда аталған тарихшының еңбегіне орай қандай құрмет көрсетіп жатырмыз?

– Елтоқ Дильмухамедовтің «1837-1847 жж. Кенесары Қасымовтың басқаруымен болған көтеріліс» атты диссертациясы Е. Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жж» атты еңбегінің қолжазбасымен (Алматы, 1947 ж.) қатар бір уақытта жазылды. Е. Дильмухамедов кандидаттық диссертациясын Ташкенттегі Ортаазия мемлекеттік университеті тарих факультетінің ғылыми кеңесінде 1946 жылы 17 желтоқсанда қорғады. Ресми оппоненттері тарих ғылымдарының докторлары И.К. Додонов пен Е. Бекмаханов және тарих ғылымдарының кандидаты К.Е. Житов болды. Алайда Кенесары тақырыбында докторлық диссертация қорғаған Е. Бекмаханов ісі қозғалып, өзі қуғындалған кезде Елтоқ Дильмухамедовтың да ғылыми атаға алынады, амалсыз екінші рет 1954 жылы «ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы таукен жұмысшыларының революциялық қозғалысы (1900-1917 жж.)» атты тақырыпта қайта кандидаттық диссертациясын қорғады. Ал оның алғашқы диссертациясы кітапханалар мен ғылыми ортадан аластатылып көзі жойылды. Дегенмен де 2010 жылы Б. Тайжан қоры Е. Дильмухамедовтың диссертациясының ұрпақпақтарының қолында сақталған нұсқасын қалың көпшілікке қайта бастырып таныстырды. Е. Дильмухамедовтың зерттеу жұмысының құндылығы сонда Кенесары көтерілісін басып жаныштауға жіберген жазалаушы отрядтардың соғыс картасын беруімен ерекшеленеді. Ал өкінішті жері Кенесарының қырғыздарғы қарсы жорығы бөлімінің толық сақталмауы, оны тәркілеген кезде құқық қорғау мекемелерінің жыртып алуы еді.

– Хан Кенеге байланысты көп деректер Ресейдің архивтерінде жатқаны айтылады. Құпия деректерге қол жеткізсек, Қазақтың ең соңғы ханының тұлғалық болмысы жаңадан ашыла түсе ме?

– Кенесары күресіне қатысты архивтік деректер Ресейдің Санкт-Петербург, Москва, Орынбор, Омбы қалалары мен Өзбекстанның Ташкент қаласындағы архив қорларында жатыр. Алғаш рет аталмыш қозғалысқа қатысты құжаттар жинағын жинап бастыру ісі де ХХ ғасырдың бас кезінде қолға алына бастады. 1908-1915 жылдар аралығында Ташкентте Ресей әскери министр А.Н.Куропаткиннің тапсыруымен полковник А.Г.Серебренников «Сборник материалов для истории завоевания Туркестанского края» деген атпен 30 томдық құжаттар жинағы шығаруды жоспарлаған болатын. 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына орай тек алғашқы 14 томы құжаттар жинағы ретінде жарыққа шыты. Осы көптомдықтың алғашқы бес томында Кенесары хан бастаған қозғалысқа қатысты 176 құжат жарық көреді. Мұның өзі Кенесарының көтерілісінің қырларымен танысуға мүмкіндік берген еді. Қалған жинастырылған деректер Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде 76-істен тұратын үлкен қор ретінде сақтаулы. Өкінішке орай 2008 жылдан бері аталған елдің архиві қазақстандық зерттеушілер үшін жабық. Архив қорларымен жұмыс жасауға рұқсат бермей отыр. Аталған елдердегі деректермен жұмыс істеу олардың көшірмелерін елімізге алдыру үлкен қаржы мен табандылықты қажет етеді. Мысалы Омбы қаласындағы кейбір істер зерттеушілер қолына берілмейді. Осы қалада 2014 жылы жұмыс істеу барысында кейбір істерге (ДСП) белгісі соғылған. Осы шашылған деректерді жинақтау арқылы Кенесары ханның күресінің жаңа қырларын ашуға да болады деген сенімдеміз.

– Былтыр Кенесары ханның бас сүйегін экс-президент Назарбаев Путиннен сұрап, оны елге әні-міне әкеледі деген ақпарат тарап еді. Алайда кейін бұл әңгіме саябырсып қалды. Хан Кененің бас сүйегі қайда және оны елге әкелу мүмкін бе?

– Иә, былтырғы жылы әлеуметтік желілерде Кенесары ханның бас сүйегі табылды деп сүйіншілеген хабарлардың тарағаны рас. 1847 жылы қырғыздардың қолына 1000-нан аса  қазақтар тұтқынға қолға түсті. Олардың 32-сі төре тұқымы еді. Қырғыздар шудың күншығыс жағындағы Кекіліктен он-он бес шақырымдай жердегі Алмалы сай деген жерде аты тұрып қалған Кенесарыны ұстап алған. Наурызбай да сол шамада Кенесарыдан бөлек ұсталған. Х. Досмұхамедовтың еңбегіне сүйенсек, төрелерді атқа мінгізіп, қырғыздар тау ішіндегі еліне апарады. Өздерін бөлек үй тігіп беріп, құрметпен сыйлайды. Кенесары, Наурызбайдың жатқан үйі Жолба деген қырғыздың үйі екен. Осы үйде төрелер жеті күн жатқан. Кенесарыны Сарбағыш Тастанбек балалары, Наурызбайды Сарбағыш Тілеуқабыл балалары жабылып өлтірген. Екеуі екі бөлек қойылған. Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқмақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағы болады. Наурызбайдың басын Төлебай деген жігіт қылышпен шауып, өлтірген, сүйегі Самсының (Шамшының) күн шығыс жағына қойылған. Кенесары мен Наурызбайдан басқа 19 сұлтан,  сондай-ақ көптеген билер мен қарапайым адамдар  қаза тапты. Олардың арасында  Кенесарының жақын туыстары Құдайменде төре, Ержан төре бар еді.

Тікелей бас сүйекке қатысы бар орыс әскери шенділерінен генерал-майор Н.Ф. Вишневский, есаул Т.В. Нюхалов, сотник С.М. Абакумов. 1847 жылы 26 тамызда Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков жекелеген ұлы жүз қазақтарын Кенесары көтерілісіне қоспағаны үшін есаул Т.В.Нюхаловтың әскери шені войсковой старшинаға, ал сотник С.М. Абакумовтың әскери шені есаулға көтереді. Омбыдан ары қарай бас сүйектерге қатысты деректер жоқ. Бас сүйек Омбыда қалды ма, әлде Санкт-Петербург қаласына жөнелтілді ме ол да басы ашық мәселе.

Архив құжаттарында Қоқанға бағынышты қыпшақтардың Кенесарының жоғын жоқтап қырғыздарға тыныштық бермегендігі жөнінде тың деректер кездеседі. 1854 жылы Сарыбағыштың манабы Қалығұл Әлібеков Батыс Сібір Генерал Губернаторлығына жолдаған хатында: «Кенесарының басын Омбыға жеткізіп бергенім үшін қыпшақтар маған күн көрсетпеуде. Сондықтан мені өздеріңіздің қамқорлықтарыңызға алуыңызды сұраймын» – деп, жазған мәліметтері сақталған. Омбыға жеткізілген бас сүйек қанша деген сұрақтың туындауы анық. Біздің пайымдауымызша Омбыға Кенесары мен Наурыздайдың бас сүйектері жеткізілген болуы керек деген ойдамыз. Қырғыздар бас сүйекті Қапалға жеткізіп бергеннен кейін ары қарай бас сүйекті қарулы жасақ алып жүрген. Архив қорларында сақталған құжаттарға зер салар болсақ Кенесарының бас сүйегінен де бөлек қазақ даласынан көне зираттардан қазып алынған бас сүйектер жүйелі түрде Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларына жөнелтіліп отырғанын көреміз. Ондағы мақсат қазақтардың антропологиясын зерттеу үшін деп көрсетілген. Кенесары ханның бас сүйегі табылып жатқан күннің өзінде оны елімізге алып келу үшін антропологиялық және генетикалық сараптамалар жасап барып, сүйек нақты Кенесары бамамыздікі ме анықтауды қажет ететіні анық. Осы мәселелер шешілсе бас сүйек елге келуі мүмкін.

– Сіз Хан Кененің ұрпақтары туралы ізденіп жүрген азаматсыз. Айтулы тұлғаның кіндігінен қанша ұрпақ тараған және қазір олардың ішінде елге есімі кеңінен таныс кімдерді атар едіңіз?

– Кенесары хан қаза болған оның екі әйелінен тараған сегіз ұл қалғандығы тарихтан белгілі. Әкесінің азаттық жолындағы күресін оның балалары жалғастырады. Әсіресе солардың ішінде Жапар мен Сыздық сұлтандар еліміздің тәуелсіздік жолындағы күресін ерекше өжеттілік пен айбындылық және табандылық арқылы көрсетеді. Жапар мен Сыздық сұлтандардың мұндай қасиет тікелей арғы атасы Абылай ханнан қонса керек. Әкесінің қазасынан кейін, оның күрес жолын жалғастырған ұлы Жапар сұлтан болғандығын архив қорларында сақталған деректер растай түседі.

Жапар Кенесарыұлы отарлық билікке қарсы шығып, тағдырының он сегіз жылын Сібір жерінде (Березов қаласында) айдауда өткізіп, одан қашып шығып, туған жеріне келгенде Жапардың әр басқан қадамы бақылауда болған. Әкесінің күрес жолын жалғастырған көкжал ұлы Сыздық сұлтан отарлық жүйеге қарсы жиырма жыл күрескен. Ал қалған ұлдары сол кездегі заман талабына сай Ресей билігін мойындап, бейбіт өмірге көшеді. Тайшық пен Ахмет сұлтандар зауряд сотник шенінде Ресей билігінде қызмет етті. Әубәкір, Омар, Оспан, Жәкей сұлтандар Жылыбұлақ болысына қарасты жерде тыныш өмір сүрді.

Қазірде Кенесарының Жапар, Тайшық, Ахмет, Сыздық, Омар, Оспан, Әубәкірден тараған ұрпақтар Түркістан облысында тұрады. Кіші ұлы Жәкейден ұрпақ жоқ. Кенесарының үлкен баласы Жапардан тараған ұрпақ бүгінде Арыс бойында тұрса, Әбубәкірдің ұрпақтары Құмкент ауылында, ал Сыздықтың ұрпақтары Қызылкөл ауылында тұрады. Сыздықтың Сопыбек деген баласынан ұрпақ жоқ. Керімбек деген баласынан Мамеш, Әмзе, Мамештен Махамбет. Махамбеттен туған бір бала бүгінде Норильскіде тұрады. Әмзеден Берік, Сарыбас, Бақыт деген балалар тарайды. Зайт төреден ұрпақ жоқ.

Сыздықтың Муса атты баласынан Ысқақ тараған. 1890 жылы туылған ол қарулы әрі палуан болған адам екен. Ысқақ 1955 жылы өмірден қайтып, Жаманқытай деген жерде жерленген. Ысқақ Ұлы Отан соғысы кезінде шахтада жұмыс істеген. Ысқақтан Әбіл, Қабыл, Жақсылық деген үш ұл тарайды.  Әбілден Рахметолла, Зейнулла, Файзолла, Әбибулла. Әбілден тараған балалар бүгінде Жезқазғанда тұрады. Қабылдан ұрпақ жоқ. Жақсылықтың Ынтымақ, Нышанғали, Нұрғали атты балалары бар. Жақсылық 1942 жылы 5-ші мамырда туған. Жақсылық бүгінде Созақ ауданының Қызылкөл ауылында тұрады. Он баланың әкесі. Үш ұл, жеті қыз өсіріп тәрбиелеп отыр. Бүгінгі уақытта Кене ханның ұрпақтары «Атомпром» саласында және түрлі басқа да салаларда қызмет етуде. Оспаннан тарайтын ұрпағы Құрманғазы көп жылдар бойы Кентаудағы трансформатор заводында инженер болып қызмет еткен. Қазірде жеке кәсіппен айналысады.

– Мен үнемі «Абылай ханнан кейін Уәли емес, Қасым сұлтан хан болғанда қазақтың тарихы қалай болар еді?» деген сұрақты ойланамын. Уәли хан Қасымнан қарағанда әлсіздеу болған соң отар елге айналдық па, жоқ әлде біздің ол кезде Ресейге тәуелді болмастан басқа жолымыз жоқ па еді?

– Біз өткен тарихымызбен мақтанғанда мына бір мәселені назардан тыс қалдырамыз. ХІХ ғасырда өркениет көшінен артта қалып қойдық. Мұны мойндауымыз керек. Ұлы географиялық ашылуларға дейін ат құлағында ойнаған көшпенділер тарих сахынасынан ығыстырылып, сахнаға ғылым мен техниканы игерген отырықшы мемлекеттер көтерілді. ХІХ ғасырда қазақ мемлекеті технологиядан артта қалғандықтан көршілес Ресей елінің отарына айналды. Абылай әулетінен тараған ұрпақтың өзі екіге жарылды. Уәли бастаған топ бодандықты мойындай отырып, соларға қызмет ету арқылы өзінен тараған ұрпағын білім алуға жетелесе, ал Қасымнан тараған ұрпақ қолына қару алып Ресей империясының отрарлық саясатына өре қарсы тұрды. Ресей империясының отарлық саясатын Қасымнан тараған ұрпақ бірнеше ондаған жылдарға тежеді. Дегенмен де бұрынғы садақ найзаның заманы өткендігін, ендігі уақытта отты қару мен мылтықтардың соғыс тағдырын шешетіне көз жеткізді.

Мысалы, архив қорларындағы деректерде Қоңырқұлжа Құдаймендин, Ахмет Жантөрин, Баймағамбет Айшуақов сияқты сұлтандар туған халқын, елі мен жерін шен-шекпенге айырбастағаны Кенесарыға қатты батты. Осы сұлтандардың жазалаушы әскерге көмек көрсетуі архив қорларында сақталған. Кенесарының көтерілісін басып-жаныштауға белсенді әрекет жасаған Орынбор Шекаралық комиссиясының төрағасы М.В.Ладыженский Шығыс, Батыс, Орта Орда бөліктерінің аға сұлтандары Ахмет Жантөринге, Баймұхамед Айшуақұлына және Арслан Жантөринге жолдаған алғашқы бұйрықтары мен нұсқауларында-ақ Кенесары қосындарына барып қайтатын тыңшылар санын көбейтуді талап етті. Мұндай жұмыстар үшін аға сұлтандарға «құрметті марапаттар», ал «жансыздарға» ақшалай сыйлық беруге уәде етіледі. Осы нұсқауға сәйкес аға сұлтандар барлау жүргізуге лайықты деген адамдарды іріктеп алып, Кенесары жасақтары орналасқан жерлерге жіберіп жатты.

Барлаушылар, әсіресе, Мыңбай мен Үмбет нұсқауда көрсетілген он төрт бап бойынша толық мәліметтер жеткізеді. Сөйтіп, Кенесары ауылы Қарақұмның «Қарасүңгір-Тұздақ» аталатын құдығында, оның отбасы, дүние-мүлкі, өзі де осында, Ордасы ауылдың нақ ортасында, жанында жүргендер Шоқпыт, Құдайменде, Ержан және Наурызбай сұлтандар, Жеке, Жанайдар, Сүтен және Шоқпар батырлар бар екендігі анықталады. Осындай мәліметтер негізінде Орынборда Кенесары жасақтарының іс-қимылы, бір жерден екінші жерге қозғалуы, әскери қарымы қалт жібермей қадағаланады. Аға сұлтандар Кенесары мен Орынбор әкімшілігі арасындағы қатынастарды ушықтыруға, сөйтіп, Кенесарымен келіссөз жүргізуге мүмкіндік бермеуге барынша күш салады. Баймұхамед Айшуақұлы, әсіресе, Кенесарының Орта Азия хандықтарымен байланысы барлығы туралы хабарды тікелей Ладыженскийге жеткізіп, көтерілісті күшпен басу керектігіне ақыл-кеңес береді. Оның Жұмыр Ізмұхамедұлы деген тыңшысы қару-жараққа айырбастау үшін 1100 қой айдатқанын және оған қоса Кенесарының Хиуа ханына 30 жорға, 2 тұтқын орысты бір өкілімен бірге жібергенін, ханнан «орыстарға қарсы тұру үшін» деп екі зеңбірек, екі жүз шамхал (мылтық) сұратқанын естиді. Осы деректерді Баймұхамед сұлтан Орынбор Шекаралық комиссиясына жеткізіп, Кенесарының сөздеріне де, елшілеріне де сенбеуге үгіттейді. Отаршылдарды Кенесарының Орта Азия хандықтарымен қатынасы барлығы аса абыржытты. Патша өкіметі барлау мен тыңшылық қызметті өрістете отырып, 1845 жылдан бастап көтерілісті тезірек жаншу қамына көшеді. Бірақ 1845 жылы Ұлы жүз сұлтандары мен билерінің Ресейге бодан болуды қабылдауы көтерілісшілердің жағдайын ауырлата түсті. Патша өкіметі Ұлы жүз қазақтары мен Алатау қырғыздарының көтерілісшілер қатарына қосылмауы жөнінде сан алуан айла-амалдарды қолданды. Генерал-майор Вишневский Орта жүздің Аягөз, Қарқаралы, Көкпекті округтерінің аға сұлтандарын Кенесарыға қарсы күреске тартты. 1846 жылдың бас кезінде Кенесары Балқаш пен Іле өзені маңына қоныс аударды. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?