Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХVІІ ҒАСЫРДАҒЫ ӘЙТЕКЕ БИ ТҰЛҒАСЫ

1890
ХVІІ ҒАСЫРДАҒЫ ӘЙТЕКЕ БИ ТҰЛҒАСЫ - e-history.kz

Би болсаң, арқаң салқын,

құшағың жылы болсын!

(Халық тағылымы) 

Қай елдің де айбынын асырып, айдынын тасытатын басты белгісі – ұрпаққа мұра, ұлтқа ұран болатын ұлы тұлғалары. Қазақ халқының осындай ұлы перзенттерінің бірі – алшын Әйтеке би. Ол қазақ рухын қайта түлетудің алтын діңгегіне айналған дара тұлға. Өз заманының келелі қоғам қайраткері, салиқалы саясат ұстанған саясаткері, аузымен құс тістеген шешен биі.

«Қазақтың ата заңдары» көптомдығының 1-томында қазақ билерінің қызметі жөнінде былай делінген: би – жас ерекшелігіне бағынбайтын қызмет, би – табиғи қабілет пен терең білімді ұштастырған адам, би шешен тілді, тоқсан ауыз сөздің тобықтай мәнін табатын, айтқан сөзінің салмағы қорғасындай болуы шарт. Би – ердің құны, нардың пұлы болса да, екі ауыз сөзбен шешетін адам. Би – терең білімділігімен қатар, өзіне тартпайтын адам. Ол – турашыл, «қара қылды қақ жарған» адам. Бидің өз өмірінде өз басына дау келтірмеуі шарт, күмәнді сөзге себеп бермеуі шарт.

Қазақ халқының атақты үш ұлы абыз-билерінің бойынан осы қасиеттер түгел табылған. Олар елі үшін туып, елі үшін өмір сүрді. Халқының басына қиын кезең орнап, күн туғанда алаулап шарпыған отты қарылғаштай қанатымен бүркіп, байрақты елі мен кең байтақ жері үшін қасықтай қаны қалғанша ата жауына қаймықпай қарсы тұрып, тосыннан шапқан басқыншыларға абдырап қалған халқын «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» бастай білді.

Қазақтың үш алып бәйтерегінің бірі, кемеңгер, Кіші жүздің бас биі, «ауызымен құс тістеген», «аяқтыға жол, ауыздыға сөз» бермеген данышпан шешен, от ауызды, айыр тілді алшын Әйтеке би Бәйбекұлы (1644-1700ж.ж.) – Самарқан мен Бұхараның аралығындағы Қызбибі тауының етегінде дүниеге келген [1, 166-б.].

Қазақ тарихының талмау тұсында өмірге келіп, артына аталы сөзі қалған, есімі ел жадында сақталған қазақ шешендерінің бірі – Әйтеке биді саяхатшы-ғалым Шоқан Уәлиханов белгілі билердің бірі ретінде үйсін Төле бимен қатар атайды [2, 13-б.].

Халық оның шешендігін бағалап, «айыр тілді Әйтеке» деп атаған. Оның бұл қасиетін халық ақыны Қазанғап Байболов былайша жырлайды:

Қара тастай болса да,

Босатқан буын, жүйені.

Онан да өткен Әйтеке,

Қудан ұшқыр, құланнан,

Мұндай шешен болмайды.

Бір сөзін жүз мақалдап,

Сипаттап қандай тіркейді.

Түршіктіріп деміңді,

Барған сайын өрлейді.

Таудай сөзге тарыдай,

Қию тауып сөйлейді.

Ерегіссе біреумен,

Қара жерге теңейді.

Қанша ділмар дегендер,

Ширегіне келмейді...

Зерттеуші Мұқадес Есламғалиұлының деректері бойынша, Әйтеке бес жасынан бастап ауыл молдасынан сауатын ашады. Оның зеректігін аңғарған атасы Ақша би жеті жасынан өз қолына алып, Самарқандағы «Ұлықбек» медресесіне оқуға береді. Ал Жалаңтөс баһадүр атасынан әскери әдістермен, қолбасшылық, батырлық қасиеттерді бойына сіңіреді. Араб, парсы тілдерін меңгереді. Жан-жақтылығы, зеректілігі, алғырлығы, турашылдығы арқасында 20 жасында Самарқан, Нұрата маңын жайлаған қарақалпақтар мен өзбек уәлаяттарының «Ұлыс биі», 25 жасында Кіші жүз халқының бас биі болып сайланады.

1680 жылы «қазақ халқының семсері» атанған Тәуке ханның кеңесші биі болады. Қаратілдің асқан тұлпары, көкке самғар сұңқары, сөйлегенде бүкіл жұртты аузына қарататын кемеңгер би 19 жыл хан кеңесіне мүше болған. Әйтеке би өзінің үзеңгілес серіктері дана-данышпан Төле би, Қаз дауысты Қазыбек билермен Тәуке ханның тұсында шығарылған «Жеті жарғы» далалық заңдар жобасын жасауға Кіші жүзден аға би ретінде қатысып, ел арасындағы дау-жанжалдар, тамыры тереңге кеткен жер, жесір, құн дауларын реттеуге ат салысады. Ол «Жеті жарғының» шоқтығы биік, әмбебап құжат болуына үлкен еңбек сіңіреді. Оны Арғынсал Баймағамбетұлы былайша жырға қосады:

Бір заң үш би шығарған –

«Жеті жарғы» деген заң.

Заңсыз жұмыс бола ма,

Батқан күн мен атқан таң,

Үкіміне бағынар,

Маңындағы барша жан...

Осыған қарап қазақ билерінің қоғамдағы саяси орнын толық түсінуге болады.

Қазақ билерінің саяси қызметінің ерекшелігін Базар жырау былайша жырлайды:

Әлеумет, бері құлақ сал,

Мына бір шолақ дүниеде

«Би өлмейді» дер едім.

Жұртты аузына қаратқан,

Алдынан топты таратқан.

Адасқан болса жөндеген,

Төресін бұра бермеген,

Адамды ала көрмеген.

Аруағыңа болайын,

Ертеңгі атқан орыстың

Зеңбірегіндей еңіреген.

Қаз дауысты Қазыбек,

Төле би мен Әйтеке –

Солардан да өткен сұм дүние...

Ахмет Байтұрсынов: «Әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді...» деп келтіреді.

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін.

Бай болып, еліңе пайдаң тимесе,

Батыр болып, жауыңа найзаң тимесе,

Елден бөтен үйің күйсін.

деп артынан аталы сөз қалдырған Әйтеке би қазақ халқының ХVІІ ғасырдағы жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы халық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Елі мен жерінің тұтастығын сақтауда ерен ерлік жасап, тарихта өшпестей із қалдырып, жоңғарлармен ұрыста қол бастаған батыр да болды. Соның бір дәлелі 1685 жылы Нұрата маңына шабуыл жасаған жоңғар қоңтәжісі Қалдан Бошоқтының он мың жасағына қарсы алшын, қарақалпақ және өзге жасақтардан жиналған бес мың қол әскерімен Әйтеке би қарсы шыққан. Қоңтәжімен жекпе-жекке шығып, оны қару жұмсамай-ақ айбынды да айбарлы сөздерімен жеңеді [3, 142-143-бб.].

Азаттықтың жолы азапты, тәуелсіздіктің жолы тәуекелге толы болатынын білген ұлы би Әйтеке Тәуке ханның кеңесшісі қызметінде жүріп, құрылтай-жиындарда қазақтың шынжыр балақ шұбар төс сұлтандары мен азуы алты қарыс төрелерге жолбарыстай аласұрған жоңғарлармен айқасып, тойтарыс беру үшін Қазақ хандығының жерін кеңейткен ұлы хан Қасым кезіндегідей тұрақты атты әскер құрып және оны төре, сұлтандардан алынған салық есебінен ұстау керектігін міндеттеді. Бірақ, саяси билік тізгінін уысында ұстаған би-төрелер Әйтеке бидің ұсынысын жүзеге асыруға құлықсыздық танытқандықтан, наразы болып, туып-өскен жері, ата-бабалары мекен еткен Нұратаға ат басын бұрады. Осы кезеңді Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында былайша жырлайды:

Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.

«Бағыну бір көсемге дұрыс қой» деп,

Боларын осы апаттың болжап кетті.

Төреден Әйтеке би безін деді,

Келді ғой көсем сайлар кезің деді.

Қазақты батыр көсем басқармаса,

Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді.

Хан, сұлтан, төре күні өткен деді,

Олардан ақыл-айла кеткен деді.

Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қып,

Басқарар енді уақыт жеткен деді [4, 5-6 бб.].

Қазақтың бағаналы бәйтерегінің бірі алшын Әйтеке би Тәуке хан ордасынан кеткен соң (1699 жылы) денсаулығы нашарлап, 1700 жылы мәңгілікке көз жұмады. Бидің қабірі атасы Сейітқұл әулие мен Жалаңтөс баһадүр жерленген Нұрата қорымында [5, 166-б.].

Ғасырлар өте Сейітқұл әулие мен Әйтеке би жерленген қабірдің үстіне 2009 жылы үлкен кесене тұрғызылды.

Әйтеке бидің тұлғасы ХVІІ ғасырдағы қазақ қоғамында ерекше орын алып, билердің саяси қызметін халық пен хандық алдында өсіре түсті. Ұлы би артынан мәңгілікке өшпестей мұра – аталы, өнегелі сөздерін қалдырып кетті. Бүгінде би бабамыздың ұлағатты сөздері халық санасына терең бойлап, ұлттық рухани байлығымыздың бір кірпіші іспетті өз құндылығын жойған жоқ. Кемеңгер бидің аңсаған етек-жеңін жинаған еңселі де іргелі елі, бытыраған қайран халқы біртұтас мемлекетке, бабалар рухын қастерлейтін ұлтық рухы асқақ ұлтжанды ерге айналды.

ХХІ ғасырда мәңгілік ел құру жолындағы ұлы сапарымызда біздің бәрімізге Әйтеке бидің аруағы жар болғай! 

 

Пайдаланылған әдебиетттер тізімі: 

Г.Бельгер, М.Ақдәулетұлы. Әйтеке би. Алматы: «Атамұра» 1998 жыл. 166- бет.

С.Дәуітов. Әйтеке би. Алматы: «ҚАЗақпарат» 2011 жыл. 5-6 -бет

Сонда, 13-бб.

М.Есламғалиұлы. Әйтеке би. Алматы: «Жазушы» 2007 жыл. 142-143-беттер.

Б.Тоғысбаев, А.Сужикова. Тарихи тұлғалар. Алматы: «Алматыкітап»,

2008 жыл. 128-129-беттер.

Ақтөбе энциклопедиясы, 2001 жыл. 293-294-беттер.

Облыстық «Ақтөбе» газеті, 1994 жыл 10 маусым.


Айбек Сламғалиұлы Ертемиров.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Қазіргі заман тарихы» ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?