«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қабылан жүрек Қабден

462
Қабылан жүрек Қабден

Біз дәстүрлі түрде «Қазақ балуандары» деген циклмен алаш топырағынан шыққан әйгілі балуандар жайлы қалам тербеген едік. Осы жолы да бұл жазбамызды одан әрмен жалғастырсақ дейміз.  Бұл жолғы жазбамыздың кейіпкері еркін күрестен қазақ жастарынан шыққан тұңғыш спорт шебері, Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, сондай-ақ еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, құрметті спорт шебері Қабден Байдосов. Қабден ағаның 1974-1977 жылдар аралығында Кубада Ұлттық құрама командасына жаттықтырушы болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Әйгілі балуан 1997 жылы дүниеден озған болатын. 1999 жылдан бастап еркін күрестен дәстүрлі түрде Байдосов атындағы халықаралық турнир өткізіліп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жарыққа шыққан «Қазақ балуандары» деген  еңбекке негіз сүйей отырып дайындалған, бұл материалдың шын ақы иесі Бақтияр Тайжан есімді адам. Осы тұлғаның әйгілі палуан жайлы деректі жазбасын қаз-қалпында ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

                                                             I

Қабден «Тектінің тұқымы ғой» деп мейірленетіндей, сүйсінетіндей нағыз жан. Қазақ жеріне тұтқиылдан тиіп, айдарлысын құл, бұрымдысын күң қылмақ болған ата жау қалмаққа иісі қазақты жұмылдырып, өзі де қоңыраулы найза қолға алып, алдыңғы шепте жүрген, найзағайдай қуатты өлеңімен өлмес рухқа шақырған жырау Ақтамбердінің тікелей ұрпағы әңгіме барысында бекзаттығын бір жоғалтпады. Шойыннан құйғандай денесі, шегелегендей нық отырыс, сөз мәдениетін бұзбай қоңырлатқан жанға жайлы дауыс батырдың, жыраудың қанымын демесе де, текті жерден шыққанын сездірмей тұрмайды екен. Қабден аға ашылып сөйледі. Мен бұзбадым. Тек өзін-өзі мақтауға жоқ жан «жеңіп едім, таза ұлтым» деп сыдыртып, желе жөнелгенде өзіме керекті детальдарды тергей сұрағанмын. Боз кілемде атой салып жүргенде өз салмағында Қабден ағамыздан анық күші асқан балуан болмапты. Талай мықтылар Байдосовтан жер иіскеп жүріп, әлем чемпионы болып оралып жатқанда (ол кезде еркін күрестен Еуропа чемпионаты өткізілмейтін) Қабден ағаның күйінгені анық. Бірақ, Байдосов қазақ үшін бәрібір «Байдосов» болып қалады.

                                                            II

Күңдей күркіреп өткен Отан соғысының салған жарасы жазылмаған шақ. Еңсесін көтере алмаған ел, таршылық, үстіyдегі гимнастеркасынан әлі де оқ-дәрі иісі аңқып тұрған ер-азамат ауылда санаулы-ақ. Тыл жұмысының бар ауыртпалығы тал Тайбурылынан әлі ажырап үлгермеген балалардың мойнына түскен. Бала Қабденнің балалық шақ дегенде ең алдымен есіне түсетіні ырдуан арба, ыңыршағы айналған лақса өгіз. Балдәуренді ұрлаған - сұм соғысқа лағнет айтып, ауыр бейнетке өз қолдарымен отырғызған үлкендер балаларға ересектердей қарайтын. Семей облысы, Жарма ауданы, «Қалбатау» совхозының «Арғынбай» бөлімшесінде жар дегенде жалғыз машина болған. Шофер Дайырбай құдай емес, бірақ түкірігі жерге түспейтін. Балалар өгіз арбаларымен егістік алқабынан қырманға бидай тасиды. Қамбасы бидайға толған комбайн маған бөлінген бала қашан келер екен демейді, бидайын ашықтау жерге төгеді де жүре береді. Мың салсаң бір баспайтын өгізді бір, дөңгелегі атызға кіріп, аударылып-төңкерілген арбаны екі сыбап, атықты жерге төккен комбайншыны атадан бір жіберіп, жан терің шығып жүргенде, шілденің шіліңгір күні миыңды тесе жаздап, тас төбеде тұрып алады-ау. Сайдл деген неміс комбайншыға бәрі таласатын. Өнері асқан жұрттың ұлы балаларды аяп, астық тиеудің тиімді жолын тапқан. Сегізінші класқа аяқ басқан бота тірсек бозбалаларды мая салуға пішенге жіберетін. Әр қосқа күніне бес-алты мая салу - жоспар. Ересектер бес- алтыдан біріккенде, досы Керімхан екеуі оқшауланған. Таң қараңғысында тұрып алып, сыр мінез айырларын алмасша жарқылдатып, пішенді маялауға кірісіп кетуші еді. Сағат ондарға дейін үш мая тұрғызып, екі дос балақтарын түріп, өзенге қарай құстай ұшатын. Суға түсіп, балық аулап, қыздырынып, жан шақырған соң сағат алтылардың шамасында пішенге оралушы еді. Мақпал түн төңіректі өз құшағына алып болғанда бұлар да жұмысын аяқтайды. Ертеңінде ересектер жоталы алты маяны көріп, күш-қайраттарына сүйсінетін. «Мыналар адам ба, әлде пері ме?», «Маяны үріп қоя ма, қайтеді?» «Екеуі де болайын деп тұр екен, әсіресе ана Қабденге қараңдаршы, сексеуілдің сіңіріңдей-ау. Шаршамайды өзі». Кім қалай айтса да, балаларға басқа таңдау жоқ еді. Қол күші жетпейді, алты мая салу міндетің. Өл-тіріл, бұйрықты орында. Өздері үшін өзге біреу айыр көтермейтін болған соң, кімге сенгендей.

                                                       III

Қабден онжылдықты 1953 жылы Жарма ауданының «Ақжол» руднигіндегі мектепте аяқтады. Көрген-баққаны жұмысшылар әулеті болғаннан кейін бір топ дос Алматыдағы тау-кен институтына келген. Оңай емес екен. Бір орынға он алты бала. Конкурста шоңқиды да қалды бәрі. Ауылдан «оқимын» деп арман қуып келгеннен кейін, кейін қайту намыссыздық еді. Үш жігіт, бір қыз қолдасқан күйі астананың оқу орындарын аралаған. Заң институтында қосымша қабылдау болып жатыр екен, құжаттарын қуана қабылдады. Достарының көңілі демделгенімен, Қабденге бұл мамандық ұнай қоймады. Макс екеуі көшеде келе жатып, денешынықтыру институтының қосымша абитуриент қабылдайтыны туралы хабарландыруын оқыды. Ауылда футбол, волейбол ойнап, тауда шаңғы тебетін. Қабденнің мұғалімге көмектесіп, бастауыш класқа денешынықтырудан сабақ берген өнері де бар. Макс, мен осы институтты қалады деді досына. Ол тез келісті. Енді заң институтынан құжаттарын ала алсайшы. «Басты қатырмаңдар, осында оқисыңдар» дейді оқу бөліміндегілер. Сырттан бір кісі кіріп, айқай-шуды тыңдап біраз тұрды да, екеуін сыртқа шақырып алды. Байқаймын, заңгер болғыларың келмейді екен, ақылым сол, вокзалға барып, ауылдарыңа билет сатып алыңдар. Билеттеріңді көрсетіп ауылға қайтамыз десеңдер, құжаттарыңды береді. Айналасы бірер күнде екі дос денешынықтыру институтының студенті болып шыға келді. Ақыл берген кісі заң институтының мүғалімі екен. Қалай болғанда да қазақ халқының мақтанышына айналған қайсар қара баланың өмірдегі өз жолын адаспай табуына жағдай жасаған сол адам кебенек ішіндегі ер екен-ау.

                                                      IV

Ауылында аяғына шаңғы байлап алып, таңды кешке ұрып тау сағалап жүйткіп жүрген соң шаңғы факультетіне түскен. Жатақханада бір бөлмеде өңкей қазақ балалардың он алтысы тұрады. Бәрінің баратыны күрес секциясы. Шаңғы арқалап жүрген бұл ғана. Көктем күні қылт еткенде жұмыссыз қалады. Жазда екі қолын сыйғызар жер таппай жүргені. Не керек, бөлмелестері күрес үйірмесіне келуге үгіттеп көндірген. Классикалық күрестен (қазіргі грек-рим) жас ұстаз П.Ф.Матущак дәріс береді екен. Ауылда қара жұмысқа әбден көнбістеніп, мейіздей қатқанының пайдасы тиді. Қазақстан чемпионатында іріктеу жарысыңда қарсыластарын киіздей иледі. Қарағандыдағы нағыз сында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Харисовтан, одан соң атақты балуан Псаревтен ұпай санымен ұтылып қалды. Жаңа оқу жылы басталғанда Қазақстанда алғаш рет еркін күрес үйірмесі ашылған. Бұл 1955 жылдың күзі еді. Жаттықтырушысы болып П.Ф.Матущак тағайындалды. Классикалықтай емес, еркін күрес қазаққа жақын.Тобықтан қағып құлатып, жамбасқа салып, бөктеруге болады. Сол кезде республика біріншілігі өтті. Атағы дәуірлеп тұрған Харисов алғашқы жүптасуда-ақ Қабденнен ойсырай ұтылды. Таза жеңіс! Қорғасындай қара бала ешкімді шыдатпады. Жарыс қорытындысында бірінші орын алған. Қазақстан құрамасы алғашқы рет КСРО біріншілігіне қатыса бастады. Кілең ығай мен сығайлар күрес әліппесін енді ашқан қазақстандық балуандарды бөрідей бөктіріп тастады. Бұларды «дене қыздыруға жақсы» деп келемеждейтіндері де осы тұс.

                                                             V

«Буревестник» спорт қоғамының студенттер арасындағы ірі жарысы 1957 жылы Мәскеуде өтті. Қабден күресетін 62 кг салмақта 65 балуан нар бурадай жараған. Әдеттегідей, қазақстандықтарды елей қойған жан болмады. Қабденнің бүгінгі қарсыласы атағы жер жарып тұрған Испарян. қыздырынып жүрген мойылдай қара жігітті айналсоқтап жүр. Денесінде ұсақ діріл бар, қобалжығандықтан жүрегі де қанасына сыймай атқақтап кетеді. Ол мұны көзге ілер емес. Бүгінгі қарсыласың кім? Ой, бір қазақ көрінеді. Солар не күресіп жарытады дейсің. Демалыс болады ғой. Испарянның менсінбей, немқұрайды айтқан сөзі мірдің оғындай тиді. «Қара мынаны. Қазақ күресе алмайды дегенді қайдан шығардың. Көрерсің, әлі». Ызадан өзін-өзі ұстай алсайшы. Қашан кезегі жеткенше зорға шыдады. Бара сала немкеттілеу жүрген Испарянның аяғын көктен келтірген. Анау өзін-өзі жинақтап, тәсілін жүйелеймін дегенше, ұпай санын оннан асырып жіберді. Атақты дегені бер жағы екен, әлгінде өзі менсінбеген қазақ балуанына қылар қайраны болмай, таза жеңілді. Ширек финалға алпыс бес балуаннан еңіске салсаң өрге озған кілең «сен түр мен атайыңдар» іріктеліп шықты. Ішінде бәріне беймәлім жас пері Қабден Байдосов бар. Көбі ығып қылыпты. Сол жолы бірінші орынды жеңіп алған. Қабденнен ұтылғаңдардың қатарында Олимпиадалық ойындардың жеңімпазы Мамедов те бар еді. Ұлт намысы безбенделгенде, ауыр сынға жігіттің жігіті, кескекті ердің сойы ғана төтеп береді. Қабден сол жолы қазақтың желік қуып, жайлау жағалаған халық емес, балуан, батыр халық екенін дәлелдеген болатын. 1958 жылы да топ жарды. 1959 жылы да ешкімге тізе бүкпеді. Одақтас республикалардың ішінде бұрын «бұратана» саналып келген халықтың өкілін бас бапкер қаласа да, қаламаса да, КСРО құрамасына алуға мәжбүр болды. 1956 жылы өткен КСРО халықтарының спартакиадасында бұрын мойындалып жүрген мықтыларды құрамай қаптырғаннан кейін нағыз балуанмен санаспаса болмайтын еді.


2008291132255834g.jpg

(Балуан Қабден Байдосов отбасымен (оң жақтағы бірінші))

                                                                VI

Әлем чемпионатына әзірлік Мәскеуде жүріп жатыр. Қабден 62 кг салмақта даусыз мойындалғандықтан, бірінші орында тұрған. Ресей бапкерлері «осы үмітті-ау» дегендерін салып көріп, тауы шағылып тұрғанда көктен тілегендерін жерден берді. Алматыдан, өзінің денешынықтыру институтынан мемлекеттік емтиханға шақырту келіпті. Қазақстан бапкерлері Одақтық үлкен кеңеске мүше емес, сөздері өтпейді. Біршек қасқырдай жалғыз жүрген балуанды тобықтан қағудың сәті бұлай түсе бермес. Бас бапкер: «Алматыға қайт, - деген. Жарыс деген көп қой. Үлгерерсің әлі. Ал, мемлекеттік емтиханнан қалуға болмайды». Үміт күтіп, басқа бапкерлерге жаутаңдағанымен, тілдерін жұтқандай ешқайсысы ештеңе демеді. Енді қанша топ жарса да, алғашқы мүмкіндігін жібергені сылтау болып, әлем чемпионатына бара алмайтынын іштей түсініп, қан жылап аттанды Алматыға.Кейін естіді, өзіне есесі кетіп жүрген ресейлік Балаев сол сапарда әлем чемпионы болып оралды. (Осы әңгімені суыртпақтап отырғанда Қабден ағаның жүзіне ұрлана қарап отырдым. Көп жыл өткен соң удай өкініштің зардабы тарап болды ма, сабырлы қалпынан танбады. Сол жолы әлем чемпионы болар едім дегенді де аузына алдыра алмадым. Сол сапар жолы онғарылғанда, әлемдік чемпионатқа бірнеше мәрте барар ма еді, жеңімпаз болар ма еді деген арман ғой біздікі. Сыр бермеу, өткенге салауат айту - бұл да тектіліктің ұшқыны шығар деген ой келді). Институтты бітірген соң күрес кілемін қуалап, жарыстан жарысқа баруға жағдай келе бермеген. Жанындай жақсы көретін ағасы қайтыс болып, анасы жалғыз қалды. Қысқа жіп күрмеуге келмегеннен кейін үй маңын айналып, алысқа ұзай алмаған. Ақылы алтау болып, ойы айрандай ашып жүргенде қазақ балуандарының алтын балғалы ұстаханасына айналған Матущак шақырды. Ұстаз бен шәкірт бірігіп, еркін күрестің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетуге кірісті.

                                                          YII

-Аға, - деймін мен. -Өзіңіздің күрес тарихыңызда Одақтағы мықты қарсыластарыңыз кімдер еді. - Ресейден - Балаев, Махачкаладан - Мирзоев, Белоруссиядан Суранов, Тенков, Армениядан - Мучечян, Дағыстаннан Кирокосян деген мықты балуандар болған. Ең атақтысы қайсы еді? Басты қарсыласыныз? - Қатар түсіп жатқан уақыттарымыз болды. Бапкерлер грузиялық әлем чемпионы Рубашвилиді жақсы атайтын. - Кілемде қайсыңыздың мысыңыз басым еді? - Рубашвилимен үш рет кездесіппін. Екеуінді мен жеңіп, біреуіңде тең түстік. -Сіздің Кубада жаттықтырушы болғаныңызды естіп едік. Иә. 1974-1977 жылдары Бостандық аралында осы елдің ұлттық құрама командасына жаттықтырушы болып, қосымша денешынықтыру институтында дәріс бердім. Жалпы спортқа бейім халық қой. Мен барғанда әлемдік аренада жеңімпаздары жоқ еді. Әлі күнге дейін ризашылықтарын білдіріп тұрады. Бірлесіп тер төктік. Әлем кубогін жеңіп алды. Әлем чемпионатында екінші орын алды. Олимпиада жеңімпазы болған балуан да бар. Бір сөзіңізде қарсыластарыңыз «қазақстандықтар бой қыздыруға жақсы» деуші еді деп едіңіз. -Еркін күресті енді үйреніп жүрген кезімізде айтылған әңгіме ғой бұл. Кейіннен «қазақ мектебі» деген термин енген, білгің келсе. Мойындаттық қой. Қатарынан он жыл Одақта бестіктің ішінде болдық. Анау-мынау команда сыналай кіретін жер емес бұл. Бапкерлер мектебі де жақсы дамыған. Қазақ балуандарының шынайы жанашыры, көбінің жолын ашқан «атамыз» М.П.Матущак Ауғанстанда төрт жыл жаттықтырушы болып қайтты. Қытай балуандарын да тәрбиелеуге себіміз тиді. Бізді Азия елдері көп қарақтайды. Жақсы, тәжірибелі жаттықтырушыларымызды шақырып жүрген елдер көп. «Жалақысы аз» деп мектептен мүғалімдер кетіп жатыр, аға. Денешынықтыру институтына ізбасарлар даярлайтын арнаулы мектептердің де жабылып жатқанынан хабардармыз. Бапкерлеріңіздің қазіргі жағдайы қанағаттандыра ма? Нарық кімге де болса, оңай тиген жоқ. Талантты шәкірттер даярлау қолдарынан келетін біраз бапкеріміз коммерциялық салаларға кетті. Мен қынжылғаныммен, қолымда не бар, сол қинайды. Қаржы тапшылығынан спорттық бағыттағы арнаулы мектептердің жабылып жатқаны рас. Соның салдарынан институтымызға дайындығы шамалы балалар көп келуде. Бұрын мықты спортшылардың оншақты ірі жарысқа қатысуға мүмкіншілігі бар еді, қазіргі ізбасарлар мықтағанда үшеуіне қаражат тауып барады. Біздер тактика мен техникаға қоса қара күшке иек сүйедік. Белдемеге 30-40 рет тартылып, жерге қол тіреп жатып-тұру жаттығуын 120-ға дейін жеткізетінбіз. Қазіргі балуандарымыз 5-6 рет тартылады, жатып-тұруы оннан аспайды. Күштері аз. Қолы-аяғы, белі әлсіз. Басым көпшілігі – ауыл балалары. Табиғи күш жинайтын жаттығуларды жиі жасата бастасаң жыламсырап қоя береді. «Ағай, шамамыз жоқ. Бүгіндікке аппыз» деп. Онысы рас. Құнарлы тамақ, күтім болмаған соң, зорықтырып аламыз ба деп бой тартамыз. Әйтпесе, өз ісіне адал бапкерлеріміз жоқ емес. Жастар жағының табысы сүйсіндіреді. Жанды ауыртатын сырды айттыңыз. Үкімет бәрін реттейміз дейді, үміт үзбейік. Атақты батыр, жырау Ақтамбердінің қаны бір туысқаны екеніңізді білеміз. Жауапты бәсекелерде аруағына сиынып жүрдіңіз бе? Бір мысал айтайын. Бірде өз салмағымнан үлкен топта күресіп жатқанмын. Қарсыласым дегелең қаққызып, өз еркімен алып барады. Ұтылып жатырмын. Қатты ширықтым. Бір тыныс алғанда: «Ақтамберді атамның аруағы, мені қолдай гөр» деп сиындым. Белдесу бітуге 10-15 секунд қалған. Қатарынан төрт ұпай алып, ұтып кеттім. Аруақтың жар болғаны деп ұқтым өзім. Бәрі аң-таң. Ақтамберді біздің алтыншы атамыз. Біздің сыбан руында ертеде бабаларымыздан келе жатқан бір ырым бар. Соны әлі күнге дейін ұстаймыз. -Құпия болмаса, айтпас па екенсіз? -Құпиялығы жоқ. Аталарымыздың аталары біздің руға сейсенбі күннің жақпайтынын, бұл күні ірі іс жоспарлауға болмайтынын мирас қылып кетіпті. Расында, солай. Өзімнің талай рет көзім жетті. Алыс сапар жақпайды. Жігерімді талай жасытқан. Соңдықтан бұл күні ештеңе жоспарламаймын. Құраманы да жолға шығармайтыным бар. Күн тас төбеден ауғанда ғана ептеп іс қылуға болады. Мен де, менің туысқандарым да осы дәстүрді бұзбай келеміз. Бұл жағдайды ұстазымыз П.Ф.Матущак та жақсы біледі. Ол кісінің мен туралы жазған кітабы «К.Байдосов - потомок Актамберды» деп аталады. Жыраулығымен, батырлығымен қоса Орта жүздің ру басы ақсақалдарының біріне айналған Ақтамберді бабамыз тоқсан үш жасында дүниеден озыпты.

Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айырылма,

Бірлікте бар қасиет.

Татулық болар береке,

Қылмасын жұрт келеке,

Араз болсаң алты ауыз

Еліне кірер әреке.

Талпынып салдым егінді,

Ішсін деп әркім тегінді,

Ақылың барың ұғарсың,

Ойың болса, сөзімді.

Тоқсанға жас келген соң

Өлім жақын көрінді.

Бар арманым, айтайын,

Батырларша жорықта

Өлмедім оқтан, қайтейін!…

Ел аман болсын ылайым,

Тілегім берді бәрін де,

Разымын, құдайым!

Осы бабасы айтқан өмірге ризалықты Қабден Байдосовтан да байқағанбыз. «Еркін күресте не жақсылық бар, бәрін көрдік қой» деген еді бір сөзінде. «Еңбектің ер атандыратыны» рас. Бақытын күрестен тауып, бүгіндері тұтас ұлттың «кімің бар?» дегенде мақтаныппен ауызға алатын есімге ие болу бір адамның бұл өмірден көрсем деген арманы ғой. Еңбегі еленіпті. Қазақ Мемлекетінің энциклопедиясына енген даңқты балуанның шекпенінен тоқсанға жуық спорт шебері өсіп шығыпты. Олардың алдыңғы қатарында Аманкелді Ғабсаттаров, Сержан Сақбаев, Абай Сатымбеков (марқұм), Юрий Куропаткин сынды дарабоз жігіттер бар. Ғалымның жоғары атақтарын алған ізбасарлары мен шәкірттері де ондап саналады. Өнегелі отбасы. Бipaқ, осының бәріне тоқмейілсіп, болдым, толдым деп отырған Байдосовты көре алмадық. Бабасы «Күлдір күлдір кісінетіп күрең мініп, қоңыраулы найзаны қолға алып, қоңыр салқын төске алып, жалаулы найза жанға алып, жау қашыруды арман етсе», оның ұрпағы елдің елдігі, ұлттың мерейі сынға түсетін бүкіл дүниежүзілік дүбірде топ жаратын қазақ жастарын тәрбиелеуді мақсат еткен. Өзгеге бодан болмай, ел еңсесін биік ұстап, тәуелсіз мемлекет ретінде қайрат көрсету елдіктің нышаны. Даңқты Байдосов Қазақ мемлекеті өзіне тапсырған салада ұлтын жерге қаратпай келе жатыр. Мақтансақ, ініге жаға, елге тұлға боларлықтай осындай азаматтарымызбен мақтанайық.