Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ғабдолла Тоқайды алғаш аударған да менің атам еді...»

1677
«Ғабдолла Тоқайды алғаш аударған да менің атам еді...» - e-history.kz

Аян ҚАЖЫБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  оқытушысы,  Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты. 

-Ілгерідегі сұхбатымызда Жақан Сыздықовтың еңбегін батыстықтар майдан даласында ұшақпен  шашқандығы жайында айтқан едіңіз.

Не десек те текті әулеттің ұрпағысың ғой. Жақан Сыздықовтың атаңыз екендігінен де аздаған хабарымыз бар. Осы кісі жайында кеңінен таратып айтып берсеңіз?

- Біздің өсіп-өнген рухани топырағымыз аса құнарлы болды. Атамыз Қажыбай, оның ағасы Жақан екеуінің апасы Бәди, менің ұлы атам, есімдері аталған үшеудің туған әкесі Сыздық, оның қайын жұрты аты мәшһүр Қанайдың бір бұтағы Бапан бидің қай-қайсысы болса да қара сөзде дес бермес жорға, жүйрік, өлеңде өрісі кең, шабысы ширақ бір-бір тұлға еді.

Ұлы атамыз Сыздық Төлемісұлы орта дәулетті болса да, ел арасында беделді, көп оқыған, өз жанынан өлең шығара білетін, айтқыр, аңшы, сері, құсбегі кісі болған. Ол тұрымтайдан бастап тұйғынға дейін ұстап, бір атқанын жаза баспаған мерген адам. Ел жуандарының ырқына көнбей, өзін төңірекке сыйлата білген, барынша әділ де адал жан. Сондықтан да болар, революцияға дейін де, революциядан кейін де, бірнеше дүркін ауылнай сайланыпты. Оның бұл қызметті қалай атқарғаны туралы алыптар тобындағы ірі жазушы Сәбит Мұқановтың деректі автобиографиялық «Өмір мектебі» трилогиясында ізгі сөздер айтылған. 1920 жылдардағы байлар мен ақ бандылар көтерілісі кезінде Көкшетау болысының 8 ауылнайынан тек біреуі ғана, Совет өкіметі жағында болғандығын, оның Сыздық екендігін айта келіп, Сәбең бұл кісінің сөзге шешен екендігіне, адал да іскер адам екендігіне тоқталады. Сыздық ақсақалдың болашағынан мол үміт күткен баласы болашақ ақын Жақанмен сонда сырттай танысқанын да романда тілге тиек етеді.

Ұлы атам Сыздық, тағдырдың жазуымен үш әйел алған адам.

Дизайн без названия (1).png

Бірінші әйелі Қанай бидің Бапан атты баласының қарындасы Сәми еді. Содан атамыз Қажыбай, оның ағасы ақын Жақан, апасы Бәди туған. Екінші әйелінен Хажымұрат (Хажымұрат Сыздықов көрнекті қаламгер, кәнігі аудармашы, Брест қамалының тұтқыны болған), Бердімұрат және Күнтай туған. Үшінші әйелінен ұрпақ болмады.

Әкем Төлеген ұлы атамның соңынан еріп, ауыл үйді аралайтының еміс-еміс есіне алып, ағынан жарылып айтушы еді. Тым жас болды. Сыздық атасы бесігің тербетіп отырып:

«Құдай қойса бұл қалқам тоқсан жасар,

Есігінен кетпейді ғарып-қасар.

Қатындар Төлеген деп қойып еді,

Бір аты бұл қалқамның ашу басар», – деп әндететінің марқұм әкеміз жие айтушы еді. Жобасы, сұрапыл Ұлы Отан соғыс майданында шаһит кешкен Қажыбай атамыздың орнына келген деп топшалап, әкемізден жұбаныш тапса керек. «Жақанның шешесі Сәми де ел ішінде беделді адам болған, айт-тойларда айтысқа түсіп, айтқырлық, тапқырлығымен көзге түскен адам», – дейді ауыл мұғалімі Ғазиз Әбішев. Атам Жақанның нағашы жұрты атақты Бекболат Қанайұлының ұрпақтары, өз нағашы атасы Бапан би болғанын жоғарыда айттым. Жақанның: «Арғы атам Қанай батыр ту байлаған, Бауырын Зерендінің ен жайлаған», – деуі осыдан.

Атам Қажыбайдың серілігі мол, әнші, ақындығы бір басына жетерлік адам еді деседі көз көрген көпшілік. Туған ауылы Қарағаш, басшылық жасаған Ортақ, Қызылтаң, Күсеп төңірегінде жиналмай ауыздан-ауызға көшіп жүрген өлеңдері бір қыдыру. Әйгілі Үкілі Ыбырайдың соңғы шәкірті болған. Ал, Бәди апамыздың аузынан жазып алған қос дәптер өлеңдерін әкеміз ықтияттап сақтап қала алмағанына қатты өкінетін. Бәди бір төрттағанында:

«Ғиззатлу Жақан бауырым жаздым Сізге,

Болды деп көзден таса, күдер үзбе.

Жүргенді сауық-сайран сағынамын,

Жайлауда не бар, не жоқ білдір бізге», – деп келуші еді.

Төлеген әкем ұлы атамыз Сыздықтың бауырында өсті. «Қаз басып жүруге жарағаннан қасынан қалдырмай жүретін», – деп еске алушы еді. Сол кезде Қарағаш ауылының түстік батысына таман шеттеу отыратын Дүйсен деген құрдасының үйіне жиі барып, әңгіме-дүкен құрысатын ұлы атамның Дүйсенмен қара сөз емес, өлеңмен қағысып, мәре-сәре болғанын талай көз көрген әкеміз сұрап қалғанда айтатын. Өлең дегенде ішкен асын жерге қояр Дүйсекең де қаражаяу емес:

«Сары ойбайды салып едің,

Үш қатынды алып едің,

Бір шапан, бір ешкіге

Ақсақ бүркіт алып едің,

– Мә, Шәкітай деуші едің.

Сыпыра алып пышақты,

Жидіп қалды деуші едің», – деп бастырмалататын. Атайдың үш рет үйленгені де екінші әйелі Көкектен белгілі аудармашы, қаламгер Хажымұрат, інісі Бердімұрат және Күнтай туған, ал үшінші әйелі Мәриям шешеміз құрсақ көтермеген, саятшылыққа ерекше құмарпаздығы да рас. Ұлы атам дүниеден өткенге дейін үйде бүркіт болды. Оның томаға, саптаяқ, тұғыр, балдағы қандай еді. Шиті мылтығы да қолды болды. Үлкендер ешқайсысын елеп, сақтай алмады.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап қазақ кеңес поэзиясына, жалпы әдебиетке алыптар шоғырынан кейін ілі-шала келіп, елу жылдай еселі еңбек сіңірген адам – Жақан Сыздықов болатын.

Жақанның әдебиетке келуі, оның творчествосы жайлы ара кідік болса да айтылып, жазылып қалып та жүр. Мен әдебиет сыншысы, жақантанушы зерттеуші болмағандықтан бұл орайда жарытып ештеңе айта алмаспын әрі ол мақсатым да емес.

Жақанның өмір кезеңі оны Сәкен, Бейімбет, Ілиястармен өкшелес, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендермен қанаттас әдебиет әлеміне әкелді. Сондықтан оның шығармашылығынан да, күнделікті тұрмыс-тіршілігінен де бұл есімдерді бөле қарау мүмкін емес.

Әкем Алматыда оқып жүргенде, Жақан ағасының үйінде тұрды. Сонда әкемнің айтатыны, Жақанның жиі еске алатын адамы Бейімбет Майлин екен. Араларындағы аға-ініге тән ерекше сыйластық болғандығын әкемізге ерекше сүйсіне әңгімелейтін. Таза творчествоның адамы болған Биағаң Жақан үшін кісіліктің, адалдықтың символындай еді.

«Еркелетіп, басындырған өзіңіз,

Иә. Солай. Еркелейтін кезіміз.

Жүрегімнен орын алған ұялап,

Ақылыңыз, тәрбиеңіз, сөзіңіз», – деген жыр жолдарынан ақынның Биағаңа деген риясыз, адал сезімін аңғару қиын емес.

Одан әрі Жақан, әкемізге Қызылордада Сәкен Сейфуллинмен ортасын жұқа тақтаймен ғана бөлген бір үйде тұрғандығын әдемі аңыздай қылып әңгімелейтін.

-Жақанның әлгі мал танитыны жайлы хикаясы бар еді ғой?

- Иә. Бірде Сәкен ертіп жылқы базарына алып барып:

– Ал, Жақан, сен Арқаның қазағысың ғой, соғымға екі жылқы таңда, – депті, – мен атты жақсы көргеніммен соның арық-семізін жыға тани қоймаймын.

Жақанның таңдап алған малдары бәкене болса керек, Сәкен «Мыналарың есектің аз-ақ алдындағы дүниелер ғой. Қой, одан да өзім таңдайын» – деп өзіне шоқтығы биік сирақтылау бір жылқыға ноқта салдырыпты. Содан жылқыларды сатып алмақ болып Жақан өзі таңдаған малдың пұлын төлемекке қалтасына қолын сала бергенде Сәкен қолыңдағы таяғымен қағып жіберіп, «қой әрі, оның не? Мен емес пе соғым аламыз деп ертіп әкелген», – деп екі жылқының ақшасын да өзі төлепті. Содан жылқылар сойылғанда Сәкеннің тұлғасына қызығып алғаны қаракесектеу арық, Жақанның малы майдан ақтарылып түскенде «Ойпырмай, сені мал танымай ма десем таниды-ақ екенсің ғой», – деп сүйсінген Сәкен інісінің арқасынан қағып разы болыпты. Екі жылқының етін араластыра бөлісіп алып қыстан шығып едік дегенді Жақан әкемізге әңгімелеп отыратын.

Сәбит Мұқанов Жәкеңмен қатты ойнайтынын, әзіл-қалжыңдары жарасып, сырласып, мұңдасып отырғанын әкеміз студент кезінде жиі байқайтын. Бірде Сәбең:

– Иә, саңырау (Жақанның құлағы естіңкіремейді екен) Мұхтар екеуіміздің қайсымызды жақсы көресің? – деді.

– Ойбай, Сәбе-ау, білмейсіз бе, екеуіңізді де.

– Жоқ, сен өйтіп бұлтақтама. Турасын айт, – деп Сәбең өкшелеп болмады. Сонда Жақан:

– Сенің батырақтығыңды, Мұхтардың ақылдылығын жақсы көремін, – демесі бар ма. Сәбең шарт етіп ашуланып қалды.

Ақын атамыздың Мұхтарға деген ықыласы алабөтен болатын. Еркелейтін, құрметтеп сыйлайтын, білімдарлығына бас иетін. Екеуінің Мәскеуге бірге барғанын, жолда бірер буда ақшасын алып қойып, артынан бергенін артистерше ойнақы қылықпен әкемізге сан мәрте әңгімелейтін. Тап осы әңгімесін Әзілхан Нұршайықов өз кітабында әдемілеп жеткізе жазған. Бірде Жәкең телефон үстінде әлдекіммен сөйлесіп отырды. Жобасы араб, парсы, түрік сөздерінің қазақша баламаларын анықтап телефонның арғы жағындағы жеткізіп жатқан сияқты. Арғы жақтан сұрайды, бұл тәржімалайды.

Сөйтсек Мұхаң кейбір түсініксіз сөздерді Жақаннан сұрап алып жатыр екен. Жақанның араб, парсы, түрік, татар тілдерін жүйрік білетінін әкеміз сонда аңғарды. Бірақ ол кісінің қарапайымдылығы сондай онысын ешкімге айтпайтын да, сөз етпейтін де.

 -Жақан Сыздықовтың аудармашылығы да бір байтақ әңгіме емес пе?

-Жақан көрнекті ақын болумен қатар, көркем әдебиеттің әр саласында қажырлы еңбек етті. Ысылған жазушы, кәнігі аудармашы, қарымды журналист, білікті әдебиетші де бола білді. Ол ұзақ жылдай газет-журналдарда, баспада, республикалық радиода да қызмет істеді. Сонымен бірге татар әдебиеті мен шығыс әдебиетінің жаршысы болды. Татардың классик ақыны Ғабдолла Тоқайды қазақ оқырманына жеткізе білген бірден бір қаламгер де менің атам еді. Сондай-ақ, Қауа Нажми, Мұса Жәлел поэзиясымен, башқұрт, ұйғыр, иран, тәжік поэзиясының көрнекті өкілдері Лахути, Қадыр Хасанов, Әдхам Ахтямов, Садыр Палуан, Лұтфолла Муталип, Сәйфи Құдаш және басқаларымен де біз Жақан аудармасы арқылы таныспыз. В.В.Маяковский, Демьян Бедный, Янка Купала өлеңдерін, Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр», Низамидің «Ләйлі – Мәжнүн», Науаидың «Фархад – Шырын» атты поэмаларының үзінділерін, грузиннің халық дастаны «Арсен туралы аңызды» да Жақан аударды. Татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың «Қазақ қызы», ұлы орыс жазушысы Лев Толстойдың «Арылу» романдарын да Жақан тәржімасынан оқыдық. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында бірнеше жыл сәтті қойылған Мирхайдар Файзидің «Ғалиябануын», Абай атындағы опера және балет театрында қойылған «Башмағым» музыкалық комедиясының Тәжи Ғиззат либреттосын да аударған Жақан атамыз болатын.

Жақан, Иса, Қасым, Тайырларды аса құрметтеп өтті. Әсіресе Исаның тентектігі болса да есті тентектігін аузынан тастамай ерекше бір ықыласпен әкемізге айтатын.

Дизайн без названия (2).png

– Бірде Жамбыл ауылы Ұзынағаштан бес-алты машина болып Алматыға оралып келеміз дер еді Жәкең. Алдыңғы машинада Леонид Соболев, Мұхтар, Исалар келеді. Мұхаң «Абай» трагедиясын Леонид Соболевке аудартып, орыс оқырмандарына кеңінен таныла бастаған тұсы. Қасында досы әрі аудармашы Леонид отыр. Соболев алып денелі қып-қызыл нарттай аса көрікті адам еді. Жамбылдың «Қызыл нар» деуі де сондықтан. Бір кезде алдыңғы машина кілт тоқтай қалды да ішіндегілер ақтарылып сыртқа шықты. Соболевтің бет-аузын қан жуып кетіпті. Иса Леонидті шыр айналып әлдене деп айғайлап қояды.

Біздер де жеттік жанұшырып. Исаның бірдеңені бүлдіргенін сезіп келеміз. Мені көре салып Иса жүгіріп келді.

– Мынаны көрдің бе, біздің Мұхтарды елге танытқан мен деп бөседі. Шыдай алмай тұмсығынан сүйкеп жібердім, – дейді Иса қызынып.

Біз қой-қойласып, Соболевтен кешірім сұрасып, Исаны өзімізбен бірге алып кеттік. Қажымұқанның құлағынан тістеп алып айырылмайтын Иса Соболевтен несіне сескенсін.

Жарықтық Иса деген сондай қызба мінезді, намысшыл адам еді. Арамыздағы достығымыз ерекше ыстық болды. Сондықтан 1938 жылғы Исаға арнаған бір өлеңімде:

«Асау жыр, асқақ өлең үйірілді,

Алыстан орай шалдың қиырыңды.

Ардақтап аға деймін, бағалаймын,

Қиыннан қисын тапқан қиюыңды», – дегенмін.

Иә, Жәкең Иса ақынның еркелікке толы өр мінездерін ақындық өрен қуатын қатты қадірлеп, құрметтеп өтті.

1951 жылы Жақан Сыздықов елуге келді. Бірақ оның осы бір өмірдегі елеулі кезеңін елеп, ескерген ешкім болмады. Сонда Қырымда жатқан Қасым Аманжолов:

«Жаңа келдің елуге,

Правоң жоқ өлуге.

Асығуға болмайды,

Сіз бен бізді көмуге,

Түспей қазған орына.

Қара оң мен солыңа,

Жасы дұшпан сорына,

Тілектеспін соныңа», – деп өлеңмен телеграмма соққан.

Қос шумақтың бойында Қасымның Жақан ақынға деген ыстық ықыласқа толы құрметі, ізгі тілегі, ащы да болса ашып айтқан шындығы жатқан жоқ па? Иә, солай. Жақан да өз кезегінде:

«Суырылған қылыштай,

Сыны кетпес асылым.

Тойтарылмас құрыштай,

Жандай досым Қасымым», – деп толғады. Тайыр ақынға арнаған өлеңінде:

«Жолдасым, Досым, Тайырсың.

Жұлдыздан жырың жаралған», – деп шалқиды.

Жақан Интернациональный көшесіндегі үйде ақиық ақын Тайыр Жароковпен көрші тұрды. Тәкеңнің адалдығын, үні зор талантты ақындығын қатты қадірлейтін. Ғабдол Сланов Жақанның үйінде айлап жатып жүрді. Жәкеңнің соңғы әйелі кіші жүз болған соң жезде деп қатты ойнайтын.

Жақан Сыздықов техникум, институт бітірген адам емес еді. Бірақ оқыған, тоқығаны бір басына молынан жетерлік аса білімпаз адам болды. Кітапханасы ерекше еді. Орыс және еуропа жазушыларын былай қойғанда Ғабдолла Тоқайдың, Ғалымжан Ибрагимовтың, Сайфи Құдаштың, Аалы Тоқамбаевтың, Расул Рзаның, Мырза Тұрсынзаданың, Берді Кербебаевтың, Махтұмқұлдың, Садриддин Айнидің, Назым Хикметтің түп нұсқадағы кітаптардың бәрін түсініп, саралап оқып, аудара береді екен.

Біраз ғалымдарымыздың шығыс әдебиетін, тілін білмейтіндігіне қатты ренжитін. Газет, журнал, кітаптарда кетіп жатар теріс сөздердің астын сызып, осының мағынасын білмегені ме, қалай ұялмай ғалым атанып жүр осылар деп кейістік білдіретін.

Алматылық ақын-жазушылар арасында Жақан шығарды дейтін пародиялық өлеңдер кеңінен тарап кеткен. Абайдың «Жаздыкүн шілде болғанда» деп басталатын өлең үлгісін сақтай отырып жазған пародиялық толғауы қырына алғандарын бірер шумақ өлеңмен мінез-қылығын дөп басып, тура соққан қуатымен қымбат дүниелер.

«Жаздыкүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын бәйшешек,

Ұзарып өсіп, толғанда.

Макентождар сусылдап,

Көкбазарға қонғанда.

Тобылғы түсті тор сыра,

Тостағанға толғанда», – деп төгіліп басталатын пародия толғау Жақан ақынның юморға толы ащы әзілшіл, алымды аңғарғыштық қасиетін жазбай танытады. Жалпы Жақан атамыздың бойындағы бір жарқын қасиеті әжуашыл, мысқылшылдығы еді. Артистігі де мол болатын.

Өмірде парадокстар аз емес қой. Соның бірі Жақан өмірі дер едім. Олай дейтінім кесек-кесек, құлаш-құлаш аудармаларын айтпағанда елуге жуық жыр жинағын берген ақын үкіметтен жез медаль да алмай өтті. Ал екінің бірі тойлап жатар мерейтойын да өткізбеген, өткізіңдер деп ешкімге салық та салмаған періште адам. Ол да алдындағы ағалары сияқты жазған дүниелерінің қызықты ләззатынан да азапты соққысын көп тартты. Жиырмасыншы жылдардағы аштықты (отыз екінің аштығы деп теріс көрсетіліп жүр ғой) әйгілеген «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы үшін қамалды да, түрлі қиянатты бастан кешті.

Менің қолымда «Әлі қарттың әңгімесі» және «Майкөлтамы» поэмаларын біріктіріп шығарған латын әрпімен басылған ақын атамның кітабы бар. Сонда «Әлі қарттың әңгімесі» 1927 жылы жазылып жарық көрді, Қызылжар қаласы деген дерек бар.

Бар өкініш – басты өкініш туған елі – Көкшетаудан, өскен топырағы – Қарағаш ауылынан Жақан Сыздықов ыстық ықыласты қолдау, қамқорлықты сезбей, адамгершілік назар-ілтифатты көрмей өтті.

Бірақ кездікті қап ішінде сақтай алмайсың. Ол бірде болмаса бірде тесіп шығады, өзінің кездік екенін мойындатады. Жақан Сыздықов та өзінің ел алдында атқарған қызметі, мол мұрасымен көпке танылар, елі елеп ескерер деген үміт сәулесі санамыздан әлі де өшкен емес. Елдің елдігі, халықтың халықтығы өзінің аяулы ұл-қыздарын әспеттеп, құрметтеуде, рухына тағзым етіп, бас июінде келер ұрпақ кәдесіне жараса екен деген адал, ізгі тілегінде болса керек. Ендеше Көкшетау қазақтары үркердей ғана өздерінің ұлы перзенттерін әспеттеу үшін тектіліктен таймас, халықтығынан жаңылмас деген сенім биігіндеміз. Өйткені ақынның Сәкен Сейфуллинге арнаған бір өлеңінде айтқандай: «ұмытпайды ақынын, ұмытпайды көз көрген...» деуші емес пе еді?

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?