«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Әмір Хұсрау Дехлеви. Түрік босқыны, үнді ақыны

1522
Әмір Хұсрау Дехлеви. Түрік босқыны, үнді ақыны

Әмір Хұсрау Дехлеви деген атпен танымал үнді ғалымы және ақыны Әбу әл-Хасан Ямин ад-Дин Хұсрау ХІІІ ғасырда Үнді түбегіндегі интеллектуалдық элитаның жарқын өкілі болған. Низамуддин Әулиенің шәкірті патша сарайының шежіресін жырмен жазған, көзі тірісінде Tuti-e-Hind («Үндістанның дауысы») және «урду әдебиетінің атасы» атанған. Алайда Әмір Хұсрау Дехлевидің түркі әулетінен шыққанын біреу білсе, біреу білмейді. Qazaqstan Tarihy порталы Үндістан мәдениетінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан түркі ақыны туралы әңгімелемекші.

Әмір Хұсрау Дехлеви ХІІІ ғасырдың ортасында сол кезде Дели Сұлтанатының құрамына кірген Патияли деген жерде (қазір Үндістанның Уттар-Прадеш штатының Канширамнагар өңірі) түрік отбасында, мұсылман сүннит Әмір Саиф уд-Дин Махмудтың отбасында дүниеге келген. Шешесі үнді қызы. Түрік отбасының Үндістанға аттануына не түрткі болғанын жеке атай кеткен жөн. 

Оның әкесі Әмір Саиф уд-Дин Махмуд Мәуереннахрдың Лашын тайпасынан, кей деректер бойынша бұл тайпа түркі тайпаларының қарақытайлық тобына жатады. Ол қазіргі Өзбекстан елінің аумағындағы Самарқан қаласы маңайындағы Кеш деген шағын қалада туып-өскен. Жас кезінде Әмір Саиф уд-Дин Махмуд Шыңғыс хан әскерінің Орталық Азияға жасаған жорығы кезінде олардың қалай күйреткенін өз көзімен көріп, сол соғыс үрейінен жасқанған оның отбасы сол кезде босқындардың негізгі бағыт жолы болған Үндістанға қарай қашады. Әмір Саиф уд-Диннің отбасы Кешті тастап, салыстырмалы түрде қауіпсіз Балх (қазіргі солтүстік Ауғанстан) қаласына бет алады. Сол жерден олар Делиден пана табу үмітімен Дели сұлтанына елшілер аттандырады. Олар Дели сұлтаны Шамс ад-Дин Илтутмыштың түркілерден шыққанын, өскен соң соң өздерінікіне ұқсас жағдайда Делиге тап болғанын білетінін. Сол себепті де отбасы мен басқа да босқындар тобы одан пана іздеген болатын. Әмір Саиф уд-Диннің өтініші қанағаттандырылып, отбасы Сұлтанатқа жол тартады. Илтутмыш оларды құшақ жая қарсы алып, босқындарға жоғары шендер мен жер телімдерін береді. 1230 жылы Әмір Саиф уд-Дин қызметіне марапат ретінде Патияли өңірінен жер иелігін алады. Әмір Саиф уд-Дин үнділік ақсүйек әрі Гийас ад-Дин Балбана үкіметіндегі әскери министр Рават Арзаның қызы Бибі Даулатназға үйленеді. Сөйтіп үш ұл мен бір қыздың ата-анасы атанады. 1260 жылы кішкентай Хұсрау сегізге толғанда әкесі өмірден өтеді. Күйеуі өлгеннен кейін Хұсраудың шешесі Бибі Даулатназ әкесінің шаңырағына қайтып оралады. Осылайша нағашысының үйінде тәрбиеленген Хұсрауды нағашы атасы үнділік қоғамның өмірімен таныстырады. 

Алайда бала өз тамырынан ажырамай, Үнді мәдениеті мен салт-дәстүрімен таныса жүріп, ислам негіздерін оқып-түсініп, тілдер үйренеді. Бұл оның дүниетанымына елеулі ықпал етеді. Өз жырларында ол өзінің үнділік түркі («Turk-e-Hindustani») екенін қайта-қайта қайталап отырған. Хұсрау зерек әрі ақылды бала болып өседі. Алғашқы өлеңдерін ол тоғыз жасында жазған. 1271 жылы оның Tuhfat us-Sighr («Балалық шақ сыйы») атты алғашқы жыр жинағы құрастырылады. 1273 жылы жүз он үш жасында нағашы атасы Рават Арза қайтыс болады. Сол жылы жирма жасар Хұсрау билеуші сұлтан Гийас ад-Дин Балбананың немере інісі Мәлік Чаджудың әскеріне қосылады. Бұл жас жігіттің поэзиясына ақсүйектердің назарын аударуға біршама ықпалын тигізеді. Бірде Балбананың кіші ұлы Бугра хан Хұсрау жырларын оқыған кешке қатысады. Хұсраудың жырлары оған қатты әсер етіп, ол өзін ақынның қамқоршысымын деп жариялайды. Хұсраумен танысқаннан кейін бір жылдан соң, 1277 жылы, Бугра хан Бенгалияға нәмеңгер болып кетеді. Өзімен бірге Хұсрауды да алып кетеді. Осы Бенгалияда ақынның «Васт уль-Хайатт» атты екінші диуаны (жыр жинағы) жарық көреді. Диуанды аяқтасымен Хұсрау Делиге жол тартады, ол жерде Бугра ханның ағасы Мұхаммад ханмен танысады. Ол да Хұсрау поэзиясының қастерлеушісі болатын. Соның қамқоршылығының арқасында Хұсрау сарайдың жиі қонағына айналады, тіпті Мұхаммад ханның Мултанға жасаған сапарында жанына еріп жүрген. 

1285 жылдың көктемінде моңғол әскерлері сұлтанат аумағына басып кіріп, жауға қарсы шыққан Мұхаммад хан ажал құшады. Бұл шайқас Хұсраудың екі қайғылы элегиясында көрініс тапқан. Екі жылдан кейін Хұсрау Аудқа аттанады. 1287 жылы Балбан сұлтан өмірден өтеді. Тақ мұрагерлігінің барлық ережесін бұза отырып таққа Балбанның тірі қалған жалғыз ұлы Бугра хан емес, оның он жеті жасар немересі Муизз ад-Дин Кай-Кубад отырады. Бұл жәйт Делидің саяси топтарының ішінде өткір қайшылықтар тудырады. Қалай болғанда да Хұсрау келесі екі жыл бойы патшаның немересіне қызмет етеді. 1288 жылы Хұсрау Бугра ханның ұлы Кай-Кубадпен кездесуі және олардың татуласуын әңгімелейтін «Qiran us-Sa'dain» («Екі ізгі жұлдықдың кездесуі») деп аталатын алғашқы маснавиін жазып аяқтайды. Алайда Кай-Кубад тақта ұзақ отырмайды, билеуші инсульт алғаннан кейін тақ оның үш жасар ұлына көшеді, одан кейін тақты Жәлел-уд-Дин Фируз Хильджи басып алып, Дели сұлтанатының мәмлүк әулеті үзіледі. Жәлел-уд-Дин Фируз Хильджи өлең жазу мәдениетін өте жоғары бағалаған, көптеген танымал ақындарды жанына жинаған. Хұсрау да сарай жанында ықыласпен құрметке ие болған, тіпті «Әмір» лауазымына да ие болған. Бұндай жағдай Хұсрауды әдеби шығармаларды жазуға көп көңіл бөлуге міндеттеген. Жаңа сұлтанның билік жүргізген уақыты ішінде 1290 жылы Хұсрау Жәлел-уд-Дин Фируздің жеңістеріне арналған «Miftah ul-Futuh» (1290) өзінің екінші маснавиін және «Ghurrat ul-Kamaal» (1296) атты үшінші диуанын жарыққа шығарып үлгереді. 1296 жылы Жәлел-уд-Дин Фируз қайтыс болады. Дели тағына Ала ад-Дин әл-Хильджи отырады. Хұсрау жаңа билеушінің таққа отыруына арналған году «Жеңіс қазынасы» маснавиін, ал 1298 жылы «Matla ul-Anwar», «Khusrau-Shirin», «Laila-Majnun», «Aina-e-Sikandari» және «Hasht-Bihisht» атты бес маснави жазады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жұмысында Хұсрау бұрынғы ақын Низами Гянджевиге еліктеген. Осы туындылардың барлығы да Хұсрау атын поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз етті. 

Алдыңғы билеушілер сияқты Ала ад-Дин әл-Хильджи де Хұсраудың талантын жоғары бағалап, сый-сияпат көрсеткен. 1310 жылы Хұсрау Низамуддин Әулие оның ең бір құрметті шейхі болып саналатын Чиштия тарикатының мүшесі болып қабылданады. 1315 жылы Хұсрау вагелин әулетінің қызы Дувал Рани мен сұлтанның ұлы Қызыр хан екеуінің некесінің тағдырын баяндайтын «Duval Rani – Khizr Khan» маснавиін аяқтайды. 1316 жылы таққа Құтыб уд-Дин Мүбарак Шах Халджи келеді. Жаңа патшаның құрметіне Хұсрау «Nuh Sipihr» маснавиін шығарады. Маснави тоғыз тарауға бөлінген, әр тарау «аспан» деп аталады. Сұлтанға сонымен қоса «Ijaz-e-Khusravi» («Хұсрау ғажайыптары») кітабы да арналған. 1319 жылы ол проза түріндегі «Afzal ul-Fawaid» маснавиін жазады, оған негіз ретінде Чиштия тарикатының ілімі алынған. 1320 жылы Құтыб уд-Дин Мүбарак Шах Халджидің билігін сол Халджи әулетінің өкілі жауыз Насир уд-Дин Хұсрау шах құлатады. Алайда оның билігі көпке созылмады. Сол жылы Хұсрау шах қолға түсіріліп, тұтқындалады, кейін Туглактар әулетінің тұңғыш патшасы Гийат ад-Дин Туглактың бұйрығымен басы алынады. 1321 жылы Хұсрау Гийатт ад-Диннің билігі туралы «Tughlaq Nama» («Туглактар кітабы») маснави-шежіресін жазып бастайды. Хұсрау 1325 жылы, Низамуддин Әулие қайтыс болғаннан кейін жарты жылдан соң, қайтыс болады. Хұсраудың мазары Делиде, рухани ұстазы Низамуддин Әулиенің зираты жанында орналасқан.

Автор: Аян Аден