Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарсыласу қозғалысы қатарындағы қазақстандықтар

1533
Қарсыласу қозғалысы қатарындағы қазақстандықтар - e-history.kz

Қазақстандықтардың фашизммен күреске қатысуы тақырыбы ешқашан да өзектілігін жоғалтпайды, әсіресе Жеңістің 75 жылдығын тойлап отырған биылғы жылы. Кеңес тарихнамасы соғыс тақырыбын жария етуде өз қағидаттарымен ерекшеленетін, атап айтқанда, гитлердің тұтқынына түскен, «Түркістан легионы» қатарына енген қазақстандықтардың тағдырын зерттеу қоғамдық жазғыруға, терең моральдық айыптауға ілінетін. 

Көптеген солдаттардың тұтқыннан қашып, Қарсыласу қозғалысы қатарына кіргендері, партизан отрядтарында фашизммен күрескендері құпия емес. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тарихшылар, өлкетанушылар, әуесқой зерттеушілер осы мәселеге мойын бұрды. Қарсыласу қозғалысы отрядтарына болған қазақтардың аттары талатын құжаттарға шетелдік архивтер бай екен. Бұл ретте филология ғылымдарының кандидаты Болат Баймұхановтың зерттеу жұмыстарын атап өткен жөн. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің қызметкері қазақстандық қатысушылардың күнделіктерін, құжаттарын зерделеген. 

Екінжі дүниежүзілік соғыстың айрықша әрі заңды құбылысы – Қарсыласу Қозғалысы болды. Шығуына қарай ол ұлттықтан гөрі интернационалдық сипатта болды. 

Еуропалық Қарсыласу қозғалысының жауынгерлері халықаралық ниеттестікті ынтымақтастықтың түрлі формасында көрсетті: еуропалық партизандық қозғалысқа қатысты, әскери тұтқындар лагерлерінде, концентрациялық лагерлерде антифашисттік күрес жүргізді, тұтқындардың қашуын ұйымдастырды, оларды майдан сызығынан немесе ел шекарасынан тыс шығарды және т.б. 

Жекелеген елдердің партизан отрядтары қатарында неміс басқыншыларына қарсы түрлі ұлт өкілдері шайқасты, олардың ішінде әскери тұтқындар лагерлерінен қашқан кеңестік офицерлер мен солдаттар да болды. Кеңестік антифашисттер, оның ішінде қазақтар да, тағдыр талайымен өздері тап болған елде нацизм мен геноцидке қарсы күресуді өздерінің патриоттық әрі интернационалдық парызы санап, Қарсыласу қозғалысы қатарына белсенді түрде қосылған. КСРО, Польша, Чехословакия, Югославия, Бельгия және басқа елдерде антифашистік күрес жүргізілді. Фашистік билеп-төстеуге қарсы күрес бүкіл Еуропада жүрді. Екінші дүниежүзілік соғыс бір мемлекеттің екінші мемлекетке қарсы соғысы болған жоқ. Соғыс жекелеген халықтың өмір сүруіне емес, тұтас әлемдік өркениет үшін жүргізілді. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде былай деген: «біз майдан даласында ғана емес, сонымен қатар жау тылында ерлікпен күрескендерді де ризашылықпен еске аламыз. 3 мыңнан аса жерлесіміз Ресейде, Украинада, Белорусияда, Югославияда, басқа да елдерде партизан отрядтарында соғысты, Қарсыласу қозғалыстарында асқан ерлікпен күресті». 

Халықты азат ету соғысы мен оған Қарсыласу қозғалысы жауынгерлерінің қатысуы Еуропа халықтарына жеңісті ғана емес, сонымен қоса мемуарлар, партизан күнделіктері, хаттар мен жазбалар түріндегі антифашисттер ерлігінің шежіресін де қалдырды. Осындай тарихи құжаттардың ішінде батальон комиссары Төлтай Шановтың да күнделігі сақталған екен. Югославие армиясының батыл жауынгері, партизан қазақ өз күнделігінде ерлік күресінің сюжеттерін егжей-тегжейлі сипаттап жазған екен. Т. Шанов жазғандай, 1943 жылдың қыркүйегінде словендік партизан отрядының негізінде фашисттік концлагерлерден қашқан кеңестік әскери тұтқындардан Югославия ұлт-азаттық армиясының 18-ші дивизиясы жанынан 2-ші екпінді орыс батальоны құрылған. Бұл батальонның командирі жас қазақ Бейсен Раисов, ал саяси комиссары Төлтай Шанов болған. Отыз айдан астам уақыт бойы бұл батальонның жауынгерлері асқан ерлік үлгісін көрсеткен, 180 ұрысқа қатысқан, фашистердің 9 мыңнан астам офицері мен солдатын құртқан, жаудың 40 тірек пунктін жойған, қарсыластың көптеген қару-жарағы мен техникасын қолға түсірген. Батальон аязға, таудағы ауа-райына қарамастан, құздар мен шатқалдарды айналып өтіп, Словения, Бенечий, Гории-Требуш, Лединде ерлік іздерін қалдырған. Югославия ұлт-азаттық армиясының негізгі бөлігін құраған партизан бригадаларында басқа ұлт өкілдеріне қарағанда, қазақ ұлты басым болғанын айта кеткен жөн. Мысалы, бір ғана 2-ші екпінді орыс батальонында 100-ге жуық қазақ болған. Бұлай болуы кездейсоқ та емес. Югославиенің партизан отрядтарында қазақстандықтардың басым болуының себебі - Югославия ұлт-азаттық армиясының бас қолбасшысы Титоның қазақ халқына деген ерекше құрметі. Югославие көсемінің тарихы Қазақстанмен тығыз байланысты. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жас унтер-офицер Тито орыс тұтқынына түсіп қалады. 

Большевистік төңкеріс кезінде Сібір мен Қазақстанда Кеңес үкіметін орнату жолындағы ұрыстарға қатысады. 1919 жылы колчактықтармен болған кезекті ұрыстан кейін ол Омбы қаласы жанындағы «Домбай» деп аталатын елді-мекенге тап болып, сол жерде оны Исай Жақсынов деген ауқатты қазақ тығып, паналатады, жас Иосип соның қарамағында элеваторда механик болып жұмыс істейді. Иосиптің еңбекқорлығына тәнті болған Исай аға оған өз баласындай қарайды. Екі жыл қазақ ауылында тұрған Иосип жергілікті халықтың тілін, жөн-жоралғысын, салт-дәстүрін, қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен дәстүрін асқан қызығушылықпен үйренеді. Оның үстіне Иосип Титоның анасы Пелагея Брозоны Мәскеудің бағыттауымен 30-шы жылдары Шығыс Түркістанмен (яғни Шыңжаң провинциясымен) коммунистік байланыс орнату үшін Жаркент қаласында мұғалім болып еңбек етеді, ал ұлы Тито, Коминтерн мүшесі, оған бірнеше рет келіп-кетеді. Қазақстанда жиі болған және осында тұрған Югославиенің болашақ маршалының қазақтардың жылы шырайлы, ашық-жарқын, адал жауынгер халық екеніне, және кез-келген маңызды шаруаны сеніп тапсыруға болатындығына әбден көзі жетеді. Кейінірек, соғыс жылдарында, Югославия ұлт-азаттық армиясының бас қолбасшысы Тито командирлерді көбінесе қазақтардан қойған, олар бастаған жауынгер-интернационалистерді ең жауапты тапсырмаларды орындауға жіберген, және ұрыс сәтті аяқталған кезде, бірінші кезекте жауынгерлік орден-медальдармен осы командирлерді марапаттаған. Мысалы, Төлтай Шанов аты аңызға айналған маршал Титоның өз қолынан Югославиенің ең жоғарғы «Ерлігі үшін» орденін және «Батырлығы үшін» медальдарын алған. 

Соғыс бітіп, Югославие тәуелсіздігін алғаннан кейін Югославие Социалистік Федеративтік Республикасының Президенті Иосип Тито: «Фашизммен күрес барысында және Югославиедегі шайқас даласында біздің жауынгерлермен бірге иық тіресе күресте қан төгіп, өмірін құрбан еткен мыңдаған кеңес батырларын Югославие ешқашан ұмытпайды», - деген. Осындай қаһармандар қатарында 2-ші екпінді орыс батальонының жауынгерлері де бар. Батальон комиссары Төлтай Шанов күнделігінде жазғандай, серб-хорват жауынгерлері Милан Осрадкар, Очак Драгович, Марко Редилон, Мирко Чекич, Михо Джурич, Велемир Петровичтермен бірге балқаштық Бейсен Райысов, ақтөбелік Арық есентаев, қарағанды даласынан Бошай Қанапиянов, Ертістен Аманжол Сағынаев, Ақмоладан Ақмағамбет Қозыбағаров, Көкшетаудан Телжан Желқожанов және көптеген басқа да біздің жерлестеріміз иін тіресе Югославиені жаудан азат ету үшін шайқасқан. 

Отанынан жырақта жүріп соғысқан қазақ жігіттері Югославие Армиясының көптеген жауынгерлік наградаларымен марапатталып, туған елге Қарсыласу Қозғалысының қаһармандары және Ұлы Отан соғысының жеңімпаздары болып оралды. Алайда туған елінде оларды үкімет және туған-туыстар тарапынан түсінбеушілік күтіп тұрған еді. Мысалы, фашисттік тұтқыннан қашып шығып, партизандық қозғалыстың белсенді қатысушылары болған 50 мың кеңестік офицер мен солдаттың бірі Т. Шанов өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін өзіне деген жақтырмаушылықты, үкімет тарапынан біржақты қатынасты басынан кешірген. 198-ші атқыштар дивизиясы бөлімшесінің командирін Отанға оралысымен НКВД-ға оперативтік есепке қояды. 

Оны күдікті элемент санап, Отанын сатқан сатқын ретінде айыптап, соғысқа қатысушылар санатына қоспай, аудан орталығынан 500 шақырым жерде орналасқан Шошқакөл деген жерге аударып, облыстың басқа аудандарына шығуға қатаң тыйым салады, СОКП қатарына қабылдамайды, сайлаушы дауысынан да айырады. Өмірінің соңына дейін Төлтай Шанов қарапайым мұғалім болып қызмет етеді. Төлтай Шановтың жолдастарын да осындай тағдыр күтіп тұрды. Неміс тұтқынынан қашып, Германия басып алған Еуропа елдерінде Қарсыласу Қозғалысына қатысқан бұрынғы кеңестік әскери тұтқындар қудалауға ұшырады. Мысалы, оның басшылық таланты туралы соғыс жылдарында югославтық-кеңестік баспасөз ұдайы жазып тұрған, Югославия ұлт-азаттық армиясының 2-ші екпінді орыс батальонының бұрынғы командирі, балқаштық Бейсен Райысов та ІІХК (НКВД) тарапынан қудалауға ілігеді. Жағдай оны Түркіменстанға көшуге мәжбүрлеп, сол жақта бірнеше жылдан кейін қайтыс болады. Отанға оралғаннан кейін аты аңызға айналған партизан, Кеңес Одағының батыры және Болгарияның Халық Қаһарманы, неміс тұтқынынан қашып шығып, Қарсыласу Қозғалысы қатарында күрескен Зиямат Усманұлы Құсановтың да жеке бас бостандығы шектеліп, құқығына шек қойылған, Батырдың алтын жұлдызы оны соғыс біткесін тек 2О жылдан кейін ғана тапқан. 

Оның ерлігінің куәгерлері оның Курск түбінде және Болгарияда жау тылында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде екі рет «өліп-тірілген» қаһарман ретіндегі батырлық істерін әлемге паш етіп айтқанға дейін, ол да Т. Шанов сияқты ІІХК-ның оперативтік есебінде тұрған, математика мұғалімі болып жұмыс істеген, өзі тұрған ауылдан шетке шығарылмаған, Отанын сатқан сатқын ретінде күдікке іліккен. Осыған ұқсас, тіпті әлдеқайда ауыр тағдырды ақтөбелік антифашист Қандоз Жауымбаев та бастан кешірді. Фашистік лагерден қашып шығып, Франциядағы партизан қозғалысына қатысқанына қарамастан, 1948 жылы елге оралғаннан кейін 15 жылға сотталады, оның 8 жылы Карлагта отырады, тек 1955 жылдың желтоқсанында рақымшылықпен шығып, үйіне оралады, алайда «Отанын сатқан» деген айып сол күйі қалады. 

Қарсыласу Қозғалысына қатысқан қазақстандықтар ішінде жазықсыздан айыпталып, қудалауға ұшырап, түрлі шектеулерге іліккендер осы күнге дейін бар. Жоғарыда аталған, Югославиенің алыстағы тауларында, Адриатика теңізі мен Дунай, Савва мен Сена өзендерінің жағасында, Альби мен Тулуза қалаларында жердегі бейбіт өмір үшін шайқасқан батырлардың өміріндегі бұл қара жолақ И.В. Сталиннің Қызыл Армия жауынгерінің жау тұтқынына түскенше, өлгені артқын деген пікіріне сәйкес қалыптасты. 

Бұл идея кеңестік заңнамада «Әскери қылмыстар туралы ережемен» (1927) бекітілді, ол «тұтқынға берілу» және «өз еркімен қарсыластың жағына өту» түсініктері арасын теңестіріп қойған еді. Көптеген әскери тұтқындар 50-ші жылдары ақталғандарына қарамастан, оларға тек рақымшылық қана жасалды, ал «Отанын сатқан» айыбы сол күйінде қалды. 

КСРО ыдырағаннан кейін қоғамдастықтың және жекелеген саяси қайраткерлердің талап етуімен РФ президенті Б. Ельцин әскери тұтқындар туралы мәселені қайта қарап «О восстановлении законных прав российских граждан - бывших советских военнопленных и гражданских лиц, репатриированных в период Великой Отечественной и в послевоенный период» Жарлығына қол қояды. Бүгінгі ҚР үкіметіне де авторитарлық-тоталитарлық жүйеден жазықсыз жапа шеккен қазақстандық азаматтарға қатысты осындай құжат қабылдаудың уақыты жеткен сияқты. 

Әскери тұтқындар ісі бойынша материалдарда Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысына қатысқан 49 қазақ 1946 жылы елге оралғаннан кейін ату жазасына кесілгені, кейіннен бұл жаза 25 жылға бас бостандығынан айыруға алмастырылғаны туралы фактілер бар. Қоғамның жаңару үдерісінің арқасында бұл адамдарға кейін рақымшылық жасалған, алайда «Отанын сатқан» айыбы алынбаған. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұлт-азаттық күрестің қорытындысы мен сабақтары әлемнің барлық халықтары үшін зор әрі баянды құндылық. Уақыт әрқашан да жадымен өлшенеді. Сондықтан да Қарсыласу Қозғалысының қорытындылары мен сабақтарын ашу халықаралық ынтамақтастықта және бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуде зор мәнге ие.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?