Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ журналистикасы тарихындағы елеулі 7 басылым

2134
Қазақ журналистикасы тарихындағы елеулі 7 басылым - e-history.kz

28 маусым елімізде журналистер күні. 2004 жылдан бері маусым айының соңғы жексенбісі журналистер күні ретінде аталып өтілетін, 2011 жылдың 20 қазанында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Жарлық шығарып, маусым айының 28 жұлдызы – «Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні» болып белгіленді. Алайда Үкіметтің 2017 жылдың 31 қазанындағы қаулысына келесі өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, «17 мамыр – ақпарат және байланыс қызметкерлерінің күні, 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі», – деп белгіленді. Бұл шешім алғашқы Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңның 1991 жылдың 28 маусымында қабылданғанына байланысты екенін айта кету керек.

Осы мерекелі күнге орай қазақ журналистикасы тарихында айрықша із қалдырған 7 басылымды атап өткенді жөн көрдік. Қазақ даласындағы алғашқы басылымдар «Дала уалаятының газеті» мен «Түркістан уалаятының газеті» екені баршаға аян. Бұл газеттерде ара-тұра ел тұрмысынан хабар беретін жазбалар мен қатар Машқұр Жүсіп Көпеев, Абай Құнанбай секілді дала ғұламаларының өлеңдері, мақалалары шыққанымен көбіне отарлық биліктің заң-жарлықтарын, хабарландыруларын басатын басылым болған. Сондықтан біз ең алғашқы тәуелсіз басылым ретінде «Айқап» журналын атай аламыз.

092BA85B-0D5B-449F-AA7C-AF1CFE21537C_cx2_cy19_cw96_w408_r1_s.jpg

1. «Айқап» журналы. «Айқап» Қоғамдық-саяси және әдеби журнал. 1911-1915 жылдар арасында, төрт жылдай уақыт Троицк қаласында, басында айына бір рет, кейіннен айына екі рет шығып тұрған. Бас-аяғы 500 данамен 88 нөмірі жарық көрді. Алғашқы редакторы – Мұхаметжан Сералин болды. «Айқап» журналы қазақ баспасөз тарихындағы ең алғашқы тәуелсіз басылым еді. Оны Мұхаметжан Сералин ел ішінен ақша жинап, қарыздана жүріп шығарды, және сол қаржының жетіспеуі себебінен жабылды. Журналды шығару жұмыстарына Ә.Ғалимов, С.Торайғыров қатысқан. Журнал негізінен ағартушылық бағытты басты назарға алды. Елдің іші-сыртындағы оқиғалардан хабардар етті, әйел теңдігі, ғылым-өнер секілді тақырыптарды көтерді. Сонымен қатар Мемлекеттік Думаға қатысу жөніндегі саяси мәселелер талқыланды. Осы журналда сол кездегі елге сыйлы зиялы қауымның көбінің мақаласы мен әдеби шығармалары жарық көріп тұрды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев және Спандияр Көбеев сынды тұлғалар «Айқаптың» тұрақты авторлары болды.

1f5f630420c3a0d6e630334c24cdfd4b.jpg

2. «Қазақ» газеті. «Қазақ» газеті – 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. Алғашқы нөмірі 1913 жылы 2 ақпанда шыққан. Газеттің жалпы 266 саны шықты. Жалпы таралымы 8000 тиражға жетті, бұл одан бұрынғы барлық газеттің таралымынан көп еді. Бүкіл қазақ даласының руханиятындағы ең басты және жалғыз басылым болды. Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып, жыртылғанша оқылды. Тіпті «Қазақ» газетін Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі. Аз уақыт ішінде «Қазақ» 5 миллионға жуық қазақтың көпшілігі білетін басылымға айналды. Газеттің көтерген тақырыптары аса ауқымды болды, сол тұстағы енді ғана есін жинап, өнер-білімге назар салған қазақ баласын ғылымға, елдікке үндеді. Аса маңызды саяси мәселелер, тіл мәселесі, жер мәселесі өткір көтерілді. Аңқау халықтың «көзі, құлағы һәм тілі бола білген», нағыз ұлттық басылымға айналды.

«Қазақ» газеті тиянақты мақсат-мүддені көздеп, тұрақты қаржыландыру көзіне сүйенген ұжым еді. Бастырушысы – «Азамат» серіктігі. Газетке Мұстафа Оразайұлы сынды байлар қаржылай көмек көрсетті. Газет өзерінің белгісі ретінде киіз үйді ұсынды. Яғни қазақ ұлтының символы. Газеттің бірінші бетіндегі киіз үйдің түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны олар «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп түсіндірді. Газет ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатовтың идеясымен, жоба-жоспарымен жарыққа шықты. Газеттің редакторы және ұйымдастырушысы Ахмет Байтұрсынұлы болды. «Қазаққа» сол тұстағы Мұстафа Шоқай, Мұхамметжан Тынышбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов және тағы да басқа барлық алаш қайраткерлері мақала, өлең, әңгімелер жариялап тұрды.

1-full.jpg

3. «Абай» журналы. «Абай» - қоғамдық-саяси және әдеби журнал. Журналды шығару идеясы қазақ зиялы қауымы арасында 1914 жылы Абай Құнанбайұлының қазақ болғанына арнап өткізілген Семейдегі жиналыста мақұлданған. Алайда дүниежүзілік бірінші соғыстың басталуы, соған байланысты шығарылған «Июнь жарлығы» себебінен пайда болған ел ішіндегі аласапырақ күндер журнал шығару жұмысын кейінге шегерді. Ақыры журнал 1918 жылдың 4 ақпанынан бастап Алаш (қазіргі Жаңасемей) қаласынан шығып тұрады. Әуелгі жобада журналдың мақсаты ұлы Абай мұрасын насихаттау, Абай ойын елге таратуды мақсат етсе, кейінгі журнал шыққанға дейінгі аралықтағы саяси жағдайлар, өзгеріп басқа арнаға түскен қоғам – шығарушыларға журнал мазмұнын кеңейту керек екенін түсіндірді. Сөйтіп, әлеуметтік, шаруашылық, экономика және саяси бағытты ұстанған «Абай» журналы өмірге келді.

Журналды шығарушылар Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов болды. Олар көбінде бірлесіп жазған мақалаларына «Екеу» деген лақап атпен қол қойып отырды. Журнал негізінен «Қазақ» газетінің бағытын ұстанды. Журналда халыққа ең қажетті земство, сауда, шаруашылық және кооператив секілді мәселер жиі сөз болды. Жүсіпбек Аймаутовтың әйгілі «Ұлтты сүю» мақаласы, Мұхтар Әуезовтің «Япония» мақаласы осы журналда басылды. Ішінара әдеби шығармалар, маңызды аудармалар да жарық көріп тұрды. Журнал шығарушыларынан бөлек Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Смағұл Садуақасов, Халел Досмұхамедовтардың өлеңдері мен публицистикалық мақалалары жиі жарияланды. Журналдың әр санында Абай шығармашылығы мен өміріне, шәкірттеріне арналған «Абай сөзі», «Абайдан соңғы ақындар» деген тұрақты айдарлары болды. Тағы бір айта кетерлігі, журналды сол тұстағы елге танымал, Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаған, Мәскеуден алған бірінші гильдияды көпес құжаты бар аса бай миллионер саналған Қаражан Үкібаев демеушілік етіп шығарды.

2019022005073096.jpg

4. «Сарыарқа» газеті. «Сарыарқа» газеті де «Қазақ» газетін үлгі еткен қоғамдық-саси, ағартушылық бағыттағы газет болды. Газет 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін дүниеге келіп, 1918 жылдың қазанына дейін 50-ден астам саны жарық көрді. Тура осы кезеңде дүниеге келу себебі – Ақпан төңкерісінің Алаш қайраткерлеріне сыйлаған үмітіне тікелей қатысты болса керек. Бұл газет «Алаш» партиясының орган газеті болды деп қарауға болады. Мұнда тура «Қазақ» газетіне қызмет еткендей барлық Алаш қайраткерлері қызмет етті. Осы кезде, яғни 1917 жылы ақпаннан 1918 жылы желтоқсанға дейінгі бір жарым жылда Алаш қайраткерлері экономикалық жағынан әлеуетті, саяси тәуелсіз, ұлттық құндылықтарды негіз еткен, батыстық үлгідегі болашақ демократиялық мемлекеттің ізгесін қалауға бар жігерлерін салды. Алайда тарих ол жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Осы «Сарыарқа» және «Жас Азамат», «Қазақ» газеттері мен «Абай» журналында осы идеялар кеңінен сөз болып, жан-жақты талқыға түскен. Өкінішке қарай, «Сарыарқа» газеті бүгінгі таңда ең аз зерттелген газеттердің бірі. Газетте А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасов, Ш.Құдайбердіұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, М.Әуезов Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, С.Дөнентайұлы және тағы басқалар автор ретінде жазып тұрды.

сайт3.jpg

5. «Еңбекшіл қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті. Бүгінгі күнде еліміздің бас газеті аталып отырған «Егемен Қазақстан» әр бір оқырманға таныс. Алайда оның тарихы сонау 20 ғасырдың басынан басталды. Алғаш рет 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынбор қаласында «Ұшқын» деген атпен жарық көрді. Атының өзі айтып тұрғандай бұл ендігі жаңа заманның, кеңестік кезеңнің алғашқы ұшқыны еді. Газет аты бүгінге дейін әлде неше рет өзгерді. 1920 жылы "Еңбек туы", 1921 жылы "Еңбекші қазақ", келесі жылы "Еңбекшіл қазақ" деген атпен шығып келді де, 1932 жылы "Социалды Қазақстан" деген атпен шықты. Ал 1937 жылы "Социалистік Қазақстан" болып өзгерілді де, осы атпен ол 54 жыл бойы жарық көрді. Большевиктердің жеңіске жетуімен бірге, барлық тәуелсіз басылымдар жабылып, тек партиялық және салалық бағыттағы басылымдарға ғана мүмкіндік ашылды. 1927-28 жылдардағы кәмпеске кезіне дейін социалистік режимнің аса күшіне енбей тұрған шағында бұрынғы алаш қайраткерлері түгелдей келіп ұлт үшін қызмет етті. Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытовтардың да публицитикалық мақалалары жиі жарық көріп тұрды. Алаш қайраткерлері «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас Азамат» газеттерінде соңына жетпеген істерін, енді осы «Еңбекшіл қазақ» және басқа да кеңестік басылымдарда жүзеге асыруға тырысты. Бұл жағдай Қазақстанға Голощекиннің келуімен өзгерді. Қазақстанда жүргізілген «Кіші қазан» кезіндегі қазақ халқының жартысынан астамы көз жұмған ашаршылық бұл газет бетінен көрініс таппады. Газеттің қайтадан жанданған тұсы деп егемендік алғаннан кейінгі жылдарды атауға болады. 1991 жылы маусымда басылымның аты «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Жазушы, публицист Шерхан Мұртаза сол тұстағы бас редакторы болды. 1993 жылы қаңтардан бастап сол кездегі бас редактор Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Газетте бұрын-соңды қазақ интелегенциясының қаймақтары басшылық етті, қызмет атқарды. Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосовтар алғашқы кезеңде қызмет атқарса, жаңа дәуірде «Егемен Қазақстанда» Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов қатарлы тұлғалар басшылық етті. Тәуелсідіктен кейін жылдарда газетте аса мазмұнды, ел болашағы мен бүгініне, тарихына зер салған әр түрлі тақырыптағы публицитикалық, әдеби және тарихи мақалалар көптеп жарияланып келеді. Соның ең бір танымалы Шерхан Мұртаза мен Камал Смайловтың хаттары.

news6418.jpg

6. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті. «Лениншіл жас» – жастарға арналған басылым. Алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрді. Ұйымдастырушысы әрі тұңғыш редакторы Ұ.Мұратбаев, жауапты хатшысы ақын І.Жансүгіров болатын. Қаржы тапшылығына және басқа да себептерге байланысты «Лениншіл жас» аталмас бұрын «Өртең», «Жас қазақ» (1923), «Жас қайрат» (1925) газеттері және осы аттас журнал түрінде шығып тұрды. Газеттің жабылып қалмауын ойлаған зиялы қауым С.Садуақасов. А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтар «Еңбекші қазақтың» бір бетін «Лениншіл жас» деген атпен де шығарған. Газет 1927 жылы 22 қыркүйектен бастап «Лениншіл жас» атанды. Кеңестік кезеңде «Лениншіл жас» газетінде бүгінгі күні жалпақ жұртқа аты мәлім ақын-жазушылар, публицистер қызмет атқарды. Қазақ журналистикасының үлкен мектебі болды деп айтуға әбден болады. Алайда тоталитарлық қоғамның шынайы ақпаратты мүмкіндігінше жасыратыны анық, соған байланысты кеңестік кезеңдегі бұл басылымнан тек сапылы спорттық репортаждар мен көркем шығармаларды ғана табуға болады. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бұл басылымның бетінде тіпті айтылып та қоймады. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Лениншіл жас» атауы «Жас Алашқа» ауысып, шынайы тәуелсіз басылым ретінде таныла бастады. Еліміздің егемендік тарихындағы барлық саяси оқиғалардың ізін осы басылымнан табуға болады.

unnamed (1).jpg

7. «Ана тілі» газеті. Республикалық «Ана тілі» газеті 1990 жылы 22 наурыздан бастап шыға бастады. Негізгі бағыты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді мақсат етті. Тәуелсіздікке деген ұмтылыстан туындаған бұл басылым шын мәніндегі ұлт руханиятының жоқшысы бола білді. 90 жылдардағы ең танымал басылымдардың бірі болып, таралымы 100 мыңнан асып жығылды. Басылым сол кезеңдегі халық сұранысын дәл басты. Газет беттерінде әр сан сайын латын әліпбиі, қазақ әліпбиінің тарихы, қазақ тарихы, түркі тарихы, әлемдегі қазақтардың саны және оларды көшіріп әкелу мәселелері секілді тақырыптар көтеріліп, тауелсіздіктен кейін жауқазындай қаулаған жаңа идеялар жарық көріп жатты. Газеттің атмосферасы сенім мен үмітке толы болды, бұл тура 20 ғасыр басынддағы «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы секілді ағартушылық бағытты ұстанған, жаңа күнге талпынған басылым болатын. Газеттің сол кездегі, 1990-97 жылдар аралығындағы бас редакторы белгілі қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы болды. Ал 1997-2006 жылдары жазушы Мереке Құлкенов басқарды. Газетте Мәмбет Қойгелдиев, Манаш Қозыбаев секілді тарихшы-ғалымдар, Марат Қабанбай, Сабыржан Шүкірұлы, Жұматай Сабыржанұлы сынды публицист қаламгерлердің ой салар салмақты мақалалары жарық көріп тұрды.

Бұл аталған басылымдардың ғана аталғанын автор талғамының көрінісі екенін айта кеткенді жөн деп санаймын. Дегенмен, журналистика атты осы бір мамандыққа бел байлаған жас буын аталған басылымдарды темірқазық етсе қателеспес деген ойдамыз.

Суреттер ғаламтордан алынды

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?