Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елорда көшелері

2106
Елорда көшелері - e-history.kz
6 шілде – Тәуелсіз Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласының күні. Көне Бозоқ қаласы жұртында орналасқан бұл қаланың арғы тарихы тым әріде жатыр.

Патшалық Ресей империясы тұсында орыс армиясының полковнигі Фёдор Шубин қамалдың негізін қалады делінетін Ақмола атты елді мекен 1862 жылдан қала мәртебесіне ие болады. Тың игеру тұсында Целиноград аталып, астықты өңірдің орталық жаласына айналды. Қазіргі оң жағалаудағы көптеген даңғылдар мен көшелердің негізі дәл осы кезеңде айқындалды. 1992-1998 жылдары қайтадан Ақмола, 1998-2019 жылдары Астана, 2019 жылдан Нұр-Сұлтан атауына ие болған Есіл бойындағы миллионер қаланың көшелерінің атауы туралы қарастыруды жөн көрдік.

Есілдің екі жағасына қанат жайған Нұр-Сұлтан қаласының көше атаулары да ерекше екендігін атап өткен жөн. Астаналық қала мәдениетінің ажырамас бір көрінісі – оның ономастикалық нысандарының тәуелсіз Қазақстанның тарихын, дәстүрлерін болмысын көрсетіп отыруы болса керек. Бұл тұрғыда Нұр-Сұлтан қаласы өзге қалаларға үлгі болары анық. Бұл жолы біз даңғылдар туралы анықтама мәліметтерді ұсынамыз.

Абай даңғылы. Абай даңғылы Кенжебек Күмісбеков көшесінен басталып, Александр Пушкин көшесінде аяқталады. Абай даңғылы Сарыарқа, Жеңіс, Республика даңғылдары мен Желтоқсан, Бейбітшілік, Әлихан Бөкейханұлы, Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Шоқан Уәлиханов, Әлмұқан Сембинов, Бақтыораз Бейсекбаев, Ахмет Жұбанов көшелерін қиып өтеді. Көшенің ұзындығы – 5280,6 метр. Даңғылдағы қоғамдық көліктерден басқа жол көліктер үшін басынан аяғына дейін бір бағыттағы қозғалыс тәртібі енгізілген.

unnamed (1).jpg

Даңғылдың бойында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Нұрсұлтан қаласы Алматы аудандық соты, Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігі, ҚР Бірінші президенті музейі, «Қазақтелеком» ғимараты, «Жаннұр» сауда үйі орналасқан.

Даңғыл қазақтың ұлы ақыны, ойшыл философы, композиторы, аудармашы Абай Құнанбайұлының (1845-1904) атымен аталған. Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиеті оның ішінде поэзиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға. Абайдың шығармашылық мұраларының мазмұны тек әдебиетпен ғана емес, философия, педагогика, экономика, саясат, психология, музыка, дінтану және басқа да ғылымдарымен байланыстық аспектілерде қарастырылады. Абай шығармашылығын зерттейтін абайтану ғылымы туып қалыптасқан. Абайтану ғылымының негізін қалаған – академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

Абылай хан даңғылы. Абылай хан даңғылы Кенесары көшесінің Александр Пушкин көшесімен қиылысқан тұсы, Ақбұлақ өзенінің көпірінен басталып, Қарағанды-Нұр-Сұлтан тасжолына дейін жалғасады. Даңғыл Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Манас, Күйші Дина, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Айнакөл, Рақымжан Қошқарбаев, Ілияс Жансүгірұлы, Мақтымқұлы, Арқайым, Бурабай көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 4994, 7 метр.

Даңғылдың бойында Ұлттық травматология ҒЗИ, «Гүлжан» сауда үйі, «Сұлтан Бейбарыс» мейрамханасы мен көптеген сауда нүктелері мен қызмет көрсету мекемелері, көп қабатты тұрғынүйлер орналасқан.

unnamed (2).jpg

Даңғыл қазақ мемлекеттілігі тарихындағы аса көрнекті тұлға – Абылай ханның есімімен аталған. Абылай хан (1713-1781) – ұлы мемлекет қайраткері, Үш жүздің басын қосқан хан, ержүрек қолбасшы, дипломат, күйші. Шын аты Әбілмансұр. Абылай ханның арғы атасы – Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек хан. Абылай Уәлиұлы Қазақ хандығының әлсіреп, бытырау-тарау күй кешіп жатқан ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысында тарих сахнасына шықты. Ол Жоңғар хандығымен, Цин, Патшалық Ресей империяларымен, оңтүстіктегі әмірліктер мен хандықтармен түрлі дипломатиялық айла-тәсілдерді, қажет болған жағадайда әскери күшті де қолдана отырып, тиімді саясат жүргізді. Абылай ханның тұсында қазақ халқының біртұтастығы сақталды. Абылайдың ерлік жолы, өмірі туралы Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара жыраулар мен Мағжан Жұмабаев, Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев т.б. қаламгер туындыларында сомдалған. Сондай-ақ Абылай ханның өмірі мен жорықтары туралы ірілі-ұсақты ондаған фольклорлық туындылар бар. Абылай хан қазіргі Түркістан облысындағы Ханқорған деген жерде қайтыс болып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанына жерленген.

Бауыржан Момышұлы даңғылы. Бауыржан Момышұлы даңғылы Сарайшық көшесінен басталып, Абылай хан даңғылында аяқталады. Асқар Тоқпанов көшесін, Тәуелсіздік, Мағжан Жұмабаев даңғылдарымен, Мұқан Төлебаев, Қаныш Сәтпаев, Аманат, Қараөткел, көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 3958,7 метр.

Бауыржан Момышұлы даңғылының бойында Бауыржан Момышұлы атындағы парк, «Жерұйық паркі», Оқушылар сарайы орналасқан. Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіші, Генерал Панфилов пен 28 батырға арналған ескерткіш бар.

   0004.jpg

Даңғыл Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қолбасшысы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімімен аталған. Бауыржан Момышұлы 1910 жылы қазіргі Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Мыңбұлақ деген жерде туған. 1932 жылдан әскери қызметте болып, Қиыр Шығыста жауынгерлерді жауынгерлік шеберлікке үйретеді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қазақстан мен Қырғызстанда генерал И.В.Панфиловтың басқаруында жасақталған 316-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанады. Батальон комадирі болып майданға кірген Бауыржан Момышұлы полк, одан соң панфиловшылар атын иеленген дивизияны басқарады. Осы кезеңде 207 реткі шайқастан, қоршаудан өзі басқарған құраманы аса шебер тактикалық шеберлік арқылы аман-есен шығып, ғаламат ерліктің үлгісін көрсетеді. Соғыстан соң Мәскеудегі Әскери Бас штаб жанындағы жоғары әскери оқуды тәмамдайды. Соғыс тактикасы жайында бірнеше оқулық жазады. Бұл оқулықтар күні бүгінге дейін көптеген мемлекеттердің әскери ғылым пәндерінде оқытылуда. 1956 жылы әскери қызметтен босап, Алматыға оралып, шығармашылық жолға түседі. «офицер жазбалары», «Артымызда Москва», «Қанмен жазылған кітап» қатарлы әскери тақырыптағы кітаптармен қатар «Ұшқан ұя» атты этнопедагогикалық мазмұнды қос томдық еңбегін жазды. Тараз қаласындағы «Бауыржантану орталығы» қайраткер қаламгердің өзінің және оған қатысты еңбектердің жүз томдығын әзірлеген. Бауыржан Момышұлы 1982 жылы дүниеден өтті.

Бөгенбай батыр даңғылы. Бөгенбай батыр даңғылы Нұрғиса Тілендиев даңғылынан жалғасып, Сарыарқа, Жеңіс, Республика даңғылдарын, Кенжебек Күмісбеков, Желтоқсан, Бейбітшілік, М.Әуезов, С.Торайғыров, Ш.Айманов, Ж.Аймауытов, Сабыр Рахимов, Ш.Уәлиханов көшелерін қиып өтіп, Алаш тасжолына ұласатын көпір мен Шоқан Уәлиханов көшесінің қиылысында аяқталады. Даңғылдың ұзындығы – 3958,7 метр.

Даңғыл – Астрахань тасжолы мен Павлодар тасжолы ортасын қала іші арқылы жалғастырып жатқан жол қозғалысының күретамыры. Даңғылдың бойында Қазақ ұлттық өнер институты, Балалар көркемсурет мектебі, №6 гимназия, №7 гимназия, «Қазпошта» орталық аппараты, «Жеті қазына» мейрамханасы, «Шапағат», «Әлем» сауда орталықтары мен «Алтай» базары, «Белый ветер» сауда дүкендер желісі бөлімшесі, көптеген банк филиалдары орналасқан. Даңғыл бойында Бөгенбай батырдың атты ескерткіші бар. Даңғылдың ұзындығы – 3611,7 метр.

Даңғыл жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастардың қолбасшысы, аса көрнекті әскери қайраткер Бөгенбай батыр Ақшаұлының (1680-1775) есімімен аталған. Орта жүз арғын қанжығалы руынан шыққан әйгілі батыр Бөгенбай Ақшаұлы Тәуке, Абылай хандар бастаған ұлт бірлігі жолындағы күрестерде ерлігімен көзге түскен батыр, қол бастаған сардар. Бөгенбай батырдың ерлік жолы туралы халық ауызындағы жырлармен қатар, Үмбетей, Бұқар, Қожаберген жыраулардың шағын жырлары мен көлемді толғауларында айтылады. Жоңғар шапқыншылығы күйреп, мемлекеті жер бетінен жойылғаннан кейінгі кезеңде Бөгенбай батыр Ресей, Цин империяларымен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырып, сауда-саттық келісімдерін жасауға атсалысады. Осылайша қазақ халқының амандығын, жерінің кеңдігін қамтамасыз ету жолында аянбай күрескен сардар Бөгенбай Ақшаұлы 1775 жылы қазіргі Степногорск қаласына таяу маңда қайтыс болып, сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанына апарып жерленген.

Жеңіс даңғылы. Жеңіс даңғылы бұрын Победа даңғылы атанған. Бұқарбай батыр көшесінен басталып, Ілияс Есенберлин көшесінің қиылысында аяқталады. Жеңіс даңғылы Абай, Бөгембай даңғылдарын және Сәкен Сейфуллин, Кенесары, Талғат Бигелдинов, Әліби Жангелдин, Мәскеу, Әлия Молдағұлова, Ыбырай Алтынсарин көшелерін қиып өтеді. Даңғылдың ұзындығы – 3304,1 метр.

MSH-RK_3.jpg

Жеңіс даңғылының бойында ҚР Қаржы министрлігі, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, ҚР Ұлттық тестілеу орталығы, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, Сарыарқа аудандық соты, Қазақ ұлттық музыка академиясы, Қазақ ұлттық көз аурулары инновациялық институты филиалы, Астана қалалық әділет департаменті, Жастар театры, «Ақжайық» паркі, «Гүлдер паркі», «Қажымұқан» футбол стадионы мен көптеген қаржылық, сауда-саттық мекемелері бар.

Жеңіс – қырғын соғыста, шайқаста қарсылас жаудың сағын сындырып, үстем түсу. Даңғылдың аты Жеңіс деп қойылуы Кеңес Одағының 1941-45 жылдары фашистік Германияға қарсы 1418 күнге созылған соғыста аса ауыр шығынмен жеңіп шығу құрметіне қойылған. Аталған соғысқа Қазақстаннан бір миллион екі жүз мыңнан астам жауынгер атттанып, соның тең жартысынан астамы майдан даласында қаза тапқан. 1945 жылы 9 мамырда Германия басшылығы капитуляция туралы құжатқа қол қоюымен және Гитлердің Берлиндегі резиденциясы Рейхстагке совет жауынгерлерінің ту тігуімен соғыс аяқталады. Адамзат тарихындағы ең жойқын осы соғыста ерлік көрсеткен 497 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Қазақстандықтар тылда жанқиярлықпен еңбек етіп, майданға азық-түліктер, киім-кешектер мен қару-жарақтар жөнелтті. Соғыс жылдарында Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына көптеген зауыттар көшіріліп әкелді немесе жаңадан құрылды. Олар: «Казахсельмаш», №317-зауыт, Мелитополь насос зауыты т.б. Ұлы Отан соғысы жылдарында қалада жаңа ауруханалар ашылды. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған емхана еді. Қалада №1600 және №3006 эвакуациялық госпитальдер орналастырылды. Ақмола қаласы ортақ Ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?