Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ байлары: Тана мырза

2151
Қазақ байлары: Тана мырза - e-history.kz

Қазақтың дәулетті деген адамдарының бәрі совет идеялогиясында айтылғанда жұртын қанап, зорлықпен құл қылып ұстамаған. Ішінара дүниеқоңыз, шық берместері болған болуы әбден мүмкін, ол ұлтқа жабатын емес, жалпы адамзатқа ортақ мінездер болса керек. Қазақ халқының XIX-XX ғасырдағы халі баршамызға анық, отарлық езгіге түскен ұлттың теңдік алуы қиын. Оған қорған болар арқалы тұлға керек. Қазақ байларының бір шоғыры өз кезінде елін аштан өлтірмей, көштен қалтырмай қорғап, қоршап, ел бастаған зиялыларға артқы тірек бола білді. Соның жарқын мысалының бірі Шығыс Қазақстан өңірінен шыққан Тана мырза.

Еліне қамқор, жұртына қорған бола білген Тана Тілемісұлы жөніндегі аңыздар ол туған кезеңнен бастау алады. Тана Тілемісұлы 1803 жылы Барқытбел (Тарбағатай) биігіндегі мәңгі мұздықтардан бастау алатын әйгілі Қарғыба өзені жағасында, ата-қонысында дүниеге келіпті.

Аңыз бойынша, Тана іште жатқан уақытта анасы түс көреді. Түсінде жарқырай ұшқан құйрықты жұлдыз көреді. Болатшы Жанбай Тілемістің бәйбішесі Айкүміске «Түсінде көрген құйрықты жұлдыздай бір ұл туады екенсің. Соңында із қалдырар дана болар, қалың еліне пана болар, ханзу от айдаһарды Тана дейтін еді. Баланың аты Тана болсын. Әумин!» деп бата беріпті.

Тана аса бай болмаған. Оңды-солды мал шашып атақ шығарсам деген ойдан да аулақ, парасат биік, барды ұқсата білген адам екен. Тананың мырза аты жарлы-жақыбай, кедейлерге қол ұшын беріп, адам қатарына қосып, алдына ас, төбесіне үй тігуіне байланысты емес, қазақтың азаттық аңсап атқа қонған арда ұлдарына ниеттес болып, қолда барын жұмсауымен шыққан. Қажет жерінде жанын да аямай үкімет алдына ашық қарсылыққа да барған. Халқы үшін малын да, жанын да аямайтын Тана болып атағы, иісі қазаққа кең тараған. Батыр Қожагелді дауын даулап, тайсалмай, орыс ұлықтарымен жағаласа кетуі, қазақ аруағын қорлап, зиратты ысырып тастап салынған шіркеуді өзінің тілмашы боп жүрген жақын туысын жіберіп өртетіп жіберуі, қолы әлсіреп, ел сатқындары бой тасалап, жағымпаздары қарсы шыққанда, қазақтың соңғы ханы Кенесары Іле бойына түскенде Рүстем төреге барып, ниеттестігін білдіріп батыр ханмен жолықпаса да үйірлеп жылқы айдатуы Тана мырза атын бүкіл қазақ еліне жаяды. Мырза атануы да сол кезеңге сәйкес келеді.

Тана мырзаның ел ішінде беделді, жомарт, қолы ашық болғанын мына бір өлең жолдары арқылы дәлелдесек:

Елімнің қамқоршысы Тана мырза,

Жасаған қызметіне әркім риза.

Әйтеуір жүгінеміз сол кісіге

Тұрмыс шалса аяқтан, тағдыр қысса.

Қашанда ашық жарқын, өрісі кең,

Сәлем алып, сәлемнен қалдырмасы кем,

Өзі ұлық бола тұра кішіпейіл

Байды да, жарлыны да көреді тең...

Тана мырза атанған. Ол мырзалық жағынан атағы қаракерей-мұрынды былай қойып, арғын-найманды, тіпті иісі Орта жүзге тараған. Оның реті келгенде дүние мен малдың бетіне қарамай, беріп жіберетіндігін мына бір аңыз дәлелдейді.

Серілік-перілігімен бүкіл қазақ даласына даңқы шыққан матай Былғақ тентек бірде Тананың ауылына арнайы сапар шегеді. Ауылға тақап келіп, жылқының шетінде жүрген егделеу адамға кезігіп жөн сұрайды. Егделеу адам қазақ жөнімен – кімсің, қайда барасың? – дейді.

Анау: – Елім – Матай, атым – Былғақ, Тана мырза дегеннің ауылын іздеп барамын, – дейді.

– Онда не шаруаң бар?

– Мырзалығын сынайын деп едім, атақты қара жорға атын сұрайын деп едім.

– Берсе де тап әкесінің ауызың... Бермесе де тап әкесінің ауызың, – деп, Былғақ өзінің тентектігіне басады.

Егделеу адам «онда іздеген Тана мырзаның ауылы анау» - деп өзі жылқы шетінде қала береді.

Ауылға келіп ат басын тіреген Былғақты Тана мырзаның күтушілері қарсы алып, түнімен сыйлап қонақ етеді. Ертеңінде сізді мырза шақырып жатыр деген соң сәлем беріп, ақ ордаға кіреді. Төрде оқалы шапанын киіп Тана мырзаның өзі отырады. Бажалай қараса, кешегі жылқы шетіндегі адам тура кешегі алғаш кезіккендегі сұрақты қояды. Былғақ та сол жауаптан таңбайды. Мырзалығын сынап, қара жорға атты сұрап келгенін жасырмайды. Тана мырза кешегі сөзіне басып, берсем қайтесін, бермесем қайткесін дейді. Сонда Былғақ мырза: «берсен де кешегім, бермесен де кешегім...» - дейді. Былғақтың бір сөзден тайсалмағанына риза болған Тана мырза құны бір қыздың қалың малына татитындай қара жорға атты жетектетіп жіберген екен.

Арада он бес күн өткенде Былғақ қара жорға атты қайта жетектеп келіп: «Мырза, сіз бердіңіз, мен алдым. Қара жорға ат менің теңім емес екен, оны ұрыға алдырмайтын деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Мен өзіңізге қайта сыйладым», – депті.

Тана мырза Былғаққа қара жорғаның орнына бес жылқы айдатып жіберіпті. Оның өмірінде мұндай оқиғалар көп болғанын халық аңызы әлі күнге жыр қылып айтады.

Тана мырзаның ел есінде кеңінен қалғаны оның сол заманда мешіт, медресе құрлысына қатты мән беріп, сол замандағы отарлаушы елдің шоқындыруына саясатына қарсылығымен бірге, елдің ислами рухын көтеруге көптеп ат салысқан азамат ретінде қалған. Тана мырзаның қазақ руханиятын көтерудегі істеген істеріне зерттеуші Айбек Тлеуханның «Тана мырза» кітабы аясында осы қырына басымдық бере отырып қарастырсақ дегенді жөн көріп отырмыз.

Тана мырза мешіт, медресе салу мақсатына беріліп, оның құрлысымен жете таныс үшін Семейге аттанбақ ниетте әкесі Тілеміспен ақылдасады. Әбден соққы жеп, жеңе алмасын білген әккі би Тілеміс «Балам, байқа. Мынау саған алдырмайтын жау. Ығына жүрмесең ысырып тастай салады. Күші басым. Өкімет әне соның сөзін ғана сөйлейді. Сен өзім үшін күйіп жүр ғой деп пе ең? Ертең ұрпақ не болмақ? Бүгін найза көтерсең ертең тып–типыл болмайсың ба? Сен тұр ғой азуын айға білеген ана төре мен сұлтандар да айтқанға көніп отырған жоқ па? Әсілі тыныш жүрген шығар» деп ақылын айтып байқап еді. Тана: «Әке, бәрін біліп жүрмін. Кімнің кім екенін мына заман анықтап берді ғой. Өзіңе өзің сенбеген қиын екен. Жау жағадан, бөрі етектен» - деуші ме еді. Бүгін сол бөріден жау адалырақ болып тұр ғой. Осы бетпен кете барсақ айналасы жиырма жылға жетпей мәңгүрт атанамыз. Алдымыз шоқынып болдық. Үкімет дінді қорғаймын дегенге қарсы шықпас. Шықса да ішінен тынар. Басқа жол жоқ. Анау Ақтайлақ би ұстанған жол жол-ақ болып тұр. Әйтпесе кешегі аталардың еңбегі еш, тұзы сор болмай ма?

«Ит жоқ болса, қораға шошқа кіреді,

Би жоқ болса, жораға құл жүреді».

«Күзетім дінім болар енгізбес. Соны ұстандым» - деп жауап қайтарыпты.

Көп ұзамай Тана мырза Семейге келеді. Ол кезде Семейде мешіттер көп. Барлығы дерлік ноғай ағайындардікі. Ұзын саны 10 ға тарта мінажат орны бар екен. Соларды аралап көріп, әрқайысының құрлысымен танысып, дала ыңғайына қайсысы лайық боларын байқап, сол мешіттерде қызмет ететін дін басыларымен, имамдармен ақылдасып өз ойын айтады. Олар да Тананың ойын қуана құптап, өздерінің қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын білдіреді. Мәселе мешіттегі имамдық қызметке келген ноғай ағайындар осы қазақ даласында, оның ішінде шығыс өңірінде ақ патша әскерінде қызмет етуден қашып жүрген ноғай жігіттері барын, олардың дені ішкері Ресейдегі ауқатты адамдардың балалары екенін айтып, соларды пайдалануға кеңес береді. Патша жарлығына мойын сұнбай жүрген ноғайдың ер жігіттері көп еді. Тана мырза солардың бірін күні кеше Қарқаралы дуанына қараған Тобықты елінің старшыны Құнанбайдың қолқалап алып кеткенін де осы адамдардан естиді.

Бүкіл Арқа жеріне атағы енді шыға бастаған, өз елінің қатал биі Құнанбаймен осы Семей шаһарында танысады.

Міне, сол азулы Құнанбаймен танысып, мешіт салу ойын да айтады. Құнанбай да бұл жолдың өзін мазалап жүргенін, өзі де айтады.

Тана Семей сапарынан олжалы оралады. Олжасы мешіт салуға келісім – шарт жасасып, құрлысшыларын анықтап, қаражат көлемін белгілеп алды. Құрлысқа қажетті жүзіктен өткізген оқтай түзу бөренелер, еден тақтайларын ноғайлар сол кезде алғаш жүре бастаған бу кемесімен жөнелтетін болды. Тананың ең басты табысы – өзіне серік болар адам тапқаны. Өз ішінде қари танылып қалған ноғай Ысқақ абзи мұны Дәуітпен таныстырады. Ол сонау Қазан өңірінен, Волга бойынан келген жас жігіт.

Ол келе бала оқытуды қолға алады. Дін оқытуымен бірге өзі жетік меңгерген ғылымдардан да сабақ бере бастайды. Ол жайында ел ауызында сақталған жыр да бар:

Дәуіт пенен Ғалим бар

Оларда үлкен тағлим бар

Ғылым, білім, тәртіп бар

Үйреніп үлгі алындар

Өз ісіне мығым, сауатты Дәуіт өз алдына отау тігіпті. «Мал досы көп, жан досы аз» ұғымын ұстанған Тана мырза Дәуітті аздың біріне балап айырықша қамқорлық жасағанға ұқсайды. Кейін Семейдегі татар Слабодкасынан көшіп келіп қоныстанған ноғайлар да Тана мырзаға адал қызмет етіп, зор сенімге ие бола бастайды. Алдарына мал салып, бастарына үй тігіп, жер телімін бөліп туғанындай өбектеген Танаға олар да біржолата іш тартып өздерін болыстық кітабына тіркегенде ноғай емес, қазақ, оның ішінде Жанай руы деп жазуын қолқалап сұрапты. Оның екінші бір пайдасы қазақтан солдат алынбайды. Мұны Тана да біледі. Қамқорлықтың бір аясы осындай болған сыңайлы.

Дәуіт Танаға сонау Еділ бойынан тағы да біраз ноғайлар көшіп келгенін, оларды Шәріп, Әлмұхамед, Ғабдулпейіз, Ғалым моллалар бастап жеткенін, бір тайпа ел екенің баяндайды.

Аягөз сапарынан оралған соң ойға алған істі сайлау киіп кетіп созып алып жүргенде қайта-қайта мазалап: «Мырза аға, мешітті қашан бастаймыз. Мына іргедегі рулар шоқыншы атанып барады. Бізде мұндайларды бауыздап тастайды. Тездетпесек болмас. Алла кешеуілді кешірмейді мырза аға!» деп алды- артын орайтын. Енді ойлап қараса Дәуіттің шыр-пыры шығатын жөні бар екен. Қарашекпенділер келген үстіне келіп жатыр. Бау-бақша егін салып, ол аз болғандай тау-тастан алтын іздеп, қазыналы Қалбадан кең орындарын ашып лезде байып барады. Ол ол ма? Енді дінін енгізу мақсатымен сонау Томнан кітап - қоржының арқалағандар келетін болыпты. Міне үлкен қауіп солар еді. Христиан діні туралы кітаптарды қазақшаға аударып алып жұрт арасына таратып, ретті жерінде өздері оқып түсіндіріп шіркеуге шақырып жүрген көрінеді. Шоқынған қазаққа берер сый-ақысы бар. Христиан дінінің артықшылығын уағыздап жүргендер орталығы Көкпекті болса, қанат жайған жері Самар, Талды, Бөкен жағы еді. Бұған қарсы амал мешіт пен медресе. Халықтың сауатын ашып, дін жолына түсіруге ұмтылудың шығар жол екенін білген сол заманғы ел зиялылары атқа қонған. Солардың бірі отарлыққа қарсы күрес жүргізіп келе жатқан, сол жолда жанын шүберекке түйген Тана мырза.

Мешіт құрлысы басталғанда Тана мырзаны ойландырған келесі келелі іс - оқу-ағарту ісі. Медресе діни сабақтармен бірге ғылымдардан да хабардар етіп, білім беруі тиіс. «Жаныңдағы жауыңнан өз ойымен қорған» - деп түйген мырза ендігі жерде орыс тілінің де тиер пайдасы барын ескеріп оны да бөлекше сабақ ретінде жүргізуге нұсқау береді. Ол үшін тағы да білімді оқыған азамттарды іздеп тауып, баспана беріп, алдына мал салып пайдалануды ойлайды. Бұл бағытта Тананың сенімді көмекшілері өзінің інілері, етене жақындары Дәуіт пен Ғалим молла болды. Екеуі Семей шаһарына жол шегіп бірталай ноғай семьяларын көшіріп әкеледі. Олардың арасында дін қарилары, білімді ұстаздар, орыс тіліне жүйрік аудармашылар, жер телімінің бабын білетін бағбандар, саудагерлер бар еді. Бұлардың барлығын Тана мырза өз ауылына жинап алады. Құрлысшылар да осылардан шығады. Қолы жаңа іске үйрене берсін ниетімен Жанай жігіттері де жұмысқа тартылады.

Шаруаның қиын түйіні мешіт салу үшін рұхсат алу (патент) болса керек. Себебі 1947 жылы ойға алынған шаруа сәл созылыңқырап барып басталған. Соған қарағанда жергілікті ұлықтар мешіт салу ісіне аса құлықты болмай, реті келсе салдырмауға ұмтылған болуы керек. Мынадай бір құжат бар. Сонау шалғай жатқан Том қаласында орталығы орналасқан «Алтай және қырғыз (қазақ) миссиясы» деп аталатын христиан дінін насихаттап, бұраттана халықтарды шоқындыруға бағыт ұстаған мекеменің сол жылдардағы есебінде үкіметке жеткізген тілегінің арқасында шіркеулер салуға қаржы молынан бөлінетіндігі ал оған керісінше мешіт, медресе салуға бір тиын да бөлмеу туралы бұйрық шыққаны айтылады. Қаржы өз алдына болсын. Ал жер бермеу, оған мешіт салуға патент бермеу сарып тұрған зорлықшыл саясат еді. Тана мырза ұлық алдына мынадай етіп мәселінің бар бетін жайып салған сыңайлы. «Егер мешіт салынбаса, медресе ашылмаса, айдауға көніп отырған қара халық үкімет саясатын ұқпайды. Сауатсыз елді билеу оңай емес. Олардың бетті әрі бұрып, Қытай жеріне өтіп кетуі әбден ықтимал. Ал қазақ, оның ішінде шығыс өңірі бір қозғалса, үркінді елді ауыздықтау оңай емес. Ол тағы бір азаттық көтерілісіне ұласуы мүмкін» деп Көкпекті дуаны басшыларын иландырған секілді. Оған тағы бір дәлел 1849 жылы тамыз айында Батыс Сібір ойпаттарын, таулы Алтай, Тарбағатай өңірлерін зерттеген саяхатшылар тобына жетекшілік еткені Влангали Тана ауылына келгенде мырзаның оған мешіттің жұмысы істеуге қақысы бар екен растайтын (рұхсатнама) патент көрсеткенін баяндайды. Ал мешіттің салынып біткен мерзімі де осы шама болса керек.

Мешітке қажет тас тұғыр Қалбадан тасылса, ағашы Қайындыдан жеткізіледі. Өңірде салынып жатқан тұңғыш мешіт болғандықтан іргелес отырған ағайындар барын аямапты. Лау тартатын көлік, қажетті құрал-саймандар, азық-түлік, сойыс малынан көмек көптеп келе бастайды.

Мешіт құрлысына Жанай, Көнші, Тоқабай, Сары, Қыржы руларынмен бірге Қарауыл-Жасықтардың қосқан үлесі жоғары болған сыңайлы. Мұрағат жазбаларында жоғарыда аталған аталар атын алған рулар малын көмек жасаса, Қарауыл-Жасық байлары ақшаны аямай төккен екен. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Миссия ең алғаш дін тарату нуқандарын осы рулар отырған елді мекендерден бастаған. Өйткені қарашекпенділердің тығыз орналаса бастаған жерлері де Қарауыл-Жасықтар отырған шұрайлы өлкелер еді.

Шоқындырып, бір-бірімен жауластырып, дінге енгенін орыстандырып, еңбегін «христиан» туысына құртқызып, құлдыққа салмақ ойын жүзеге асыра бастайды. Сол жағдайда басталған мешіт салу ісі Қарауыл-Жасыққа құтқарушы періштенің өзіндей көрінеді де ортақ шаруаға бар ынта-жігерімен кірісіп кетеді. Олардың мұндай ықласын байқаған Тана мырза ендігі жерде бір мешіт аздық етерін сезіп өзі отырған жаз жайлау өңірден 4 мешіт салуға қамдана бастайды. Мешіт салу кезінде алғашқы қарсылықты өзі ойлағандай жергілікті биліктегі шенеуніктерден көреді. Алтай және Қырғыз (миссиясы) Том эпархиясының күшті ықпалы дәуірлей бастаған еді. Мешіт салу, дін уағыздау, дін оқуына бет бұру, сол арқылы сауат ашып жарыққа ұмтылу миссия саясатының «жою деп аталатын бағыттарында «жүзеге асырылмасын» деп көрсетілген болатын. Соған орай жергілікті үкімет пен әскерилер Тана салғызып жатқан мешіттер құрлысына бөгет жасай береді. Тіпті салғызып жатқан мешіттер құрлысына бөгет шығып басынғандығы соншалықты олар мешітке қажетті құрлыс заттарын жеткізер су жолын жауып тастапты. Сонау Семей шаһарынан кеме, сал арқылы жеткізген ағаш бұйымдарын тасымалдау аса қиынға түскен сияқты. Жағаға келіп түскен тақтайлар мен салдауыр бөренелерді қаға берісте ұрлап алушылар көбейе бастайды. Ақыры бұл зорлыққа шыдамаған Тана мырза жоғарыға шағымданған. Келген жауапта қазақтардың ішкі ісіне қол сұғылмайтыны, оған барған орыс үкіметі адамы жауапқа тартылатыны, сонымен бірге дін мәселесі (әрине ислам діні) қазақтардың өз еркіндегі шаруа екені толық айтылған. Бірақ сол мәтіннің соңғы тармақтарына мұқият үңілсеңіз, мынандай жолдарды оқып, мәнін түсінер едіңіз. «Провсловияның қорлық шотына ақша жеткілікті түрде түсетін жағдайда, оның қарамағына берілген жердің салық секілді алым-түсімі миссионерлердің еркімен жұмсауына беріліп, ол Ресей саясатына қызмет етуге тиіс». Әрине, қаражат қанша бөлінсе де бір мақсатты көздейтін болған соң, оның мол болғанын кім қаламас. Көбейген үстіне көбейе берсін демей ме? Міне, осындай екі оқты уәдесі бар жауаптың тереңін тез бойлаған Тана мырза ендігі жерде мешіттер құрлысының бар шаруасын тек сенімді адамдарға жүктейді.

Атақты Ақтайлақ би Тана мырзаға: «Дін халықты таза сақтап қалар құралын боп қалды. Алла өзі қолдар. Соны қанат жайғыз. Оқыт. Үйрен. Сауат аш. Бастаған шаруанды жеріне жеткізе істе. Ана үкіметтен жақтау, қолдау күтпе. Ол болмайтын жайт. Елді орнықтыр, жұмылдыр білімге. Әйтеуір ендігі қалған сол әрекет болып тұр ғой. Жолың болсын» деп өсиетін айтыпты.

Тана елге келісімен мектеп ашу жұмысын қолға алып әр ауылда үй тігіп бала оқытатын жағдай туғыза бастайды.

Арпалыспен өткен 10 жыл ішінде істелген істер бір емес, он Танаға жүк болар қаракет нәтижесі еді. Бір емес бес мешіт, 10 медресе, әр ауылда мектеп ашылды (Басқа деректе үш мешіт салған деп айтып өтеді Р.А).

Жастар жағы Семей, Омбы ұзап оқу да. Бәрі ойдағыдай жүзеге асып отырғанымен, көңілге тиянақ таба алмастай бір арманы бар. Ол өз билігі өзінде болса, ісіне үкімет араласпаса, антына адал болса еді. Бірақ ол жай аңсар-тілек. Жылдан жылға отыршылық бұғаруы қатая түсті. Бас көтерген ерлерге қолдау болмайды. Олар өз руланың Қытайға алып өтумен ғана шектеліп қалып отырды. Ендігі үміт тек қана білімде еді. Соны алға ұстанған Тана мырза медреселер жанынан ғылымды оқытатын оқып, сауатын ашып келген балалар тартылды. Бұл жұмыс әсіресе Зайсан уезіне таяу отырған ауыл мешіттері жанында қызу жүрді.

Бұл жолы Тана мырза күресу әдісін өзгертеді. Ендігі жерде үкімет қалай десе солай боларын түсінген ол ұлықтарға жақындаса бастайды. Керуен жолы бойына үйлер салғызып сауда жолын қамтамысыз етеді. Басқа болыстармен бірігіп отырықшыландыру жұмысын жандандыра жүргізеді. Егін, бау-бақша егетін қазақтар саны көбейіп, араларынан алтын кен орындарында жұмыс ететін жұмысшылар да шыға бастайды. Карл Риттер ашқан алтын кен орындары бүкіл Қалбаның батыс бөлігінде қанат жайып үлгереді. Ол орындарды сатып алып, қоныстанғандар аз уақыт ішінде байып кетіп жатты. Міне осы уақытта Тана мырза енді кен орындарын алуды көздеп уезге хат жолдапты. Хатқа жауап жазылмаған. Біздің ше қара қазаққа кен орнын беру патша үкіметінің үш ұйықтаса түсіне кірмес әрекет емес пе? Дегенімен, Тана мырза өз бастамасының аяқсыз қалғанына күйінсе де ісін жалғастыра береді. Ертіс бойлап саяхатқа шыққандар болса қол қусырып қарсы алады. Жолбасшы боп сапарға шығады. Әсіресе прогесшіл адамдармен қарым-қатынасы жақсы болғаны байқалады.

1846 жылғы санақ бойынша ол басқаратын болыстықта 14 ауыл, 1744 үй, 5827 адам болған. Мал саны мынадай: 20295 жылқы, 2729 сиыр, 112019 қой-ешкі бар екен. Басқа түлікке қарағанда Тана мырза басқаратын болыста жылқы түлігінің көп болуы оның мырзалығын асқақтата түссе керек. Тана мырзаның өз тұсындағы қазақтың өзге болыс-билерінен бірнеше ерекшеліктері болған. Соның біріншісі, ол қарамағындағы қазақтарға егіншілік кәсіпті үйреткен. Болысына тиесілі суармалы жердің бәріне егін ектірген. Мәселен, 1831 жылдың күзінде Тана мырза басқарған болыстың диқандары Семей базарына он мың пұт астық сатқан. Ол дүниенің кілті оқуда екенін ерте аңғарып, өз иелігіндегі халықтың балаларын оқытып, білім алуына ерекше көніл бөлген. Заманында үш бірдей мешіт ашқан.

Ауыл тұрғындары Ертіс арқылы су жолымен Семей – Зайсан арасында сауда жасап, аз жылдың ішінде көпшілігі дүрілдеп, байып кеткен. Сауда жолы туралы деректі келесі жолдардан байқаймыз: «Семей мен Оңтүстік Алтайға баратын сауда жолы Ертістің Бөкен сағасы құятын жермен өтеді де, осы жермен көптеп қой айдалды, оның бірі – біздің жол басшымыз Тананікі» (К. Струве, Г. Потанин. – Жайсаң көлі мен Қара Ертіс аумағынан Марқакөл, Сарытауға дейінгі саясат. – 1 том. 255-256 –бб.).

Тана мырзаның мешітін және басқа салынған ғимараттарды көзімен көрген көне көз кісілердің айтуына мән берсек. Осы тұста түрлі деңгейдегі өлкетанулық зерттеулерге назар салдық.

Тана мешітінің тарихы туралы білетін жасы үлкен кісілер «Үлгілі малшы» ауылында саусақпен санарлықтай кісілер өте аз қалды. Солардың бірі – қазір жасы 80-ге келіп қалған Досжанова Гүлжаһар апа. Ол кісі 1929 жылы Тана мешіті ауылында дүниеге келген. Жаукен апа 7 жасына дейін сол Тана мешіті ауылында тұрыпты. Негізі мамандығы – мұғалім. Мұғалімдік қызметін 1945 жылдан бастаған Гүлжауһар апаның естеліктерінен:

– Ол мешітті ұмытқаным жоқ. Әлі көз алдымда. Іші кілем мен кітапқа толы, мұнарасы биік ағаштан қиып салған үлкен мешіт болатын. Мешіт екі қабаттан тұрды. Астында қыздар, үстінде ұлдар оқитынбыз. Мен 7-ге шыққанда, Тана мешітінде жиналыс ашылып, онда мешітті бұзу керек деген ұсыныс жасалды. Сол ұсыныс 1936 жылы жүзеге асырылып, ол ауылдың халқы «Үлгілі малшы» ауылына, ары қарай Күршімге, Еспеге бас сауғалап, көшіп кетті. Сол кезде:

Мешіт деген ел екен,

Қасиетті жер екен,

Кең байлыққа бөленген

Халқы да оның көп екен, – деп өлең айтатынбыз.

Тана мешіті туралы екінші естелікті Дүсін Шәкерұлы (1892-1965 жж.) деген жерлесіміз айтып кеткен екен. Оны қызы Бикен апа есінде сақтап, бізге жеткізді:

– Мен, Дүсіп, Қазаннан келген татар-ноғайдың баласымын, шамамен ХХ ғасырдың 16-жылдары солдаттан қашып, қазақ ішіне келгенмін. Сонда тоқтаған жерім, осы Тана мешіті ауылы. Ол кезде ауылдың жайнап тұрған кезі. Ұн тартатын диірмен, май шайқайтын масло заводы болды. Жергілікті халықтың әл-ауқаты өте жақсы болған. Ауқатты адамдардың саны 5-6 адам, соның бірі қазақтың байы – Қызыл Қасен еді. Ол байдың зираты ауыл шетінде орналасқан. Тұрғылықты халқының көпшілігі қазақ болды, алайда, арасында біз секілді Ресей солдаты болудан қашып келген татар-ноғайлар кездесетін. Осында үйлендім, балаларым дүниеге келді. Ол кезде Тана мешіті ауқатты болатын, сауда орталығы еді. 30-жылдардың ортасында Совет өкіметі мешітті бұздырып тынды. Біз осы Тана мешіті елінен ел көшкенде, ең соңғы болып көштік. Ол 1946-1947 жылдары еді.

Зерттеуші Айбек Тілеухан «Тана Мырза» кітабында Тана мырзаның сол кезде халқына жасаған істері мен сол жолда оған деген жасалған кедергілерге қарамастан жеңе білуін көркемдік, танымдық, тарихи тұрғыдан жақсы жеткізе білген. Расында бодандық дәуірде мешіт, медресе, мектеп салу, оқу ағартуды жолға қою, мұғалімдерді алып келу, оларды орналастыру, халықты егіншілік кәсібіне бет бұрғызу, сауда саттықтың жандануына атсалысу сияқты мәселелер оңайға тиген жоқ. Сондай қиыншылыққа қарамастан ұрпақ пен ел болашағы үшін осындай қажырлы іске барды. Жасаған еңбегімен ел есінде «мырза» деген атымен қалды. Бар байлықты, аста төк төгуге емес, елінің болашағына жұмсаған Тана мырза бүгінгі ұрпақ үшінде үлгі тұтар тұлға болып саналады.

Пайдаланған әдебиет:

Руслан Ақмағанбет «Құт». Алматы. «Қазына» баспасы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?