Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Келесі Парламентте Отанға оралған қандастардың өкілдері болуы керек

993
Келесі Парламентте Отанға оралған қандастардың өкілдері болуы керек - e-history.kz
Мерзімінен бұрын өткізілетін Парламент сайлауына қатысты тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тұрсынхан Зәкенұлы өз ойларын ортаға салды

Бүгінде өз тарихи Отанына түрлі жолдармен 1 мллионға жақын қазақ қандастарымыз қайтып оралды. Бұл жерде «қандастар» деген сөзді бекер қолданып отырған жоқпыз. Өйткені олар – кешегі бір сұрқылтай замандарда амалсыздан үйірінен бөлінген өз бауырларымыз. Қазақта «өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген сөз бар. Бүгінде қазақ үшін «өзінен туған ұл» кім? Ол осы елім деп, жерім деп келіп жатқан ағайын. Қазақтың қара баласы. Ал, сатып алар «құл» кім? Ол – жан бағысқа келіп жүрген, тілі, ділі бөтен жат жұрттық келімсектер. Олар түбі ел болмайды. Ал сенімен ел болатын, тірлігі де, тағдыры да біте қайнасып, тұтасып кететін, ел басына күн туса ту түбінде тұрысатын сол «өзіңнен туған ұл» болмақ. Қазір алмағайып заман басталды. Әлемдік ірі елдер дүниежүзіндегі ресурстар мен ықпал аймағын қайта бөліске салуға кірісті. Құндылықтар өзгерді. Әлемде зорлықты күшке зорлықты күшпен жауап беру әдетке айналды. Құдайға шүкір, Елбасының сындарлы саясатының арқасында, Қазақстан бейбітшілік аралы іспетті өзін өзі сақтап тұр. Дегенмен, қауіп-қатер жоқ емес. Енді ғана буыны бекіп келе жатқан мемлекетімізді одан ары нығайту үшін, іш пен сырттағы қазақтардың бір кісідей бірлігі, мемлекетшілдігі мен ортақ күш-жігері қажет. 

6cd2a5da5d0cf7b83e277a383ff0d84a.jpg

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі

Бүгінгідей күрделі кезеңде, Қазақстанда өзінің геосаяси мүддесі бар кез келген ел біздің біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуімізді, қазақ халқының санының өсуін қаламайды. Олар елдегі тіл мәселесі мен демографиялық жағдайдың осы беті қалуын қалайды, т.т. 

Осындай жағдайда қазаққа тек қазақтың баласы көмектесуі керек. Қазаққа тек қазақтың жаны ашуы керек. Сол себепті, шеттегі ағайынды мүмкіндігінше елге тарту Қазақ елінің стратегиялық міндеттерінің бірі болып қала беруі тиіс. Бұл ретте, Елбасы қол қойған «Көші-қон туралы заң» бұдан алдын бір сәт кідіріп қалған көші-қон үдерісіне жаңа серпін беруде. Осы келелі өзгерістер, биыл өткелі отырған Парламент сайлауына дөп келіп отырғаны да, істің әрі қарай сәтті жүруіне үлкен үміт ұялатады. Бұл орайда өз басым келесі Парламентте шеттен келген қандастардың өкілдері де болуы керек деп ойлаймын. Әрине, шеттен келген қандастар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан соң, Қазақстан азаматы болып табылады. Ал «ҚР Азаматтық туралы заңы» азаматтығы бар кез келген азаматқа сайлау және сайлану құқын береді. Дейтұрғанмен, қазіргі кезде шеттен келген ағайындар өздерінің осы құқын толық іске асыра алмай келеді. Оның көптеген объективті және субъективті себептері бар. Ең бастысы, олардың бір жерде шоғырлы қоныстана алмауы. Оның үстіне, тілдік-психологиялық және кейбір мигрантофобиялық, т.б кедергілерге байланысты, олар округтер бойынша сайлауға түскенде қажетті дауыс жинай алмайды. Нәтижесінде, ұлт мүддесі зардап шегеді. Бұған дейін, көші-қон үдерісінде кейбір қателіктер орын алды десек, бұл қателіктер дәл осы жоғары билік дәлізінде Отанға оралған қандастардың бірді-екілі өкілінің болмауымен тікелей байланысты. Сондықтан, бүгінде ұзын саны 1 мллионға жетіп жығылатын Отанға оралған қандас бауырларымыздың арасынан келесі Парламент сайлауында, жалпы қоғамның және сол ағайындардың өз қалауымен бір-екі депутат Мәжіліске немесе Сенатқа сайланса нұр үстіне нұр болар еді. 

Бұл шындап келгенде, елге оралған ағайын мен мемлекеттің арақатынасын реттеуде белсенді рөл ойнайды. Отанға оралған қандас бауырларымыз сонда ғана өздерінің толыққанды құқын сезінетін болады. Бұл – бір. Екіншіден, мүндай шешім мемлекет тарапынан көші-қон үдерістерін жүйелі жолға қоюға, диаспора саясатын тиімді түрде үйлестіріп отыруға көмектеседі. Отанға оралған қандастарымен және диаспора өкілдерімен жұмыс жасау басқа елдердің тәжірибесінде де жиі кездеседі. Мысалы, Қытай Халық Республикасы әр кезекті Халық құрылтайы сайламында шетелден келген қандастарына 35 мандат береді. Бұған Ганконг, Макао және Тайваньнан сайланған депутаттарды қосқанда жалпы саны – 96 адам. Бұл депутаттар елдегі саяси-экономикалық, мәдени үдерістерге атсалысумен бірге «Отанға оралған қандастар қауымдастығы» арқылы шетелдегі қытай диаспорасымен жүйелі жұмыс жасайды. 

Біз – аз халықпыз. Дүниежүзінде 11 миллионнан астам қазақ бар деп күпигенімізбен, оны төңірегіміздегі қара орман елдермен салыстырып, Қазақстанның ұлан-байтақ жер аумағынна шаққанда түкке тұрмайды. Біздің жеріміз кең, халқымыз аз. Бір ғана экономикалық тұрғыдан алып қарағанда бұл кері пропорция. Тек шетелдік жалданбалы жұмыс күшіне арқа сүйеу мәселені түбегейлі шешпейтіні былай түрсын, оның соңы көптеген проблемаларды пайда қылуы мүмкін. Бұл мәселені түбегейлі шешудің екі жолы бар. Оның бірі – ішкі демографиялық жағдайды жақсарту; екінші, сырттағы ағайындарды бар күшпен тарту. Егер бұл істі жақсы жолға қоя білсек, жақын арада (шамамен 2016-2022 жылдар) тағы да 1 ммиллион қандасымыз Отан құшағына оралады. Бұл ел экономикасын дамыту, қазақ тілінің әлеуетін арттыру, елдегі демографиялық тепе-теңдікті қалыпқа келтіру үшін үлкен септігін тигізеді. Бұл үшін, үкімет пен Отанға оралған және келем деуші ағайын арасында көпір қызметін атқаратын, қолынан іс келетін білікті азаматтарды Парламент пен атқарушы билік салаларына тарту ауадай қажет. 

Менің бір түсінбейтін мәселем бар: «ҚР Азаматтық туралы» және «ҚР Сайлау туралы» заңдарына сәйкес, елімізде өмір сүретін барлық ұлттың өкілдеріне тең құқық берілген. Олар округтер бойынша сайлау арқылы Парламентке келеді. Бірақ, артынан олардың өкілдері Қазақстан халықтар Ассамблеясы арқылы Парламентке тағы да келіп жайғасып жатады. Сөйтіп, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне Парламенттен орын алуға қосарланған құқық берілген. Ал, шетелден оралған қандас бауырларымыз, өздерінің қоғамды ұйыстырушы белсенді фактордың бірі екеніне қарамастан, Парламентте бірлі-жарым мандатқа да қолы жетпей келеді. Қазір шетелден келген қандастардың проблемасын олардың өз проблемасы деп қарайтын қате түсінік қалыптасқан. Біле білсек, ол тек оралмандардың ғана проблемасы емес, жалпы Қазақстандық қоғамның, қазақтың проблемасы. Сол себептен, БАҚ құралдары шетелден келген ағайындарды көбінше жақсы жағынан көрсетіп, олардың арасындағы шама-шарқынша елге өз үлесін қосып жатқан азаматтарды, дарынды жастарды, көп балалы отбасыларын көбірек нәсихаттаса деп ойлаймын. Сол арқылы қоғам оларды масыл санайтын түсініктен арылар еді. 

Шетелден келген қандастарымыз бұған дейін республикалық деңгейдегі үлкен қоғамдық ұйыымдарға біріккен емес. Көбі саяси партияларда да жоқ. Олардың бірден-бір сенетіні – Елбасы мен «Нұротан» партиясы және ҚР Парламенті. Бұл – басқа партияларды жамандағаным емес, айтпағым, Отанға оралған қандастардың ең әуелі Елбасы мен билік партиясынан, еліміздің заң шығарушы органы Парламенттен көп үміт күтетіндігі. Сол себепті ҚР қарапайым азаматы ретінде, үлкен саяси науқан алдында өз ойларым мен ұсыныстарымды ортаға салдым. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?