Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бақытжан Ақтайлақ: «Түркелі – Түркістан ұлттық комитеті» туралы аз білеміз

2292
Бақытжан Ақтайлақ: «Түркелі – Түркістан ұлттық комитеті» туралы аз білеміз - e-history.kz

Мұстафа Шоқай дүниеден өткен соң, оның артында қалған идеялас саптастары сол кездегі фашистік Германия үкіметінің көмегімен «Түркістан ұлттық комитеті» мен «Түркістан легионын» құрады. Аталған ұйым мен легионның тағдыры баршамызға белгілі. Алайда осы легионды Мұстафамен біріктіріп, оны фашистік идеяны қолдаушы ретінде қарауға болмайды. Совет үкіметі қаншалық қатыгез болса, фашистік үкімет те соншалық қаныпезер болды. Мұстафа Шоқай ең алдымен демократ тұлға болатын. Ол ешқашан да бір ұлттың ғана үстем болуын қолдамас еді. Советтік тоталитарлық жүйеге қалай қарсы шықса, фашистік идеялогияға да солай қарсы болған. 

Бұл туралы бұған дейін де баспа беттерінде жиі айтылып жүрген зерттеулер куә. Соның бірі Дархан Қыдырәлінің "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген "Мұстафа Шоқай және "Түркістан легионы" мәселесі" деген мақаласы. Мақалада 1939 жылы фашистік Германия мен Совет одағының екі жақтап Полшаға басып кірген кезінде, кейінгі финдердің Совет одағының басқыншы жорығына қарсылығы кезіндегі Мұстафа Шоқай ұстанған көзқарасты мысалға келтіреді. Мұстафа Шоқай жоғарыда аталған финдердің қаһармандық қарсылығынан шабыт алып «Промете» журналының 1940 жылы сәуір айында шыққан соңғы санында ел-жұртты "оба мен тырысқақтың" арасында таңдау жасамауға шақырады. Яғни мұндағы оба мен тырысқақ Совет пен фашистік Германия. екеуі де кесел. Бір кеселден бір кесел жеңілдеу ғой деуге келмейтіні анық. Оның сыртында Мұстафа өзі тұтқынға түскен түркістандықтармен кездескен кезі туралы жазғанда, оларға келсін-келмесін үгіт айтуға қарсы болғанын айтады. Ал "Түркістан легионын" құрушы Уәли Қаюммен алғашқы кездесуінің тым салқын болғанын деректер айтады. Осы қарсаңда Мұстафаның өзі бір неше рет тұтқындалып, соңғы жолында қайтып келмейді. Өлімі де жұмбақ күйде қалады. Ол өлгеннен кейін құрылған "Түркістан комитеті" мен "Түркістан легионы" Мұстафаның идеясына қатыссыз деп айта аламыз. 

Негізінен соғыс тұтқындарынан құралған "Түркістан легионы" да Гитлердің үмітін ақтай қоймағаны белгілі. Отар құрамында жатса да қарсы тараптағы өз қандасына қарсы оқ ата алмаған көрінеді. Бұл жоба да аса нәтижелі болмай, ақыры соғыс аяқтамай жатып жоғалып тынды. Ал соғыс аяқталғаннан кейін, 1950 жылы "Түркелі-Түркістан ұлттық комитеті" деген атаумен тағы бір ұйым құрылады. Ұйым Мұстафа аманат еткен Түркістанның тәуелсіздігін, тұтастығын мақсат қылса керек. Бұл ұйымның тағдыр-талайы мен атқарған істері туралы және еліміздегі тарих зерттеу мәселелері туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Бақытжан Ақтайлақпен шағын әңгіме өрбіткен едік.

– Тарихшы, зерттеуші ретінде бүгінгі қазақстандық тарих ғылымында қандай ерекшелік пен кемшілік бар деп ойлайсыз? Қандай кезең көбірек зерттеліп, қандай кезеңдер немесе тақырыптар көлеңкеде қалып қойып жатыр?

– Отандық тарих ғылымында ілгерілеу бар деп ойлаймын. Бірақ бұл баяу қарқынмен жүріп жатыр. Кемшілігіміз де сол. Кейде көштің соңында келе жатқандаймыз. Ғылымда жаңадан пайда болған көзқарастар мен методологияны отандық зерттеу жұмыстарына енгізуге асықпайтын тәріздіміз. Әлемдік ғылыми қауымдастық әбден талқылап болған соң ғана пайдаға жарата бастаймыз. Қазақстан тарихы әлемдік тарих төңірегінде зерттелуі керек және ғылымдағы жаңашылдықты тез қабылдауымыз қажет. Бұл бір. Екіншісі, меніңше, өткен тарихи ойды да жоққа шығару дұрыс емес. Қазіргі жас тарихшылар Кеңес Одағында жазылған жұмыстарды оқымайды. «Ондағының бәрі өтірік, таза коммунизм», – деп мән бермейді. Оқымай жатып, ішін білетіндей сыңай танытады. Бұл қате ой. Себебі, ол жұмыстарда тарихи ой жатыр. Тіпті жоқ дегенде өткен зерттеушілердің тәжірибесі, «қателігі» жатыр. Сондықтан оларды оқу маңызды.

Меніңше, біздің тарихтағы ең көп зерттелген тақырыптар ХХ ғасырдағы тарихи оқиғаларды қарастырады. Өзімнің де зерттеу тақырыбым ХХ ғасырды қамтиды. Тәуелсіздік кезіңін қарастыратын жұмыстар да көбейіп келеді. Ең аз зерттелген кезең орта ғасырлар шығар. Мәселен, университетте білім алушылардың магистрлік және докторлық диссертацияларының бекітілген тақырыптарын қарап көріңіз. Сонда бәрі белгілі болады.

Аз зерттелген тақырыптардың қатарында шетел асқан қазақтардың қайраткерлік қызметін жатқызуға болады. Олар жайлы мүлдем зерттеу жұмыстары жоқ дегеннен аулақпыз. Бірақ көпшілік Мұстафа Шоқайды жақсы танығанымен, Еуропада жасаған басқа азаматтарды біле қоймайды.

WhatsApp Image 2020-10-14 at 09.31.59.jpeg

– Мұстафа Шоқайдың Еуропада жүріп жасаған жұмыстарын көргенде, мақалаларын оқығанда қандай елшіл, қандай жанкешті тұлға еді деп тебіренем. Алаш қайраткерлеріндегі, осы Мұстафалардағы елшілдік бүгін жоқ секілді. Осындай елшілдікті тарих пәні арқылы тәрбиелеуге бола ма? Ол үшін не істеу керек?

– «Халқына қызмет қылу мінезден» демекші. Көп нәрсе мінез бен тәрбиеге байланысты ғой. Меніңше, елшілдік, отансүйгіштік бүгінгі таңда бар. Оның айқын көрінбеуі мүмкін. Алаш қайраткерлерінің заманы ұлтымыздың тарихындағы шешуші кезеңдердің бірі болды деп білемін. Жанын қатерге байлап атқарған істері ұлтымыз үшін оң нәтижесін берді. Дәл сол заманда зиялыларымыз үндемей қалса, немесе қалыптасып үлгермесе халқымыздың жойылып кетуі кәміл еді. Ал бүгінгі таңда ұлт басына ашық қатер төніп тұрған жоқ.

Тұлғалық қалыптасуда тарих пен әдебиеттің рөлі жоғары. Шындық тұрғысында жазылған тарих тұлғаның бойында мызғымас елшілдікті, отансүйгіштікті қалыптастырады. «Біз кереметпіз немесе бұрын тамаша болатын» деген даурықпа сөздер пайда бермейді. Жаңсақ пікірлерден аулақ болу керек. Абай өзінің екінші қара сөзінде мұны дәл айтқан: «Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» Өзімізді басқа ұлттардан артықпыз деуден сақтанып, өзіміздің ұлттық болмыс пен бірегейлігімізді танығанымыз жөн.

– Мұстафа Шоқай дүниеден озған соң Германияда Түркістан ұлттық комитеті құрылды. Осы ұйымның мақсаты не еді? Мұстафаның идеяларымен қаншалық қатысты болды?

– «Түркістан ұлттық комитеті» Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан кейін құрылған ұйым. Біртұтас Түркістанның тәуелсіздігін аңсаған Мұстафа Шоқай Еуропа жерінде өзінің көптеген жақтастарын қалдырып кеткен еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германияның тұтқыны болған қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік азаматтары туған жеріне оралу мүмкіндігінен айрылған еді. Әркім өз бетінше соғыстан кейінгі Еуропадағы қиын жағдайды (аштық, ауру-сырқаудан емделу, жұмыс табу, т.б) басынан өткізіп жатты.

1950 жылы Германияның Мюнхен қаласында «Түркелі-Түркістан ұлттық комитеті» құрылды. Оған Орталық Азия елдерінің көптеген азаматтары мүше болған. Өздерін Мұстафа Шоқайдың ізін жалғастырушылар ретінде есептеді. Мұны атқарған ісімен де дәлелдеді.

Біздің тарихымызда Мұстафа Шоқайдың тағдыры біршама зерттелгенімен осы ұйымның тарихы елеусіз қалып отыр. Бұл ұйым Қазақстанның тарихы үшін ғана емес, Орталық Азиядағы бізбен көрші елдердің тарихында алатын орны ерекше. Бұл ұйым Еуропаның орталығында бүкіл түркістандықтардың басын қосуға тырысты және Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресіп бақты.

– «Түркістан ұлттық комитетіне» кімдер мүше болды және олар қандай істер атқарды?

– Бұл комитетте Қазан төңкерісінен кейін елден кетуге мәжбүр болғандар, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқын болғаны үшін Еуропада қалғандар топтасты. Әсіресе соғыс тұтқындары көп еді. Алғашқы жетекшісі Қарыс Қанатбай есімді азамат болған. Бұл кісі «Азаттық» радиосының Түркістан редакциясын құрудағы рөлімен біраз белгілі.

Сонымен қатар, Әлихан Ағаұлы, Мәжит Айтбай, Мәулікеш Қайыпалдыұлы, Абдолла Төлеген, М. Дара, Асқар Әли, Хамза Абдуллахұлы, Қожамберді Құдайберген, Амман Бердімұрат сынды азаматтар болған.

Комитет «Түркелі» деген журнал да шығарып тұрған. Оның редакторы қырғыз азаматы Қожамберді Құдайберген деген кісі болған. Жоғарыда есімдері аталған азаматтар осы журналдың бетінде Асан Қайғы, Қобысшы Қорқыт, Еркін, Уәли Зұнын бүркеншік аттармен өз шығармаларын жариялап тұрған. Шетелде жарық көрген бұл журналды жалпы Түркістанның және оның ішінде қазақтың шетелдік мерзімдік басылымы ретінде зерттеген жұмыстар жоқтың қасы. Өз зерттеушісін күтіп отыр.

– Түркістан ұлттық комитетінің Түркістан легионымен байланысы қандай? Осы Түркістан легионы туралы өз ойыңызбен бөліссеңіз.

– Түркістан легионының сапында болған азаматтар соғыстан кейін Комиттеттің жұмысын ұйымдастыру ісіне араласқан. Түркістан легионы жайлы біршама зерттеу жұмыстары баршылық. Ол жүмыстарда фашистік басшылық пен легионның мүшелері арасында мақсат-мүдденің айырмашылығы байқалады. Өз ойым, олардың нақты ісін бағалау керек. Мәселен, фашистермен байланыста болғанда адамзатқа қандай қиянат жасалды? Қандай елді-мекендер өртенді, т.с.с. Менің білуімше легион соғыс қимылдарына қатыспаған. Ресейлік кейбір зерттеушілер Ұлы Отан соғысын керемет бір «романтикалық» сипатта көрсеткісі келеді. Дегенмен соғыстың аты соғыс. Ол қаншама тағдырды талқандады. Жалпы ХХ ғасырдағы соғыстардың барлығы әділетсіз, қанқұйлы соғыстар және бұл екі тарап үшін де солай.

Тарих мақтан үшін керек емес. Өткеннің жақсылығы мен жамандығынан, қуанышы мен қасіретінен сабақ алу үшін, жамандықты қайталамау үшін керек.

– «Түркістан ұлттық комитеті» елмен қалай байланыс құруға тырысты? Қандай қадамдарға барды?

– Комитет өзі шығарған «Түркелі» журналын сол кездегі кеңестік Түркістанға жібергісі келген. Бірақ онысы іске аспаған. Журнал негізінен сыртта жүрген отандастар арасында таратылып тұрған. Журналға қарағанда радионың әлдеқайда тиімді екенін түсінген түркістандықтар «Азаттық» радиосымен де осы мақсатта істес болған.

Олар туған елден жырақта жүргендердің басын біріктіргісі келгені анық. Мәселен, ХХ ғ. Ортасында Үндістаннан саяси пана тапқан қазақтарға «Түркістан ұлттық комитетінің» басшысы Қарыс Қанатбай хат жазып байланыс орнатқан. Ұйымның мақсатымен таныстырып, «Түркелі» журналын жіберген екен. Бұдан аңғаратынымыз Комитеттің жұмысы Германия, тіпті Еуропа төңірегінде ғана болмаған.

– Тың ойларыңыз үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?