«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Талас Омарбеков: ұлт зиялыларына жасалған қуғын-сүргіннің геноцидтік сипаты бар

524
Талас Омарбеков: ұлт зиялыларына жасалған қуғын-сүргіннің геноцидтік сипаты бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуіне қатысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков пікір білдірді. Онда ол қасіретті күнді тұтас ел деңгейінде еске алуға үндеудің маңызын және ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы қандай тарихи көзқарастар керек екенін айтты.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл үндеу көлемі жағынан шағын болғанымен, салмағы ауыр, сәлихалы үндеу боп шықты. Үндеу «Ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні» деген сөзімен басталыпты. Бұған дейін біз осы 31-мамырды халықтың санасында қайғылы, азалы күн ретінде орнықтыра алмай келдік. Оның себебі алғашқыда «Ашаршылық күні» деп жариялады, одан кейін «Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні» деді. Бұл «Саяси қуғын-сүргін» – баяғы Совет одағы кезінде қолданылған сөз. 1960-70 жылдары Ырысқұловты, Сәдуқасовты, Нұрмақовты ақтап, «58-тармақ бойынша кінәлары жоқ» деп, оларды «саяси қуғын-сүргін құрбандары» деп атадық. Бұл сол кезде қолданысқа енген атау, жаңалық емес. Ал Президентіміздің бұл күнді «Ел тарихындағы ең азалы күні» деп атауы – шынында да үлкен маңызға ие. Бұл күнді шын мәнінде азалы күн ретінде тұтас ел болып еске алу енді бола бастайтын шығар деп ойлаймын.

Осы үндеу «Тарихтан тағылым алып, бұндай тауқымет қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз» деген сөзбен аяқталған. Яғни президент халыққа уәде беріп тұр. Әрбір сөйлемнің салмағы бар, мазмұны терең екен. Әр сөйлемнің астарында бірнеше тақырыптың құлағы қылтиып тұр. Мұны әрі қарай дамыту керек, талқылау керек, түсіндіру керек. Бұл әрине айтуға ғана оңай жұмыс. Қазір Қырымбек Көшербаев басқарған мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр, осы комиссияда жергілікті архивтер мен тарихышларға дейін қамтылған 11 жұмыс тобы бар. Комиссия жыл аяғында қорытынды отырыс жасайды, өзім де сол комиссияға мүшемін, екі жұмыс тобына жетекшімін. Осы комиссия алғашқы сөзді айтуға тиіс. Бұл комиссияның құрылуына себепші болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Өткен жылы 14 мамырда бұйрыққа қол қойып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында осы комиссияны құрды. Осы комиссияның қорытындысынан кейін біздің тарихымызда шынайы қазалы күн туралы түсінік қалыптасатын шығар деп ойлаймын.

Енді бұл қасірет қайталанбауы үшін біз не істеуіміз керек? Ол үшін демократиялық қоғам құруымыз керек. Қуғын-сүргіннің орын алу себебі ең алдымен сталиндік тоталитарлық жүйенің салдары, барлығын жеке адам басқарып, биледі. Ол жүйеде бәрін бір-ақ адам шешті, бір-ақ адамның нұсқауы орындалды, бір адамның айтқанына бағынды, алайда сол бір адамның өзі кейін жазалау механизміне ие бола алмай қалды. Мысалы 1928 жылы Сталин Сібірді аралаған кезде: «5 мың путтан жоғары астығы бар кулактарды ғана кәмпескелеңдер» деген бұйрық берген, ол жиынға Қазақстан басшылары, Голощекин де қатысқан. Бұл Красноярскада өткен құпия жиналыс, «Шығыс кеңесі» деп аталады. Ал Қазақстанда ондай мол астығы бар байлар болған жоқ, халықтың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысты, тек славяндар ғана астықпен екті. Олардың өзінен 500-700 пут қана астығы барлары шыққан. Бұйрық бойынша бұлардың өзі бай-кулак болмауы керек еді, бірақ елде астықтың бар-жоғына қарамастан астық тапсыру жоспары түсті. Осы жоспарды орындау үшін Қазақстанда бір тостаған астығы бар адамнан да астығын тәркілеп жоспарға қосты. Бір жағынан соғысқа дайындалды, Совет қоғамы адам еркіне, тілегіне қарсы қоғам болды. Жеке меншікті жойып, бірдей ойлайтын, бірдей тамақ ішетін, жеке бәсекесі жоқ қоғам құрды. Халықтар түрмесі болған Совет үкіметі әлем үшін қауіп тудырды. Сол үшін Совет билігі ресрустың бәрін әскери салаға жұмсады, елді күшпен, еріксіз, ырықсыз түрде тездетіп индустуриялық қоғамға жеткізбекті мақсат етті. Осы қате шешімдердің кеселінен, халық еркін, адам бостандығын түсінбеуден сондай үлкен қасірет орын алды. Бізде бір пікір бар: «Совет үкіметі қазақты қырмақшы, жоймақшы болды» деген. Бірақ бұл ешқандай да халықты арнайы қырып-жоюды мақсат еткен іс-әрекет емес. Советтің мақсаты «совет халқы» деп аталатын біртұтас халық жасау. Осы мақсатта ұлттық өмір салты мен тіл, дін, ұлттық түсінік, ұлттық өмір сүру тәсілін түгел жоймақ керек еді. Қаншама ғасыр бойы дала төсінде көшпенді өмір сүріп, мал өсірумен айналысқан қазақ халқын нарықтық жолмен, біртіндеп қана отырақтандырып, жаңа өмірге еппен әкелу керек болатын, бірақ Совет үкіметі бәрін күшпен, темппен жүзеге асырмақ болды. Сол жолмен әлеуметтік теңдікке жетеміз деп ойлады.

Зиялыларды қуғындауды – геноцид деуге келеді. Өйткені әрбір зиялыға қатысты «көзін жою керек», «Ырысқұловты құрту керек», «жапон тыңшысы» деген секілді арнайы құжаттар бар, ал аштыққа қатысты «осы халықтың көзін құрту керек, аштық арқылы жою керек» деген арнайы құжат жоқ. Қазақтың бетке ұстарларының бәріне, большевик немесе алашордашыл болғанына қарамастан, оларға қарсы сот ұйымдастырып, арнайы тапсырмамен, бұйрықтармен көздерін құртқан. Жалпы қазақты бастай алатын, қазақтың ақыл-ойы бола алатын адамдардың көзін жоюдың геноцидтік сипаты бар екенін мойындаған жөн, өйткені олардың бәрін «Ұлтшыл» деп айыптады. Қазіргі оқыған азаматтар аштықты геноцид деп атаудан бұрын зиялыларды қуғындауды геноцид деп қарағаны жөн болады. Себебі бұны дәлелдейтін нақты құжаттар бар. Біз әуелде, 1992 жылы жоғары кеңесте аштықты геноцид деп тану жөнінде құжат қабылдағанбыз, сол кездегі Жоғары кеңес басшысы Серікболсын Әбділдин қол қойған ол құжатқа. Оған дәлел ретінде аштықтан зардап шеккен қазақ халқының үлес салмағының аса үлкен екендігін нақты мәліметтер арқылы келтіргенбіз. Алайда БҰҰ-ның 1948 жылы шыққан геноцид туралы конвенциясында «бір халықты қасақана, әдейі қырса геноцид деп аталады» деген сөз бар. Дәл осы «қасақана, әдейі» қырғаны туралы бізде дәлел жоқ, сондықтан аштықты геноцид деп атай алмаймыз.

Дайындаған: Есбол Нұрахмет