«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ сәулет өнері тарихына шолу. ІІ бөлім

605
Қазақ сәулет өнері тарихына шолу. ІІ бөлім

Алтай мен Атыраудың, Мырзашөл мен Есіл ойпатының арасында жатқан жалпақ қазақ даласы – Батыс пен Шығыс өркениеттерін жалғастырып жатқан көпір іспетт. Қазақ даласының батысынан шығысына, оңтүстігінен солтүстігіне дейінгі құс қанаты талатын ұланғайыр өлкеде ежелгі өркениеттердің ізі болушы сан жүздеген қалалардың орны, жекелей ғимараттар бар. Сондай-ақ қазақ даласының әр пұшпағындағы заманауи алып шаһарларда тіршілік базары қайнап жатыр. Көне мен жаңаның арасында үндестік, дәстүр жалғастығы бар ма? Бар болса, ол қандай деңгейде? Оның дәлелі қайсы? Бүгінгі күні, жаһандану, дәуіріндегі қазақ сәулет өнері қайда бағыт алып барады? Авангардтық, модерндік т.б. бағыттар бойынша ғимарат тұрғызу – бүгінгі заманның талабы десек те, ұлттық сәулеттік шешімдерді қалай кіріктіруге болады? Осы және басқа да сұрақтар, жалпы қазақ халқының баспана, ғимарат тұрғызу дәстүрінің тарихи жолына бірге саяхат жасайық! 

Ұлы Даладағы өмір жалғаса берді. Қарахан мемлекеті құлап, оның орнына өзге мемлекеттер кезегімен бой көтерді. Әсіресе, Шыңғыс хан бастаған монғол жаулап алушылығы Ұлы Даланың саяси-әлеуметтік бет-бейнесін мүлде басқа арнаға бұрды. Өмір алға жылжыды. Қазақтың дара ақындарының бірі Жұбан Молдағалиев өзінің «Мен – қазақпын» поэмасында былай деп жырлаушы еді ғой:

Қаза тапқан солдаттай ізгі өліммен,

Қалалар да өтіпті түз белінен.

Қаңқалары табылып жатыр қазір

Соғыстар мен жорықтар іздерінен.

О, замандас, соларға бір қараңыз;

Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.

Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,

Өшкендерді табатын бір ғана біз. 

Иә, Еуропа мен Азияны жалғастырған алып көпір іспетті, Ұлы Жібек жолының қиылысында жатқан қазақ даласы әр дәуірде дүниені дүр сілкінткен ұлы жорықтардың, алапат шайқастардың алаңына айналғанына тарих куә. Түз белінен өтіп кеткен қаншама қалалар бар. Солардың бірі – көне Отырар қаласы. Жаһанды түгел дәргейіне бас ұрғызып жаулауға аттанған жиһангер Шыңғыс қағанның ұлдары бастаған қалың қолға алты ай бойы төтеп беріп, ақыры қақпасын ашып беруге мәжбүр болған әйгілі қала туралы аңыздар ауыздан ауызға таралып біздің заманымызға жетті. 

Басын мұзарт биіктерден алып, жолдағы жұрттың ырыс-несібесін толтыра барып Арал теңізіне құятын Орта Азиядағы қос өзен Сыр мен Әмудің бойында ежелгі қала өркениеті болған. Мұндағы қалалардың көптігі туралы аңыз деректерді қазба жұмысы нәтижелері анықтай түседі. «Сырдың басынан ұшқан бұлбұл сағасына дейін дәйім гүлге қонып жетеді екен», - деген қазақ аңызын білеміз. Яғни, бір замандарда Сыр бойында гүлденген, гүлге оранып, бірінен соң біріне ұласқан қалалар болған деген сөз ғой, бұл. Осыған ұқсас тағы бір аңызда: «Бесқаладан Сауранға, Саураннан Сайрамға, Сайрамнан Таразға дейін бір үйдің төбесінен екінші үйдің төбесіне секірген лақ жерге тұяғын тигізбестен жетеді екен!» – дейді. Мұндағы Бесқала – қазіргі Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласы десек, мұны аздап әсірелеу деп қабылдасақ та, осыншама ұланбайтақ жерде сан ондаған үлкенді-кішілі қалалар болғаны анық. Оған осы өңірлерге, соның ішінде қазақ даласына жасаған археологиялық қазбалар нәтижесі айғақ болады. 

Басы: Қазақ сәулет өнері тарихына қысқаша шолу. І бөлім

Сауда жолының бойындағы, отырықшы, жартылай отырықшы тұрғындары қалалық өмірді өз реңімен лайықты дамытып келді. Алайда, дамыған өркениет, бақуатты тұрмыс-тіршілік сыртқы жаулардың шабуылына ұшырап отырған. Кейбірі қайтадан қалпына келтіріліп, гүлдену сатысын бастан кешірсе, енді біреулері сол қалпында үйінді, қиранды болып қалып қойды. Осындай тарихы бай қалалардың бірі – ежелгі Фараб немесе орта ғасырлық Отырар еді.

Орта Азиядағы ерекше ғасырлардағы гүлденген өркениеттің, қала салу мәдениетінің игі дәстүрінің бірі – әйгілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. 1396 жылы жарты әлемді жаулаған сайыпқыран Әмір Темірдің ықпалымен бой көтерген бұл алып ғимарат Орта Азиядағы түркі халықтарының, соның ішінде қазақтың дәстүрлі сәулет өнерінің қайталанбас туындысы. Аңыз бойынша кесенені жобалауға қаһарлы әмірші Ақсақ Темірдің тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған көрінеді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – үлкен порталды-күмбезді, күрделі мемориалдық құрылыс. Жергілікті халықтың сәулет өнері тұрғысындағы дәстүрлерін жете меңгерген парсы шеберлерінің сызба жобасы құрылысқа негіз етіп алынған. Ғажайып сәулет өнері туындысы ретінде жеті ғасыр бойы Арыс бойында салтанатпен асқақтап тұрған кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Кесененің ені – 46,5 м, ұзындығы – 65 м. Кесене күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Сәулетшілердің айтуынша, кесене жобасының ерекшелігі – онда Орталық Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылғандығында.

Өз заманында теңдессіз қолбасшы, қаһарлы әмірші болған Әмір Темірдің билігі тұсында қалалық сәулет өнері ерекше гүлденгені туралы батыс пен шығыстың елшілері тамсана жазған екен. Кастилия мен Лион патшасының елшісі Клавихо былай деп жазған екен: «Әмір Темір және оның ұрпақтары қалыптастырған дүние экономикалық өркендеуді ынталандырудың негізі болып табылады. Осыған байланысты Иран мен Орта Азияда сансыз ғимараттардың салынуы сәулетшілерді шабыттандыра түсті. Аруақ қонған жерлер ерекше көңілге алынды: бар ғимараттар қайта жаңғыртылды және әшекейлендірілді, көптеген жаңа кесенелер салынды». 

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – қайталанбас өнер туындысы. Оған әр кезеңде бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілгенін білеміз. Әрине, жөндеу жүргізген жақсы. Бірақ Орта Азия мен Қазақстанның климаттық жағдайына, жерінің гидрогеологиясына негізделіп салынған тарихи ғимараттың ерекшеліктері ескерілді ме деген сұрақ туындайды. Орта ғасырлық сәулетші жобалаушылар ғимараттың осыншама ғасыр мызғымай тұруы үшін ерекше тәсілдерді қолданғандығы туралы айтылады. 

f8c27419ac63999a7d54811558ff666a_XL.jpg

Қазақ хандығы тұсында да біздің мемлекетіміздің аумағында үлкенді-кішілі құрылыстар жұмыстары жүрілендігі анық. Олар негізінен медреселер, діни ғибадат орындары мен мазар-қорымдар болды. Мұндай ескерткіштердің қаншама жүзі Пашалық Ресей заманы мен кешегі кеңестік кезеңде жойылып кеткені – тарихтың ащы шындығы. Қазақ хандығы – «Алтынорданың шекпенінен шыққан» мемлекет. Сондықтан да Алтынорда дәуірі мен Қазақ хандығы, Моғолстан мемлекеті – бір-бірімен астасып жатқан күрделі тарихтың парақтары. 

Алтынорда – Қазақ хандығының тікелей бастауында тұрған мемлекет. Олай болса, Алтынорда заманындағы сәулет ескерткіштерінің де қазақ жеріндегі жұқанасына иелік ету – біздің заңды құқығмыз болмақ. Алтынорданың тарихында Жайық бойындағы астана қала Сарайшықтың алатын орны ерекше. Қазақ даласындағы сәулет ескерткіштерінің бейберекет тоналып, қирандыған айналдырылып немесе кейінгі заманда салынған ғимараттар үшін әдейі құрылыс материалдары ретінде бұзып тасылғаны жайында деректер аз айтылмайды. Сарайшық қаласы бұған айқын мысал бола алады.

Сарайшық, дастаным ең шері басым,

(Балаған бас қалаға сені Қасым).

Басынан жеті ханның өткен дәурен,

Бізді де сатар бір күн, не қыласың… - деп жырлаған екен, белгілі ақын Әсия Дәулетбаева. Расымен де, Сайрайшықтың бір замандарда ұлы хандықтың астанасы болғандығы, сәнді-салтанатты сарайларымен сырт көздің таңдайын қақтырғаны – бүгінгі күні аңыз ғана. Сарайшық – қазақ халқының қала мәдениетін игерген ел болғандығының тікелей айғағы болғанымен, осы бір ғажайып сәулет кешені бодандық дәуірінде бордай тозып жоғалғаны, Жайықтың суы қала қирандысын жыл өткен сайын жуып бара жатқаны өкінішті. Қазіргі жұқана жұрнағының өзін ежелгі даңқына сай лайықты ұлықтап отырмыз деп айту қиын болар, сірә.

«Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жандасып», өр намысын егеулі найзасына қайрап жорық жырын толғаған Ер Махамбеттен жеткен мынадай жолдар бар: 

Ай астында бір көл бар,

Ат шаптырса жеткісіз.

Ортасында алуа, секер бар,

Татқан қулар кеткісіз…

Иә, бұл жай ғана алына салған поэтикалық түйдек емес. Бұл – сол өлкеде бұрынғы өткен замандағы шынайы оқиғаны бейнелеген сурет. Яғни Жайық бойында, Сарайшықта хандық құрған Жәнібек хан өзінің сүйікті қызына арнап көл жасатқандығы туралы аңыз жеткен. Жәнібек хан бұл жасанды көлдің суы тәтті болсын деп қант төктірген екен. Сондықтан да бұл көлді «Секер көл» немесе «Хан жайылмасы» деп атаған екен. Сарайшық қаласының ортасындағы хан ордасының сызбасына жүргізілген топографиялық жоба сақталған екен. Аталған құжатта сыртқы және ішкі бекініс қамалдардан тұратын ортағасырлық Сарайшық қалашығы мен оның төңірегі көрініс тапқан екен. Ішкі бекініс қалашықтың оңтүстік батысында орналасып, жоспарда ол жер «кремль» деп көрсетілсе, сыртқы бекініс «белогород» деп жазылғандығы айқындалып отыр. Кремльдің өлшемі солтүстік батысы мен оңтүстік шығысы 421,2 м, ал оңтүстік батысы мен солтүстік шығыс аралығы 235,4 м болған. Тоғыз бірдей хан жерленген, кезінде ақша соғылған бұл қаланың сәулеті туралы 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасаған ағылшын саяхатшысы Энтони Дженкинсон былай деп жазған екен: «Батыста Парижді көру қандай таңсық болса, шығыста Сарайшықты көру де сондай таңсық. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, жарты айдай аялдап қалдым. Сонда менің байқағаным, мұнда айына жеті жүзге дейін керуен келеді екен!» Сол заманғы саяхатшылар мен қазіргі археологтардың айтуы мен зерттеуінше қала іші су құбырымен толық жабдықталған. Қалаға шапқыншылық жасаған Дон казактары 1580 жылы қиратып үйіндіге айналдырған. Орнына Патшалық Ресей билігі бекініс салып, қазақ даласын отарлау ісін жүргізуге пайдаланған. Сарайшықтың сән-салтанатынан оның қирандысынан табылатын түрлі заттар ғана хабар еміс-еміс хабар бергендей. 

Иә, бір кездері құдіретті хандықтың астанасы болған сән-салтанаты келіскен Сарайшықтың басынан бағы ұшқан заманда қала орталығының ғимараттары аяусыз талан-таражға түскен. Мәскеудің Кремлі – Сарайшық қамалының айнымас көшірмесі деген аңыздар айтылады. Мүмкін, рас та шығар. Кім білсін! Ал, өмір көші алға жылжыды. Патшалық Ресей билігі тұсында Қазақстан аумағында еуропалық стильдегі ғимараттар бой көтерді. Алғаш Бөкей ханның ұрпақтары мекен тепкен Көлборсыда Жәңгір ханның ордасы, Уәли ханның ханымы Айғаным Орта жүздің ордасын қондырған Сырымбетте орыс шеберлері қарағайдан қиып үй-жай салды. Қазақ даласының әр тұсында ХІХ ғасырда тастан, кірпіштен өз заманына сай ғимараттар бой көтерді. 

1549272003_article_b.jpeg

Хандық билік жойылған соң қазақ жері Патшалық Ресейдің отар аймағына айналды. Қазан төңкерісінен соң 1920 жылы коммунистер билік құрған мемлекеттің құрамындағы біртұтас республикаға айналды. Бұған Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков қатарлы «Алаш» қайраткерлерінің қажырлы еңбегі аса зор дболды. Қалай болғанда да кеңестік дәуір қазақ халқының мәдени дамуына, ежелгі дәстүрлі өнері нышандарының жаңа мазмұнда көрініс табуына игі ықпал етті. Қалалардың жаңа тұрпатта бой көтеруіне, аз да болса ұлттық сәулетші кадрлардың туып қалыптасуына да қолайлы жағдай туындады. Кеңес Одағы тұсында қазақ жерінде ондаған жаңа қалалар мен қалашықтар бой көтерді. Бұл қалалардың барлығында ұлттық колорит бұрқырап тұрды деп айта алмаймыз. Бірақ жергілікті ерекшелік, ұлттық дәстүр, таным-түсінік ескерілмей қалған жоқ деп сеніммен айта аламыз. 

Қазақстанның өзінде маманды сәулетшілер қауымы қалыптасты. Осы тұста ұлттық сәулет өнерінде өзіндік орын алған «KAZGOR» жобалау академиясының негізі қаланды. Бұл сәулеттік жобалау мекемесінде қазақ сәулет өнерінің небір майталмандары қызмет атқарып, қалажобалау барысында ұлттық сәулеттік танымға тән пішінге, бояулар мен нақыштарға бай ғимараттар мен ескерткіштерді жобалған небір мықты маман кадрлар туып шықты. Алматы – Кеңестік Қазақстанның үшінші және соңғы астанасы. Алматы қаласында кеңес билігі салтанат құрып тұрған заманда көптеген сәулетті ғимараттар бой түзеді. Олардың біразында ұлттық ерекшеліктер көрініс тапты деп батыл айтуға болады. 

Қазақстандағы сәулет өнерінің жаңа тынысы ашылған тұс – тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі кезең. Жаңадан тәуелсіздік алған жас мемлекеттің астанасын Алатау баурайындағы әсем қала Алматыдан Арқа төріндегі Ақмолаға көшіру жүзеге асырылған 1997 жылдан басталды. Тәуелсіз Қазақстанның астанасы Ақмола, болашақ Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы ең алдымен мемлекет құраушы ұлт қазақтың рухына, дәстүріне сай келетіндей, экологиялық таза, әлеуметтік мәселелері оңтайлы шешілген қала болып көркеюі керек болатын. Сондықтан да сәулетшілеріміздің алдында Қазақстанды әсем әрі ұлттық сипаттағы ғимараттары бар ел ретінде әлемге таныту міндеті тұрды. Ол үшін бар күшті Астана қаласы ғимараттарының жобаларына жұмсау керек болды. Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл тұрғыдағы қажырлы еңбегі – тарихта лайықты бағалануы ттиіс деп білеміз. Республикадағы әрбір ғимараттың салынуына байқаулар өткізіліп, ол халықаралық деңгейде қызығушылық тудыруы нәтижесінде Астананы салуға әлемнің әйгілі сәулетшілері атсалысқанын білеміз. Қаламызда ерекше ғимараттар көп. Солардың арасында ҚР Президент әкімшілігі орналасқан «Ақорда», ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кешенді ғимараттары, «Хазірет Сұлтан» мешіті, ҚР Ұлттық музейі, т.б. ғимараттардан ұлттық бояу нышаны менмұндалайды. Осы заманғы әлемдік сәулет өнерінің дамуы үрдісін ескер отырып, ретіне қарай ұлттық дәстүрлі сәулеттік шешімдерді қиюластырып, үндестіруде сәулетшілеріміз біршама жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мұны аталған ғимараттардың сәулетінен анық аңғара аламыз. 

image.jpg

Атап айтқанда, Парламент пен Сенат ғимараттарының күмбезді төбесі киіз үйдің күмбезіне немесе Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күмбезіне ұқсамайды деп кім айта алады? Бұл – жай ғана ұқсастық емес, уақытпен үндестік. Мұндай ерекшелікті көптеген тұрғынүй кешендерінен де байқауға болады. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы – әлемдік сәулет өнерінің заманауи батыл шешімдері сәтті жүзеге асырлып жатқан алып құрылыс алаңы, эстетикалық талғам биігі. Қазақстанның бас қаласында еркін заманауи авангардтық үлгілер мен дәстүрлі консерватизмнің көрінісі қатар жымдаса өріліп, өзіндік ерекше бір жарасым тапқан. Жаңашылдықты ту еткен батыс пен дәстүршіл шығыстың заманауи көрінісін қатар танытатын бірегей сәулеттік ұстаным – Нұр-Сұлтанның бүгінгі келбеті көргеннің көзін қуантады. Нұр-Сұлтан заманауи сәулеттік шешімдердің қаласы. Айта кетерлігі, тек елорда ғана емес, республикалық, облыстық деңгейдегі қалалар мен елдімекендердің де қазіргі заманға сай күн өткен сайын құлпырып гүлденіп келе жатқаны көз қуантады. Қазақ халқы да ХХ ғасыр басына дейінгі жартылай көшпелі өмір салтынан бірыңғай отырықшылыққа көшіп, қала мәдениетін терең игере түсуде. Мұның өзі де ұлтымызды, мемлекетімізді жаңа сапаға, мазмұнға жетелері анық. Қазақтың қала тұрғызу, ғимарат сәулеттендіру мәдениеті – ғасырдан ғасырларға лайықты ұласа берері сөзсіз.