Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өміртай бидің ақырғы билігі

1629
Өміртай бидің ақырғы билігі - e-history.kz

Көшпенділердің түсінігінде аруақ қасиетті ұғым. Ата-баба жолын ұстанып, мұратын пір етіп, аруақ жатқан моланы жиі зиярат етіп отырған. Әдетте осы құрметтің тек діни-танымдық қырын ғана аңдап, шынайы өмірдегі кей бір аспектілеріне аса мән берілмей жүргені де анық. Біздің сөз етпекші болып отырғанымыз да сол келесі қыры. Ол біраз уақыт бұрынғы «Қарамола оқиғасы» атты жазбамыздағы секілді моланың териториялық мәні. Негізгі әңгімемізге көшпес бұрын, оқырман қауымға жақсы таныс бір оқиғаны қыстыра кеткенді жөн көріп отырмыз.

XIX ғасырдың алғашқы жартысы болса керек, Құнанбай билеген тобықты руы мен наймандар арасында бір жер дауы болады. Шыңғыстағы Құндызды өзенінің бойына таласады. Екі жақ та бір-біріне дес бермей ұзақ ырғасады. Даудың басы-қасына Қарқаралы мен Жетісу оязы қатысып, үлкен сияз өтеді. Осы сиязда Құнанбайдың сенімді серігі, атқосшыларының бірі жорға Жұмабай ояздардың күтімімен айналысып, солардың жанында болады. Құндызды өзенінің шыға берісіндегі қабақта ескі моланың орны бар екен. Ол моланың кімдікі екені белгісіз, сонда да молаға күнде ертемен он шақты шал келіп, отырып-отырып, күн батарда қайтады екен. Шамасы көр-жерді сөз етіп, қысыр әңгіме айтып қайтатын ермек болса керек. Мұны байқап жүрген ояздар: «Олар күнде анау жерге неге барады?» – деп сұрайды. Сонда Жұмабай: «Тақсырлар, олар тобықтының шалдары. Ерте кезде өлген ата-бабаларымыздың моласы жат елде қалса, бастарына келіп, дұға қылатын адам да болмайды ғой, – деп уайымдап, дұға оқып, қоштасып тұр», – дейді. Жұмабайдың осы сөзі кейін ояздар билік айтқанда кәдеге жарап, Құндызды бойы тобықтыға қарайды. Осы бір оқиға Құнанбайдың жобасымен алдын-ала ұйымдастырылған ойын болуы да мүмкін. Олай болжам жасауымыз келесі айтпақшы оқиғадан туындаған болатын.

Бұл оқиға Алтайдың күн бетін, яғни қазіргі Қытайдағы Алтай аймағын мекен еткен керей руының ішінде болған. Бұл оқиғаны да бір отырыста шежіреші Марат Қинаятұлының аузынан естіген едім. Бұл Өміртай бидің соңғы билігі еді дейді. Өміртай өзі қажыға барып «Би-Қажы» атанған, ақыл-айласымен танылған, басынан көп тарихты өткеріп, 90 жастан асып қайтыс болған кісі екен.

Алтайдың Монғолиямен шекаралас тұсындағы жайлауларының бірі Ақбұлақ деп аталатын. Сол Ақбұлақты Өміртайдың өзі шыққан жәдік руынан бір қауым ел жайлап отырыпты. Қай заманда да ел бұзар тентек болатыны анық, әлде Көрпебай, әлде Бөрібай атты жантекейдің Есағасы руынан шыққан ұрда-жық, жабайылау, мығым күші бар, ақылға симас ісі бар біреу осы ауылды торып, көптен бері әурелеп жүріпті. Әурелегенде не ұрлық, не қарақшылық қылған емес, жалғыз-жарым шыққан қыз-қырқынға қырғидай тиіпті. Ауыл жігіттері жекелей келсе шамалары жетпей, топталып келуге реті келмей, өлтіріп қоюға батыл бармай, іштей бір үлкен уайым қылып отырғанда Өміртай би ел қыдырып осы жайлауға келіп түсіпті. Аста-төк дастархан, кеу-кеулеген сөз арасында бірі осы әңгіменің шетін шығарыпты. Шетін шығарғанда: «Ел ағасы едіңіз, ақыл айтыңыз, жөн сілтеңіз»,– депті.

– Өміртай аз ойланыпты да, – дейді әңгімешіміз қара-бурыл мұртын сылай түсіп, отырған жұртқа көзін жағалай тастап, онысы «қызық енді басталады» дегені,– «Дүйім жұрт жиналып соған да ақылдарың жетпей отыр ма, қаптап ұстап алыңдар да, байлап-матап апарып Ақбұлақтың суына әбден тұншықтырыңдар, жаны қиналған соң өзі-ақ қояды»,– депті. Ауыл жігіттері айтқанды істеп, ұстап алып суға тұншықтырамыз деп өлтіріп алыпты. Шамасы іштегі ашу ақылды басып кетіп, артықырақ ұстап қойған секілді. Қаңғыбас, жынды болса да бір елдің азаматы, соңынан сұрау болатыны анық. «Енді бұның дауынан қалай құтыламыз?» – деген уайыммен жаңағы топ Өміртайдың алдына қайта барыпты.

Өміртай нәтиженің қалай боларын әуелден біліп отырса керек, сәл ойланған болады да: «Мәйттті өз атына мінгізіп, түнделете жүріп Үліңгір өзеніне жетіңдер де, иесін суға ағызып жіберіп, атын келесі жағаға шығарып, өздерің із шалдырмай қайтып келіңдер. Аттың ер-тұрманын құрғақ жіберіңдер», – депті. Жігіттер тағы айтылған тапсырманы екі етпей орындапты. Орындап қайтып келгенде Өміртайдың айтқаны: «Енді күтіңдер» болыпты.

Бір аптадай уақыт өткен кез екен, Үліңгірдің төменгі ағарына қоныстанған бір ауыл орыс балық аулап жүріп мәйітті тауып алыпты. Мәйіт судан ісініп, адам танығысыз кейіпке түсіпті, орыстар өздерінен шығын жоқ екені анық болған соң, монғол болса керек деп монғолдарға хабар береді. Орыстардан сәл ғана өрде отыратын монғолдар да мәйітті танымапты: «бұл – қазақ болуы мүмкін», – деп көрші жайлаудағы Есағасы ауылына хабаршы шаптырыпты. Есағасының белгілі адамдары келіп өлген адамды киімінен таныпты. «Сол Бөрібай (немесе Көрпебай) екен», – депті. Бірақ «Тауып бергендерің жөн болды», – деп түйеге артып тайып тұруға асықпапты. Сол маңдағы білікті би, айлалы ақылгөй деп Өміртайға кісі салыпты. Сонда Өміртай ұзақ ойланып: «Ол өзі қандай адам еді? Суға кетіп өле қалатындай әлжуаз біреу ме еді? Болмаса жайдан-жай кісі өлмейді ғой? Неде болса құнын сонда отырған монғол мен орыстан даулау керек», – депті. Бұған арқаланған қалың Есағасы жиналып кеп өлікті ары тексеріп, бері тексеріп көрсе, адам шынымен суға тұншығып өлген. Ал біраз күн бұрын ауылға бос келген атының ер-тұрманы құрғақ. Атымен бірге суға түсіп, өзі ағып, аты құтылып кетсе, тым құрыса ер-тұрманы су болар еді, оны білу түк қиын емес, суға тиіп бір жібіген соң, қайта кепкен қайыстан өрілген айыл мен үзеңгі бау ширап, тартылып тұрар еді. «Енді адам қолынан өлмегенде несі қалды?» деп дүр ете түсіпті. Сосын «Адамымның құнын бер!» – деп монғол мен орысқа пәле салыпты. Сөйтіп дау басталады.

Монғол жақ айыпсыз екенін айтып, құн беруден бас тартыпты. Тап басып ұстайтын дәлелі болмаған соң Есағасы жақ тағы да Өміртайдан төрелік сұрапты. Өміртай: «Адамның өлген жері сол жер және өзі өлмегені дәлелденіп отыр. Монғол мен орыстан басқа жауапкер жоқ бұл дауда, ердің құны 200 жылқы. Соны талап ет, бермесе тұтас жәнтекей жиналып жарғы жасап жатып алыңдар», – депті. Осындағы «Жарғы жасау» деген сөз – айыпты жақ айыбын төлеуден бас тартса, не мойындамаса жасалатын, зорлау түріне жақын ереуіл секілді топтық жиын екен. Бұл жиынның ең басты шарты – сол айыпты жақтың өріске шыққан малын айыптаушы жақ шетінен ұстап сойып жей беруі керек. Жарғы жасап ұстап жеген малдың сұрауы болмайды. Өйткені ол әділет тілеген жақтың қақы болса керек.

Өстіп монғол мен орыстың айыпты екеніне бек сенген Есағасы жақ 300 дей жігітті жинап, молғол мен орыстың малы шығатын өріске қостарын тігіп, қазандарын асып бір айға жуық жатыпты. Ақыры аз малды шетінен отап бара жатқан соң қарсы тарап амалсыз келісімге келмекші болып: «Биіңді әкел, төрелігін айтсын, біз мақұлмыз», – депті. Би – әрине Өміртай. Екі тарап алдына келгенде: «Ердің құны 200 жылқы еді, қатеңді танып, алдыма келгенің үшін 100 жылқысын кештік. 40 жылқы шығын болды деп есеп қылайық, 60 жылқыны орыспен бірге Есағасыға төлеңдер», – депті. Бұлай жеңіл құтылғанға қарсы тарап та қуанса керек, «ләппай» десіпті. Енді Есағасының ел иесін жеке шақырып алып: «Өлім қайдан болса – топырақ сонан. Көрпебайды (немесе Бөрібайды) табылған жеріне жерлеңдер. Келесі жылы жайлауға шығарда «мұнда моламыз жатыр еді, құран оқып тұруымыз керек еді» деп сол моланың маңына қонып алыңдар, одан кейінгі жылы жайлау сендердікі», – депті. Есағасы жағы бұл ақылды да қабыл көріп, келесі жылы жаңа жайлауға ие боп қалыпты дейді. Сөйтіп, Өміртай бидің соңғы билігі бір тентекті жазалай отырып, жылдар бойы қажасып жүрген жер мәселесін де шешіп кетіпті. 

Өзіңіз аңғарып отырғандай, бастан-аяқ ақылмен, айламен жоспарланған саяси тактика. Осында қазақтың аруақ ұғымының да саяси, териториялық мәнге жұмсалғаны көрініс табады. Біздің әуелгі Құнанбайдың жер таласында да осы тактика қолданылған шығар деген ой келгені осыдан болатын. Бұл оқиғаны әңгіме еткен себебіміз – бұл да ұлт болмысының осы күнге дейін біз аңғара бермеген екінші беті секілді көрінді. Көзіқарақты оқырман батыстық детективтерге бергісіз бұл оқиғаны өзінше танып, өзінше талдауына болар деп білеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?