Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ӨНЕРГЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТ өзін-өзі сыйлаудан басталады

3627
ӨНЕРГЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТ өзін-өзі сыйлаудан басталады - e-history.kz

Француз жазушысы Франсуа Мариаруэ Вольтердің «Сурет – мылқау поэзия, ал поэзия – сөйлейтін сурет» деген әйгілі сөзі бар. Демек бұл тәмсіл бізге кез келген өнердің түбі бір, рухы үндес екенін дәлелдей түседі. Ал біздің елде өнерімен дүйім жұртты елең еткізіп, мұхиттың арғы жағына дейін жеткен талантты жандар жетерлік. Солардың бірі һәм бірегейі – суретші, Қазақстан мен Ресейдегі Суретшілер Одағының мүшесі, батик өнерін насихаттаушы Камила Жапаловамен бүгінгі сурет өнерінің ахуалы жөнінде аз-кем сөйлескен едік.

- Камила ханым, Сіз қазақстандық суретшілердің арасында батик өнерімен танымалсыз. Батик техникасының тарихы, қателеспесем, осыдан Мысырда мың жыл бұрын пайда болған екен. Сөйте тұра, бұл өнер түрі өзінің өміршеңдігін жоймай келеді. Мұның себебі неде?

- Батик өнері жібек матаға сурет салу арқылы жасалады. Сурет анық түсуі үшін мата міндетті түрде ашық түсті болуы керек. Оның бізге мәлім тарихы ХVII-XVIII ғасырларда тараған. Ал көне шежіресі, өзіңіз айтпақшы, мыңжылдықтан да, тіпті одан арғы кезеңдерден де басталуы мүмкін. Өйткені, алғашқы киімді бағзы дәуірде тері немесе матаны безендіру арқылы жасаған. Көбіне Индонезия, Үндістан, Қытай, Жапония секілді елдерде батик өнері өте жақсы дамып, ең құнды болып саналған. Құндылығы сонда, батик техникасымен безендірілген киімдерді тек императорлар, ақсүйектер мен өте бай адамдар киетін болыпты. Жүре бара бұл өнер қарапайым адамдардың тұрмысына да еніп кеткен.

Алғаш матаға сурет салынған уақыттан бастап, батик өнері пайда болды десек те қателеспейміз. Шығыс елдеріндегі адамдардың өнерге деген құрметі қазір қандай екенін білмеймін, бірақ, бұрындары өнердің осы түріне қызығып, Қытай жаққа барып үйренген адамдар көп болған.


IMG-20210304-WA0005.jpg


- Дәстүрлі батик жасау үшін арнайы дайындалған матаны пайдаланып, оның үстіне ыстық балауызбен сурет салады. Сол негізгі тәсіл әлі күнге дейін сақталды ма, әлде басқаша әдіс-тәсілдер қолданыла ма?

- Батик техникасында әлі күнге дейін негізгі әдіс-тәсілі сақталған, оны өзгертуге болмайды. Қазір көбі салуға оңай болуы үшін батик техникасын өзгерткісі келеді. Тіпті, басқа темпера (бояу) қосып жібереді. Оны өзгертсеңіз, батиктың нәзіктігін бере алмай қалады. Меніңше, батиктың негізгі әдісін бұлжытпай орындау керек. Сол кезде өзінің дәстүрлі техникасы сақталады.

Батиктың өзі салқын, ыстық, еркін секілді көптеген түрлерге бөлінеді. Балауызбен салынатын батик – ыстық батик. Бұл жерде жарығы көбірек түстер қолданылады. Ашық түсті бояуды балауызбен жауып тастап, ол кепкеннен кейін қанық бояу жағып, картинаның бәрін дәл сол балауызбен жабады. Оны бітіргеннен кейін балауызды ерітіп шығару керек. Сол кезде картинаның өзі әдемі күйге енеді. Өз басым балауызды ыстық күйінде пайдаланамын.

- Сіздің матаға, киімге салынған туындыларыңызды көрдім. Бір байқағаным, батик техникасын қолдануда туындыларыңызға ұлттық реңк беруге көп көңіл бөлетін секілдісіз. Бұл не үшін қажет болды? Түптеп келгенде, ол міндетті де емес қой?

- Мен батик өнерін Ресейден оқып келдім, дәлірек айтқанда, Санкт-Петербургтен. Ол жақта жүргенде қасыңдағы ортаң әсер етпей қоймайды. Сөйтіп, мен Ресейдің өміріне, сол кездегі мәдени ортасына лайықтап, соған тән суреттер салып жүрдім. Студент кезімде солай қалыптастым.

Оқуды бітірген соң Қазақстанға келіп, жан-жағыма қарайлай бастадым. Шетте жүргенде адамның туған елге, жерге деген сағынышы үдей түседі ғой. Сол сағыныш елге келгенде басқаша өрбіді. Бойымдағы сағыныш сезімі әуелі шығармаларымда көрініс тапты. Содан әр шығармамда ұлттық ою-өрнекті пайдалануды бастап кеттім.

Одан бөлек әжем де, анам да ауылдың кәсіби қолөнершілері еді. Үнемі киіз басып, кілем тоқитын. Бала кезде көрген бейнелердің әсері ме екен, әйтеуір, қазақы стильге бет бұруды ең дұрыс шешім деп қабылдадым. Салған суреттерімде қазақы нақышты, мәдениеті мен дәстүрін байланыстырып барып, композиция құрауға тырысамын. Оған түс бергенде де тек қазақы түстерді қолданамын. Алтын түсті, бидай түсті, қоңыр түсті – жылы түстерді беремін. Былайша айтқанда, батик өнерін қазақтың өнеріне айналдырып, тұрақты сіңіріп жіберуге күш саламын. Өйткені, батик тарихын тек Қытай елімен, Индонезиямен тығыз байланыстырамыз.

Ал мен дүниежүзілік көрмелерге де батик техникасымен салынған шығармаларыммен бардым. Сол кезде туындыларымды алғаш көргендердің арасында «Қазақстанда пайда болған екен» деген түсінік қалыптасыпты. Бұған бір жағынан риза болып, жылы жымидым. Оның негізгі себебі, мен оны қазақы түстермен, композициямен қазақшаға аударып жібергенде, түсінбей қалса керек.


IMG-20210304-WA0004.jpg


- Қоғамдағы проблемаларды көтеріп, соны суретіңізге арқау еткен кездеріңіз болды ма? Әлде шығармашылығыңызда тек көркемдікті алдыңғы орынға қоясыз ба?

- Қоғамдағы проблеманы, трагедияны көрсететіндердің жанры бөлек. Мен оны аса құптай бермеймін. Менің жанрым – лирикалық абстракция.

Әрине, өзекті нәрселерді салу, жазып-сызу керек те шығар. Бірақ оны естіп жатқан немесе картинамды түсініп жатқан адам бар ма? Әрі ең негізгі мәселе қайда жатыр? Суретшінің жан күйін түсінерлік мәдени, философиялық талғам бізде қалыптасып үлгерді ме?! Әңгіме – сонда!

Мысалы, суретші картинасын өзі әдейілеп салмаса да, оны бір құдірет соған итермелеп тұрады. Ал оны «Құдайдың сыйы» деп (кейбір тұста ескерту болуы да мүмкін) ұқпайтындарға уақыт жоғалтып керегі не дейсің де қоясың...

- Қазақтың белгілі өнертанушысы, жазушы Таласбек Әсемқұлов өнер туралы: «Шынайы өнерді тек сор ғана көтереді» дейді. Сіздің туындыларыңызда мұң мен қасірет басым ба немесе өмірге деген құлшыныс, қуаныш басым ба?

- Негізі ақын-жазушылар көңіл-күйі болмаған кезде, қиналған кезде көбірек жазса керек. Сол әдет суретшілерде де бар. Бірақ менің ұстанымым табиғи жаратылысыма сай әркез өмірге құштар болып тұрады. Мен өмірді қатты жақсы көремін! Сол үшін де суретті көңіл-күйім жақсы кезде саламын.

Суретші болғаннан кейін әрдайым ізденіс үстінде жүремін. Маған шабыт көңіл-күйім жақсы кезде ғана келеді.

- Біздің елде шығармашылық жанрлары бойынша бірнеше Одақ бар. Республикалық телеарналардың бірінен көрсетілген хабарда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Сейсенхан Махамбет Суретшілер Одағына мемлекет тарапынан көңіл аударылмай, қаржы бөлінбей жатқанын айтты. Бұл рас па?

- Бұл жағдайды суретшілер соңғы кездері көп айтып жүр. Мәдениет саласында суретшілерге қатысты бірде-бір заң жоқ екен. Тіпті, форумдар да өтпейді. Өйткені жоғарғы жақтан ешқандай қолдау жоқ. Кез келген мәселенің екі ұшы болады ғой. Шынын айтсақ, біздің суретшілердің өздері де ұйымшыл емес.

Бірақ оған бола бәрін ысырып қоюға болмайды. Қолынан келетіндер суреттерін үйінен салып, өз күнін өзі көреді. Ал, қоғамның қазіргі ғарыштық ағынына ілісе алмай жүргендері ше?! Картиналарын сата алмай жүрген суретшілер өте көп.

Өзім АҚШ, Германия, Армения, Қытай, Түркиядағы халықаралық көрмелерге, мәдени фестивальдерге қатысып жүрмін. Билік өкілдері тарапынан нақты қаржылық қолдау болған емес. Көбінесе өз қалтамыздан ақша шығарып, бүкіл елдің атынан барамыз. Өйткені тәжірибе алмасу, ой бөлісу – мен үшін ең құнды дүние.


IMG-20210304-WA0008.jpg

ҚР, Ресей Суретшілер Одағының мүшесі, батик өнерін насихаттаушы, Камила Жапалова


- Өнерге деген құрмет неден басталуы керек?

- Адам бірінші өзін-өзі сыйлауы керек. Сонда ғана оның өнерін де, басқа қасиеттерін де сыйлайды. Ол үшін адамның жаны таза болуы керек, өз ұлты мен мәдениетін сыйлауы керек. Сол кезде өнер өз биігіне көтеріледі деп ойлаймын. Өйткені тас дәуірінен бастап осы сурет өнері арқылы қаншама ғасырлық тарихымызды болжап, бүгінге дейін ғұмыр кешіп келеміз. Оның мәңгілік екеніне еш шүбә жоқ. Алайда өнердің шын жанашыры, шын жоқтаушысы көбейгенде тұтас қоғам, тіпті әлем де жақсы бағытқа қарай өзгерер еді...

- Сөзіңіздің жаны бар. Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!


Ол жөнінде:

Оразбек ЕСЕНБАЕВ, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, график суретші:

- Камиланың шығармашылығымен Кипрдегі іссапар барысында, кейін әлеуметтік желі арқылы таныстым. Үнемі ізденісте жүретін суретші екені байқалып тұрады. Ерекшелігі – суреттерінің барлығында дерлік бояу, жарық жағынан болсын, идеялық-мазмұндық жағынан болсын тек ұлттық нышандарды, құндылықтарды қолданатыны. Өзіме осы қабілеті қатты ұнайды. Келешекте ізденісін тоқтатпаса, өте жоғары деңгейдегі суретші боларына сенемін.

Бақытнұр Байқанұлы БҮРДЕСБЕКОВ, Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер Одақтарының мүшесі:

- Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен суретшілер симпозиумында осы бір талантты қазақ қызының өнерін көріп, тәнті болдым. Камиланың өзге суретшілерден артықшылығы – әмбебаптығында. Мәселен, ол кенепке майлы бояумен сурет салып қана қоймай, жібек матадағы батик техникасын да жандандырды. Өзіндік қолтаңбасы бар, ұлттық ерекшелігі басым, нағыз модернист суретші ретінде шығармашылығын жоғары бағалаймын.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?