«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақтың дәстүрлі саятшылық өнері

598
Қазақтың дәстүрлі саятшылық өнері

Халқымыздың ұлы мәдениетінің бір тармағы – ғасырлар бойы қалыптасып, дамып, мүлде өзгеше тың деңгейге көтерілген саятшылық өнері. Саятшылық ұлттық болмыстың бояуы бөлек тың суретін береді. Саятшылық дегеніміз түзде саят құрып серілік істеуші; ит жүгіртіп, құс салудың маманы; аң аулап көңіл көтерудің майталманы деген сөз.

Тарихта саятшылық өнері қазақ халқының сан алуан көңіл ашу қимылдарының бірі әрі бірегейі болған. Бұл өнердің төркіні сонау есте жоқ ескі замандардан бастау алады. Ертеде қазақ халқы мал шаруашылығымен қоса, саятшылықпен де, түрлі шаруашылықтың әредік кездерінде садақ, сақпан қатарлы құралдарымен аң-құс атып, тұзақ, қақпан, арса сияқты заттармен ұстап, бір жағы серуен құрып сейілдесе, тағы бір жағынан, тұрмыстық қажеттерін қанағаттандырып отырған. Кейін замандардың өтуі, адамдардың аң-құс жөніндегі білімдерінің тереңдеуі мен рухани сұраныстарының артуына байланысты кейбір аң-құстарды арнайы бағып, баулып, солар арқылы аң аулап, солар арқылы саят құру әдісін тапқырлап, өз рухани қажеттерін қанағаттандырудың жаңа мүмкіндіктерін игерген. Онда ерекше ұшқыр тазы секілді жүйрік ит тұқымдары мен бүркіт, қаршыға тектес қыран құстарды ұстап, қолда бағып-баптап, оларды жабайы аң-құстарға салып көңіл көтеріп, сол аулаған аң-құстардың етіп жеп, терісі мен жүнін әр түрлі қажеттеріне жаратып отырған.

Қазақ халқының саятшылық өнері – өте қызықты әрі салтанатты өнер. Онымен шұғылданған адамдар түгілі, оны бір көрген адамның өзі өзін мүлде ұмытып, көңілі көлдей шалқып, бір жасап қалады. Алайда ол өте қызықты әрі салтанатты болғанымен, кез-келген адамның қолынан келе бермейтін, сыры мол, бабы күрделі төтенше тылсым өнер. Оны тек әр түрлі иттер мен құстардың тілін, мінез-құлқы мен қасиетін жетік білген нағыз саятшылар, құсбегілер мен аңшылар ғана меңгере алады.

Дүниеде аң-құстың тілін қазақ халқындай жетік меңгерген, саятшылықты қазақ халқындай биік деңгейге көтерген ұлт пен ұлыс кемде кем. Қазақ саятшылары құдды атбегілер сияқты қандай иттің ұшқыр, қандай құстың қыран екенін сырттарынан бір қарап-ақ біле қояды және оларды бағып-баулып көздеріне іліккен аң-құстарын құтқармайтын нағыз алғыр итке (тазыға), нағыз қандыкөз қыран құсқа айналдыра алады. Мысалы Әділқайыр Кәдірсізұлы деген кісі 1883 жылы бір топ жолдасымен бірге келе жатса, біреудің көшкен жұртында бауырын жаңа ғана көтерген бір көк күшік олардың дыбысын сезіп құйрығын қайқайтып, орнынан нарау тұрып, бір-екі рет «әуіп-әуіп» деп, сол тұрған орнына шөк түсіп, тұмсығын алдыңғы екі аяғының үстіне қойып, өздерінен көз алмай қарап жатқанын көріп, қасындағы атқосшысына:

– Анау жұртта жатқан ақ күшікті барып алып келші, байқаймын, ол нағыз сырттанның өзі секілді, – дейді. Бірақ атқосшы жігіт оған кейіп:

– Әй, Әдеке-ай, сізге не болған? Алжығансыз ба? Жұртта қалған қайдағы бір бұралқы иттің күшігін сырттан деп алып жүргеніңіз ұят емес пе? Ел естісе «Әділқайыр елдің жұртында қалған бұралқы күшігін сырттан деп жиып жүріпті» деп күлмей ме? – деп күшікті әкелгісі келмей тайсақтапты. Әділқайыр оған ашуланып:

– Сен бала неге тайсақтайсың? Мені ақымақ болды деп тұрсың ба? Алып кел деген соң, барып алып кел! Менің ес-ақылым әзірше дұрыс, – деп кесетеді. Атқосшы жігіт күшікті алып келіп:

– Әй, Әдеке-ай, осы жаман күшікті қайтетін едіңіз? Қажет болса мен не жақсы күшіктерді тауып берер едім ғой, – деп кейиді. Әділқайыр оған күліп:

– Сен жақсылап қарап ал. Мына күшік айтқанымдай нағыз сырттанның өзі екен. Міне, мына шоқпардай тұмсығы, кере қарыс езуі, тікірейіп келе жатқан жалы, жонынан түсірмей шиыршықтап алған құйрығы – мұның сырттан екенін айқындап тұрмай ма? Ал мұның иен жұртта басқа күшіктер секілді шәуілдеп жанталаспай қам-қайғысыз жатуының өзі нағыз сырттандық қасиет. Аман болсаңдар көресіңдер, кейін бұл қасқыр алады, – дейді. Айтса айтқандай кейін сол күшік қандай қасқырды да құтқармайтын нағыз сырттанның өзі болып шығады...

Қазақ саятшылары мен құсбегілерінің нағыз ұшқыр тазылар мен қыран құстарды танитыны сонша, олардың көзін ешнәрсе көлегейлей алмайды. Мысалы, Қытайдағы Іле өңіріне әйгілі атақты құсбегі Елшібай деген кісі бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатса, бір топ бала қанат-құйрығы түгел түсіп қалған бір қотыр қара бүркітті далбақтатып шырғаға салып ойнап жүргендерін көріп қалады да, қасындағы жолдастарына:

– Ей, ағайындар, қараңдаршы, анау балалардың шырғасын қуып далбақтап ұша алмай жүрген қара бүркіт нағыз қасқыр алатын қайтпас қараның өзі екен, барып балаларға ұсақ-түйек ақша беріп алып алайық, – дейді. Оған жолдастары күліп:

– Әй, Елшеке, «бояушы – бояушы десе сақалын бояпты» дегеннің керін келтіріп, сен құсбегі, құсбегі десе қайдағы бір балалар ойнап жүрген қотыр құсты қасқыр алады деп алжиын деген екенсің. Қой, ел көрсе ұят болады, – деп құсқа қарамай кетіп қалады. Елшібай балалардың қасына барып құсты қайдан алғанын сұраса, балалар оны бір бұтаға оралып қалып өлгелі жатқан жерінен тауып алған екен. Ауылдың үлкендері көріп «түкке жарамайды» деген соң ойнап жүріпті. Елшібай балаларға қалтасындағы бар ақшасын бөліп беріп, құсты алып үйіне барады да, бір мысқал сынапты өлтіріп жиырма бөлекке бөліп, оны әр күні бір рет ақжемге қосып берген екен, құстың үстіндегі жүндері түгел түсіп қызылшақа балапан болады да қалады. Елшібай оны қойдың жабағы жүніне орап екі ай бойы суыққа, желге тигізбей бағады. Екі айдан асқанда құсқа бұрынғыдан да әдемі, бұрынғыдан да жылтыр қара қоңыр жүн шығып, құс қолға қонуға келеді. Одан жалғасты бағып әбден семіртіп, жілік майын толтырып, күзде қайырып салған екен, бірінші ретте-ақ қасқыр алып, өзінің нағыз қандыкөз қыран екенін танытыпты.

Біз жоғарыда қазақ халқының саятшылық өнері өте қызықты әрі салтанатты дедік. Оның сондай қызықты да салтанатты болатын себебі, әр рет құсбегілер мен саятшылар аңға шығарда ауылдағы ат жалын тартып мінуге жарар кәрі-жас жүйрік, жорғаларын мініп, оларға топ-тобымен еріп алады немесе саятшылар өздері сал-серілер мен білікті қарияларды саятқа шығуға ұйымдастырып, өздерімен бірге саятқа алып шығады. Саятшылар қызықты әңгіме, әзіл-қалжың айтыса жүріп ұшқыр тазылары мен қыран құстарына аң-құстарының етіп түзде қақтап, пісіріп жеп, бағалы аң терілерін сыпырып алып мәре-сәре болысады.

Саятшылар кейде қызық үшін өзара бәстесіп, иттерінің алғырлығы, құстарының қырандығы және өздерінің оларды бағып-баптау өнерлерін сынасады. Сондай-ақ бір-бірінің иттері мен құстарына сырттай баға беріп, қандай ит, қандай құс екендіктеріне өз көзқарастарын айтады. Одан тыс, иттердің жонын, құстардың санын ұстап көріп, олардың бабының келген-келмегенін, аң мен құсты алатын-алмайтындықтарына өз кесімдерін білдіреді. Қорытып айтқанда:

Құс салсаң, ит жүгіртсең бабын тауып,

Басталар сонда қызық сайран-сауық.

Түлкі алса, қасқыр алса қыран құстар,

Мәз болар саятшылар қиқу салып.

Ұмыттырар уайым мен бар қайғыны,

Тазылар қара құйрық, қарсақ алып.

Батасың шын қызыққа саят құрсаң,

Шалқып бір шын көңілден рахат тауып, – деп ақындар тербеле, тебірене жыр еткендей, қазақ халқының саятшылық өнері адамдар көңілін көтеріп, жан-дүниесі мен рухын сергітуде дүниеде теңдесі жоқ ғаламат өнер. Оған ұлы табиғаттың қыр-сырын жетік меңгерген, аң-құстың тілі мен бағып-баптау өнеріне жүйрік, білімі терең, тәжірибесі мол нағыз сегіз қырлы, бір сырлы саятшылардың ғана қолы жетеді.

Саятшылық – құр аңшылық емес. Қазақ халқы ит жүгіртіп, құс салған; садақ тартып, мылтық, сақпан атып аң аулаған; қақпан, арса, тұзақ құрған адамдарды жалпылай «саятшы», «аңшы» деп атағанымен, алайда, олар пайдаланған ит, құс, қақпан, садақ, сақпан, мылтық қатарлы қару-жарақтарына және мақсат-ниеттеріне қарай оларды жеке-жеке бүркітші, қақпаншы, садақшы, мерген, қаршығашы, қырғишы, т.б. деп жіктейді. Себебі олардың барлығы аң аулап, саят құрғанымен, әрқайсының ит, құстары мен аң құралдарын ұстау, баптау, пайдалану тәсілдері бір-бірінен өзгешелеу болады. Мысалы, қырғи, қаршыға, ителгі, тұрымтай, сұңқар, лашын сияқты біршама кішілеу құс салатын саятшылар ит ертіп, дабыл, дауылпаз секілді аспаптарды пайдаланса; ал бүркіт салатын, қақпан, тұзақ, арса құратын аңшылар итті мүлде ертпейді және дабыл, дауылпаз сияқты аспаптарды көп пайдаланбайды. Сол секілді тек ит жүгіртетін саятшылар да бүркіт, қақпан секілді иттеріне қауіп төндіріп, зақым келтіретін құстар мен қаруларды істетпейді.

Ит жүгіртіп, құс салуда қазақ халқы кез-келген итті жүгіртіп, кез-келген құсты сала бермейді, қайта иттердің ішіндегі арлан, сырттан, мойнақ секілді ең күшті үлкен иттер мен құмай тазы, тайған тектес ерекше жүйрік алғыр иттерді; құстардың ішіндегі нағыз тастан қайтпас қандыкөз қыран бүркіттер мен қырғи, қаршыға, ителгі тектес ұшқырларын ғана таңдап алып, бағып-баптап жүгіртіп, соларды ғана аң-құсқа салады. Онда сол аңға қосатын (жүгіртетін) иттер мен салатын құстарды біршама уақыт бағып тәрбиелеп, әрі қатаң жаттығудан өткізіп, аңға қосатын (жүгіртетін), салатын кезде олардың арық-семіздігін, рухани күйін, аш-тоқтық жағдайын қатаң қадағалап ерекше бір шабытты күйде ұстайды. Олай болатыны, ит өте семіз және тоқ болса қызылмай болып аңға жете алмай жолда қалады. Өте арық әрі тым аш болса, аң қуғанда күш-қуаттан айырылып, аң алу мүмкіндігін жоғалтады немесе алған аңынан айырылып қалады. Ал аң-құсқа салатын қырандардың қайыруы жетпесе (бабы толық келмесе) немесе аңға салатын мезгілде тым тоқ болса және тым семіз болса аңға түспейді, кейде түсіп барып тайқап шығып кетеді немесе алған аңын жылдам қоябере салады. Еті тым төмен болса (арық болса), немесе ақжемімен көбірек жемделген болса, аңға ұшпайды, ұшып барып алғанымен әлі жетпей айырылып қалады. Тіпті қасқыр, түлкі тектес азулы аңдардың ауыздарына түсіп оп-оңай мерт болады. Міне, осындай себептерге байланысты қазақ саятшылары мен аңшылары жүгіртетін иттер мен аңға салатын құстарының бағып-баулуы мен аңға қосатын (салатын) уақыттағы арық-семіздігі, аш-тоқтығы, бабының келген-келмегені, рухани күйлерінің жоғары-төмендігі қатарлыларына дейін ерекше қадағалап, оған ерекше көңіл бөліп, баптары келгеніне көздері жетсе ғана салып, жүгіртіп, бастары келмесе әсте жүгіртіп, салмайды. Жалғасты баптап, бабына келтіруге тырысады.

Бұл қазақтың саятшылық өнеріндегі жалпылай алғандағы сыртқы сипаты ғана. Ал оның әрбір құс пен итті қалай баптап, аңға қалай салатыны, тануы – бәрі өз алдына бөлек тақырыптар.

Пайдаланған әдебиеттер:

А. Нүспоқасұлы. Ит жүгіртіп, құс салу. Шыңжаң жастар-өрендер баспасы. 2012 ж.