Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Орынборда болған Екінші Жалпы­қазақ съезі туралы

3821
Орынборда болған Екінші Жалпы­қазақ съезі туралы - e-history.kz

Орынбордағы Қазақ АКСР Кеңесінің ІІ съезінде сыртқы және ішкі саясат мәселелері талқыланды, ҚырОАК (КирЦИК), Қырғыз халық комиссарлар кеңесі (Кирсовнарком), Егіншілік халық комиссариаты (Наркомзем), Азық-түлік халық комиссариаты (Наркомпрод), Орталық Одақ (Центросоюз), ҚазАССР өнеркәсіптік Бюросының есептері тыңдалды. Орынбор жұмысшылары атынан Никита Мутнов сөз сөйледі.

Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасының ІІ съезінде Орынбор қаласының революционер жұмысшылары атынан Н. Мутнов сөз сөйледі. Никита Мутнов (1880-1927) – 1907 жылдан Коммунистік партия мүшесі, Орынбор мен Оңтүстік Оралда Кеңес өкіметін орнатуға және азамат соғысына белсенді қатысушы. 1921 жылғы қыркүйекте Орынбор губкомының РКП (б) хатшысы болып тағайындалған. 1922 жылы 3-ші республикалық партконференцияда С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Григорьев, Чернядьевтермен қатар облыстық комитетке кандидат болды. 1924 жылдан бастап РКП (б) ОК аппаратында жауапты қызметкер болып істеген. Біздің Кеңестік жас Қырғыз Республикасы қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанын ескере отырып, осындай аса қиын жағдайда біз жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға тиіспіз. Бұндай қиын жағдай Бірінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейін болған азаматтық соғыстан туындады және бұрын-соңды болмаған астық тапшылығымен одан сайын күрделене түсті. Мутнов Жалпықазақ съезі алға қойылған міндеттерді шешеді деген үмітін білдірді, сонымен бірге съезд қатысушыларына тағы бір маңызды жағдайды атап өтті.

«Қырғыз Республикасы - бұл ұлттардың шоғыры екендігіне мұқият, көңіл қойып және іскерлікпен назар аудару қажет. Бұл жерден біз қырғыз халқын, казак халқын, патша үкіметінің қырғыз даласына айдап әкелген малоросстарды, байырғы орыс халқын көреміз. Егер осы халықтарға мұқият қарар болсақ, онда қарастырылуы керек сұрақтың аса маңыздылығын көреміз».

Мысалға, казачество. Аздаған кедейлерді қоспағанда, казактар большевиктерге қарсы болды, олармен қарулы күрес жүргізді. Тек қазақ даласында болған қиян-кескі күрес кезеңінде ғана еңбекші казактар өздерін генералдардың қандай қателіктерге итермелеп отырғанын толық түсінді.

«Бірақ бұл казачествода осыны әлі де түсінбеген элемент бар. Осыны түсіну керек, жолдастар», - деді Мутнов.

Сондай-ақ съезде орыс халқының отаршылдық дертін жұқтырғаны айтылды. Бұл ескі патша үкіметінің мұрасы, ұлтшылдық сияқты оны да осы съезд құртуы керек, орындарына кеткен депутаттар бұдан қайтып «ұлтшыл», «отарлаушы» деген сөздерді естімеуі керек. Мутнов жолдас Орынбор жұмысшыларының атынан съезд депутаттарын осындай аса маңызды мәселелерді шешуге шақырып, съезд жұмысына табыс тіледі.

«Өз тарапынан, Орынбор жұмысшылары Съездің шешімдерін жан-жақты қолдайтын болады, сондай-ақ олар Қырғыз Республикасының Қызыл астанасына Колчак пен Деникин ордалары жақындаған кезде оны қорғауға қалай нық тұрса, әлі де солай бекем тұратын болады. Сонымен, жолдастар, Қырғыз Республикасы Кеңесінің 2-ші съезі жасасын, бүкіл әлемдегі Кеңес үкіметі жасасын, Коммунистік Интернационал жасасын!»,- деп аяқтады сөзін Никита Мутнов.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?