Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қазақ» атауы қайтарылған күн

3489
«Қазақ» атауы қайтарылған күн - e-history.kz

1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Қызылордада өткен ҚССР Қырғыз (Қазақ) Кеңестерінің V съезінде қазақтарға «қазақ» деген тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылданды. Содан бастап Қазақ ССР-і боп атала бастады және астана Қызылордаға көшірілді. Бұған биыл 96 жыл толды.

Әуелі қазақ неге қырғыз аталып кеткені жөнінде қысқаша тоқталайық. Ресей империясы ірге жайып, қазақ жерінің басым бөлігін өз қарамағына қосып ала бастаған тұста «қазақ» пен жалдамалы «казактар» орысшада бірдей «казак» деп жазылып, айтылатындықтан парықтау қиынға соғады. Соған орай қазақтарды «киргиз-кайсак», «киргиз» деп бұрмалап атау ресми құжаттарға еніп кетеді. Оның алғашқыларының бірі 1822 жылы Сібір губернаторы М.Сперанскийдің ұсынысымен жасалып, Александр І қабылдаған орыс тілінде «Устав о сибирских киргизах» деген атаумен қабылданып, кейін 1938 жылы «Положение об отдельном управлении сибирскими киргизами» деп өзгертілген қазақ даласын басқару жайлы құжат болатын. Осы құжаттың негізінде хандық билік жойылды. Журналист Бекен Қайратұлы «Қазақ» атауы қалай қайтарылды?» атты мақаласында қазақтың «киргиз» аталыну себебіне қатысты бірнеше тарихи деректерді алға тарта келе жазушы Әнуар Әлімжановтың «Отар­лау ісін басқарған басқын­шы идеологтар Қазақияны басып-жаншуға әзірленген орыс-казактар мен отарланушы қазақтарды шатастырмау үшін әдейі қазақтарды «қырғыз» деп атауды ұйғарып, әлем алдында «қазақ» деген халық болмағандай, түбірімен жойып жіберуді көздеді» деген сөзін куәға тартады. Біз де осы пікірді қабыл көрдік.

Ресми құжаттардың бәрінде кездескен осы теріс атауға ұлт зиялылар өз қарсылықтарын білдіріп келді. Соның алғашқыларының бірі 1913 жылы «Қазақ» газе­тінде Міржақып Дулатов «Тү­рік баласы» деген бүркеншік атпен «Қа­зақтың тарихы» атты мақа­ласын жа­риялайды. Бұл ма­қала газеттің бірнеше нөміріне басы­лып шығады. Дулатов өз мақа­ла­­сында: «Қияметке шейін қазақ –
қазақ болып жасамақ. Осы ға­сыр­дағы ғылым жарығындағы қа­­зақ көзін ашып, бетін түзесе, өзі­нің қазақшылығын жоғалтпа­ған­дай және өзіміздің шарық әде­тіне ың­ғайлы қылып, «қазақ мәде­ниетін» құрып, бір жағынан қазақ әдебиеті тұрғызып, қазақ­шы­лығын сақтамақшы» дей келе, қазақ халқы қырғыз нәсілі­нен емес екенін айтып, ол бар­лық ме­кемеде «киргиз» деген атау­дың орнына «қазақ» деп жазуды ұсы­нады.

Арада Алашорда автономиясы құрылып, кейін ол советтік билік тарапынан таратылып, 1920 жылы сол територияда советтік автономия құру ісі жүрген кезде ең басты мәселе територия ісі болды да, ел аты «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Рес­­­п­убликасы» болып қала берді.  

Советтік қазақ автономиясын­да ең алғаш қазақ халқының тари­хи атауын ресми түрде қайта­рып, оны дұрыс жазу мәселесін көтер­ген сол кездегі ҚАССР Хал­ком­кеңесінің төрағасы С.Сейфуллин болды. Ол 1923 жылы 15 ақпанда шық­қан «Еңбекшіл қазақ» газетінде Манап Шамиль деген бүр­кен­шік есімімен «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жариялап, онда: «Біз­дің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, бас­қа жұрттың құлағына сіңдіріп үй­ре­ту керек. Қазақстанның орта­л­ық өкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» деп ұран тастады. Бұл кезде Түркістан Республикасын ұлттық бірліктерге бөліп, ұлттық-мемлекеттік межелеу жоспарланып жатқандықтан, мәселе саналы түрде кейінге қалдырылған сияқты.

Түркістан республикасын ұлттық бірліктерге бөлген кезде сол кездегі астана боп отырған Ташкент Өзбекстанға қарап кетті. Осылайша қазаққа жаңа астана белгілеу мәселесі де пайда болған болатын.

Қазақ атауының қайтарылуына қатысты зерттеу жасаған тарихшы Сәбит Шілдебайдың пайымдауынша, 1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте Қырғыз АССР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақтық съезі өтеді. ҚазОАК төрағасы С.Мең­дешев кешкі сағат 21:00-де съезді салтанатты түрде ашық деп жариялап, бір республика құрамына біріккен қазақ халқын құттықтайды. Съез­дің күн тәртібіне 6 мәселе қойы­лады. Бірақ бұлардың ішінде біз сөз етіп отырған оқиға жоқ еді.

Бірақ күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қырөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов «кыргыз» атанған қазақ халқына тарихи дұрыс атауын қайтару, рес-публиканы «Қазақстан» деп атау, Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсыныстарын ортаға салады. Съезд делегаттары бұл ұсыныстарға орындарынан тік тұрып қызу қол шапалақтап, осы арқылы қолдау көрсетті. Осылайша 1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдап, шешімді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК қарауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылғы 15 маусымда ресми түрде мақұлдап, осылайша қазақ халқы өзінің тарихи атауын қалпына келтірді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?