Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

“Бабамыз – майдангер. Жатқан жері шалғай жер...” (эссе)

2220
“Бабамыз – майдангер. Жатқан жері шалғай жер...”  (эссе) - e-history.kz

“Барлық ұрпақтары шулап жатыр. Өзі келгендей. Қуанып әлі жылап отырмын. Алды жеті шелпек пісіріп жатыр. Алла разы болсын! Сізге, сіздерге! Біз дейтін бұл кісіні өмір бақи іздеп жатырмыз. 1942 жылы кеткен. Содан шығып тұрған хабар мынау!” деп бастады сөзін “Егемен Қазақстан” газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы. Табиғатынан әзілге жаны жақын ол үй ішінде “Атам Дәуіт емес, Давид болып жүрген. Нән кемпірі қасында, мойнында кресті бар. Әйтпесе, неге хабары шықпайды?!” деп ара-тұра ащы күлкіге еріксіз бой алдыратын.

“Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Қызан деген ауылдан аттанған ғой. 1942 жылы кеткен, содан шығып тұрған хабар ғой мынау. Енді екінші рет қайта жерленген жерін табу керек. Жартылай табылып тұр. Мұның өзі – жаңалық! Біз деген ол кісіні қайда кетті? Өлсе, сүйегі қайда? Қай жылы өлді? Әлде, Германияға сатылып кетті ме?.. Енді жатқан жерін, сүйегін тауып, басына құран оқыту керек болып тұр. Алла риза болсын саған, Риза! Ата-бабалар аруағы қолдап жүрсін. “Atamnyn amanaty” ұйымына ризамыз.” деп бабасын іздеген ұрпағы сұхбатын тәмамдады.

“Бабамыз – майдангер. Жатқан жері шалғай жер...” атты әлеуметтік роликтің сценарийін жазып болып оқстан ауыр күрсіндім. Мәселен, шығармашылық адамы не жазушы я рухани адам болғаным үшін емес, қазақ болғаным үшін. Қазақ дүниетанымы мен дәстүрі үшін “Аманат”, “Сауап”, “Садақа” “Ұят”, “Обал” “Қарғыс” “Бата”, “Аруақ” деген сөздер құр жеңіл-желпі салмақсыз сөздер емес. Әсіресе, қазақтың арғы бабаларымен көзге көрінбейтін байланысы күшті. Өле-өлгенше тағзым етіп өтуіміздің де өзіндік сыры бар. Рухы киелі де көне бабаларымыз әлбетте, ең кем дегенінде құран бағыштауға лайықты! Әр ұрпақ бабасының өз топырағында жерленгенін қалайды-ақ. Қазіргі ардагерлеріміздің ұрпақтары: балалары, немерелері, шөберелері мен шөпшектері кімдер? Бүгінгі жастар гаджетке сүңгіп, ардагерлер тұрмақ, тіпті ұлты кім екенін ұмытып кетпеді ме? Еріктілер күреңвирус кезінде ардагерлер мен зейнеткерлерімізге қалай көмектесе алады? Алаңдайсың.

Capture.JPG

Біздің “Atamnyn amanaty” ұйымына “Атамды, бауырымды, туысқанымды тауып беріңіздерші” деген жүздеген хаттар келіп түседі. Жүрегі жұмсақ, қазақылығы қанына сіңген қыз бала ретінде мұндайға жай қарай алмаймын. Өзге отандастарым да солай қарай ма деп қалдым. Десек те, кейбір белгілі блогерлер мен танымал медиа тұлғаларға осындай ұйым бар екенін, бабаларын тауып беруге болатынын халық кеңінен білуі үшін жақсылықтың жаршысы болып, бірауыз айта жүріңіздер деп өтінген ек, көбісі ашықтан-ашық ақша сұрады. Менің дүниетанымым үшін бұл - әдепсіздік әрі жабайылық. Олар сауапты іс жасалып жатқанын, жалпы халық игілігі үшін жасалып жатқанын аңғарып-ақ отыр. Бәлкім, өз бабалары да соғысқа қатысқан болар. Демек, олардың саналарына аманаттың не екені, сауаптың не екені турасындағы түсініктердің елесі де бара бермейді. Нендей өкініш... Әйткенмен, ақпараттық тұрғыдан қолдау көрсетіп жатқан рухани деңгейі жоғары арда азаматтар да бар.

Біздің іздеуші отрьядттың белді мүшесі Күлян Нурмухамбетовадан әдеттегідей сұхбат алғанымда айтқаны: “Осыдан 28 апта бұрын Гүлайым Шынтемірқызы “Atamnyn amanaty”-на хат жазған еді. Атасы Бекбосынов Дәуітбайды іздеп. Бабасын біздің ерікті Жәнібек Науаров тапқан еді. Шын мәнінде өздері іздеп таба алмас еді. Өйткені, аты-жөні қате жазылған. Бұрындары мұсылман есімдерін қалай естісе, солай жаза салған ғой. Біз бірден тапқанымызбен де, бірақ жаңағы кісілерге хабар жетпей қалыпты. Өйткені, 8-желтоқсанда ол өтінішін қайтадан берді. Қарадық та “Ой, мына кісі естімей қалған екен ғой” деп бүгін таңертең бірден қоңырау шалдым. Гүлайым ханымның есітіген кездегі қуанышында шек болмады. “Атамның өзі қайтып келгендей күйдеміз!” деді.”

Атам Бекбосынұлы Дәуітбайдың кемпірі - Бекбосынова Айғаным. Айғаным шешеміз соғыс кезінде ер адамдардың орнына жүрген атқа мініп. Атқамінер әйел болған. Ол туралы да деректер Мәскеудегі мұрағаттан табылды. Партияның адамы. Ел басқаруға арласқан. Соғыс біткен соң күйеуінің “Іс-түссіз жоғалып кетті” деген хабары шыққан соң, еп-ерте 36 жасында қызылшадан қайтыс болған. Екі бала артында тұлдыр жетім қалған. Сосын Дәуітбайдың ағасы Қойшыбай сол екі баланы өзіне алған. Осы жалғыз ағасы жұмыс батальонына соғысқа барып, қайтып келген. Ал мына кісі хабарсыз кеткен. Артында екі ер бала қалды: Сарытемір және менің әкем Шынтемір. Біреуі – 38 жылғы, біреуі – 40 жылғы. Бүгінде екеуі де өмірде жоқ. Сарытемір 1991 жылы кетті. Менің әкем 2007 жылы өмірден озды. Екеуі де кетер кеткенше бір хабар шығар ма екен деп күтті ғой. Одан ешқандай хабар шықпады. Жерленген жерін де біле алмадық. Қазір екі ұлдың кемпірлері бар. Менің анам 80-нен асты. Сарытемірдің кемпірі ауырып, инсульт алып үйінде отыр. Қойшыбай деген ағасынан қалған ұл бар Сүймен деген. Сексеннен асып кетті. Қазір ауылымыздың ақсақалы. Жаңа хабарласып, қуанып жылап жатыр. Сол Сарытемірден 10 бала, Шынтемірден 10 бала. Дәуітбаевтар шүкір бармыз. Немере, шөбере, шөпшек деген жапырақ жайып өсіп келе жатыр. Осы уақытқа дейін бір хабарын біле алмадық қой. Әкем 1-2 жаста болғанда кеткен ғой. “Әкемнің түрін білмеймін, қара ұзын адамның кетіп бара жатқанын артынан қарап тұрғаным еміс-еміс көз алдыма келеді.” деп отыратынын қызы көңілі солғын тартып еске алды.

Сосын енді іздестірдік. “Книга памяти” кітабын қарадым. Барлық жерде “Без вести пропал” дейді, басқа хабар жоқ. “Без вести пропал” екенін өзіміз де біліп отырмыз. Бізге жерленген жері керек, басына барып құран оқитын, садақасын беретін! Сосын жерлесім ерікті Жәнібек Науаровқа хабарласқанымда тізім берді, онда жоқ екен. Содан кейін ол кісіге хабарласқан жоқпын.

Енді “Atamnyn amanaty” қоғамдық бірлестігінен бүгін 10-желтоқсан таңғы сағат 6.30-дан бастап тынымсыз хабарласты. “Атамның аманаты” ұйымының қыздары сау болсын! Көп-көп рақмет! Өте қуаныштымыз! Жылап жатыр... Бәрі бір түрлі болып кеттік деп. Жанталасып жеті шелпек пісіріп жатыр. Украинаға барамыз деп қуанып дайындалып жатыр. Енді жаңа жалғыз ағасының қазіргі көзі тірі баласына, ақсақалымызға айттым. Дауысы дірілдеп, егіліп жылауда. Әрең сөйледі... Өзімнің сексендегі анама айтып ем, ол да булығып, солқылдап еріксіз жылап жіберді. Қайтісін, мұны енді  мүмкін деп ойламаған да ғой.

Бұл – бабасы қазақ топырағына, шаңырағына қайта оралғандай күй кешкен Гүлайым ханымның оқиғасы. Осындай жарқын һәм жанды жейтін сюжеттер өте көп. 2050-ші жылдары немесе 2060-шы жылдары өмір сүретін отандастарымыз “Сауапты іс істеп жатырсыздар!” деп біздерге риза болып жиі айтар. Біздің бағамыз – осы. Бағамызды беретін де - бүгінгі және ертеңгі халық!

Риза ЫСҚАҚ

"Атамның аманаты" қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?