Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қытай жеріндегі сақтар мәдениетінің іздері

2595
Қытай жеріндегі сақтар мәдениетінің іздері - e-history.kz
Шығыста Ертіс өзенінен, Алтай тауынан батыста Дон өзені мен Орал тауына дейін созылған ұлан-ғайыр өңірдің ХІІІ ғасырдың басында «Қыпшақ даласы» аталуы кездейсоқ болған емес

Қазақ халқы ерте заманнан қоныстанған және билік жүргізген өңірде Сақтардан, Һүндарден, Түріктерден, тағы басқа рулық, Ұлыстық елдерден қалған аса құнды мұралардың және ескерткіштердің соңғы кездері (жүз жылдан аса уақыттан бері) арт-артынан табылғаны жұртқа аян. Бұл мұралар мен ескерткіштер ерте заман елдерімен тығыз байланысы бар. Осы заманғы ұлттарға ортақ бола тұрса да, мұралардың қазіргі табылған өңірінің жаратылстық жағдайы, мұралардың қайсы дәуірге тән екені, олардың бір-біріне ұқсайтыны мен ұқсамайтыны сияқты жақтарға зерттеу жүргізе отырып, ғылыми тұжырым жасауға тиіспіз.  және батыс Шыңжаң өңірінен, Қазақстаннан, Моңғол Халық Республикасына қарасты Орхон, Тамыр, Тула өзендері аңғарларынан қазір табылып жатқан мұралар мен тарихи ескерткіштер жұртты қатты қызықтырып отыр. Осы ұлан-қайыр кең далада Қазақ шежіресі бойынша Қазақ үш жүзінің құрамын толықтырған, тіпті қазірге дейін байырғы атын өз қалпында сақтаған тайпалар және ұлыстар жасаған.

Үйсіндер, қаңлылар, аландар, түріктер, түркештер, оғыздар, қарлықтар, керейлер, наймандар, жалайырлар, қоңыраттар, меркіттер, уақтар сияқты өз заманындағы рулық, ұлыстық елдердің көбінің аты қазірге дейін Қазақ тайпалары арасында қалпында сақталып отырғаны даусыз факт. Олар қоныстанған және өмір сүрген өңірді ХIII ғасырдың басында араб, парсы тарихшылары «Дешті Қыпшақ» деп атаған. Ал, ХV ғасырдан кейінгі тарихшылар мен этнографтардың «Қазақ даласы» деп атағаны да жұртқа аян.

Шығыста Ертіс өзенінен, Алтай тауынан батыста Дон өзені мен Орал тауына дейін созылған ұлан-ғайыр өңірдің ХІІІ ғасырдың басында «Қыпшақ даласы» аталуы кездейсоқ болған емес. Қыпшақтар еліміздің ерте кездегі тарихи деректерінде «хуша уже» делініп, орта ғасырдағы деректерінде «Чыңса» деп аталған. «Еліміздің Хан патшалығы дәуіріндегі деректемелерде айтылатын хуша (Қыпшақ) тайпалары Ертіс өзеннің алқабын, Нарым және Қалбиын тауларының бөктерін қоныстанған көшпелі ел еді. Олардың шығыстағы көршілері чештер, батыстағы көршілері Іле аңғары мен Жетісу жерін мекендеген үйсіндер болатын». «Қыпшақтар VII ғасырда Ертіс өзеннің басы мен Алтай тауларын мекендеп, Түрік қағандығының құрамына қосылды» [1].

VIII-IX ғасырларда Қыпшақтар бастабында Қимақ тайпалық бірлестігінің құрамында болды. «Қимақ федерациясының алғашқы құрамы Гардизи еңбегінде келтіріледі. Бұл одаққа жеті тайпа еймүр, имақ, татар, баяндұр, қыпшақ, ланиказ, ажылат тайпалары кіреді» [2]. «Қимақтардың оңтүстікке қарай қозғалуымен қатар VIII ғасырдың екінші жартысында Қыпшақтар Ертістен батысқа қарай жылжиды». «Х ғасырдың екінші жартысында Қимақтар мен Қыпшақтардың бір бөлегі Сырдарияның оң жақ жағалауына қарай жылжып, Түркістанның мұсылман аймақтарына дейін жетті» [3]. Осының дәлелі ретінде Махмұт Қашқари өзінің сөздігінде қимақтар мен қыпшақтарды Түркі тайпалар қатарында ерекше таныстырады. Бұл кезде (яғни ХІ ғасырдың басында) қимақтар мемлекетінің билігі қыпшақтардың қолына өткен еді. Ол: «қимак yamak – түркі тайпаларының бірі. Біздің қарауымызша, олар қыпшақтар, бірақ қыпшақ түріктері өздерін басқа бір тайпа деп есептейді» деп жазады.

Демек, Махмұт Қашқаридың ХІ ғасырдың соңғы кезінде (1072-1074) жазылған шығармасының өзінде қимақтарды қыпшақтардың құрамындағы тайпа деп жазуы бекер емес [4]. Мұның өзі қыпшақтардың күшті ұлыстық ел бола бастағанын көрсетеді. ХІІІ ғасырдың басына келгенде қыпшақ бірлестігі мейлінше күшейгендіктен, оған қараған түркі тайпалардың тегіс «қыпшақ», олар қоныстанған өңірдің «Қыпшақ даласы» аталуы даусыз іс еді. ХІІІ ғасырдың басында Шыңғысхан Орта Азяны және Қазақ даласын басып алғаннан кейін, оның үлкен ұлы Жошы ханның қыпшақтарды қол астына қаратқаны, «Алтын Орда хандығының Қыпшақ бірлестігінің орнында болып, оны билеген Шыңғысхан әулеттерінің (және олардың төлеңгіттерінің) біртіндеп қыпшақтарға айналып кеткені жұртқа аян. Қыпшақ тайпасы кейін келе түркі тілдес ұлттардан қазақтардың, қырғыздардың, татарлардың, өзбектердің, тағы басқалардың құрамын толықтады. Оның аты қазір Орта жүз қазақтарындағы алты үлкен белді тайпаның бірі ретінде қаз-қалпында сақталып отыр.

Сонау ертеде үйсіндер қатарында тарих бетіне аты мәлім қыпшақ мекені Ертіс өзенінің жоғарғы аңғары, Алтай таулары VII ғасырда Тұрік хандығы құрамындағы Қыпшақ мекені, VIII-IX ғасырдан XIII ғасырға дейін керейлер, наймандар, қарлықтар, қарақытайлар мекені, XIII ғасырдың Батыс Лияу билігін тартып алған найман ханы Күшліктің қол астында болды. Іле өңірінің ежелден үйсіндер, қарлықтар мекені екені де жазба тарихи деректермен толық дәлелденген.

Сондықтан  Шыңжаң өңірі – қазақ халқы қазір ғана мекенденіп отырған жер емес, қазақ құрамын толықтаған түркі тілдес тайпалардың ежелгі атамекені. Бұл өңірде сақталған тарихи ескерткіштермен мұралар Қазақ тарихын зерттеуде аса құнды материал есептеледі.

Назарымызды ерекше аударатын іс мынау: Қытайдың тарихи деректерінде ертеде батыс өңір деп аталған ежелгі сақтардың, иүзілердің және үйсіндердің мекені Тянь-Шаньның  баурайы, Іле аңғары, Ыстықкөлдің батысы, Балқаш көлінің оңтүстігі, Шу және Талас өзендері аңғарлары тарихтағы Жібек Жолы арқылы еліміздің ішкі өлкелерімен, орта шығыспен, тіпті Европамен тұтасып жатты. Өте-мөте шығыс Хан патшалығы дәуірінде Тұрпан ойпатынан Жемсарыға өтіп, Тянь-Шаньның солтүстік баурайынан ашылған Жібек Жолы арқылы батыста Шу, Талас өзендері алқаптарынан оңтүстікке Сырдария мен Әмудария алқаптарына кетті. Сақтардан, үйсіндерден қалған мәдени мұралар арасында Жібек Жолы арқылы мәдениет ауысу болғанын дәлелдейтін мұралар төменде сөз болады.

Бірінші, сақтардан қалған іздер: Қазақтың тегіне тығыз байланысты ертедегі елдер жөнінде сөз болғанда, алдымен сақтардың ауызға алынатыны айтылған. Енді Шыңжаңда жүргізілген археологиялық қазбалардан табылған сақтарға тән мәдени мұралар жөнінде ғана қысқаша сөз болады.

1) 1976-1978 жылдары Үрімжі қаласының Нәнсан кен районынан, Тянь-Шань Алагу сайы ауызынан төрт қабір табылған еді. Археологтар бұл қабірден шыққан алтын қарта (сегіз тал), күміс қарта (жеті тал), алтын қадақ, алтын сырға, алтын шеге, темір пышақ, мыс табақша, қыш ыдыс сияқты бұйымдарды зерттей келіп, бұлар еліміз тарихындағы жауласқан бектіктер заманы мен Батыс Хан патшалығы арасындағы дәуірге тура келеді деп қорытынды жасады. Демек, бұл еліміз тарихында біздің заманымызға дейінгі 221 жылы (Чин Шыхуаңның 26 жылы) елімізді тұңғыш рет бір орталыққа бағындырып, Чиң патшалығын құрған әйгілі хан Чин Шыхуаң дәуіріне жатады. Бұл тұста сақтар қоныстанып отырған өңірлер – қазіргі Тянь-Шань өңірі, Балқаш көлінің шығысы, Қара теңіздің шығысы, Талас, Шу өзендері аңғарлары еді.

Сақтардан қалған бұл алтын қарталар дөңгелек формалы, оның әрбірінің диаметрі 6 сантиметр, ауырлығы 20 грамм шамасында, қарта бетіне түсірілген жолбарыс мүсіні шапшуырлап, кеудесі жарым шеңбер формалы иілген. Жолбарыс мүсіні түсірілген алтын кісенің тоғасы төртеу, мүлде бірін-бірі аңдып жатқан қос жолбарыс суреті бар. Алтын кіселердің әрбірінің ұзындығы 26 сантиметр, ауырлығы 27.75 грамм алтын қадаққа тісін басып атылғалы тұрған арыстан мүсіні түсірілген. Күміс қарталарға да қалыпқа басылған хайуандар суреті бар екен. Ортасына бұйра жалды хайуан түсірілген мыс табақшаның ерекшелігі өз алдына деуге болады. Темірден жасалған ұзындығы 11.5 сантиметр пышақ сиыр, жылқы, қой сүйегі салынған ағаш табақпен бірге қойылған. Қыш ыдыстардың көбі қолдан жасалған. Қызыл қоңыр түсті қыш ыдыс сырымен сырланған [5].

Сақтардан қалған бұл мұралардан мынаны білуге болады, ертедегі cақтар алтынға бай ел болған. Олар қыш ыдыстар, мыс бұйымдар пайдаланғанның үстіне алтын, темір қорытуды, алтын, темір жабдықтар жасауды білген. Тік қазылып көмілген ағаш сандықтағы қабір иесінің дәулетті адам болғаны анық. Табаққа салып онымен бірге пышақ, сүйек қоюы етті негізгі азық еткендігінің белгісі.

Алагу сайынан табылған жолбарыс мүсіні түсірілген алтын қарталармен Қазақстанның Әмудария аймағынан табылған сақтарға тән мәдени бұйымдардың, мысалы, оралған қабыланның образы түсірілген домалақ алтын қарта суреттерінің формасынан ролына дейін ұқсастығы; Алагудағы сақтарға тән қабірлерден қазып алынған хайуан суреті түсірілген мыс табақша мен хайуан аяғы формасында сирағы бар мыс қазанның бұрынғы Совет Одағындағы Семиречье пен Тянь-Шань өңірінен табылған мұраларға ұқсастығы зерттеушілерді ерекше қызықтыратын жақ. Баилнская «Сиктиәндәрдің жабайы хайуандар суретін өрнектеу жөніндегі зерттеудің қазіргі жайы» атты мақаласында мысық тұқымдасына жататын жыртқыш хайуанның образы-сәк-сиктиәндәрдің өрнек өнеріндегі басты сурет тақырыптарының бірі деп қарайды.

Күнес өзенінің оңтүстік жағасынан табылған мыс қазанның Қазақстан Жетісуынан табылған мұрамен ұқсастығы да назарды қатты аударады. Осылардың барлығы Тянь-Шань өңірінде, Іле алқабында жасаған сақтардың Орта Азияда, Қазақстанда жасаған сақтармен байланысының күшті екенін дәлелдейді.

Қазақстан археологтары соңғы жылдары Есік обасынан бұрын кездеспеген аса құнды мұра тапқан. «Қазақ ССР тарихы» ең жаңа басылымының жазуынша, «Есік обасына жерленген адам 17-18 жаста екен. Бет бітіміне қарағанда, сақтарға тән. Бұл арада тек оның киімінде, телпегінде және аяқ киімінде төрт мыңнан астам өте көркем алтын қаптырмалар мен тіліктер түріндегі әшекейлер болғанын айта кету керек. Басқада сирек кездесетін заттардың арасында, өзіне назар аудартатыны-сәнді бас киім киіп, қырын қарап тұрған адамның бас бейнесі бар алтын жүзік мөр. Есік обасының жерлеу орны, біздің заманымыздан бұрынғы 5-6 ғасырларының аяғына жатқызылады». Бұл сақ заманның мәдениетін зерттеуде маңызды болғанның үстінде, Жетісу сақтарының кезіндегі әлеуметтік теңсіздік деңгейін зерттеудеде құнды мұра болып табылады. Кейбір зерттеушілер «Есік» обасына жерленген бұл жас жауынгер «Ханзада» болса керек, сақтар өз көсемінің жеке басын дәріптеу үшін, оны өздері табынатын күн бейнелі құдай дәрежесінде көрсетпек болған деп қараған.

«Есік» обасынан жазуы бар күміс тостағанның табылуы да, Жетісу сақтары қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының биік деңгейін дәлелдейді. Осы күміс тостағандағы жазуды кейбір зерттеушілер ежелгі Түрік (Сақ) жазуы деп межелейді. Бірақ бұл әлі де зерттеу үстіндегі мәселе. Биік өрелі ерте заман мәдениетінің белгісі ретіндегі құнды мұраны өзге елден осы өңірге келіп қалған болуы мүмкін деп тайғақтау қажетсіз. Ханзадасын алтынмен аптап жерлеген сақтарда жазу болмаған деп айтуға ешқандәй негіз жоқ. Сондықтан да «Есік» обасынан табылған «Алтын адамды» да, күміс тостағандағы жазуды да онан ары зерттеу сақ тайпаларын, үйсіндер, иүзілер, қаңлылар, аландар мәдениетін зерттеуде төтенше маңызды.

2) Іле аймағына қарасты Нылқы аудан қалашығы маңындағы Нұра сайынан табылған ежелгі мыс кенін зерттеушілер сақтардан қалған кен орны деп дәлелдеп шықты. Бұл өңірдегі мыс кені үңгірлерінен он нешесі табылды. Бір үңгірдің ұзындығы 30 метр, ең кең жері 1 метр келеді. Кеннен табылған мыстың үлкендері он неше жың, жеңілдері 3-5 жың, құрамындағы мыс мөлшері 60 пайыз. Майдаланған бетінің түсі күміс сияқты жалтырап тұрғандықтан, жоғары сортты мыс деп бағаланған. Бұл – ежелгі мыс кеннің қазылған дәуірі. Кен үңгіріне орнатылған терек діңгек ағаш карбон 14-ті пайдаланып өлшеу арқылы жылнама заманның бастапқы мезгілінен жауласқан бектіктер заманына дейінгі аралық деп тұрақтандырылды [6].

Демек, Нұра сайынан табылған мыс кенінің қазылған дәуірі Алагу сайы ауызынан табылған қабірлерден шыққан сақ мұралары дәуірінен де арыда болып шықты. Бірақ әлі екі жердегі мұралардың бәрі кезінде осы өңірде (Тянь-Шань таулы өңірінде, Алтай мен Тарбағатайдан Балқаш көліне дейінгі кең байтақ өңірде, Іле аңғары және Жетісу өңірінде) жасаған сақтар еліне тән екенінде дау жоқ.

3) Мингеттің «Совет археологиясы» атты шығармасының 5-тарауында Совет археологтары Алтай таулы өңіріндегі сақ дәуірінен қалған қазба мұраларды зерттей келіп, өз кезінде сақ қоғамында таптық қарама-қарсылық өмір сүрген деп жазылады. Сақ ақсүйектеры молаларының аумағы аса үлкен, оның үстіне сүйекпен бірге көмілген бұйымдар да өте мол, бұлардың арасында еліміздің орта жазық өңірінде жасалған жібек бұйымдарда бар екен. Мұның өзі осы ақсүйектердың кезінде қаншалықты сән-салтанатты тұрмыс кешіргенін бейнелейді. Родинко «Қытай мен Алтай тайпаларының ертедегі байланысы» атты еңбегінде жоғарыдағы молалардан табылған дүниелер арасында жібек бұйымдардан сырт, Қытайдың орта өңірінен әкелген мыс айна сияқты заттардың да бар екенін жазады. Демек, сақтар мыс, алтын кендерін ашып, мыс, алтын қорытып, одан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаудан сырт Жібек жолы саудасына қатынасып, тауар айырбасымен де белгілі дәрежеде шұғылданған [7].

Екінші, үйсіндерден қалған іздер: Хан патшалығы дәуірінде сүлтүстіктегі Һүндар төтенше күшейгендіктен, олардан жеңілген иүзілер біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдың соңғы шенінде батысқа ауып, Іле аңғарындағы сақтарды ығыстырып, Іле және солтүстік Шыңжаң өңіріндегі мықты ұлыстық ел ретінде тарих сахнасына шыққан болса да, біздің заманымыздан бұрынғы 174-161 жылдар аралығында, Һүндардың қолдауында іргелі ел ретінде батысқа көшкен үйсіндердің шабуылынан оңтүстікке аууға мәжбүр болған. Сонымен үйсіндер елі Іле алқабына, Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігіне – осы кең байтақ өңірге (анығырақ айтқанда, ежелгі сақтар мекеніне) қоныстанып, күшті ұлыстық елге айналған еді.

Жақып МЫРЗАХАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор (Қытай)

Әдебиеттер:

1. Қазақтың қысқаша тарихы. – 267-268-бб.

2, 3. Қазақ ССР тарихы. 1-том, 377-380, 399, 427-429-бб. – Алматы, 1980.

4 Махмұт Қашқари. Түркі тілдер сөздігі. (Ұйғұрша басылымы).

5, 6. Шыңжаң қоғамдық ғылымдар зерттеуі. (Ұйғұр тілінде). 1985 жылғы 2-сан.

7. Шыңжаңның қысқаша тарихы. 1-кітап, 23, 29, 197-бб. (Қазақ тілінде), 1983 ж.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?