Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

XX ғасыр басындағы Алаш ұранды жастар басылымдары

1964
XX ғасыр басындағы Алаш ұранды жастар басылымдары - e-history.kz
Халық санасы оянып, оқуға, білімге деген ынта артқан тұста қазақ арасынан көзі ашық, көкірегі ояу жастар да молдап табылды. Көктемгі жауқазындай қаулап өскен жастар бойындағы ыстық қан, буырқанған сезімді дұрыс бағытқа жұмсай білу аса маңызды болмақ. Алаш көсемдері осыны жете түсінгендіктен білімді, дарынды жастарды маңына топтастыра білді. 

Алайда тар заманда әр түрлі идеялардың жетегінде кеткен жастар да аз болған жоқ. Оған дәлел ХХ ғасыр басындағы құрылған әр түрлі бағыттағы ұйымдар. Кейде бір жолда келе жатып бөлініп кетушілер, ұстанған жолының қайсы екенін білмей сандалғандары да болды. Алайда Алаш бағытын ұстанған бір шоғыр жастар алдыңғы толқынның ізін жалғап, аса қабылетті қолғабыс күш болды. Бұл қатарға біз Ғалия медресесінде оқыған жастарды, одан кейінгі «Бірлік» ұйымының жастарын, кейін іріктелген, алған бетінен қайтпасқа, ұстанған жолынан айнымасқа белін бекем буған «Жас азамат» ұйымының жастарын қосамыз. Осы ретпен қарап отырсақ Ғалия шәкірттері шығарған «Садақ» қолжазба журналы, «Бірлік» ұймының органы болған «Балапан», «Жас азамат» ұйымының орган газеті «Жас азамат» Алаш бағытындағы қазақ жастарының саяси көзқарасының даму жолындай көрінеді. Олай дейтініміз «Садақ» журналының маңындағы жастар тек «Қазақ» газетін үлгі еткені болмаса, саяси жақтан соншалықты айқын көзқараста бола қойған жоқ, негізгі бағыты ағарту ісі, әдебиет мәселесі болды. Осы тұрғыдан Алаш бағытына сәйкес келді. Ал «Балапан» журналына келсек мұндағылар анадай емес ел ішіндегі жағдайға қанық, белгілі дәрежеде өз бағытын біледі, сөйте тұра саяси көзқарас тұрғысынан әлі де болса бір пікірлі емес, ішінара алауыздықтар да кездеседі. Және «Балапанның» да негізгі ұстанған жолы әдеби бағыт болды.

1905 жылғы бірінші орыс революциясынан кейін аз-маз еркіндіктің шеті көрінгенде сонау Қырымда Исмаил Гаспринский (Гаспралы) өзінің "Тәржиман" газеті арқылы жадитизмді насихаттап, жаңаша оқу жүйесін, яғни бірыңғай Құран уағызын жаттата бермей дүнияуи білім алуға үндеді. Осы жаңа ба­ғытты Ресей империясы қол астындағы мұсылмандар жұртында алғаш жүзеге асырған Зиядрин Әл-Камали деген ағартушы болды. Бұған діндарлар қарсы болып, талай қиястықтар да жасады, аяқтан да шалды. Бірақ жаңаның жеңетін заңдылығы бұл салада да анық көрініп, 1918 жылға дейін өмір сүрді. [8] Осы бір жалпы мұсылман жұртын баяғы өркендеген, дәрен сүрген кезіне жеткізу мақсатында пайда болған жаңа бағыт елдің көзін ашуға шын жақсы жол болды. Осы игі бастаманың бір белгісі болып, 1906 жылы 7 қазанда С.Жантурина, С.Нә­зіров, Б.Нәзіров, С.Шамғұлов сияқты Уфа миллионерлерінің демеушілігімен «Ғалия» медресесі ашылады. Бірінші жы­лы 70 бала қабылданады және шә­кірт­тер­дің жасы 15 пен 45 аралығын қам­тиды. Бас-аяғы алты жылды құрайтын мед­реседегі оқу мерзімінің алғашқы төрт жылында ақысыз білім берілген де, кейінгі екі жылда шәкірттер оқу, жа­тақ­хана, тамақ ақысы ретінде жылына 60 сомнан төлеп тұрған. Арабшадан ау­дарғанда «ғалиа» сөзінің «жоғары» деген мағынаны беретінін ескерсек, атал­­мыш білім ұясы, шынымен де, өз атына сай бола білген. Оқытушылардың бірқатары – Түркияда, келесі біреулері  Египетте арнайы маманданған жоғары білімді ұстаздар болған. Медресе сон­дай-ақ өзінің бай кітапханасымен, сол заманға сай жақсы жабдықталған пәндік кабинеттерімен де ерекшеленген. Оқу бағдарламасы бойынша, онда ислам та­рихы мен философиясын, Құранды, Мұ­хам­мед пайғамбардың өмірін оқытып-үйретуге көп маңыз берілген. Сонымен бірге араб, парсы, француз, орыс, татар тілдері оқытылған. Өзге медреселерден ерек­шелігі – «Ғалия» бағдарламасында пси­хология, педагогика, логика, музыка, түркі тілдерінің тарихы, химия және фи­зи­ка пәндері де қамтылған.  [9]

Бұл әрине Жадитизм салған жаңа жол еді. Батыс өркениетінің алға кетуі, ал мұсылман жұртының орта ғасырлық тұрмыспен қалып қоюы мұсылман ойшылдарын толғантқан-тұғын. Қырым татарларынан шыққан ойшыл Исмаил Гаспиринский жадитшілдікті ойлап табады. Жадитшілдік – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық козғалыс немесе дүниетаным. Алғаш ХІХ ғасырдың 80 жылдарында Қырым, Еділ бойы татарларының арасында қалыптасты. Кейіннен жадитшілдік Орта Азиядағы барлық дерлік түркі халықтары арасында жалғасын тауып, өрістей түсті. [6, 109-б] Бұған дәлел жоғарыда айтылған «Ғалия» медресесінің ашылуы, қазақ қоғамындағы қозғаушы күш болған Алаш зиялыларының ағарту саласында осы бағытты ұстануы.

Осы бастамамен ашылған «Ғалия» медресесінің жайына қайта оралсақ, медресе 12 жыл өмір сүрді. 1916 жылы 30 желтоқсанда "Тұрмұш" газеті он жыл жасаған "Ғалия" медресесін -  930 шәкірт, оның 224-і қазақ, өзбек, адыгей, әзірбайжан, черкес жастары бітіріп шыққанын жазды. [8] Әйгілі ғалым, педагок Қайыржан Бекхожин «соның 154-і қазақ жастары болды. Онда тәрбиеленген қазақ мұғалімдері Қазақстанның Алматы, Қапал, Қызылжар, Семей, Өскемен, Зайсан және басқа уездерінде төте оқу мектептерін ашып, бала оқытты.» [10, 104-б] деп көрсетеді. Бұл «Ғалия» медресесінің қазақ қоғамы үшін, ағарту саласы үшін аса үлкен оқу ордасы болғанын дәлелдейді. Профессор Тұсынбек Кәкішев «Ғалиядан» оқыған кейбір шәкірттердің бертінге дейін тек ағарту ісімен шұғылданып келгенін айтады. Бұл туралы жұмысымыздың соңын ала тоқтала кетеміз.

Шәкірттердің сол тұстағы саяси белсенділігі де төмен болмаған. Қоғамда, саясатта болып жатқан өзгерістерге өз ойларын қосып, кейде тіпті әсер еткісі келген тұстары да жоқ емес. Әрине айқын көзқарас қалыптаспағанымен, олардың да ұлт бостандығы дейтін ниеттің айналасына шоғырланғаны байқалады. ХХ ғасырдың басындағы саяси жағдайдың да бейнесі бір көріп түсінетіндей қолайлы болмағаны белгілі. Осындай аумалы-төкпелі кезееңде медресе жастары да әр түрлі көзқарастың шырмауына түседі. Жастар әр бейсенбі сайын пікір­са­­йыс өткізіп, онда әртүрлі саяси тақы­рып­тарды талқылап отырған. 1912 жылы шә­кірттер әлдебір мәселелерге орай на­разылықтарын білдіріп, ереуіл ұйым­дастырып, сол үшін тіпті 65-і медреседен шы­ғарылған... 1914 жыл­дан бастап, де­меушілер медресені қаржыландырудан бас тартады. [9] Бұл сол тұстағы өрекпіген жас буынның ағымдағы саясатқа қарсы қаншалық белсенділік таныта білгендігінің көрінісі десек артық айтқандық емес. Т. Кәкішев осы жолғы медреседен шығарылғандардың арасында Мағжан Жұмабаев болуы да мүмкін деген дерек айтады. Әрине әрі ақын, әрі жас, әрі ұлтшыл Мағжан осындай ереуілден қағыс ақалады деу ойға да сиымсыз. Ал оның кейін Омбыда жасырын «Бірлік» жастар ұйымын құруға атсалысқанын, «Балапан» журналын шығарушылардың бірі болғанын ескерсек, Мағжанның саяси белсенділігін онан арман аша түскендей боламыз. Бұл туралы соңғы тараушада қаузайтындықтан, одан әрі сөз етпейміз.

Бұдан сырт көп ұлттың өкілдері бас қосқан медреседе ішкі қайшылықтар, ұлттық алауыздықтар да көрініс беріп тұрған. Медреседегі тіл татар тілі болғаны мен ондағы басым жастардың татар жастары болғаны үшін де, тіл мәселесі мен жазу мәселелері туралы да әр түрлі алауыздықтар орын алып тұрған. Бірде алауыздықтың ушыққаны сонша, татар ұлтын сонша жақсы көретін екі шәкірт «Садақ» журналының екі санын жыртып, дәретханаға апарып тастайды. Бұдан кейін қазақ жастары ашуға мініп, жастар арасындағы дау ушығып кетеді. Кәкішевтің көрсетуі бойынша Жас­­тардың арасындағы осындай ала­уыз­дықтың ушығып кеткендігі сон­ша­лық, медресеге Орынбордан Ах­мет Бай­­­­тұрсынов әдейі барып, татар мен башқұрттың Ғалымжан Ибрагимов, Мә­жит Ғафури сынды зиялыларымен сөй­ле­се оты­рып, татулық орнатады... [9]

Осы оқиғаға қарасақ «Ғалия» шәкірттері мен Алаш зиялылары ортасында, «Садақ» журналы мен «Қазақ» газті арасында белгілі рухани байланыстың болғаны анық аңдалады. Және алаштың бір бағыты жадитшілдікпен жалғасып жатқанын да біз жоғарыда айтқанбыз. Сондықтан осы жерде «Қазақ» газетінде басылған Исмаил Гаспиринский туралы Әлихан Бөкейханның білдірген пікірлерін келтіре кетеміз.

Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 80-81-82 – үш санына бөлініп басылған «Исмаил бек Ғаспиринский» деген азанамасында Исмаил Гаспиринскийдің өмір жолы туралы, түрік жұртын қайтсем оңаймын деген ұлы мұраты жолындағы көрген қиыншылықтары мен сіңірген еңбегін баяндайды. Дүние жүзіндегі мұсылмандардың жағдайын біліп, бәрін аралап жүріп өзі көрді. Мұсылман жұртының мешеулігін, артта қалғанын көріп жаны күйзелді. Соңында мұсылман тіршілігін оңамаса болмайды деп шешті. Алғаш 3-4 баладан бастап оқытып, жұрттың көзін жаңа оқу жолының дұрыстығына жеткізді. Кейін «Тәржіман» газетін шығарды. Онда да жұрт бірден көтеріп әкеткен жоқ. Он жыл бойы шыққанда «Тәржіманның» тиражы мыңның айналасында ғана болды деп келіп, оның қайтпас қайсарлығын, ел үшін берлігендігін марапаттайды.

Бірлік_туы_лого.jpeg.jpeg

«Жігерлі Исмайыл мырза оның бәріне шыдаған, күліп қараған. Исмайыл мырза – өзінің кеурен жұлдызы екенін білген, жуырда таң атып, күн шығуына көзі жеткен. Сондықтан өзіне қарсы тұрушыларға үндемей жүре берген.

Үш жыл «Тәржіман» басынан жылжымай жұртқа көсемдік етті. Мұсылмандарды оқуға, жазуға үйретті. Мектеп ашып берді. Мақалалар шығарды, һәр түрлі жамиғат хайриелер аштырды һәм әдебиет туғызды. Мәңгі бітпес пікір, идея берді. Россия мұсылмандарын тірі бір ұлт хәліне қойды, кейінгісін ойлағандай, ілгерісін болжағандай ой берді» [11,5-том, 364-б], - деп барша түрік жұртының көсемі ретінде қарайды. Ал қазақ баспасөзінде Исмаил Гаспиринский туралы дәл мұндай көлемді және аса жан-жақтылы, әрі әсерлі етіп басқа ешқандай да мақала, небасқаша материял жазылған емес.

«Сондықтан Исмайыл мырза түрік ұлтының зор тәрбиешісі, ұлық ұстазы, ардақты атасы болып дүниеден қайтты.» [11,5-том, 364-б], - деуі Алаш зиялыларының Исмаил мырзаны қаншама үлгі, өнеге тұтқанын аңғартады. Әрине ол бастаған жадитттік бағыттың да түркі жұртына берген үлгісі мол болды. Жалпы халықтың жаппай дін мен дүние ғылымын қатар меңгеруі осыдан басталды. Күллі түркіні оятуға бір-ақ адамның қажыры қаптал жетті. Осы жолды үлгі еткен ұлттар ояна бастады. Қазақ жастарының «Ғалияда» оқуы да осы оянудың лебі болатын.

Осындай оянған жастар топтасып, әр ұлт өкілдері өз тілінде қолжазба журналдар шығара бастайды. Ғалия медресесінде оқитын башқұрттар «Парлақ», татарлар «Аң», черкестер «Ләгуә», қазақтар «Садақ» деген қолжазба әдеби журналдар шығарып тұрды. [10, 104-б] Жалпы бағыты әдебиет болған «Садақ» журналдардың рухани тарихымыздағы алар орны ерекше. Осы журналдың маңында топтасқан жастар арасынан болашақ мықты жазушылар шықты. «Садақ» журналы 1915 жылдың 9 ноябрінен 1918 жылдың 10 февраліне дейін шықты. Оны ұйымдастырушы, шығарушы – Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенов. Бейімбет ауырып еліне қайтып кеткеннен кейін 1915 жылдың 3 номерінен бастап 1918 жылғы 15 номеріне дейін «Садақтың» редакторы Жиенғали, шығарушысы «Қазақ» ұйымы болды. Журналдың мақсаты – оқуға келген қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан бездіру [10, 104-б] болды. Ал бұл жолда олар алдымен әдебиетті үлгі тұтты. «Қазақ» газеті ұстаған ағартушылық бағытта да осы әдебиет мәселесін алдыңғы орынға қойған болатын.

«Ғалия» шәкірттерінің өз заманында не тындырғандарын жүйелей сөз етсек, ең алдымен қолжазба «Садақ» журналының 40 шақ­ты санын 1913-1918 жылдары шығару арқылы мәдениеті­мізге үлкен олжа сыйлағанын айрықша атау қажет. [8] Журналдың соңғы саны 1918 жылы 10 ақпанда жарық көреді. Бұл санында бұрын-соңды журналда бүркеншік атпен шығармаларын жариялаған жастардың есімдері аталып өтеді. «Садақ» негізінен әдеби бағытты ғана ұстанады. «Садақ» өзінің беттерінде әдебиеттің драматургиядан басқа барлық жанрларын қамтыған. Онда ауыз әдебиетінің үлгілері де, поэзиялық шығармалар да, әңгімелер мен повестер де, көркем очерк те, тіпті әдеби сын мақалалары да жарияланған. [12, 88-б] Тек сын жанры тұрғысынан алып айтсақ, оның әсіресе айқын көрініс тапқан басылымы осы «Садақ» және «Айқап» журналдары екенін де С. Асылбекұлы көрсетіп кетеді.

«Садақтың» өмірге келуіне себепші болған Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенов болатын. Алайда «Садақтың» екі саны ғана жарық көргеннен кейін Бейімбет ауылына қайтып кетеді де, одан арғы сандарын ұйымдастырып, жүргізіп отырған Жиенғали болады. Журналдың 1916 жылғы 4 қарашадағы санында: «Құрметті мырзалар!

«Садақ» журналының шығатын уақыты жетіп, мен шығарам деп тұрған кісі болмағандықтан «Уақытынан қалмасын, бір санын болса да шығара тұрайын» деп шығару өзифасын үстіме алып едім. Алғаныма қарай кемістікпен болса да бір санын шығардым. Енді өзімде болған бір себептермен уақытша болса да шығара алатын емеспін. Сондықтан ардақты азаматтардан өтінемін: «Садақ» журналы бұрынғыдай уақытынан қалмай шығып тұрсын десеңіздер, біреуіңіз белгілі шығарушы болыңыздар.

Әрине журналды басқаға тапсырғанмен мүлде тастамаймын. Белгілі бір жазушыларың боламын. Басқалар журналдың көркеюіне қандай қызмет етсе, мен дағы қолымнан келгенін аямай, уақытым болғанша сондай қызмет етпекшімін. Бәлки біраз бастыққан соң журналды өз қолыма алармын да» дейді «Садақ оқушыларына» деген бас мақалада «Басқарма» деп қол қойған автор. Осыған қарағанда журналдың редакторы ауысқан болуы да мүмкін екен. Алайда бұл туралы зерттеушілер ешқандай да дерек келтірмеген. Бастан-аяқ Жиенғали Тілепбергенов шығарды деп көрсетіледі. Қалай деген күнде де, қолжазба журналдың жұмысы көп, әуресі шаш-етектен болары сөзсіз. Сөйте тұра уақытынан кешіктірмей шығарып тұрғандары «Ғалия» шәкірттерінің қазақ әдебиетін қалыптастыруға деген жанкештілігін байқатады. Біз журналдың ішкі мазмұны мен қатысушы авторлар туралы келесі тарауда тоқталатындықтан, «Садақтың» жарық көру ерекшелігі турасындағы ойымызды осы жерде аяқтаймыз.

wzkSflAEpB4.jpg

Келесі сөз еткелі отырғанымыз Омбы жастарының рухани хабаршысы болған «Балапан» қолжазба журналына тоқталамыз. Бірінші орыс революциясынан кейін, Алаш қозғалысының алдыңғы толқынында жүрген ұлт зиялыларын үлгі еткен қазақ жастары да молыға түседі. Әр түрлі оқу орындарында білім алған, саяси көзқарасы біршама айқындалып қалған жастар әр жерден бірігіп, мәдени ұйымдар құра бастайды. Бұл турасында Смағұл Сәдуақасұлының «Жастарға жаңа жол» атты мақаласында орыс отаршыларының қазақ жастарын оқытып, оны өздеріне қайта салып, атақ-мәнсаппен қызықтырып ұстағанын айта келеді де, «соңғы кездегі қазақтан шыққан оқығандардың да жылтыр түймелерге көзқарасы оңды емес еді. Бір жағы осы айтылған себептер бар, екінші жағы «оқуға талаптандыратын сезім» туып, 10-жылдардан былай қарай қазақ жастары оқуға кірісе бастайды. Дәл сол кезде бірінші жастар ұйымдары да шығады. Бұл ұйымдардың көздеген мақсаттары: өз халқының көзін ашу, оны өнерлі халықтың қатарына қосу, қазақ арасына мәдениет тарату һәм басқа осы секілділер. 12-ші жылдан 17-ші жылғы төңкеріске шейін бірен-саран ашылып келген ұйымдардың бәрі жасырын іс жүргізіп келді. 17-ші жылдан былай жастар ұйымдарына ашылуға ерік болған соң, әр жерлерден бұрқ-бұрқ етіп ұйымдар шыға бастады» дейді. Одан әрі осы ұйымдардың тізімін келтіреді. Олар: «Еркін дала» – Орынборда; «Жанар» – Семейде; «Талап» – Семей облысы, Шыңғыс болысы; «Игілік» – Орынборда; «Қамқор» – Торғайда; «Жас қазақ» – Уральскіде; «Үміт» – Тройцкіде; «Талап» – Қызылжарда; «Оқығандар» – Көкшетауда; «Ұйым» – Екібастұз заводы, Семей облысында. «Ғылым ұйымы» – Керекуде; «Ынтымақ» – Атбасарда; «Жас жүрек» – Спасск заводында; «Жастар ұйымшасы» – Бөкей ордасында; «Жас қазақ» – Ақмолада; «Қазақ жәрдемі» – Зайсанда; «Ерік» – Баянауылда (Семей облысы); «Қызмет» – Керекуде; «Жас тілек» – Ақтөбеде; «Ғылым» – Керекуде. [13, 38-б] Бұл ұйымдар 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін, жалпы қазақ пен ұлт зиялылары бостандық күні туды деп мәре-сәре болатын тұста құрылған. Одан бұрынғы бірен-саран ұйымдар жасырын түрде құрылып, астыртын жұмыс істеген. Бұл уақыт – ізденістер уақыты болатын. Алғаш кадет партиясына кіріп, кешікпей оның қазақ ұлты үшін пайдасыздығын сезіп, алаштың өз партиясын құруға кірісті. Алаш партиясының құрылуы қазақтың ұлттық тәуелсіздік жолындағы қым-қуыт күресімен қатар жүрді... Ұстанған жолы мен көздеген мақсаты тұрғысынан жоғарыда С. Сәдуақасұлы атаған ұйымдардың бәрі де Алаш мұратынан бастау алатын. [14, 46-б] Дәл осы пікірді дәлелдей түскендей Смағұл Сәдуақасұлы: «Тұрмыс жаңа, заман өзгерілді. Асса бүкіл қазақ, қалса жалпы жастарға оянатын, ойланатын уақыт жетті. Жетпек түгіл асып та барады. Енді бөгелерлік, кідірерлік жол қалған жоқ» [13, 17-б] деп ұран тастайды. Шындығында да «Сен жаңаның басы едің, Мен ескінің соңы едім» деп Абай айтатындай, жаңаның басы, болашақтың барометрі жастар болатын. Жастардың оянуы елдің болашағының анық кепілі болатын. Бұл әлемдік тарихта дәлелденген құбылс.

Ең алғашқы жастар ұйымы Омбы қаласында 1914 жылы ашылды. Ол ұйымның аты «Бірлік» еді. «Бірлік» ұйымының мақсаты турасында Смағұл Сәдуақасұлы: « «Бірліктің» мақсаты оның программасында (Тұтынған жолында) айтылған. «Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгергі қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтау. Бұл айтылған мақсаттарға жету үшін жастар арасында ұлтты сүю сезімін сіңдіре беру. Халық әдебиетін жинау, ол әдебиетті кітапша һәм үлкен кітаптар етіп бастыру. Театр кітаптарын шығару, газет-журналдар шығару. Бастауыш, орта дәрежелі мектептерге кітаптар жазу, школға түсемін деген шәкірттерді даярлайтын курстар ашу, мұқтаж шәкірттерге жәрдем көрсету, спектакль, концерт һәм басқа ойындар жасап, қазақтың ішінде театр туғызу.» [13, 37-б] деп ұйымның бағдарламасымен қысқаша таныстырып өтеді де, одан әрі ұйымның орган газеті «Балапан» басылымы турасындағы сөзге ойысады. «Бірліктің» бұдан басқа да істеген жұмыстары толып жатыр. 1916 жылы «Бірлік» «Балапан» деген жазба журнал шығарып тұрды. «Балапан» заманында ауызға ілініп, оның жастарға көрсеткен қызметі көп болды» [13, 17-б] деп бағалайды журналдың атқарған рөлін. Алайда ең өкініштісі бұл журналдың бірде бір саны сақталмаған. Ұйым мен журнал туралы Қошке Кемеңгерұлы: «1914 жылы Омбыда жасырын «Бірлік» ұйымы ашылды. Мұның мәдени мақсатының астары, көздеген нысанасы саясат екендігі, әлеумет наразылығы барлығы, 1916 жылы «Балапан» журналының алдында :«Балапан қанат қақты... жас еді... амалсыз қақты... солтүстіктің суығына шыдай алмады... балапанды көріп: «қорама кір, қолымда тұр, қалған-құтқанды беремін» деп күледі солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы» дегеннен көрінеді»[15,1-том, 74-б] деп журналдың ұстанған бағытынан шамалы хабар береді. Қошке келтіріп отырған үзінді Мағжан Жұмабаевтың «Балапан қанат қақты» деп аталатын ақ өлең тектес жазылған шығармасынан алынған. «Балапан» журналының бетінде жарық көрген шығармалардың бүгінге толық жеткені тек осы «Балапан қанат қақты» болғандықтан, біз бұл шағын шығарманы толық келтіреміз. Астарлап айтылған толқынды сөзден көп ақиқаттың шеті шығып жатыр.

«Балапан қанат қақты...

Жас едi. Қанаты да қатып жеткен жоқ едi. Амалсыз қақты.

Солтүстiктiң суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегiне жеттi. Ызғар өкпесiне өттi.

Ұшып орманға барып едi, күнi кеше күбiрлесiп, күлiмдесiп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып едi, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалың ақ кебiнiн жамылып, тоғай тұрмады.

Балапан баспана таба алмады.

Балапан қанат қақты...

Аштан өлетiн болды. Ойды-қырды қар басқан. Бiр қылтанақ таба алмады. Тоңып, дiрiлдеп, аласұрып жүрген балапанды көрiп: «Қорама кiр, қолымда тұр, қалған-құтқанымды берермiн», — деп күледi солтүстiктiң салқын жүрек, тас бауыр адамы!

Балапан қанат қақты...

Ойы — жандәрмен жылы жаққа жетпек, егiз Есiл — Нұраның тәттi суларынан iшiп, Аралдың ыстық құмын құшпақшы. Терең Балқаштың мөлдiрiне шомылмақшы. Алтайдың етегiнде «уһ» деп демiн алып, Марқакөлдiң қаймағында жүзбекшi.

Балапан қанат қақты...» [16]

img11.jpg

Осы шағын ғана ойтолғауға қарап отырсақ, ақын Мағжан «Балапан» қолжазба журналынан үлкен үміт күткенін көреміз. Әлемдік әдебиетке деген үлкен құлшыныс, болашақ қазақ әдебиетінің үлкен ордасы осы журнал болса екен деген сыңай байқалады. Орыс отарлығының асқынған, мүлдем шыңына шыққан аярлығын астарлап, біздің әдебиетке қамқор болатын тек қазақ жұрты екенін, ұлттық әдебиеттің өркендеуі ұлт махаббатымен ғана жүзеге асатынын айтады. Бұның өзі журналға қатысушы авторлардың журнал шығарудағы негізгі мақсаты үлгілі әдебиет жасау екенін аңғару қиын емес. Смағұл Сәдуақасұлының «Қазақ әдебиеті» мақаласында «қазіргі күні қазақ тілінде шығып тұрған мерзімді басылымдарды» атап өтейін деп, басын «Қазақ» газетінен бастап, «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Жас азамат» газеттерімен қоса «Абай» журналын атай келіп, ең соңында «Балапан» журналы – Омбы қаласында 1916 жылдан шығатын, бетінде бірыңғай көркем әңгіме жариялайтын жалғыз әдеби басылым.» деп жоғарыдағы деректі толықтай түседі.

Дихан Қамзабекұлы « «Балапан» – арман әдебиет» атты мақаласында архив деректерінен мысал келтіре отырып, былай дейді: «Архив деректері «Балапанның» жауапты шығарушысы Қошке Кемеңгерұлы болғанына куәлік береді. (Омбы облыстық мемлекет архиві. 14-қор, 2-тізім, 322-іс, 15-бет). Қаламгер өмірбаянында: «Патша режимі тұсында шығардық. Қаржыдан қиналсақ та, біз үшін алтын идеяларымыз қымбат болды» дегенді айтады». [14, 56-б] Қошке меңзеп отырған «алтын идеялар» туралы айтар болсақ, біз алдыңғы тараушада жүйелеп кеткен Алаш идеясы негізгі орынды ұстап тұрғаны анық. Ғасыр басында қазақ зиялыларының аса мән берген тағы бір ісі озық әдебиет, бұған Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газетіндегі әдеби аудармалары, сыни мақалалары және Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев әдебиетке әкелген зор еңбектерін айтсақ та жеткілікті дәлел деп ойлаймыз. Қошке Кемеңгеров «Қазақ тарихынан» дейтін зеріттеу еңбегінде «Балапанда» жарық көрген бір мақаладан үзінді келтіріп былай дейді: ««Балапанның» тап февраль төңкерісінің алдында № 5 – те, «Горе от ума» мақаласында татар жұртының молдалары, шәкірттері, жүректері таза, талаптары мол болғандықтан халық ағарту жолында көп қызмет істегендері көрсетіліп қазақ туралы айтады: «Біздің іс басындағыларымыз – сәлделі молдалар, солбырайған, схоластикамен миы айналған шәкірттер емес, орыс тәрбиесін, күнбатыс білімін алғандарымыз еді, сондықтан біздің іс аналардікінен тезірек ілгері кетуге тиіс еді. Ойлағандай болмады. біз не істедік? Басылған кітап санын оннан асыра алмадық. Алты алашқа екі газет шығара алмадық. Мектеп деген ауызда құр аты жүр. «Игілік» қауымы, оқу жұрты дегенді шетелден естиміз. Театрдың өзі тұрсын, бір кітабын жаза алмадық. Бұл неліктен? Көп білгенімізден! Сары түйме тағып, қағаздан көкірекше киіп, кеудеміздің жоғарылығынан, болса болғандай болсын деп көпіруімізден. Біздің адвокат төрелеріміз, докторларымыз, фицерлеріміз, фельдшерлеріміз, ақ жағалы, сары түймелі төрелеріміз ондай істерге өздері бас болу түгіл, талапты жастарға жылы жүзі, жұмсақ сөздері де жоқ. Жеңіл-желпі іске кірісіп жүруге арналады. Олардың көп білгенінен жұртқа, жастарға қайғыдан басқа нәрсе жоқ», - деп. [15, 75-76-б]». Осы үзіндіден көргеніміздей журналда тек көркем әдебиет қана емес, көсемсөз де басылған. Осы үзінді арқылы біз «Балапан» журналы ұстанған тағы бір бағытты аңғарамыз. Ол – ұлттық бруазия қалыптастыру. Біз кейін «Жас азамат» газетінен де осы мәндес материялдарды көп ұшыратамыз. Бұл екі басылымның мүддесі ортақ екенін аңғартса, ал соңғы «Жас азаматтықтардың» саяси сауатының да, ішкі бірлігінің де күшті болғанын ескерсек, онда «Балапан» журналында қауызын жарған көзқарастар «Жас азамат» газетінде одан әрі дамып, тұлғалана түсті деп қортынды шығаруымызға болады.

  

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы. – 1995.

2. Пірманов Ә. Қапаева, А. Қазақ интеллигенциясы. – Алматы. – 1997.

3. Жұртбай Т. Ұраным – Алаш. Түрме әфсанасы, 1, 2-том. – Алматы: Ел-шежіре. – 2011.

4. Әшкеев Н. «Ә.Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері» // Ақиқат. – 2002. – №3.

5. Журтбай Т. «Движение Алаш» (сборник материалов судебных процессов над алашевцами) том 1. – Алматы: Ел-шежіре. – 2011.

6. Жәдит және Алаш: ұғымдар мен терминдер сөздігі. – Астана. – 2011.

7. Субханбердина Ү. Дәуітов С. Сахов Қ. «Қазақ» газеті. – Алматы. – 1998.

8. Кәкішев Т. «Ғалияда» оқыған қазақтар // «Егемен Қазақстан» газеті. – 2008. – 30 тамыз.

9. Рақымқызы Р. Талаптыға жол нұсқаған «Ғалия» // «Алаш айнасы» газеті. – 2009. – 22 сәуір.

10. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – Алматы: ҚМБ. – 1964.

11. Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы, 5-том. – Астана. – 2010.

12. Асылбекұлы С. Қазақ прозасының қалыптасуындағы баспасөздің рөлі// Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2008. - №8.

13. Сәдуақасұлы С. Үш томдық шығармалар жинағы. – Астана. – 2013.

14. Қамзабекұлы Д. Руханият, Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Білім. – 1997.

15. Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы, 1-том. – Алматы: Ел-шежіре. – 2013.

16. Жұмабаев М. Балапан қанат қақты// «Жас Алаш» газеті. – 2011. – 16 тамыз.

17. Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. – Алматы. – 2009.

18. Қамзабекұлы Д. Алашқа тыныс болған «Жас азамат»// «Ана тілі» газеті. – 1994. – 14-сан.

19. Қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарына // «Сарарқа» газеті. – 1918. – 8 шілде.

20. Аймауытов Ж. Газет, журнал оқушыларға // «Сарарқа» газеті. – 1919. – 20 ақпан.

21. Тайшыбай З. «Жас азамат» – Алаш ұранды жастардың газеті// http://old.abai.kz/node/40315 .

22. Аллаберген Қ. Нұсқабайұлы Ж. Оразаев Ф. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жж.). – Алматы. – 2009.

23. Кәкішев Т. Сандалтқан «Садақ». – Астана. – 2002.

24. Қамзабекұлы Д. Түсініктер// Қошке Кемеңгерұлы шығармалары, 1-том. – Алматы. – 2013.

25. «Садақ» қолжазба журналы. 1914 – 1918 жж.

26. «Жас азамат» газеті. 1918 -1919 жж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?